Өркениет

Айдын Жақыпбаев, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері: «Қуыршақ театрында істеу кез келген әртістің қолынан келе бермейді»

  • Айдын Жақыпбаев, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері: «Қуыршақ театрында істеу кез келген әртістің қолынан келе бермейді»

    Айдын Жақыпбаев, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері: «Қуыршақ театрында істеу кез келген әртістің қолынан келе бермейді»

«Сахнадан адамды емес, актерді көрсең, жалығасың». Миллиондардың осындай көзқарас-тұжырымдары кез келген театр әртісінің кәсібилік жолындағы жауапкершілігін еселейді. Ал, Қуыршақ театры маңындағы шығармашылық адамдары үшін мұндай міндет - жүктің ауыры. Өйткені, бұл театрдың өзі секілді көрермендері де ерекше. Талапшыл, талғампаз, тәуелсіз. Олар сабырға тоқтайтын салиқалы көрермен емес, қойылым ұнамаса қолдарын бір сілтейтін - ЕРКЕ, ойындағысын ірікпей айтатын - ЕРКІН.

Қуыршақ театрына да жасандылыққа ұрынуға, сахнада жалғандыққа бой алдыруға жол жоқ. Бұндай жерде тек үндестік пен өзара түсіністік қана салтанат құрады. Мемлекеттік қуыршақ театрындағы әртістердің кәсібиліктің қыр-сырын жете меңгеріп, өз істерінің майталмандарына айналуының бір себебі де осыдан шығар.

«Спектакльдер де бала секілді, олардың жаманы, жақсысы болмайды. Біздің шығармашылықта тек өнерге деген адалдық, кәсібіңе деген махаббат қана бар. Қуыршақтарды сезінбесең, олардың образына бар болмысыңмен ене алмасаң, онда мұнда жұмыс істеуің қиын. Бізге кейде жақындарымыз: «жасың бәленшеге келді, қашанғы қуыршақ ойнап, сахнаның артында жүресің?»-деп жатады. «Менің таңдаған жолым, таңдаған кәсібім осы болғандықтан Алла қанша өмір берсе, қанша уақыт берсе сонша жүремін»-деп күлемін. Театр түсіне білген адамға үлкен бір кеңістік. Онда жақсылық та, жамандық та, қуаныш пен қайғы да, бәрі бар. Бұл – өнер, бұл – өмір»-дейді Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі, «Еңлікгүл» сыйлығының иегері Айдын Жақыпбаев. Иә, театр – өмір, қайнап жатқан қарбалас. Айдынмен сұхбаттасуға барған сәтте осындай қарбаластың үстінен түстік. Кезекті қойылымға дайындық. Әртістерде артық уақыт жоқ. Уақыт та сағаттай санаулы. Бірақ осы қарбаласқа, осы жанталасқа шағынып, қиындығына қынжылып жүрген әртісті көрмейсің. Керісінше, бәрі бәйгеге шабатын жүйріктердей.

Айдынның өз ісіне деген жауапкершілігіне, жаңа кейіпкерді шығару жолындағы ізденістеріне қарай отырып, театр сыншысы Әшірбек Сығайдың мына бір сөздері есімізге түсті. «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, қашан сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» рөлінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды». Алматы қуыршақ театрында он жеті жылдан бері ойнап келе жатқан Айдын Жақыпбаев сыншы айтқан кезеңдердің бәрін басынан өткерген. Оған кішкене бүлдіршіндердің көңілінен шығып жүрген көптеген рөлдері дәлел. Актер: «Маған кез келген рөлім қымбат, кез келгені ерекше. Олардың әрқайсысы қайталанбайтын құбылыс. Мейлі ол сұғанақ болсын, мейлі ол кер жалқау болсын, пысық, қу, алаяқ немесе керісінше, әділетті, мейірімді болсын бүлдіршінді өз шындығына сендіре білетін персонаждар. Біз театр табалдырығын аттаған сәттен бастап-ақ жеке проблемаларымызды, өз шаруамызды ұмытамыз. Әр спектакльге дайындық, ондағы өз қуыршағына жан бітіру, оның қимылын, бет-бейнесін келтіру –оңай орындала салатын жұмыс емес. Қуыршақ театры әртістерінің өзге драма әртістерінен айырмашылығы да осында. Бұл салада жұмыс істемеген әртіс қанша шебер болса да, қуыршақтарды ұстай алмайды. Оған үлкен кәсібилік қажет. Ал, кәсіби өнер қашанда тынымсыз еңбекпен ғана келеді»-дейді.

Жаңа заман талабы қазіргі талғамды өзгертті. Бүгінгі жасты елітетін жарқыл көп. Бірақ театрмен бірге жасасып келе жатқан жанкешті әртістер қуыршақ өнерінің ешқашан өлмейтініне сенеді. Тіпті осы жолда мақсаты айқын, мұраты биік Алматы қуыршақ театры кішкене көрермендердің қажетін ұсынатын рухани тамыршысына айналғандай. Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестивалінде, «Под шапкой Гугуцэ» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде, XIII түркі халықтарының фестивалінде өнер көрсетіп, әлемдік деңгейдегі үздіктердің қатарынан көріну театр ізденістерінің жемісі іспетті. Театрдағы тынымсыз еңбек, жаңашылдыққа ұмтылу, үздік шығармаларды сахналау, классиканы бүгінге бейімдеу жас ұрпақтың болашағына деген алаңнан туғанынан хабар береді. Біз әңгімелескен тәжірбиелі актер Айдын Жақыпбаев: «Студент болып жүрген алғашқы жылдары қуыршақ бөлімінен қалай да ауысып кетемін деп жүрдім. Бірақ бір жыл өткен соң бұл ойымды ұмыттым. Маған бұл өнер бірте бірте қызық бола бастады. Мұнда актерлық шеберлік те, мұнда би де, вокал да бәрі-бәрі бар. Серік Мақұлбеков ұстазымыз көп нәрсені үйретті. Осы қара шаңыраққа практикаға келе бастаған кезде менің кәсібім осы екенін түсіндім. Қуыршақтармен жұмыс істеу үшін кәсібіңді сүю керек. Егер осы өнерге деген махаббатың болмаса онда сенен ешнәрсе шықпайды. Баламен тіл табыспасаң, олардың сол образдан қажет ететін мағұлматын бермесең сен ешкім емессің. Сахнада баламен диалог құратын кездер болады. Егер олардың жауабы сергек, нанымды естілсе онда сенің жолыңның болғаны, мақсатыңның орындалғаны. Әртіс үшін бүлдіршіннің қуанғанынан, бүлдіршіннің сені қабылдағанынан асқан бақыт жоқ. Маған әрбір шығарған кейіпкерім қымбат. Мен олардың ешқайсысын ешқашан бөліп жарған емеспін. Он жеті жылда Қуыршақ театрының сахнасында қандай қойылым сахналанса мен сол жерден табылуға тырыстым. Мен қатыспаған екі үш қойылым ғана бар шығар. Қалғанының бәрінде бармын»-дейді.

Әртіс – театрдың жүрегі. Ойыны мен ойы сәйкесетін актердың ғана тасы өрге домалайды. Бұл тұрғыда, Айдын Жақыпбаевтың жолы болған сияқты. Жансызға жан бітіру, ойы, таным-түсінігі қалыптаса қоймаған балаларды қуанышқа бөлеу – «дарқандығы даладай, аңғалдығы баладай» Айдын секілді кәсібіне адал адамдардың ғана қолынан келеді.


Шолпан Рақымқызы




 




Көрілген: 1191    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

сенбі, 30.09.2017, 12:05

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30