Асхат Садырбайдың анасы Ерке Есмахан жайлы не деді?

Асхат Садырбайдың анасы Ерке Есмахан жайлы не деді?

Соңғы уақытта танымал тележүргізуші, журналист Асхат Садырбай туралы, оның жеке өмірі туралы алып-қашпа әңгімелер жиілеп кетті. Қауесеттің басым бөлігіне негіз болған алғашқы отбасына қатысты жайттар. Ал осыдан бірнеше ай бұрын тележүргізуші үлкен жол апатына душар болып, денсаулығына біраз зақым келген еді. Апаттың ауыр болғаны соншалық, көлік жүргізушісі оқиға орнында жан тәсілім етті. Бұл жолы біз үлкен кезеңді бастан өткерген журналистің өзін мазаламай, көпшілік көкейіндегі сұрақтарды анасына қойып көрген едік.

АСХАТЫМ – АЛЛАНЫҢ МАҒАН БЕРГЕН ҮЛКЕН СЫЙЫ

-Оразгүл апа, сәлеметсіз бе? Сұхбатымыздың көп бөлігі сіздің ұлыңыз, танымал журналист, тележүргізуші Асхат Садырбайға қатысты болмақ. Әңгімемізді Асхаттың бала кезінен бастасақ. Қандай бала болды? Мінез-құлқы қандай еді?

-Шүкір, Алла маған 3 ұл, 2 қыз берді. Тұңғышым мен кенжем қыз. Ортасында үш ұлым бар. Сол ұлдың ортаншысы осы – Асхат. Ол өзі ерекше жаратылған бала. Жалпы сырттай қараған адамдар оны қатал деп ойлап қалады, бірақ балаларымның ішіндегі ең мейірімдісі, бауырмалы, қайырымдысы. Әрі ішкі жан дүниесі өте жұмасақ. Бәрі де қайырымды ғой, дегенмен кішіге де, үлкенге де бірдей көңіл бөліп, жағдайын ойлап отырады, барлығына уақыт тауып жүреді. Мектепте де жақсы оқыды. Әркез айтқан әңгімеңді аяғына дейін тыңдап, содан ой түйіп жүреді. Ешқашан еш жерден кешіккенді қаламайды. Өзі де кешікпейді. Жүрдім-бардым емес, жауапты да нақты береді. Жауапкершілігі өте жоғары.

-Балаларыңыздың ішінде ел алдында жүргені тек Асхат қана ма?

-Үлкен қызым – көз дәрігері, одан кейінгі ұлым – мұғалім, өзінің шағын кәсібі бар. Асхаттан кейінгі ұлым белгілі продюсер Жанна Әбуовамен бірге қызмет етеді. Кенже қызым Ұлықпан Жолдасовтың студиясының пиар-менеджері. Жақынды осы кіші қызымды ұзаттым. Ел қатарлы, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз.

-Асхаттың қазіргі жағдайы, денсаулығы қалай?

-Аллаға шүкір, тәуір. Ең бастысы – аман қалғаны. Әуелі Алланың қарасқаны, екінші ақ халатты абзал жандардың арқасы. Алдымен екі балдақтың көмегімен аяққа тұрды, қазір бір таяқпен жүріп жатыр. Жаратқан өзі сауығуына жәрдем беріп отыр ғой. Біраз уақыт қымыз ішіп, ем алып ауылда болды. Қазір Алматыда. Өзім көбіне жанында боламын.

-Аздап артқа шегініс жасасақ. Жол апаты қалай болды? Сіз бұл оқиғаны қалай естідіңіз?

-Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. «Досым түгілі дұшпаныма тілемеймін» деп айтады ғой. Бірақ өзім ешкімге дұшпандық қылмағаннан кейін дұшпаным жоқ деп есептеймін. Ананың жүрегін жарып, бауырын тіліп шығады ғой бала деген. Сондықтан бұл әуелі ананың жүрегіне батады. Оқиға болған күні екі ұлым ұшақпен Алматыға ұшып кетті. Маған ештеңе айтқан жоқ. Сол жақтан сатып алатын көлікті көреміз деді. Мен оған сеніп қалдым. Қан қысымым көтеріліп кететіні бар еді. Сол себепті әкесіне айтып, өздері жолға шығып кетіпті. Екі күн өткеннен кейін келінім толғатып жатыр деген хабар келді. Айы-күні жақын еді. Сосын мен де Алматыға келдім. Ұлдарым күтіп алып, барлығын сол кезде айтып берді. «Мама, қорықпаңыз. Балаңыз аман, кішкене бетін сырып кетіпті, басын жырып кетіпті, мәшинелері дөңелегі жарылып, аунап кетіпті» деді. Соның өзінде ананың жүрегі сезімтал келеді ғой. Көрмесем жаным тынбайтыны белгілі. «Басы аман ба, көзі аман ба баламның? Белі аман ба?» деп, үйге бармай, бірден ауруханаға, Асхатқа бардық.

-Ұлыңыздың жанына кіргізді ме сізді ?

-Кіргізді. Апат болғаннан үш күннен кейін барып тұрмын ғой. Жан сақтау бөлімінен шығарған екен. Аяқ-қолы сынған, таңып тастапты. Шалқасынан жатыр екен. Тәубе дедім. «Өзіңді берген Алла, өзі сақтасын. Шипасын беріп, аяғыңнан тік тұр» дедім. Ол мені көрген соң «Иә, мама, жақсымын, алаңдамаңыз» деп қайтарды. Ертеңіне бір бардым. Кейін бауырларына «Мамам келмей-ақ қойсыншы, оны көрген сайын мен қиналып жатырмын. Үйде отыра берсін, жағдайым жақсы деп айта беріңдер» депті. Шүкір, әйтеуір. Жақсы десең, жақсы болады екен, айналайын.

-Ауруханада қанша уақыт жатты?

-15 күндей жатты. Одан кейін үйге шықты. Бауырлары аман болсын. Аяқ-қолын жерге тигізбей, барлық жағдайын жасады.

—Келініңіз де сол уақытта босанды ғой?

-Иә, мамырдың 22-күні босанды. «Бұлттан кейін күн шығар» демей ме?! Аман-есен қол-аяғын бауырына алды. Зейін атты баламыз дүниеге келіп, Асхатым ұлды болды.

-Есімін ерекше қойыпсыздар…

-Зейін Әліппек деген жақсы араласатын ағасы бар. Өздерің білесіңдер, танымал журналист, тележүргізуші. Сол кісінің құрметіне Асхаттың өзі «Зейін» қойсам деп жүр екен. Содан мен «Шырағым, өзің осындай жағдайда жатқанда келген бала, сенің тілеулесің. Есімін өзің қой» дедім. Сөйтіп, солай атадық. Шүкір, Зейініміз өсіп жатыр.

-Балаңыз қиын сәттерде сізге хабарласып, ішкі сезімімен бөлісіп, сырын айта ма? Сол кезде сіз қандай қолдау көрсетесіз ?

-Ана жүрегі бәрін сезіп отырамыз ғой. Сырымен бөліседі. Алла жамандықтан сақтасын. Ең ауыры – осы жол апаты болды. Қайталап көрсетпесін. Мұндай ауыртпалық салмасын. Әрине, күйзеліс болмады емес, болды, бірінші некеден кейін. Баламның біраз бейнеті бар екен. Барлығына уақыт – емші. Тағдырмен ешкім таласпайды ғой.

-Асхат ел алдында жүрген азамат болған соң, артынан сан түрлі қауесеттің ерері сөзсіз. Ерке Есмаханның сұхбатынан кейін ол тіптен көбейіп кетті десек те болады. «Қол жұмасады», «Үшінші отбасын құрып жатыр», «Сыйға берген дүниелерін қайтарып алды» деген әңгімелер айтылды. Асхат мұның барлығын еш пікірсіз қалдырды. Сіз анасы ретінде айтыңызшы, осылай болып па еді?

-Екеуі де елдің алдында жүрген адам. Асхат ер азамат қой. Еркенің заты – әйел. Асхатқа сабыр сақта дедік. Ол да ұстамды бола білді. Өзінің қандай адам екенін біледі ғой. Әркім айтқан сөзіне Алланың алдында, адамның алдында жауап береді. Зиянды әдеттерден аулақ болса, ішімдік ішпесе, шылым шекпесе, артық жүрісі болмаса ер адам еш уақытта әйелге қол жұмсамайды. Тәубе деп айтайын, балаларым келіншектеріне қол көтермейді. Ана көрген, ана сыйлаған бала ондайға бармайды. Мен ешқандай мүмкіндік те бермеймін. «Ұрды» дегені сәл артық болды. Себебі сабырсыздық, қол алып жүгіріп, әкіреңдеу деген менің балаларыма жат нәрсе. Ол елге солай деп айтты. Бірақ ел өзі електен өткізіп, Еркенің кім, Асхаттың кім екенін ажыратып алды деп ойлаймын.

-Сонда бұл айтылғандар еш негізсіз болды ғой….

—Екеуі сөзге келіп қалғанда болуы керек, үйден шығарда неке жүзігін балама қарай лақтырып жіберіпті. Сол сәтте балам «қайта қосылып жатсақ тағармын» деген үмітпен ғана аяқ астынан көтеріп алып кетіп қалған. Осы жағдай оған «сыйлықтарын қайтарып алды» деп айтуға негіз болды. Алла тек абырой берсін. Еркеге еш жамандық тілемеймін. Қайта дұға, тілектеріме қосып отырамын. Өйткені ол немеремді бағып отыр.

ЕРКЕ ЕРКІНДІКТІ ҚАЛАДЫ….

-Жалпы Ерке қандай келін болды?

-Ерке жаман келін болған жоқ. Менің бетіме қарап сөйлеген емес. Өтірікті, кеткеннен кейін артынан ғайбат айтуды мен қаламаймын. Өте жақсы келін болды. Біріншіден, өте таза. Екіншіден, ақкөңіл. Күліп қарсы алады. Тағамның түр-түрін, өте дәмді етіп әзірлейді. Қашан, қалай үлгергенін де байқамай қалатынбыз. Қолы берекелі. Істеген асы көбейіп кетеді. Дастарқанды жайғанда жайнатып жібереді. Сондай жайлы келін болды.

-Келініңіз жақсы болса, неге екеуі бөлек кетті? Не себеп болды деп ойлайсыз?

-Мен бірге тұрған уақытта Еркеге қарап сөйлегенім жоқ, ол да менің бетіме келген емес. Екеуін Алла қосты, Алла ажыратты. Екеуінің жолы екі бөлек болды. Мінездері сәйкес келмеді. Асхат – ер мінезді болды, Ерке – ерке болды. Құдағайыммен де жаман сөзге келген емеспіз. Ерке жақсы жар да болды. Бірақ ол еркелікті, еркіндікті қалады. Асхаттың мінезі оны көтермеді. Менің түсінуімше. Қазақта ер азамат әйелден бір саты жоғары тұрады ғой. Әйелі айтқан әңгімесіне мақұл деп иіле қоймаса, еріне қарсы шықса, оның да көңілі қалары белгілі.

-Еркіндік дегенде нені меңзейсіз? Балаңыз әлде оның сахнаға шығуына, өнеріне қарсылық танытып па еді?

-Осынша жасқа келіп өтірік айтып не қыламын? Қазір көптеген өнерде жарасым тауып жүрген жұлдызды жұптар қаншама. Қанат пен Света, Тоқтар мен Бейбіт, Жанболат пен Жазира, Қыдырәлі мен Қарақат т.б. Бір мезгіл күйеуінің де қабағына қарап, онымен санасып, түсініскенде мүмкін осы жұптар тәрізді жүрер ме еді?! Асхат оның ел алдына шығып өнер көрсетуіне мүлде қарсылық танытқан емес. Үйленген кезде Асхаттың тегін алды. Ерке Садырбай болып «Саз әлемі» жобасында өнер көрсетті. Барлық уақытта қолдау ғана білдірді. Тек араларындағы түсініспеушілік, мінез-құлықтың сәйкес келмеуі себеп болды. Өйткені біздің отбасы тарапынан да, Еркенің отбасы тарапынан да ешқандай қысым болған жоқ. Екеуі келісе алмады. Ерке сотқа арыз берген кезде де ажырасу себебін «мінез-құлқымыз сәйкес келмеді» деп жазған. Басқа себебі жоқ. Бірақ Еркені жамандыққа қимаймын. Артынан бәлен-түген демеймін. Менің балам да бірбеткей, Еркеде де енді қызуқандылық болды ма екен? Өзі сотқа арыз беріп, өзі ажырасты.

-Ал Асхаттың баласымен қарым-қатынасы қалай? Немереңізді көріп тұрасыз ба?

-Иә, әрине. Құда-құдағайыммен хабарласып тұрамын. Айтта, мерекелерде құттықтап отырамын. Баламызды бағып жатыр нағашы ата-әжесі. «Осы бала кімнің баласы екенін, қай елден шыққанын, тегі, әкесінің аты кім екенін айтып, ұғындырып отырыңыз» деп аманат еткенмін. Жақында Алматыға келіп кетті. Киім-кешегін, сыйлығын алып, бірге қыдырды. Арасында Ақтөбеге де заттар, сыйлықтар салып жіберіп тұрады. Баласымен қарым-қатынасы жақсы. Ерке де оған қарсы болмайды. Өйткені сот шешімі бойынша әкесі тарапынан ешқандай құқық бұзушылық болмағандықтан, екеуі кез келген уақытта қыдыруға, кездесуге құқылы. Кейде өзімізбен алып кетеміз. Алғашында Асхатқа да оңай болған жоқ. Уақыт-емші. Шүкір, ол сыннан да өтті балам.

-Жоғарыдағы әңгімеге қайта оралғым келіп отыр. Оның жауабы көпшілікке беймәлім. Сондықтан да сан-сақ пікір көбейеді. «Үшінші рет отбасын құрды» деген сөз қаншалықты рас?

-«Жоғалған пышақтың сабы алтын» дейді. Үшеу алды дей ме, бесеу алды дей ме, айта берсін. Мен ешкімді кінәламаймын. «Ит үреді, керуен көшеді». Өмір өтіп жатыр. «Үш рет той жасапты», «Үш рет үйленіпті», «Әйелге тоймайды екен» деген сыңайлы сөздерді де құлағым шалып жүр. Оның бәрін есту оңай емес. Бірақ қазір етіміз үйреніп те кетті. Неше түрлі адам бар. Олар неше түрлі сөз айтады. Оның барлығына біз жауап бере алмаймыз. Енді мұны Ерке қандай оймен айтты білмеймін. Мүмкін осымен Асхатты мұқатамын деді ме, әлде қазіргі әйелі осыны естіп ажырасып кетеді деді ме, бір Алла біледі. Елге жариялап, некесін қиып алды. Еркемен де солай болды. Жасырын ештеңе жоқ. Ол үшін қорланбаймыз да. Өйткені мен өз баламды білемін.

-Асхат ер азаматтық көрсетті делік, Ерке – әйел заты делік, бірақ көпшіліктің көкейінде «осыншама сөз айтылуда, неге Асхат оның барлығын жауапсыз қалдырып жатыр?» деген сұрақ туындайтыны да жасырын емес…

-Екі бөлек кеткеннен соң не деп онымен салғыласады? Енді біреулерге сондай әңгіме керек болған шығар… Адамның басындағы жағдай Аллаға, сонан соң өзіне аян. Егер Асхат сол кезде жауап беріп, айтысса, әлі күнге дейін айтысып жүрер ме еді?! Күніге біреуіне жауап беріп… Бірақ ол ер азамат ретінде сабырлылық танытты. Мен онысын дұрыс деп шештім.

-Қазіргі келініңіз көңіліңізден шыға ма?

-Келінім жақсы. Қазір баламен үйде отыр. 1992 жылы дүниеге келген Меркінің қызы. Биыл ЖОО-ны бітіріп, дипломын алды. Бір үйдің үшінші перзенті. Екі бала-келінім бір жыл Алматыдағы үлкен үйде бірге тұрды. Кенже қызым да солардың жанында болды. Келіндерімнің ақылдылығының, татулығының арқасы болар, бір-бірін ренжітіп, сөзге келіп көрген емес. Бірде үйге Аслы Османқызы қонаққа келді. Сонда ол кісі: «екі елдің тәлім-тәрбиесін алған келіндерің, ұл-қыздарың тату-тәтті бір шаңырақтың астында тұрып жатыр, сен өте бақытты, мықты ана екенсің» деді. Өзім байқамаған екенмін, сол кезде ғана ойланыппын.

-Шаңырақ көтерерде келініңіздің отбасы қарсылық білдірмеді ме?

-Қыздың өзі қалап, осы адамға тұрмысқа шығамын деген соң ата-анасы келісім берген. Анасы бір ауыз «ертеңгі күні баласымен кездесіп, бұрынғы жолдасымен жолығып жатса, сен қызғанып жүрмейсің бе? Келіспеушілік туындап жүрмей ме?» деп айтқан екен. Келінім сонда «жоқ, олай жасамаймын, Асхат маған бәрін түсіндірген» депті. Арада жасырын ештеңе жоқ. Бәрі басынан айтылды, түсіндірілді. Содан өзіміз барып сырға салдық. Ата-анасы, туған-туыстары ақ батасын беріп, шығарып салды. «Асхат бұрын отбасылы болған екен, сенімсіз екен» деген ойлар болған жоқ. Өз ықыластарымен жіберді.

«АЛТЫ АКАДЕМИЯ, ЕКІ УНИВЕРСИТЕТ БІТІРГЕНМІН»

-Біздің сайтымыз қыз-келіншектерге, нәзік жандыларға арналған. Сондықтан ақ жаулықты ана ретінде біздің оқырмандарымызға айтар ақыл-кеңесіңіз, тілегіңізбен сұқбатымызды түйіндесек.

-Қадамдарың сәтті болсын. Көп жасадым деп айта алмаймын. Дегенмен «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді ғой. Менің алты қайын апам, екі абысыным болды. Енемді былай қойғанда «алты қайын апамнан алты академия, екі абысынымнан екі университет бітіргенмін» деп үнемі айтып жүремін. Енем өте жақсы кісі болды. Өзім де бір үйдің еркесі болдым. Қазіргі келіндерге, қыздарға айтарым, ең бірінші, адамға сенім керек. Қол ұстасқан адамына сеніп, сүйіп келгеннен соң, артына қарамауы керек. Өзім де қыз ұзатып, келін алып отырмын. Мен секілді аналарға айтарым, қыздың артынан жиі хабарласып, жағдайын көп сұрай берудің қажеті жоқ. Өйткені қыз деген – Алланың аманаты. Біз оны өсіріп, тәрбиелеп, өзінің құтты орнына қондырамыз. Бұдан кейін оған қайта-қайта хабарласып, «ұйқтадың ба?», «саған біреу қатты сөйлеп қойған жоқ па?», «ерте оятып қойған жоқ па?» деп мазалай беру – дұрыс емес. Қыздарды құртатын сол. Кезінде өзімізге анамыз айтқан. Бізді тастап, бәлен шақырым жерге, осы қара балаға кеттің, енді ешқандай келеңсіз әңгімеңді естімейтін болайын деп. Сол бір ауыз сөзбен біз қатып қалғанбыз. Адам болған соң, өмір болған соң, қазан-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ оларды үйден шығарған емеспіз. Намысымыз болды. Ерлі-зайыпты сондай бекем болса, бәрі жақсы болады. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Өсіңдер, өніңдер. Бейбіт өмірде бақытты, баянды ғүмыр кешейік.

-Айтқаныңыз келсін. Уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет! 

ikerim.kz
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста