Төбемізде бір аспан
Ортақ бізге бір Отан,
Төбемізде бір аспан, – деп ақын жырлаған достықтың үлгісін біздің тәуелсіз еліміз дүние жүзіне танытып отыр. Жүз қырыққа жуық ұлт пен ұлыс бас қосқан осынау кең байтақ Қазақстан құшағы кең, көпбалалы мейірімді ана сияқты. Еліміздегі достық, береке мен бірлік биылғы жылы да кең көлемде аталып өтті. Бұл туралы Алматы ақшамы газетінен оқи аласыздар!
Қаламыздағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия шаңырағында да бұл мереке «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін» деген атпен әсем әнмен әдіптеліп, кең көлемде, терең мазмұнда аталып өтті. Жер дүние жаңарып, жасарып, тіршілік өзгеше бастау алған көктем мезгілі атаулы мерекелерімен де өзгеше.
Мектептің бастауыш сыныптарда оқитын кішкентай ғана бүлдіршіндері фестивальға қатысып, өз өнерлерімен тамсандырды. Көктемнің келгенін би тілімен жеткізген 3 «а» сынып оқушылары орындаған «Көктем» биі мен 4 «е» сынып оқушылары орындаған «Қазақ биі» де көпшілікке көтеріңкі күй сыйлады.
Осыдан соң 4 «г» сынып оқушысы Нұрасыл елімізде тұрып жатқан талай түрі басқа, тілегі бір ұлт өкілдерінің бейбіт аспан астындағы тамаша тіршілігі туралы әңгімеледі. Әсіресе, 1 «ә», «б», «г» сынып оқушылары орындаған шығыс, үнді, өзбек билеріне көпшілік дуылдата қошемет көрсетумен болды.
Осылайша достықты, берекелі тыныс-тіршілікті әнге арқау етіп, бимен жеткізе білген бастауыш сынып оқушылары Қазыбек бидің «Біз қазақ достықты сақтаған елміз, дәм-тұзды ақтаған елміз» деген өсиетін ту етіп ұстап келе жатқанымызға осынау кештің куә екендігін айтып, ел тәуелсіздігінің тұғырлы болуын тіледі. Осынау бір керемет кеш оны тамашалаған жандарға бейне кіші Ассамблея көшіп келгендей әсер етті.
Гимназия директоры Сәния Өскенбайқызы үлкен мектепке бағыт алған бастауыштықтардың керемет өнерлі екендігіне тәнті болғанын айтып, ризашылығын білдірді. Бастауыш сынып оқушылары Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың өнерін, салт-дәстүрін үйреніп қана қойған жоқ, олардың тарихымен де танысып, білім көкжиектерін кеңейтті.