Бейімбетті атқан кім?

Бейімбетті атқан кім?

Алаш арысы, жазушы Бейімбет Майлин 1938 жылдың, 26 ақпанында Алматыда атылды. Бірақ оның сүйегі қайда жатқаны белгісіз. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының маңына жерленген деген дерек бар. Ол жерде 2,5 мыңға тарта алаш арысы жатыр.

Бейімбет қашан, қалай ұсталды?
Бейімбет 1937 жылдың, 6-қазаны күні ұсталған.
Деректерге сүйенсек, Ораз Жандосов 30 мамырда, Ұзақбай Құлымбетов пен Шәймерден Тоқжігітов 1 тамызда, Ғаббас Тоғжанов пен Темірбек Жүргенов 3 тамызда, Сүлеймен Есқараев 5 тамызда, Ілияс Жансүгіров 13 тамызда, Сәкен Сейфуллин 24 қыркүйекте тұтқындалған.
Бейімбет Майлиннің кешеуілдете тұтқындалуының себебі – ол қалада, Алматыда жоқ еді. «Амангелді» фильмін түсірудің басы-қасында Қарақастекте жүрген.
Күй таңдамай, отырған жерінде сүйкеп жаза беретін Бейімбет сол күні дағдарып, қатты құлазыды. Әсіресе, қимас достары: Сәкен мен Ілиястың ұсталып кеткеніне қапаланды. Сол күні Гүлжамал да үйде жоқ еді. Ол «Ертең келем» деп, Қарақастек жақта қалып қойған еді. Үйде тек балалары ғана. Кешке қарай көз шырымын алып, аз-маз тынығайын деп жатып, қатты ұйықтап кетіпті. Түннің бір мезгіліне дейін жұмыс істейтін Бейімбетте іңірден жата қалу – жоқ әдет. Ал бұл жолы ой жеді ме, көңілі алаңдады ма, шаршап-шалдықты ма, әйтеуір қаннен-қаперсіз ұйқыда жатыр еді, қою қараңғылық түскенде екі «жендет» кіріп келді. Еш алаңсыз ұйқыда жатқан Бейімбеттің қасына біреуі келді де: «Азамат Майлин, тұрыңыз! Сіз тұтқындалдыңыз!» дейді.
Ұйқылы-ояу басын көтерген Бейімбет есік алдында сырықтай қақайып тұрған тағы біреуін көреді. Екі адам – біреуі орыс, бірі қазақ. Ол еш таң қалған жоқ, осыларды күтіп жатқандай еш қарсылықсыз екі қолын көтереді. Ана екеуі дедектетіп, «Тез-тез»-дің астына алған соң, тіл қатуға да мұршасы келмейді.
Алып кетуге келгендердің айбат шегіп, өктем сөйлегендерінен шошынған балалардың бірі қыстығып, бірі боздап жылай беріпті. НКВД «тінту жасауға рұқсатымыз бар» деп, үйдің астан-кестеңін шығарады. Бейімбеттің жұмыс бөлмесіндегі сөрелердегі, жазу үстеліндегі кітаптарды, қолжазбаларды бір жерге үйіп жинап, олар екінші машина шақыртады.
Ойрандалған үйде балалар улап-шулап қала береді.

Бейімбет балаларымен қалай қоштасты?
Әкесін алып кетісімен, балаларының үлкені Әукен жүгіріп шығып, көршілердің есіктерін соғып, жылап тұрып, көмек сұрайды. Бірақ «пәлесі жұғар» деп қорыққан олардың ешқайсысы есіктерін ашпайды. Тіпті кейбірі «Бар, кет, неге келдің?» дегендей, баланы қуып жібереді. Әукеннің салы суға кетіп, үйіне қайтты. Алғаш рет маңдайына тас тигендей сезінді, қатты қапаланды. Келгенде үйдің де ыбырсып, шашылып жатқанын көрді, НКВД қызметкерлері қолжазбалар тұрмақ, кітаптарына шейін тиеп, алып кетіпті. Қызы Рәзияның айтуына қарағанда, әкесін әкетіп бара жатқанда жылап сұңқылдаған балаларды бірі «Не бойтесь, дети. Мы его не трогаем. Ваш отец через два дня придет» деп алдарқатыпты.
Үйден шығар кезде, Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге: «Әукен, сен баланың үлкенісің ғой, мына бауырларыңа қамқор бол! Кітаптарымды сақтап жүр!» дейді. Далаға шығып, «қара құзғынға» жақындай бере, артына жалт бұрылып, екінші қабатта жылап тұрған балаларынан көз алмай қарап тұрып қалады. Қасындағы жендеттер ырық берсін бе, екі жақтан жұлқып, дедектетіп алып кете барған.
Бейімбетті алып кеткен күннен бастап, бұл отбасы шексіз қасіретке душар болды.

Бейімбеттің ұсталғанын Гүлжамал қалай естіді?
Ертеңіне 7 қазан күні, ертемен кеткен Әукен шешесін ертіп әкеледі. Шұрқырып жылап, бір түннің ішінде жетімсіреп қалған балалары алдынан шыққанда Гүлжамал бір сұмдықтың болғанын жүрегі сезеді. Ең ересегі Әукен – 16 жаста, Мереке мен Рәзия – 12 жаста, Еділ 6 жаста еді. Әукен жолда жарытып ештеңе айта қоймады. «Әкем жолсапарға кететін болды, сізді шұғыл алып келуге жіберді» деп жалтара сөйлейді. Гүлжамал бірдеңеден секем алып, үйге кірген бойда «Әкелерің қайда?» дейді салған жерден. Балаларда үн жоқ, мектепке де бармаған. Гүлжамал үй ішін шолып, Бейімбеттің жұмыс бөлмесіне келсе, есігі жабық тұр. НКВД адамдары кілттеп, кілтін алып кеткен екен. Гүлжамал өзіндегі екінші кілтпен ашқанда, шошынып, өңі боп-боз болып кетеді. Сорлағанын түсініп, еңіреп, көз жасын ағызып, буын-буыны дірілдеп, отыра кетеді. Сол күні бұлар аза тұтады. Бордай езіліп, ботадай боздайды. Көз жасы көл боп ақты. Киім шешусіз, тамақ ішусіз қалады. Көрер таңды көзімен атырды.

Гүлжамал Бейімбетті қалай іздеді?
Гүлжамал ертесіне бозала таңнан тұрып, Фатимаға барды. Ілиястың тұтқындалғанына бір жарым айдан асып кеткен, оның басы да қатып, қам көңілде жүрген кезі. Гүлжамал Бейімбетті іздеуге шыққанын айтып, балаларына көз қырын салуды өтінеді.
Түрменің қайда екенін білмейтін Гүлжамал көп іздеді. Сұрастыра жүріп, еңселі сұр үйге келді. Ішінен «Сұрқай түрі ызғар шашып тұр ғой. Адам шошырлық екен» деп ойлайды. «Мұның қай есігінен кіреді екен?» деп, төрт көшені алып жатқан зәулім үйді айнала жүрді. Бір қақпаның алдында бір топ адамдар тұр екен. Байқаса, көбі – әйелдер. Сұрастырса, өзі сияқты арыстарынан айырылған жандар. Түрме қақпасын торуылдап, «Қайтсек, бір хабар білеміз» деп, үміт етіп жүргендер. Бірақ, биік қақпа тарс жабық, ешкім кіре де алмайды, шыға да алмайды, ешкіммен тілдесу де мүмкін емес. Қарауылдың өзі жауап беруге ерінеді, құлқы жоқ немесе тыйым салынған. Гүлжамал анамен бір, мынамен бір шүйіркелесіп, Бейімбетті сұрастырады, хабарын білетін бір жан жоқ. Екі иығы салбырап, көзі жәудіреп, «Енді не істеймін, Құдай?!.» деп, санасы сарсылып тұрғанда, әлгі зәулім үйден сары ала киімді бір офицер шығады. Бәрі жапырлап, онымен тілдесуге лап қояды. Ол асығыс-үсігіс сөйлеседі, жарытып ештеңе айтпайды. Гүлжамал да ұмтылды. Офицермен тіл қатысып еді, анау күңк етті де, кетіп қалды, бірақ Бейімбеттің осы абақтыға әкелінгенін сезді. Оған да шүкіршілік етті. Сөйтіп, кешке қарай дымы құрып, дел-сал болып үйіне әрең жетті. Таңертең үйден шыққанда «Бейімбетті көремін, түрме бастығына «оның еш жазығы жоқ» деп айтамын» деп ойлап еді, дәрменсіз әрең қайтты...

Бейімбеттің отбасы қалай қуғындалды?
Үшінші күні төбеден жай түскендей болды, қасіретке тағы бір қасірет қосылды – Бейімбеттің отбасын тұрып жатқан төрт бөлмелі үйден қуып шықты. Гүлжамал бес баласымен Ыстықкөл көшесіндегі төрт баласымен Фатима тұрып жатқан екі бөлмелі үйдің бір бөлмесіне келіп кірді. Өзі аласа, әрі тар үй олардың еңсесін басып, уайым-қайғыларын онан сайын қалыңдатты.
Фатима мен Гүлжамал балаларын бір-біріне кезек-кезек қалдырып, күндіз-түні төрт көшенің қиылысын торып аңдиды. «Шығара қалса, әлдеқалай бір жаққа апара жатса, тым құрыса көріп қалармыз, амандығын біліп, тіл қатысармыз» деген есекдәмемен Дзержинский (қазір Наурызбай батыр) Виноградов, Ыстықкөл (қазір Желтоқсан), Калинин (қазір Қабанбай батыр) көшелерінде сабылып, таңертеңнен кешке дейін торуылдайды. Абақтыға күн сайын барады, кешке мұңға батып, сүлдесін сүйретіп оралады. Бейімбетті көре алмайды, бір рет те тілдесе алмайды. Кездестіруді қанша өтінсе де, түрме басшылары рұқсат бермеді. «Әне-міне» деп, сағыздай созып, титығына жетті. Гүлжамал күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды.

Бейімбетті қалай азаптады?
Гүлжамал сан барып, сандалып, табанын тоздырып жүргенде Бейімбетпен тек бір айдан кейін жолыға алды. Бұл – тергеудің аяқталып қалған кезі. Кездестіргенмен, көп сөйлестірмеді. Шешіліп әңгімелеспек болған Гүлжамал Бейімбеттің бет-жүзін, үсті-басын көріп, шошып кетеді. Шашын тақырлап алып тастағанын көріп:
- Саусағыңмен шиырып отыратын шашыңа дейін қалдырмапты-ау, енді неңді бұрайсың?! – деп көз жасына ерік берді. Аузын ашқанда тістерін көріп қалған Гүлжамал:
- Сұмдық-ай, тістеріңді де сындырыпты, бұлар кім сонша?! – деп сұрайды шошынып. Сол-ақ екен, бірге келген тергеуші:
- Бұл жер курорт емес қой! – деп, кекете сөйледі. Қасында жан алғыш отырса, адам ақтарылып сөйлесе ала ма?
- Гүлжамал, жылай берме, ұстамды, мықты едің ғой. Балаларға ие бол, ауылға бар, ол жақта өмір сүру жеңілдеу. Менің қолжазбаларымды сақта, әлі заман өзгереді, сонда олар саған керек болады, – дейді Бейімбет көңілі құлазып, мұңайып.
Гүлжамал Бейімбетке неге жолыға алмады?
Келесі кездесу бір айдан кейін еді. Үздіктіріп, өтірік дәмелендірген қулық болып шықты. Жолықтыруға келіскен күні Гүлжамал екі қызын – Рәзия мен Гүлсімді киіндіріп, тамақ алып, түрмеге келді. Бірақ кездесуге рұқсат бермей, үйіне егіліп қайтты. Ол абақтыға одан кейін де талай келді, бірақ Бейімбеттің жүзін көріп, сөзін ести алмай-ақ қойды.
Содан төрт айға жуық уақыт өтті. Бейімбеттен ешқандай хабар болмады. Тұрмыс-жағдай ауырлады. Ішерге тамақ, киерге киім тапшы. Азып-тозуға айналды. Ағайын-туғандардан, дос-жарандардан қайыр жоқ. Сатып, тиын-тебен жасайтын жиһаз да құралмаған. Бейімбет дүниеге қызыққан адам емес, байлық жинамаған. Тек Ғабит Мүсірепов жасырын түрде қаражат беріп, көмектескен болады, бірақ ол қай жыртығына жетсін? Гүлжамал алаңдап, ауыл жаққа да кетпеді, абақтыда азап шегіп жатқан қосағын, жиырма шақты жыл отасқан, ақ жарқын, таза көңілмен, сыйластық пейілмен өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізген Бейімбетін қимады.
1938 жылдың, ақпан айының 1-і күні Фатима тергеушімен келісіп, Ілиясқа кездесуге барады. Бұл жолы ол Болат деген баласын әкесіне көрсетпекші болды. Қасына Гүлжамал еріп, көмектеседі. Ол Ілиясқа деген дайындап қойған заттарын алып жүреді, ал Фатима баласын көтеріп алады. Түрмеге кіріп кеткен Фатиманы күтіп, Гүлжамал далада отыра береді. Сол жолы Ілияс: «Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет... Жазушы болып, жазықсыз жапа шеккенше, етікші болып, еркін өмір сүрсін» дейді.

Бейімбет қалай қаза болды?
27-ақпан күні Гүлжамал түрмеге тағы келді. Қақпа алдында «А, Құдай, Бейімбетпен кездестіре гөр!» деген тілеу тілеп тұрғанда, түрменің есік сықырлап ашылып, айдауыл бір құшақ киім-кешек ұстатады.
- Бұл не? – деп сұрайды Гүлжамал.
- Күйеуіңіздің киімдері, - дейді айдауыл.
- Ау, қарағым-ау, сонда ол не киеді?! – деп, аң-таң болады Гүлжамал.
- Ол енді мемлекеттің киімін киеді, – деді айдауыл шімірікпестен. Одан кейін басқа сөзге келмей, зып беріп, ішке кіріп кетеді.
Ол күні Гүлжамал жұбайының атылғанын білген жоқ. Түрмеде Бейімбеттің өзі түгіл, сүйегі жоқ екенін ешкім тіс жарып айтпайды. Әйтседе, секем алған Гүлжамал бода-бодасы шығып жылап, аңырап келе жатып, көптен таныс Әмина Еленованың үйіне соғады. Әминаға шерін төге отырып, құшақтап алып қайтқан Бейімбеттің киімдерін көрсетеді. Сол киімнің ішінде түрмеде түсірген фотосуреттегі тозығы жеткен пальтосы да бар екен.
Есіл жұбайларының қайда екенін біле алмай, зар қағып жүрген әйелдерді НКВД қызметкерлерінің қалай алдағанын Фатима Ғабитованың мына жазбасынан да көруге болады: «Бір-екі күн өткен соң, тағы шақырылдым. Бұл жолы басқа орыс қарсы алды... мен сияқты тағы бірнеше ерлері әкетілген әйелдерді жинаған екен. Ішінде Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбахрам да бар еді. Ол орыстың бізге естірткені: ерлеріміз 10 жылға алыс Сібірге айдалыпты». («Алыптар тағдыры», «Жазушы», 1995 ж, 30-б.).
Үйіне келгеннен кейін Гүлжамал көз жасын тыя алмай балаларына: «Сендер енді нағыз жетімсіңдер!» дейді ашынып.
Сөйтіп, Бейімбет Майлин 1938 жылдың, 26-ақпанында атылды.

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ
qasym.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста