Баламыз қандай мультик көріп жүр?!

Баламыз қандай мультик көріп жүр?!

Осы күні балаларға көретін мультфильм көп. Бірақ ұл-қызымыздың қандай дүниені көріп жатқаны, оның бала психологиясына әсері жайында басымызды қатыра бермейміз. Мультфильмдер кеңес заманында да болды. Біздің ұрпақ “Ну, погоди!”, “Крокодил Гена”, “Чебурашка”, “Маугли” сықылды орысша,“Қарлығаштың құйрығы неге айыр?”, “Ақсақ құлан” атты қазақы мультфильмдерді көріп өсті. Қатыгез ханға баласының мерт болғанын жеткізген домбыраның көмейіне ыстық қорғасын құйылғанда тұла бойымыз түршігіп, жанарымызды жас тұмшалайтын. Сібірдегі бұғышылар өмірінен сыр шертетін бір мультфильмнің атын ұмытсам да, оқиғасының желісі әлі күнге жадымда. Онда үш ұлынан қайыр көрмеген ана ақыр аяғында құсқа айналады да, ұшып кетеді. Ал балалары болса, ауру анасын бағып-қаға алмағандарын енді түсініп, зар еңіреп опынатыны бар. Бірақ мұндай мультфильмдермен бүгінгінің баласын таңғалдыра алмайсыз. Олар шытырман оқиғалы Өрмекші адам, Бэтмен, тасбақа Ниндзя, Шрек дейтін көк есек, аспаздыққа құмар, егеуқұйрық болса да, арман-мақсатына ұмтылған Ремми, бай мен кедей боп бөлінетін роботтар, адамдар сияқты жұмыс істеп, түрлі әрекеттерге баратын көліктер жайын шертетін «Тачки» мультфильмдерін жақсы көреді.
Бірде көршінің 4 жастағы қызы Әлияның «Машаны, аюды көрсет» деп үй ішіндегілерге қиғылық салып жатқанын көргенім бар. Оның анасының айтуынша, кішкентай қыз балабақшадан келген соң міндетті түрде осы мультфильмді көреді екен. Ол - ол ма, Әлия мультфильмдегі шолжаңдау басты кейіпкердің қылықтарын салып, үйдегі заттарды шашып, берекетті алатын әдет тауыпты. Ресейде орыс халқының «Маша мен аю» деген ертегісінің желісімен жасалған 37 сериялы мультфильм біздің кішкентай көрермендеріміздің жүрегін «жаулап» алғанға ұқсайды. Мультиктегі Маша тынымсыз, аю байғұстың үйіне келіп бәрін төгіп-шашып, ойына келгенінін істеп бағады. Осы мультфильмді көріп отырған сіздің көкейіңізде «Машаның үйі жоқ па? Мамасы неге іздемейді екен?» деген сауалдар туындап жатады. Психологтар баланың басты тәрбиешісі көгілдір экран, айпад емес, ата-ана, үлкендер екенін естен шығармау керектігін ескертеді.
«Шрек» қатыгездікке, «Спанч Боб» алаңғасарлыққа үндейді
Қазіргі мультфильмдер жоғары технологиямен жасалатындықтан, бояуы қанық, кейіпкерлері құдды тірі адамдай бала біткенді өзіне баурап алады. Бірақ олардың беретін тәрбиесі мықты дей алмайсың. «Шрек» мультфильмін де мектеп жасына дейінгі және мектепте оқитындар да, одан ересектер де сүйіп қарайды. Бірақ ондағы Фиона деген қыздың іс-құлықтары жақсылыққа жетелейді деу қиын. Мәселен, бірде ол тоғайда сайрап тұрған бұлбұлға ән қоспақ болған кезде, оның даусының ащылығына құс екеш құс шыдай алмай, өліп қалады. Ал қыздың онымен ісі жоқ, бұлбұлдың жұмыртқаларын алып, Шрекке қуырып береді. Қатыгез емес деп көріңіз. Тірі жәндікке тиме, обалы жібермейді деп тәрбелейтін ұлттық педагогикамыз мұндай мультфильмдерде адыра қалады. Шетелдің өнімдерінде сол елдің менталитеті, болмысы жататыны осыдан-ақ байқалады. Мысалға, бала тәрбиесіне қатты мән беретін Қытайда шетелдің мультфильмдерін көрсетуге, сырттан кіргізуге тиым салынған. Оның астары тереңде. Өйткені психологтар жетіліп келе жатқан баланың санасы құрғақ ақылдан гөрі көргенін жадына тез тоқитынын, бойына сіңіріп алатынын айтады. Қазір жиі көрсетілетін «Спанч Боб» мультфильмінің бір қарағанда ешқандай жамандығы байқалмайды. Бірақ оның өмірі езуі жиылмайды, ерсі мінез-құлықтары бір басына жетерлік. Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, Чикагоның ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысы бұл мультфильмнің баланың ойлау қабілетін төмендететінін көрсеткен. Олар зерттеуге төрт жастағы 60 баланы тартып, олардың 30-ына сурет салдырған, екінші жартысына «Спанч Бобты» көрсетумен болған. Біраз уақыттан кейін 60 баланы психологиялық тестілеуден өткізген. Сонда мультфильм көрген балалардың тест қорытындысы сурет салған балалардан төмен болып шыққан. Сондықтан балаға кейбір түкке алғысыз мультфильмдерді көрсеткенше, оларды шығармашылық жұмыстарға баулыған пайдалырақ.
Ұлттық дүниелердің насихаты кемшін
Мысалы “Батыл пингвиндер” деп аталатын бірнеше сериядан тұратын мультфильмді де бала-шағасымен бірге көріп жүргендер бар. Ондағы мысық үнемі бір келеңсіз жағдайларға ұрынып жүреді. Ондайда оған оқымысты пингвиндер көмектеседі, қиындықты түрлі техниканың көмегімен шешіп береді. Әрине, кішкентайларды ілім-білімге, техникаға әуестікке тәрбиелейтін осындай дүниелерді көрсетудің сөкеттігі жоқ. Алайда бала бойында техникаға құштарлықты, инновациялық жаңалықтарға деген іңкәрлікті оятатын мультфильмдер жоқ.
Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта халқымыздың таным-түсінігіне, болмысына лайықталған өз дүниелеріміз там-тұмдап көріне бастады. Мысалға, қасқыр жеген ешкінің құйыршығынан пайда болатын шынашақтай бала туралы “Құйыршық” ертегісі кішкентай балақандарға арналған десе де болады. Шымкенттегі “Жебе” киностудиясының ”Алдар Көсе”, “Аңқау қасқыр”, “Қанатты Барыс” деген мазмұнды мультфильмдері бар. Алайда олардың көрсетілуі сирек, насихаты кемшін. Көршілердің «Маша мен аюының», американдық Disney, Warner Bros, Pixar студиялары өнімдерінің насихатталуы сұмдық. Киім-кешекке, стаканның, пакеттің сыртына да солардың суретін салады, ойыншық қылып та шығарады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ мультфильмдерінің жарнамасы мен таратылуы нашар. Одан соң қазіргі балалар шытырман оқиғалы сюжетке құрылған дүниелерді ұнатады. Мұндай анимацияға сұранып тұрған қазақтың шығармалары, эпостық және лиро-эпостық жырлары, ертегілері жеткілікті емес пе? Өзіміздің Алпамыс, Қобыланды батырлар жайында мультфильмдер болмаған соң, ұрпағымыз орыстың Алеша Попович, Добрыня Никитич және Илья Муромец туралы мультфильмдерін қарайды. Бізде ұлттық рухқа тәрбиелейтін дүниелер кемшін.
Соңғы кезде «Алдар Көсе» мультитоптамасы ұлттық арналардан көрсетілуде. Жоба авторы Артур Краустың топтамасында бір қарағанда бәрі кереметтей көрінеді, қазақтың киіз үйі, төрт түлік малы, киім-кешегі дегендей. Бірақ кейіпкерлері ебедейсіз, байдың өзі кескен томардай кеспелтек, оның бәйбішесі одан өткен сүйкімсіз, ал басты кейіпкеріңіз ұртын толтырып алған, көзі сықсиған қазан бас біреу. Кейіпкерлері тартымсыз, жан дүниесі жұтаң, жаныңды баурай алмайтын мұндай мультфильмдер бала жанына жақын болады деу қиын. Сондықтан ұл-қызды жастайынан туған тілге, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейтін мультфильмдердің қажеттігі сөзсіз. Бірақ ғаламторда, телеарналарда шетелдік, америкалық мультфильмдер жиі көрсетіледі екен деп балаларға мультфильм көрсетпей отыра алмайсыз. Психолог мамандар ата-ана балаға мультфильмді көрсетпес бұрын әуелі өзі көріп алғаны дұрыс деседі. Негізі, мультфильмді баламен бірге қарап, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп баланы ұнамды кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне үңілдіріп, жақсылыққа сүйсінтіп отырудың тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармалық.
Толқын Гатауова, психолог маман:
- Теледидар алдында ұзақ отыру кім-кімге де зиян. Әсіресе балалар мультфильмдері ұзақ болмағаны дұрыс. Бала көзіне салмақ түсірмеу үшін көрсетілімнің суреттері анық, сюжеті қарапайым, түсінікті болуы керек. Ал ертегі кейіпкерлерінің әрекеттері балаға түсінікті болса құба-құп. Бастысы, ата-ана көрсетілетін мультфильмдердің психикаға әсер ететін агрессиялы емес, адамгершілік сипатта болуына мән беруі тиіс. Ұрыс-соғыс тақырыбындағы дүниелерді көп көретін балалардың өзге құрбыластарына қарағанда жанжалшыл, ашушаң, қыңыр, сабырсыз, қырсық болады. Дамытушы мазмұндағы материалдардың рөлі екі есе артық, өйткені бала кейіпкердің қимылына мұқият назар салып отырады. Кейіпкерлерді шатастырмас үшін олардың саны 5-6-дан аспағаны жөн.
Айкүміс Шошанова, Орал қалалық №29 «Балауса» балабақшасының тәрбиешісі:
- Біздің «Ақбота» тобында күнделікті өткізілетін шаралар алдын ала белгіленген. Сабақтар өткіземіз, шығармашылық жұмыстармен айналысамыз, кейде мультфильм қарауға да уақыт табамыз. Негізінен, ұлттық тәрбиеге негізделген «Құйыршық», «Алдар көсе» және орыстың «Маша мен аю», «Том және Джерри», «Ну, погоди!» мультфильмдерін қараймыз. Көріп болған соң көргеніміз жайында пікірлесеміз. Бірақ олардың экран алдында ұзақ отырмауын қадағалаймыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста