Өркениет

«Cұршақыз» әні. Ол қалай туған?

  • «Cұршақыз» әні. Ол қалай туған?

    «Cұршақыз» әні. Ол қалай туған?

Арап Байдалыұлы (шамамен, 1840-1910) – Баянауладағы Сүйіндік елінің, оның ішінде Айдабол бидің тұқымы Қошетерден тараған ұрпақ, балуан, Мұса мырза Шорманұлы барымташы ретінде ұстаған батыр. Орысша, қазақша әжептәуір сауаты бар, үстіне жақсы киім киініп, жүйрік ат мінетін сері әрі ән салып, домбыра тартатын өнерпаз жігіт болған. «Жаяу Мұсаға жаны жақын болып, оның өмірін, әндерін әуес еткен әнші-серілердің бірі Арап қашқын. Бұл тумысынан аса алғыр, дарынды, бетінен қайтпайтын ер кісі болған соң, Жаяу Мұса оған арнап «Арап батыр» деген белгілі ән-өлең шығарады. Араптың әлеуметтік ісі Мәди, Ермағамбет, Балуан Шолақ сияқты ерлік ісімен бірдей – халықты аяусыз жәбірлейтін болыстармен ұстасу, не күш көрсететін көрші кулактармен айқасу болды. Осының зардабынан Арап батыр да ояз тарапынан қатты қуғынға ұшырап, Баянаула төңірегінде тұра алмайды. Ығысып Қарқаралы жеріне ауысып, атақты Бөденің қолына барып тұрады», – деп жазады Ә. Марғұлан.

«Баласы Байдалының атым Арап,

Мінуші ем кербестіні жалын тарап.

Бір қызды Керекуден алып қашып,

Ішінде жиырманың қылдым талап».

Бүгінде Арап батырдың зираты Далба тауының сыртында тұр. Арап батыр өзі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болған. Сұршақызды алып қашып, Сырымбеттегі Шыңғыс төре ауылын паналағанда, төрелер қыз алып қашып келген жігітті ұры деп қасақана ұстатып, абақтыға жапқан. Сонда сүйген жары сатып кетті ме деген қаупін өлеңмен былай білдіреді:

«Түсті ғой зілмауыр жүк бұл басыма,

Ой бөлер жоқ жолдасым, сырласым да.

Жаныңмен жаным бірге десе-дағы,

Жалғанда сырыңды ашпа ұрғашыға».

Сұршақыз атанған Күнбөпе ару кім еді? Қырық жасының өзінде Күнбөпе бет біткеннің ажарлысы болған деседі. Әкесі Бөде Қаракесектегі Қояншы-Тағай елінің болысы болған. Ол өзге болыстардай патша өкіметіне жағынып, бас имеген белгілі адамдардың бірі болған көрінеді. Патша өкіметі Бөденің халық ортасындағы күшті беделін пайдалану мақсатымен оған қанша сый-сияпат көрсетсе де, Бөде олардың әділетсіз істеріне жирене қарап, кейде күш көрсеткен ұлықтарды сабатып отырған. «Бөде осындай ерлік істерімен мықты көсемге айналып, ояздан, залым болыстардан жәбірлік көрген әнші, сері жігіттер оның қасына жиналып, ойын-сауық құрып, ұлықтарды мазақтайды. Соның бірі «Қырық жігіттің басшысы» деп саналған Арап батыр екен. Бірақ бұлардың ісі ұзаққа созылмайды. Болыстардың Қарқаралы уезд басқармасының көрсетуі бойынша, генерал-губернатор Бөденің үйін күйретіп, оны үрім-бұтағымен Зайсанға жер аударуға бұйырады», – деп түсіндіреді Ә. Марғұлан.

Күнбөпе Бөде байдың қызы, Арап Байдалыұлы жасы жиырмадан енді ғана асқан байдың көмекшісі, ойын-сауыққа бай қызымен бірге жиі барып жүреді. Малға жығып атастырған адамы ынжық болып, қыздың көңілінен шықпайды. Мыңды айдаған бай қызын салт басты, сабау қамшылы қызметшісіне бермейтінін жігіт те, қыз да жақсы білген соң, келген күйеудің ұсқынын байқаған қыз «мынадан құтқара көр» деп Арапқа қолқа салады да, киім-кешегін әзірлеп қойған қоржынын қолтығына қысқан күйі Арапқа келеді.

Арап батыр мен Күнбөпе жайында: «Бөденің үйінде Сұршақыз деп аталған ақылды әрі сұлу қызы болған. Арап әнші Бөденің үйіне келісімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Бірақ олардың тілегі оразды бола ма, жоқ па, албырт жүрек оны керек қылмайды. Әлден уақытта Бөденің көп баласын ұстауға Қарқаралыдан полиция шықты деген хабар сап ете түседі. Оны естіген Арап батыр ешбір бөгелместен сол күні түнде Сұршақызды алып, Көкшетауға тартады. Бірақ, үміт пен сескенудің арасында келген Арап бұл жерде Сұршақызбен бақытты болып тұра алмайды. Өйткені, бұл жердің болыстарының арамзалығы өзге жердің болыстарынан кем түспейді», – дейді Ә. Марғұлан.

Сұршақыз – Күнбөпе Бөдеқызы (1840-1932) жөніндегі оқиға Жақып төренің Арап батырға қылған қысастығымен байланысты өрбиді. Оқиға былай болған. Бөденің төрт әйелінің бірінен туған Серік екен. Серіктің қарындасы Күнбөпе, оны Арап батыр алып қашады. Таң сарғая Ереймен тауының шеткі сілеміне жетіп тоқтайды. Көкшетауды басып, Шыңғыс сұлтанның Сырымбеттегі ауылына келеді. Елден қашқан ғашықтар Шоқанның туған інісі Жақып төре ауылын паналайды. Жақып пен Арап батыр екеуі дос-жаран екен. «Сенің қолыңда билік бар ғой» деп сауға сұрағанда, Жақып оны қолтығына алады. Төркін жағынан келген қыз-жігітті қонақжайлық салтымен жылы қарсы алған Зейнеп ханым оларға бөлек үй тіккізген. Бірақ, Жақып төре сұлуға қы­­­зығып, қызыл көрген қарғадай шыр айналады. Арапты ұры деп оязға ұстатып, абақтыға жапқызады. Күнбөпе де өткір қыз екен, Жақып төреге көнбей, оның залымдығын бетіне салық қылып, басқа біреуге тиіп кетеді. Арап батыр оқи­ғаға байланысты «Сұршақыз» әнін шығарады, әнде «Көкшетауда қалдың-ай» дейтіні, қыздың Көкшетауда қалуын көрсетеді. Бірақ, Арап батыр «Аман келсем, өз жері Баянтауда кездесеміз» дейді.

«Дарияның жарға соққан толқынындай,

Көз салған көрінгенге көңіл арсыз», – дейді, немесе:

«Мен келдім сол бетіммен Шыңғыс ханға,

Бір қайла болар ма деп шыбын жанға.

Паналап бозторғайдай тұрғанымда,

Шырылдатып ұстап берді-ау оязнайға», – дейді Арап батыр.

Жақып төре туралы деректі жазушы С.Ақтаев та келтіреді. Сүйікті жігіті үшін ата-анасын қиып, туған жерін тастап келген Сұршақыз төре түгілі, ханға тоқал болуға көне ме, тілмаш арқылы ояз бастығынан басына бостандық сұрап хат жазған. «Ояздан басына бостандық алған бір қыз бар екен», деген хабар әп-сәтте елге тараған. Көкшенің жайсаңдары бас құрап: «Әйел елден кетсе де ерден кетпеуі керек», деген байлам жасап, «арамыздан таңда, қайсымызды қаласаң да талас-тартыс болмайды», дейді қызға. Сонда Күнбөпе Өскенің ұлы Нұрқанды қалаған екен. Ә. Марғұлан мен С. Ақтаевтың жазбалары бірін-бірі растап, дәлдеп, толықтырған түрде түсіндіріп тұр.

Қашуды ойға алған Сұршақыз бен Арап батырдың Сырымбетке бет алуының себебі, Зейнеп ханыммен байланысты. Зейнеп Мұса мырза Шормановтың туысы, ал Арап батыр болса Мұса мырзаның кісісі, сондықтан қыз-жігіт төркін жағынан келген қонақты дұрыс қарсы алады деп сеніп барған. «Зайсанның болысы Арапты абақтыға отырғызып, Сұршақызды тоқалдыққа алады», – деп жазады Ә.Марғұлан. «Сұршақыздан айырылған Арап Көкшетаудан Омбы абақтысына «этаппен» бара жатып, оған арнап өзінің атақты «Сұршақыз» деген әнін шығарады. Бұл әннің бірінші шумағы ғашық жарынан айырған ар, әділетті білмеген, арамза болыстың қабан жүректігін әшкерелеуге арналған. Бұл шумақтың Арап шығарған түрі былай:

«Шын жүрек тұра алмайды ғашық жарсыз,

Ер жігіт кейде малды, кейда малсыз.

Дарияның жарға соққан толқынындай,

Көз салған көрінгенге көңіл арсыз».

Бұл соңғы сөзбен Арап болысқа тиіскен. Екінші шумағы Сұршақыздың артында қалып қойғанына өкініп:

«Ғашық болған, Сұршақыз,

Көкшетауда қалдың-ай!»

Үшінші шумақта үміттенуді асқар бел етіп ұстаған Арап алдағы өміріне зор үмітпен қарап, бұдан да босанармын, Сұршақыз сенімен тағы қосылармын деп өз көңілін жұбатады.

«Неше жыл жүрсем-дағы бұл айдауда,

Шыдармын, қажымаспын денім сауда.

Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,

Сұршақыз, көрісерміз Баянтауда».

«Әннің мазмұны тегісімен Арап батыр мен Сұршақыздың махаббатын суреттеуге арналғанын көреміз», – дейді Ә. Марғұлан. Арап батыр Жаяу Мұсаға өте жақын кісі, мұңдас, пікірлес және бір атаның баласы болғандықтан бұл әнді ол кісі Арап батырдың атынан жазуы да таңғаларлық нәрсе емес. Ә. Марғұлан «Сұршақыз» өлеңін Жаяу Мұса емес, әуені мен сөзін де Арап батыр шығарған дейді. «Сұршақыз» әнінің атақты ақын, сазгер Жаяу Мұсаға еш қатысы жоқ. Әннен сүйген қызынан қапияда айырылып қалған жігіттің жанын өртеген өкініші мен көкірегін қарс айырған күрсінісі сезіліп тұр.

«Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда,

Шыдаймын, қажымаймын денім сауда.

Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,

Сұршақыз, көрісерміз Баянтауда.

Қайырмасы:

Аспанда жырлар Бозторғай,

Шіркін, әннің бұлбұлы-ай.

Ахау, Сұршақыз, дүние-ай,

Енді, есен бол-ай.

Боларсың сенде мендей, маған күлсең,

Ханзада, жауыздардан қорлық көрсең.

Ауызың күлмек тұрсын, қисаяды,

Айырылып ат-тоныңнан жаяу жүрсең».

Ә. Марғұланның айтуынша, Жаяу Мұсаның досы Айдарбек сал әнші, балуан әрі ойыншы болған. Оның баласы Ысмақ Мұсаның ән-өлеңдерін жатқа біліп, тапжылтпай айтатын кісі екен. Жаяу Мұсаның ісіне еліктеп, әндерін халыққа таратқан әнші-серілердің бірі – Ермағамбет Игібайұлы, екеуі де Мәди мен Балуан Шолақ сияқты әлеуметтік қиғаштықтың күшейген кезінде шыққан күрескерлер, ұстасқан кісілері – керауыз болыстар мен поселкелердің кулактары. Ермағамбет – ірі бай Бақтыбай қажының немересі, қыстауы Сайтанды, Өткелсіз, Шилі деген өзендердің жағасында, Ботақара қонысына таяу тұратын әншінің тағдыры осы елді мекенмен байланысты оқиғалар себеп болып, өмірі қыспақта өтеді, қоныстың малын ұрлады деп бес жылға Атбасар даласына жер аударады. Есіл бойындағы елді аралаған Ермағамбет әндерімен халықты өзіне тартады. Баянауладағы Жарылғапберді мен Жаяу Мұсаның әндерін кеңінен таратып, Атбасарда Сәтмағамбет әншімен танысқан, одан «Әупілдек» әнін үйреніп, Баянаулаға таратады. Бірақ, әннің текстін Ермағамбет өзінше шығарып алады. «Әупілдек» әнін Сәтмағамбет «итжеккенге» айдалған жігітке арнап, оның қарындасы Дәмеш қыздың атынан шығарған. Сәтмағамбет айтатын мәтін былай:

«Әупілдек айдын шалқар көл болады,

Жағалай Әупілдекті ел қонады.

Ежелден ата-баба қоныс еткен,

Суы бал, шөбі тәтті жер болады».

«Әупілдек» айдауда жүрген Ермағамбет әншінің жанына жақын болғандықтан, әннің әуенін алып, сөзін өз күйіне жақындатып айтқан. Патша өкіметіне қарсылық түрінде айтылған әннің мәтіні:

«Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым мен Есілдің суын іше.

Жез қанат құсқа біткен маған бітсе,

Барар ем Сайтандыға әлденеше».

Бұдан байқайтынымыз, әннің текстін өзінше шығарып алу дағдылары кейбір әншілерге тән болған. Әнді шығарған автор мен сол әнді орындаушылар бар, оларды анық ажыратып айтуға тиіспіз. Қандай ән шырқалса да, оның кімдікі екенін айтып, шыққан тарихына көңіл бөліп, іздену қажет. «Сұршақыз» әнінің мәтіні Араптың басында болған оқиғадан шыққан. Оқиға желісі Баянаула, Ақсу-Аюлы, Көкшетаудың арасында өрбуі, ғашық жігіттің сүйгенінен айырылуы – бәрі де Араптың басынан кешкен тағдырына тән. Оларды басқаға телу дұрыс емес. «Сұршақыз» біреу, өйткені ол нақты тарихи кейіпкер. Өлең мазмұны мағыналы, ғибратты, тарихи шын нұсқасы да сол. Әжуа, келеке етіп, мысқылмен айтылатын «Сұршақыз» әнінің нұсқасын Арап батырдың өзі шығарды деп айту қиын. «Әупілдек» әнінің негізін жасаушысы болып, оны Сәтмағамбет, Ермағамбет әншілер әннің әуенін алып, оның сөзін өз күйіне жақындатып өзгерткеніндей, Арап батырдың «Сұршақыз» әнін Жаяу Мұса немесе Балуан Шолақ өзгерткен болуы мүмкін. Халық әндерін жинаушылардың қорына сондай екі-үш түрлі нұсқада түскен. «Сұршақыз, бір келгенде көктем дедің» деген өлең нұсқасын Арап батырдың өзі де қызға айтылған наз ретінде шығаруы ғажап емес. Алайда, өзі зорлық көріп, айдауға ұрынған адам мұндай наз айтуы неғайбыл. Ғашық назы бірге, қосылып, жұптасып болған соң сүйікті Арап батырына «күз келсін, көктем өтсін» деп мерзім белгілей ме?! Екінші нұсқадағы өлеңнің жасандылығы анық көрініп тұр. Қалай болғанда да, өлеңнің қайырмасы ешбір өзгеріссіз қала беруі, бұл ән нақты бір автордың шығармасы екенін анық байқатады. Қайырмасы:

«Әндір, әндір, әндір-ай,

Ішімді оттай жандырды-ай,

Ғашық болып қосылып,

Құмарымды қандырды-ай.

Сөйтіп жүрген Сұршақыз,

Көкшетауда қалдырды-ай.

Ахау, Сұршақыз енді есен бол!»

«Сұршақыз» Арап батырдың әні. Жаяу Мұса, Балуан Шолақ орындауындағы оның өзгерген нұсқасы. Өлеңді әуенімен қоса Арап Байдалыұлы шығарған. Шындығы осы. «Сұршақыз» әнін Арап батырдың өзі, оның досы болған Жаяу Мұса, Байдалының Мұстафасы, Арыстанбайдың Имамбегі, Шөкеңнің Құдайбергені, Шоқаманның Әбділдасы, Айдарбек сал, Ермағамбет, Сәтмағамбет әнші, одан кейін Балуан Шолақ, Кенен Әзірбаев, Ермек Серкебаев орындаған. Қазіргі кезде Қайрат Байбосынов, Кенжеғали Мыржықбаев, Амангелді Қожанов, Қаблаш Әбікейұлы, Ерлан Рысқали орындап жүр. Жаяу Мұса орындаған «Сұршақыз» әні «Біржан – Сара» операсында Сараның ариясы ретінде алынған.

Сұршақыз өмір үшін айқасып, артына ұрпақ қалдырған ана, одан екі ұл, бір қыз туған. Сейтмағанбет деген ұлынан туған немерелері – Жәнібек, Қалиасқар, Жанәбіл. Жанәбіл Балуан Шолақтың серігі болған сері жігіт екен, өштескен казак-орыстар жала жауып, абақтыға қаматып, сонда опат болған. Сөйтіп, Сұршақыздың немересі Жанәбіл Балуан Шолақтың досы екенін көріп отырмыз. Тамаша дәлел емес пе?!

Сонымен «Сұршақыз» әнінің мәтінінде баяндалатын оқиғалар желісі тек Арап батыр мен Күнбөпенің басынан кешірген ғашықтық тағдырға тән. Бір өзінде бір драмаға жүк боларлық қатпарларды бойына шоғырландырған осынау бір әннің кейіпкерлерінің жеке тағдыры, олардың өмір кешкен – туған, сүрген, пана іздеген, қайта оралам деп үміттенген – ареалы да, есімдері аталмаса да драма кейіпкері ретінде сезіліп отырған, тарихи шынайы тұлғалардың әрекеті – бәрі-бәрі осы әнде көрініс тапқан. Әнде баяндалатын оқиға оның Жаяу Мұсаның емес, тек Араптың әні екенін айқын танытады. Қазақтың дәстүрлі ән тарихына қосылған бір ғана «Сұршақыз» әні бар, оның өлеңі мен әуенінің авторы Арап батыр Байдалыұлы. Арап батырдың «Сұршақыз» әнін көп орындап, насихаттаған Арап батырдың жақын досы Жаяу Мұса. Жаяу Мұса орындаған «Сұршақыз» әнін Балуан Шолақ та орындаған. «Сұршақыз» әнінің екі-үш нұсқасы осылай халық арасына тараған.


Мақсат АЛПЫСБЕС,

тарих ғылымдарының докторы.

etjendi.egemen.kz 




Көрілген: 679    Пікірлер: 0

жексенбі, 18.09.2016, 09:40

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30