Алатаяқтылар туралы анекдот неге көп?

Алатаяқтылар туралы анекдот неге көп?

Анекдот өмірден алынады ғой. Матай деген бір ағамыз бар. Мінезі ақкөңіл, қашан көрсең емен жарқын. Бірде сол ағамыз жеңіл көлік сатып алады. Содан қуаныштан «жүз грамдатып» жүріп, сонау тау қойнауындағы нағашыларына тартады ғой. Жиенінің қуанышына нағашы қуанбасын ба? Дереу мал сойып, көлігіне көрімдік ретінде мата жауыпты. Дастарқан жайып, жиенін жақсылап күтіп жібереді.
Негізі, біздің тау жақта көшеде МАИ қызметкерлерінің тұруы өте сирек кездеседі. Араққа тойып алған ағамыз көлігін әрең-әрең жүргізіп келе жатса, дәл сол күні үлкен көшенің бұрылысында «гаишниктер» тұр дейді. Дереу тоқтатады. Өзі мас, оның үстіне көлігінің құжаттары дұрыс емес. Бірақ ауыл арасы, аудан орталығына алып кетуге көз таныс. Содан «гаишниктің» біреуі ағамызды оңашаға шығарып алып, ақша сұрайды ғой. Ағамыз былай шығып қалтасын қарайды. Көк тиын жоқ. Ары тұрады, бері тұрады. Болмаған соң көлігіне барып келеді де, әлгі «гаишникті» оңашалап ап:
– Бауырым, ақша болмай, ұятты болып тұрмын... Мата бар, мата аласың ба? – дейтін көрінеді. МАИ қызметкері «алмаймын, кете беріңіз» деп азар-безер болса да, ағамыз көлігіне жапқан жабуды тықпалап қоймайды дейді. Ары қарай не болғанын қайдам, бірақ мұғалім ағамыз сол жолы МАИ-ден аман-есен құтылыпты.
...Ел ішінде МАИ туралы осындай анекдот, күлдіргі әңгімелер өте көп қой. Кез келген көлік жүргізушісімен сөйлесіңізші, алатаяқтылармен арада болған жағдайды майын тамызып айтып береді. Бірақ байқайсыз ба, солардың барлығы дерлік өз әңгімелерінде МАИ қызметкерін ақымақ, түк білмейтін, дөрекі, тіптен иіс алмас қылып суреттейді. Жүргізушілер үшін МАИ жол бойында тек ақша жинау үшін тұрады, бұлар жол ережесін бұзған сайын олар қуанады, жай құжаттарын тексеру үшін тоқтатса да бірден «бірдеңе дәметіп тұр» деп ойлайды. Әрине, шопырлар да мұндай әңгімелерді аспаннан алмайтыны белгілі. Алатаяқтылардың алақаны қышығаны бір бөлек, олар сол параны алу үшін ойлап таппайтындары жоқ қой. Өткенде ғана «Титус» сайтында шымкенттік бір МАИ қызметкерінің ана құжатты бір сұрап, мына құжатты бір сұрап, ақыры түк таппаған соң жүргізушіге «РНН, СИК-ің бар ма?» деп тиіскенін айдай әлемге көрсетті.
Ал, бірақ шын мәнінде МАИ қызметінің өміріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алар орны ерекше. Өзіңіз ойлаңызшы, егер жол бойында МАИ қызметкерлері тұрмаса, онда жүргізушілер ойына келгенін істер еді. Онсыз да әдемі көлікке мінсе аруағы қозып кететін кейбір қызуқанды шопырлар, әсіресе жастар жағы бір-бірімен жарысып, бірін-бірі қуалап, оның соңы орны толмас өкінішке ұласып жатқаны жасырын емес. МАИ болмаса жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізуден қорықпас еді. Бұл - тек өзінің ғана емес, басқа да адамдардың өміріне қауіп төндіру деген сөз. Мас күйінде көлікті қатты жүргізгендіктен адам қағып кетіп немесе қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, өз жолымен кетіп бара жатқан қаншама бейкүнә адамдардың тағдырына әп-сәтте нүкте қойып тастаған оқиғалар бүгінде жиі кездеседі. Міне, осының бәрінің басында «тәк-тәк» деп, тәртіпке шақырып ала таяқты ағайындар тұр. Егер олар болмағанда «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп Майқы би бабамыз кезінде айтып кеткендей, үлкен трассаның бойы толған тас белгі, ескерткіш болар еді. Құдай бетін аулақ қылсын.
Иә, айта берсең, жүргізушілердің де қызықтары жетерлік. Тіпті МАИ-ға күлетіндей жағдайы жоқ. Қайбір жылы Алматыда бір ірі кәсіпкер ме, жоқ, әлде үлкен бір шенеунік пе, әйтеуір ұлан-асыр той жасапты. Той өтетін жер қаланың шетінде болса керек. Сол қуанышқа шақырылған бір әнші тойдан-тойға бас сұғып жүріп, кешігіп, көлігімен асығып келе жатыр екен. Шамасы көлік жүргізуді жаңадан үйренген, жол белгілерін де әлі жақсы ажырата алмайтын болуы керек. Тек бір бағытта қозғалуы тиіс үлкен жолмен қарама-қарсы жүріпті. Түн іші, қаладан шыға берісте тұрған МАИ қызметкерлері мұны бірден тоқтатады. Көлік атаулының бәрі қалаға қарай ағылып жатқанда, жалғыз көліктің қорықпастан қарама-қарсы бағытта жүріп келе жатқанына таң қалған МАИ қызметкері алдымен әншіден жөн сұрапты.
- Уа, кім боласыз?
- Ойбай, мені танымайсыз ба? Мен пәленше деген әншімін ғой.
- Қайда бара жатырсыз?
- Ойбай, білмейсіңдер ме? Бүгін пәленше деген атақты кісі той жасап жатыр ғой. Соған бара жатырмын.
- Дұрыс екен. Өзіңіз атақты әнші екенсіз, атақты адамның тойына бара жатыр екенсіз. Бірақ неғып үлкен жолда «встречный» жүресіз? – деген ғой МАИ қызметкері.
Сонда әнші аң-таң болып:
- А, солай ма?.. Бәсе, мен «елдің бәрі тойдан қайтып жатыр ма?» деп келе жатсам... - деген екен.
Өз басымнан өткен оқиға: Жамбыл облыстық әкімдігінің «Арай» жастар газетінің бас редакторы болып тұрғанда бір шаруамен Шымкентке барып, кештетіп қызметтік көлікпен Таразға қарай шықтық. Бірақ Шым қаладан енді шыға бергенімізде МАИ қызметкерлері тоқтатты. Қалтамда «Жас Алаш» газетінің куәлігі бар еді. Қанша дегенмен «Жас Алаш» республикалық, ал «Арай» Жамбыл облысының газеті, шымкенттік МАИ-лер көрші облыстың газетін менсінбей қоя ма деген ой болды. Шопырға «отыра бер» дедім де, көліктен түсіп бізге жақындай берген полиция қызметкерімен амандасып: «Жігіттер, біз «Жас Алаштан» едік, асығыс шаруамен кетіп бара жатырмыз, құжаттардың бәрі дұрыс...» деп әңгімені бастай бергенімде ол: «Бұл не?» деп қолыма қарады. «Қызметтік куәлік». «Мен сенің емес, шопырдың құжаттарын сұрап тұрмын ғой» деп қасымнан өте берді. Қырсық қызметкер екенін бірден сездім, әйтпесе «Жас Алаштанбыз» десек, «О, журналист бауырлар екенсіңдер ғой, жүре беріңдер» деп талай МАИ қызметкері сәт сапар тілеп шығарып салған ғой.
Амал жоқ, шопыр да түсті. Ана құжатты сұрады, мына құжатты сұрады. Қасқарайып қалған шақ. Көзі жетіп жатыр ма, жоқ па, қайдам, әйтеуір, көліктің артқы фарының жарығымен қағаздарға шұқшиюда. Бір кезде көп құжаттардың ішінен сусып шопырдың «Арай» газетінде жұмыс істейді деген қызметтік куәлігі жерге түсіп кетті. МАИ қызметкері бірден «Бұл не құжат?» деді саусағымен көрсетіп... «Қызметтік куәлік, «Арай» деген газетте жұмыс істеймін ғой» деді шопыр күмілжіп... Осы кезде полиция «А, газетте жұмыс істейсің бе, журналиссің бе?» деді. Шопыр ептеп басын изеді. «Е, журналист болсаң, бауырым, жүре бер...» деді де құжаттарды қолына ұстатып, бұрылып кетіп қалды. Шопыр екеуіміз аң-таңбыз. «Ойбай, Ореке, мыналар «Жас Алашты» емес, «Арайды» танып тұр ғой...» деп күлді шопыр. «Құдай біледі, бұлар «Жас Алаш» дегенді бір фирманың аты деп ойлап қалды-ау деймін» деп мен де күліп жібердім.
Келесі жағдай: Тағы да Шымкенттен сол шопыр екеуіміз келе жатқанбыз. Шақпақ баба ауылының ішінде тағы МАИ тоқтатты. Рас, шопыр асығамын деп жол ережесін бұзды. МАИ қызметкері орта жастағы кісі екен. Еш көнбейді. Бұл жолы «Арайдың» куәлігін көрсеткенмін. «Бауырым, біз журналистпіз, полиция мен журналист үнемі бірігіп жұмыс істейді, бізден де бір қызмет өтер» десем де еш иілер емес. Құжаттарды алып, ар жаққа кетіп қалды. Амал жоқ, артынан еріп, оның көлігі тұрған жаққа жақындадық. Ол бір қағаздарды жазып жатыр. Бір кезде шопырға қарап «Путевкаң бар ма?» деді. Шопыр бір қағаздарды ұсынды. Сөйтіп екеуіміз «Не істейміз, не істейміз?» деп бері таман оңашалана бастап едік, көліктің ішінде отырған полицияның «Е, көкелер, бері келіңдер...» деген даусы шықты. Бардық. Сөйтсек, МАИ қызметкері «Е, сендер жаңа ғана газетте жұмыс істеймін деп едіңдер, өтірік айтыпсыңдар ғой. Мына путевкада «Облгазда» жұмыс істейді деп жазулы тұр ғой» деп әлгі қағазды алдымызға лақтырып жіберді. Қағазды алып қарасам, шекесінде: «Обл. газ. «Арай» деп жазулы тұр екен. Бухгалтердің «Областная газета «Арай» дегенді қысқартып жазғаны ғой. Шопыр екеуіміз ахахалап күліп жібердік. МАИ аң-таң болып қарап тұр. «Аға, бұл «Областная газета «Арай» деген сөз ғой» деп едік, ол қағазға біраз қарап тұрды да өзі де мырс етіп күліп жіберді. Сөйтті де «Мейлі, бара беріңдер» деп құжаттарымызды қайтарып берді. МАИ қызметкерінің өз сауатсыздығына өзі ұялғанына біз де риза болып қалдық.
Міне, «алатаяқтылар туралы анекдот неге көп?» деп ешкімді жазғыра алмайсың, оны өмірдің өзі тудырады. Ал Сіз қалай ойлайсыз?
Оралхан Дәуітов
(Фейсбуктегі жазбасынан)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста