Ақан серіні жын иектегені рас па?

Ақан серіні жын иектегені рас па?

ХІХ ғасырда Арқа өңірінде даланы ән мен жырға бөлеп, небір дүлдүлдер дүниеден өтті. Ойшыл ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі», - деп тамаша баға берген Ақан сері де осы дәуірде өмір сүрген. Ақан әндері, өлеңдері – халқымыздың өнер әлеміне қосылған сарқылмас қазына. Күні-бүгінге дейін қазақ сахнасында шырқалып келе жатқан Ақанның өз әндері секілді, өмірі де «сұлу», ғибратты. Ақынның серілік құрып, ән шығарумен өткізген ғұмыры халыққа Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романы, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы арқылы жақсы таныс. Бірақ Ақанның намаз оқып, ораза ұстап, өмірінің соңын сопылықпен өткізгенін біреу білсе, біреу білмейді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты деректерге жүгініп көрейік.
Кейін Ақан атанып кеткен серінің азан шақырылып қойылған есімі – Ақжігіт. Ол 1843 жылы Көкшетау маңындағы Қоскөл деген жерде дүниеге келген. Бала Ақан 13 жасқа келгенше Бұхардан оқып қайтқан Күнту деген молдадан сабақ алып жүреді екен. Бірде шариғат мәселесінде сөз таластырып қалған Ақан серіні молда шыбықпен ұрып, бұл кетіп тынып, болашақ ақынның тұрақты алған діни білімі осымен тәмам болыпты. Бірақ ерекше зеректігімен көзге түскен Ақан арабша, парсыша, орысша жақсы білген, білімін өз бетінше кітаптар оқып, жетілдіріп отырған. Оның осы алғырлығын байқаған Науан хазірет: «Молда болып, бала оқытып, менің жолыма түс» деген екен. Ол туралы Ақанның өзі: «Салдықтың, серіліктің соңына еріп, бұл жалғанның қызығын қимап едім», - деп еске алады. Бірақ, уақыт өте аяулы жары өмірден өтіп, айрылмас досы Құлагері өліп, құсы Қараторғай мен тазысы Базараладан ажыраған ақын өмірден баз кешеді. Ол кезде Ақанның жасы отызды орталап қалған деседі. Өмірдің мәнін Құдайға құлшылықтан іздеген Ақан Қоскөлдің жағасында жанына ұлы Ыбанды алып, оңаша отырады екен. Ақан сері туралы алғаш қалам тербеген ақындардың бірі Мағжан Жұмабаев ол туралы: «Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұхардан оқып қайтқан, Көкшетауда дәріс айтып тұрған, белгілі Науан хазіретке анда-санда барып сабақ алады. Дінге, сопылыққа беріледі. Хақ асығы дуанадай малдан, елден безіп, дінменен жан тазартуға кіріседі. Бұрын судай сұлу махаббатты жырлайтын Ақан сопылықпен жан тазарту жайын жырлай бастайды. Бірақ сүйегіне біткен серілік серіліп кетпейді. Бәлки, серіліктері жұртқа жат, ұғымсыз түрге кіріседі. Ақанда мынадай кенет ірі өзгеріс көрген соң, ел күңкіл қыла бастайды. Күңкілдің түбі Ақанға пері иеленіпті деген сөзге айналады. Ақанның сопылық туралы өлеңдері менің қолыма жөнді түспеді. Алайда, Ақанның сопылығы жанына жын ұялаған, сиыр көзді соғылғандардың сопылығынан бөлек болған десек, құрғақ сәуегейлік қылған болмаспыз. Бұл пікірге алдымен Ақанның өмірі күшті дәлел болса, мынау өлеңі де ишара қылады:
Дүниенің қызығын кешіп өтіп,
Тәттіліктің алмадық еш ләззатын.
Пәруадигар сопылардың жолыменен,
Құдайға құлшылықта ғибадатым.
Айырушы Алла бар, не қамым бар,
Адамның ішкі сырын, заһыр батын», - деп жазады (М. Жұмабаев. Шығ., Алматы, 1989).
Сонымен қатар, ел аузында Ақан мен Науан хазірет арасында болды деген мынандай бір оқиға айтылады. Бұл хикаяны Көкшеде тұратын Темірбай Рамазанұлы атты ақсақалдың аузынан Сәрсенбек Бекмұратұлы жазып алған екен: «Көкшеде бір сыйлы адамға ас беріліп, сол арқалы жиынға Науан хазірет шақырылады. Жиналған жұртшылық қос ат жеккен пәуескемен келген хазіретті бүгінгі көзқараспен айтқанда, облыстың әкіміндей зор қошеметпен қарсы алады. Төрден орын береді. Кенет Ақан серіні көзі шалып қалған хазірет: «Ол мұнда неғып жүр екен?» деген ойға қалады. «Ақан ақылынан алжасыпты. Елден безіп кетіпті. Перінің қызына үйленіпті» деген секілді алып-қашпа сөздердің гулеп тұрған кезі екен. Содан ас ішіліп, дұға оқылып болған соң хазірет елдің көзінше даусын көтеріп:
- Оу, Ақанбысың, мұнда неғып жүрсің? – дейді. Сонда ақын ойланбастан домбырасын қағып-қағып жіберіп:
- Еркімде қайда жүрем, қайда болам,
Істеген әр тірлігім Аллаға аян.
Сауап терген Құдайдың бір құлымын,
Деп жүргем жоқ бұл жерден пайда табам, - деп шырқай жөнеледі.
Тосын сұраққа берілген тосын жауапқа көптің көзінше ыңғайсызданған хазірет:
- Көңіліңе ауыр алма, Ақанжан, сенің орның той-думан емес пе еді дегенім ғой, - дейді. Ақан тағы да домбырасын қолына алып:
- Біреулер бұл Ақанды сері дейді,
Енді бірі кемсітіп пері дейді.
Көп аузына кім қақпақ болған сірә,
Өз еркі теңесе де нені мейлі.
Еліме арнап келем өлеңімді,
Аянып, сарықпадым өнерімді.
Аланның пешенеме жазғаны да,
Ән-жырдан тауып жүрсем керегімді, - дегенде хазірет:
- Жарадың, Ақан, жарадың. Мен түсіндім, енді тоқтай ғой, - дейді қипалақтап. Өрекпіген ақын алқынған тұлпардай екпінін баса алмай ары қарай тағы да әндетеді:
Хазірет тақсыр, өзіңді-өзің жатсынба,
Әлі-ақ ертең көзің жетер нақ шынға.
Алла жазса жүздесерміз махшарда,
Пайғамбардың ақ туының астында, - деп барып ентігін әзер басады.
Сонда Науан хазірет орнынан тұрып:
- Беу, Ақанжан-ай, мен сені осы дүниенің ғана қызығын ойлаған жан ба десем, о дүниенің де қамын қарастырған екенсің-ау, Алла тілеуіңді берсін, екі дүниенің қызығын жазсын, - деп серіні арқасынан қағып, бауырына басыпты. Ақан сері бақилық болып, бұл дүниеден озғанда жаназасын Науан хазіреттің өзі шығарыпты деген сөз ел аузында айтылып жүр».
Көкше өңіріне Ислам дінін жайып, кезінде қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан Науан хазірет пен Ақан серінің сыйластығы ерекше екен. Екеуінің туыстық байланысы да бар, яғни бір-біріне бажа. Тінәлі қажының үлкен қызы Бәтиманы Науан хазірет алса, кіші қызы Ұрқияны Ақан сері алып отыр. Осы Науан хазірет халық арасына христиан дінін жаюдан бас тартып, итжеккенге жер аударылғанда Ақан сері оны сабырға шақырып, былай деп жұбатыпты:
Бұл істі жек көрмеймін бір себептен,
Сүйкімді жан өткен жоқ Мұхаммедтен.
Құдайдың өзі сүйген досты сенсің.
Абужаһил лағынет қастық еткен,
Шырағын екі жаһан қорлаймын деп,
Ақырында солар-дағы не боп кеткен?
Болар деп артқы жағы сол секілді,
Сүйінші ғып қуанамын хазіреттен.
Жүз қамшы Имам Ағзамға дүре соғып,
Зынданға Мансұр патша хүкім еткен.
Кемеден Жүніс пайғамбар жығылғанда,
Қырық күн балық қарнында мекен еткен.
Ферғауын қанша әскермен қамағанда,
Мұсаға Ніл дариясы жол боп кеткен.
Намұрт Ибраһимді отқа атқанда,
От оған гүл бостан боп қызмет еткен.
12 жыл зынданда Жүсіп жатып,
Құданың құдіретіне шүкір еткен.
Жүсіп те қандай болды ақырында,
Мысырға патша болып хүкім еткен.
Осы өлең жолдарынан-ақ елі сүйген Ақан серінің діни білімі осал болмағанын байқауға болады. Сері туралы екі томдық көркем шығарма жазған жазушы Сәкен Жүнісовтың үшінші кітабында: «Қазақтарды христиан дініне мойынсұндырып, зорлап шоқындыру мәселесін, оған қасарысып қарсы тұрған указной молда Науан хазіреттің Түрік сұлтанына Сері Ақан, атақты Қожығұлавтарды елшілікке жіберіп шағымданғаны» жайлы мәселелерді көтеру ойы болыпты. Жазушының інісі Орал Жүнісов бір сұхбатында былай дейді: «Ағамның Ақан серінің» үшінші кітабын жазсам деген ойы бар-тын. Онда Ақанның дінге көзқарасы айтылу керек болатын. Осы тақырыпты ашу үшін ағам Меккеге де барып келген еді». Ақан өмірін толық жазып шығу жазушыға бұйырмаған екен. Кітап аяқталмай, Сәкен Жүнісов өмірден өтті. Ал бізге Ақанның өмірбаяны толық жетпесе де, өмірінің өзіндей болып өлеңі жетті:
Құдая, мұсылманды дінінде қыл,
Өзіңнің өзгермейтін тіліңде қыл.
Фәнидің өмірінен өткін шағым,
Ораза, құрман айты күнінде қыл.
Тәніммен ғазиз жаным айрыларда,
Кәлима шаһадатты ділімде қыл.
Сауалын періштелер сұрағанда,
Жауабын ауырлатпай жеңілдеу қыл.
Тіріліп, қабірден бас көтергенде,
Есіміңді Раббым Алла тілімде қыл.

Марфуға Шапиян
islam.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста