Бір картинасы 413 мың долларға бағаланған Қастеев

Бір картинасы 413 мың долларға бағаланған Қастеев

Қазақтан шыққан тұңғыш маман суретші Әбілхан Қастеевтің өміріне, шығармашылығына қызықпайтын адам жоқ шығар. Суретшінің қызы Гүлдария Қастеевамен аздап таныстығымыз бар еді. Ілгеріде Гүлдария апай бізді әкесінің өмірінің соңына дейін тұрған үйіне алып барды. Суретшінің  үйін алғашқыда екі қабатты, үлкен «особняк» шығар деп елестеткенбіз. Сөйтсек ешқандай да екі қабатты емес, қарапайым ғана жалпы көлемі небәрі 142 шаршы метр үй екен. Бекхожин көшесіндегі ол үйде Әбілхан Қастеев 1958- 1973 жылдары тұрған. Әлемнің әйгілі суретшілері Рокуелл Кент, Мартирос Сарьян, Орал Таңсықбаев, Гаппар Әйтиевтермен сол үйде шығармашылық байланыс жасаған. Тіпті, ол үйді қазақ суретшілерінің шоғыры қалыптасқан үй десе де болады. Гүлдария Қастеевамен сол үйге қатысты үлкен даудың айналасында танысқанбыз. Суретшінің қызы әкесінің үйін мұражайға айналдырсам деп шапқылап еді. Биылғы қаңтардан бастап суретшінің үйі қылқалам шеберінің музейіне айналды. Осындай сүйінші хабарды естігенде қатты қуандық, шыны керек.

Жақында суретшінің өміріне, шығармашылығына қатысты көп жерде айтылмаған деректер кезіктірдік. Суретшінің кенже қызы Гүлнәзия «Еш жерде ба-сылмаған дүние, оқып көресің бе?» деп журналымыздың бұрынғы қызметкері Гүлжан Ахметжанқызына бір үлкен қолжазба әкелген екен. Қолжазбада Әбілхан Қастеевтің кісілігі мен кішіпейілдігін көрсететін эпизодтар көп. Бұл естелікті Оразбек Нақысбекұлы 1958 жылы суретшінің өз аузынан жазып алыпты. Суретшінің 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қытай асып, түйе баққаны да, 1942-45 соғыс жылдарында жауға қарсы плакаттар жасап, фашизмді әшкерелейтін сықақ суреттер салғаны да бүгінде тарих. Сурет салуды табиғаттан, тау мен тастан үйренген талантқа сенімсіздік білдіріп, «Қой соңында жүрген адамнан мұндай өнер шықпайды» деп жолын кескісі келгендер де болыпты кезінде. Мәскеуден оқу бітіріп келіп, туған жері Шежіннің табиғатын суретке түсірмекші болғанын түсінбей, «Қастеев тыңшы, қауіпті адам» дегендер де табылыпты.  Журналымызға қазақтан шыққан тұңғыш суретшінің балалық шағынан бастап, кәсіби суретші болып қалыптасқанға дейінгі өмірінің ең қызықты тұстарын беріп отырмыз.

Тас қашаған бала


Әбілхан сегіз жасынан бастап жергілікті байлардың қойын, қозысын баққан. Қой соңында жүрген бала ұшқыр қиялына ерік беріп, қорым тастардың жылтыр бетіне аттың, тауешкінің, арқардың, бөкеннің суретін бейнелейді. Қой жая жүріп, тас қашайды. Жұмсақ тастарды теріп, олардан сырға, сақина, моншақ, ұршықтың басын жасайды. Әбілханның өрісте жүріп жасаған моншақтары мен түймелерінің таңғажайып әдемілігіне тамсанып, ауылдың қыз-келіншектері таласып алады. Кемпірлер де «сенің жасаған ұршығың жеңіл де жүйрік» деп еңбегіне баға беріп, риза болған екен.
Әбілханның сурет салар қағазы тас болса, бояуы – арбаға жағатын қарамай. Бір күні өркеш-өркеш таудың қия бетіндегі шатқалдың үлкен кесек тастарының бірінің бетіне адамның бас бейнесінің суретін салды. Бұл суретті Әбілхан қойын бағып жүрген бай Шалғынбай көріп қалып: «Сен, зұлмат, не істеп жүрсің? Құдай ақыретке барғанда салған суретіңе жан бітір деп қинайды. Күнәһар!» – деп, баланы өлердей етіп таяққа жығады.

Көтеріліс кезінде Әбілхан ата-анасынан адасып қалған
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Әбілхан 12 жаста еді. Ресейдің патша ағзамы Николай II-нің тылдағы қара жұмысқа қа-зақтың 19-30 жас аралығындағы жігіттерін алмақ болған жарлығы халықты қатты дүрліктірді. Халықтың «қара жұмысқа жігіт бермейміз» деген наразылығы көтеріліске ұласты.
Жаркент өңірін қоныс еткен елдің біразы 1916 жылы көте-рілістен үркіп,  Қытай жеріне қашады. Ел босыған кезде Әбілхан көзімен көрген оқиғаны Оразбек Нақысбекұлына өз аузымен былайша суреттеп айтып берген екен:


«Сол күні ел Дәнен деген байдың асына жина-лып жатқан еді. Ел аралап жүрген жандармдар «бұл көтеріліске жиналып жатқан адамдар» деп, бейбіт халықты оқтың астына алды. Мылтық дауысы шыққан соң «жау келіп қалды» деп ел шошып, улап-шулап жапатармағай дүркіреп көше бастады. Ер-азаматтар түгел атқа мінген, қолдарындағы сойылмен атылған оққа қарсы шапты. Қарусыз халыққа сары-ала киімді патша жендеттері оқты жаңбырдай боратты, күнәсіз халық қайда тығыларын білмей жанұшырып, Қытайға қарай дүрліге қашты. Ет асулы, үй тігулі қалды.
Мен ол кезде Шалғынбай деген байдың қойын бағушы едім. Шалғынбай бай ақырған соң ұста Түргенбай екеуміз байдың қойын Қорғасқа қарай айдадық. Ел жансауғалап безіп барады. Қорғастың тауының арғы беткейі мен бергі беткейі жыбырлаған елден көрінбейді. Қорғастың суы «елді тастап кетпеңдер, жібермеймін» дегендей буырқанып тасып жатыр. Сары ат мінген бір жігіт малды тасып судан өт-кізіп жүр. Судың арғы жағы мен бергі жағынан тартылған арқаннан ұстап дірілдеп, қалтылдап ел тізіліп өтіп жатыр. Жылаған бала, шулаған ел, ұлыған ит жер-дүниені күңірентіп жібергендей. Сол жерде үй-ішімнен көз жазып қалдым. Жалғыз қалып, жылай беремін. Байдың да қайда кеткенін білмеймін, қоралы қойды ызғытып айдап жүрмін. Іздеп жүріп, туыстарымды әрең таптым. Халық Құлжа қаласына қарай бет алып келеді. Қытайдың әскерлері малы-мызды тартып алып, өзімізді қаңғыртып қоя берді.

Қытайда Түргенбай екеуміз елдің малын бақтық. Ел біраз тынышталғаннан кейін халық өз жеріне қайта көшті. Мен мал бағып жүргенде әке-шешем қытай байының егіншісі болып алған еді. Ел қотарылып өз жеріне көш-кенде олардан тағы айырылып қалдым. Іздеп те бара алмадым. Түргенбайдың малы мен өзімнің егіз лақты ала мойын ешкімді айдап, Қорғас тауының етегіне қайта келдім.
1917 жылы елге келдік. Елдегі абыржу басылған. Қыстау иесіз. Күзде Қытайдан екі інім өтіп келді. Олар да сиыр бақты. Аласапыран заманда Қытайда қалған әке-шешемді ойлап жылай беремін. Бірде тастан жасаған моншақты алқа тізбегін сәлемдеме етіп шешеме беріп жібердім. Інілерім сиыр баққан соң, мен байдың қойын бағуға шықтым. 1918 жылдың қысында  ғана шешем Қалипан мен өгей әкем Мәсім Қытайдан елге оралды. Өзім өсірген ешкілерді көбейтіп, әйтеуір аман-есен әке-шешеме тапсырдым».


Атаман Дутовтың әскері қаптағанда


1918 жыл. Әбілхан түйесін баққан Еспембет ауылына Дутовтың қалың әскері қаптап кетті. Большевиктерден күйрей жеңілген генерал Дутовтың әскері Орынборлатып, Ақтөбені басып өтіп, Алматыны кесіп, Іле бойымен Қытайға қашып өтпекке Жаркентке жеткен кезі еді. Жүрістері суыт, қаһарлы да ызғарлы ақ бандылар жол-жөнекей қазақ ауылдарын тонап, ерлерін ұрып-соғып, әйелдерін зорлап, шегірткедей жайпап кетеді. Ауыл әйел біткенді жасырды. Жас жігіттер де тығылып қалды. Ауылда тек шалдар мен балалар ғана қалып, бандылардың тілегін орындады. Қой сойып тамақ берді. Қас-қабақтарын бағып, айтқандарын орындап, әрең дегенде жолға салды.

Диірменшінің ақылы


Әбілханды ауылдағы қыз-келіншектер іздеп келіп, киім-кешектерінің жағасына, бет орамалдарының шетіне, сүлгі орамалдарға гүлдің суретін, ал сырмақ, текеметке ою сыздырып: «Әбеке, жақсылап сызып бер», – деп жалынатын болған. Мектепте оқып жүрген балалар дәптерлеріне сурет, өрнек сыздырады. Әбілханның ауылдастарына қадірі артып, «су-ретші бала» атанады. Оның сурет салуға құштарлығын байқаған бір диірменші шал: «Сенен үлкен суретші шығады. Талабыңды қайтарма, ізден! Алматыға бар, одан әрі, мүмкін, Москваға жолың түсер»  деп ақылын айтады. Бұл шалдың сөзі Әбілханға майдай жағып, арқаланып, 1926 жылы қой бағуды қойып, іздену жолына түседі.

Астанаға өзінен бұрын суреті жетіпті

Әбілхан 1926 жылы Жаркенттегі жол бөліміне жұмысқа тұрады. Қарны кебежедей, беті табақтай саудагерлерді, қалғып-мүлгіп отырған бақсы-балгерлерді сықақтап салған суреттері жол бойында істеп жүрген жұмыскерлердің назарын аударып, онда да суретші атанды.
Жаркенттің Саламатов деген фотографы жас суретшінің өнеріне қызығып, салған суреттерін Қызыл-орда қаласына, Халық ағарту комис-сариатына салып жібереді. Оны Әбілхан артынан бір-ақ біледі.

«Қой соңындағы жалшыдан мұндай өнер шықпайды»

Бір күні айқай-шуға толы бір жиналыс өтті. Түрксіб теміржол стансасы салынып, Әбілханның Айнабұлақ стансасында істеп жүрген кезі. Жиналыста өнердің қадірін білетін бір суретші шығып сөз сөйледі. Әбілханның болашақта үлкен суретші болатынын, оны тезірек Түрксіб жұмысшыларының атынан оқуға жіберу керек екенін айтты. Сол кезде ортаға мосқал орыс шығып: «Біз Қастеевті жақсы білмейміз. Мүмкін ол бай баласы шығар. Өмірі қой соңында жалшылықта жүрген байқұстан мұндай өнер шықпайды», – деді. Мынадай әділетсіздікке шыдамаған жерлестері ызадан жарылардай болып: «Біз Әбілханды жақсы білеміз, ол нағыз сіңірі шыққан тақыр кедей, 8 жасынан байдың жалшысы болды», – деп шырылдайды. Жиналыстың аяғы елінен тақыр кедей екенін растайтын құжат алдырсын деумен бітеді. Әбілхан бір жыл бойы елден кедейлігін растайтын құжат ала алмай таусылады. Жауап күте-күте шаршап, ақыры 1929 жылы қыста жұмыстан босап, Шежінге тартады. Түйе айдаған керуенге ілесіп, жаяу-жалпылап Жаркентке шаршап-шалдығып жеткенінде Сапарғалиев Садықтан: «Сені Алматыға оқуға шақырған қағаз күтіп жатыр», – деген қуанышты хабар естиді. Сөйтіп 1929 жылдың қаңтар айында, сарттың екі дөңгелекті есек арбасына отырып, Әбілхан Алматыға аттанады. Артынан анықталғанындай, фотограф Саламатов Әбілханның 1928 жылы салған «Молданың нұсқасы», «Саудагерлер», «Бай» сияқты суреттері мен тастан қашаған «Ат», «Қой», «Адамның басы» сияқты мүсіндерін, оған қоса әдемі тастардан жасаған моншақ тізбектерін Алматы облыстық оқу-ағарту бөліміне салып жіберген екен. Облыстық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Сауранбаев Сұранғазы Әбілханның салған суреттерін біртіндеп қарап шығып: «Біз сізді көпке дейін таба алмадық. Енді оқуға орналастырамыз.Оқисыз. Енді тек жақсылап оқыңыз!» – дейді.

Қыз алдындағы намыс


Қой бағып жүрген кезінде әке-шешесі Әбілханды үйлендірмек болады.  «Баламыздың үлкені сен тұрғанда, інілеріңе қалай үйлен деп айтамыз?  Жөні түзу біреудің қызын атастырайық, үйлен балам!» – дейді. Әбілхан: «Қойды тастап, оқимын, әйел алмаймын», – деп көнбейді. «Бұл оқуға кетпей тұрғанда, аяғына матау салайық» деп, әке-шешесі бір сіргелінің қызына құда түседі. Қыз да Әбілханды менсіне қоймай: «Қойшыға тимеймін, онымен байдың есігінің алдында жалшылықта жүретін жайым жоқ», – деп азар да безер болады. Әбілханның да үйленуге құлқы жоқ. Бірақ әке-шешенің сөзін аттап кетуге батылы жетпей, басы қатып жүргенде, қыз басқа біреумен қашып кетеді.
«Қап, сені ме?» – деп қызға қатты күйінбейді, бірақ намысына тиген осы оқиға Әбілханның көңіліне аз да болса сызат түсіреді. Дүние алма-кезек деген.  Алматыда оқуға түскен соң галстук таққан қалпымен төреге ұқсап, қыздың көзіне түскісі келеді. Әбілхан қасына кісі ертіп, қатар жатқан ауылға әлгі келіншектің үйіне барады. Жалшылықтың жұрнағы да қалмаған, қаланың адамдарындай киінген Әбілханды көріп, қыз «көтек» деп құлап қала жаздап, есін жиып үйден шыға жөнеліпті.

Хлудовтың шәкірті атанғанда
Оқу-ағарту бөлімі ақысын төлеп, Әбілханды Жетісу суретшісі Николай Гаврилович Хлудовтың шеберханасына енгізеді. Орысша білмейтін Әбілханға Хлудовпен түсінісу үшін аудармашы етіп, өзімен жатақта тұратын Дәлденбаев пен Оразымбетовты қасына қосады. Хлудов сексеннің сеңгіріне шықса да көзілдірік киген көкшіл көздері күлімдеп тұратын қунақы, арықшалау келген денесін тік ұстайтын кісі екен. Дәлденбаев Әбілхан туралы айтып: «Сізден сурет өнерінің қыр-сырын үйренуге келді», – дейді. Хлудов Әбілханды шын пейіл, адал көңілімен қабылдады, сурет салудың небір сырларын үйретті. Ол зерек жігітке әбден риза. Әбілханмен қоштасарда оған бір қорап бояғын, қылқаламын тарту етіп тұрып: «Менің арманым жоқ. Қазақтан суретші шықты. Аман болсаң, атақты суретші боларсың, тек сурет салуды тастама!» – дейді.

Өлім аузынан қалғанда


1933 жылы көктемде Әбілхан жолдастарымен қайтадан Қытай жеріне өтті. Шырттай қараңғы түн. Түн жүріп, таң ата, бір ауылға жетеді. Ауылдың бір жансызы қытай ұлығына барып, ұрланып келген бұларды ұстап береді. Қытай полицейлері Әбілханды жолдастарымен қосып ұстап, қытай сәизі дейтін еңбек лагеріне апарып, ауыр жұмысқа салады. Сол кезде басынан өткен оқиғаны Әбілхан былайша баяндайды: «Қытай полициясы ит мінезді қатал болады екен. Адам баласы деп аямайды. Ауыр жұмысты тепкілеп, ұрып-соғып істеттіреді. Сәл тыныс алсаң, салып жібереді. Таңның атысы, күннің батысы жұмыс. Өлген-тірілгеніңе қарамайды. Күн бата сүріне жығыласың. Ауырған адамды қарайтын дәрігері жоқ. Тірідегі бір қорлық, нағыз тозақ сонда екен».
Біраз күннен соң  Әбілхан екі жолдасымен қорлыққа шыдай алмай, түн қатып лагерьден қашып шығады. Күн көрулері қиынға соққан соң бір байдың күрішін отауға жалданады. Байдың күрішін отап жүріп, Әбілхан қатты ауырады, әл-демінен айырылып, жүріп-тұруға жарамай, төсекте жатып қалады.
Қытай жеріндегі бақсы-балгерлердің ауруға істейтін ем-домын әңгіме етіп, Әбілхан былай дейді:
«Мен қатты ауырдым. Көзім шүңірейіп, қармаққа ілер ет қалмай, денем қу сүйек болып қалды. Базардан ағам Тұрдақынды тауып алған соң, ол мені түйеге мінгестіріп, ауылына әрең жеткізді. Түйенің изектеген жүрісінен іші-бауырым езіліп кетердей қиналдым. Сол елге ұзатылған әпкем (әкемнің апасы) мені жылап қарсы алды. Бөлем қой сойып, құрақ ұшып, құлдық деп қарсы алып жатыр. «Ет же, сорпа іш» – дейді. Ал, менде тамақ ішер дәрмен жоқ. Аузыма кішкене ет салып, сорпа жұтсам да тұла бойым өртеніп жатқандай болады. Түнде тау суына жуынып аламын. Күні бойы нәр сызбай жатамын да қоямын. Бөлем енді бақсы-балгерлерді алып келе бастады. Олар: «Баланы ауру иеленіп алған, «түшкіру керек», – дейді. Мен азар да безер оларды жолатпаймын. Ішірткі деп, кепкен шөптерін тықпалайды. Дәрің де құрысын, өзің кетші әрі деймін. «Ойбай, ем болады, бақсыны ренжітпе, емі қонбай қояды» деп әпкем байқұс шыр-пыр болады. Бір бақсыны қусам, екінші бақсыны әкеледі. Дәрігер дегенді бұлар білмейді екен. Ауырған адамдар дәрігерге барып емделуден қашады. Кесіп тастайды, жарып тастайды деп қорқады. Іш қазандай қайнап, төсекке таңылып жатқанда бір шал адам келді. Өзінің аздап оқығаны бар, дәрігерлік табиғи сезімі жоғары, әрі қытай дәрігерлерінен үлгі алғаны көрініп тұр. Кәдімгі білімді дәрігерлерше тілімді тексерді, тамырымды басып, шешіндіріп, денеме зер салды.
«Балам сенде екі түрлі ауру бар. Бірі сары ауру, оның үстіне безгек пайда болған. Алдымен сары аурудан құтылу керек. Мен дәрі әкеліп бергенше, піскен-піспегеніне қарамай, он күн үздіксіз қауын-қарбыз жей бер. Қарбыз іш қырындысын тазалап, ауруды жеңеді, асқазаның ашыла бастайды. Он күннен кейін тұз салған қонақ көженің қоюын іш, жағдайың жақсара бастағанда, тұзсыз сорпа мен ақ нанды жей бер. Мен жиі келіп, қарап тұрармын», – деді шал. Бес ай ауырған кезімде ауруды ажырата білген бір-ақ адам – осы кісіні көрдім. Күннен-күнге тәуір болып, жүруге жарадым, әйтеуір. Арманым еліме кету. «Аурудан толық айықпадың, жолда ауырып, далада қаласың» деп әпкемнің безілдегеніне қарамай, туған жеріме бет алдым. Алыстан көрінген Кеген тауына қарай жүріп келем. Сазар деген ұйғыр қыстағына келдім. Әпкем берген қытай ақшасына қарбыз сатып алдым. Соны жеп қуаттандым. Түнде сазға келіп қондым. Күн шыға Кеген өзенін бойлай төмендей жүрдім. Шекараға жақын жерде тұратын әпкемнің қызы Мәриямды іздеп келемін. Қыркүйек айы. Алдымнан ауыл көрінді. Киіз үйдің алдында тары қуырып отырған кемпірге жақындадым. Мәриямды сұрадым. Менің дауысымды  естіп үйден  шыға келген  Мәриям  менің ұсқынымды  көріп, шошып кетті. Дереу тәуіп іздеді. Көзім бұлдырап, ауруым басынып, денсаулығым бұрынғыдан да нашарлап кетті. Сонда да елге жетсем деймін. Олар маған жол көрсетті. Ілбіп жүріп келем. Бойымнан қуатым кеткені сонша, қу қурай маған бөрене болып көрінді, үш шақырым жерге жыбырлақ жүріспен бір күн жүрдім. Жолда өзендегі суға түсіп, есімді жинадым. Шекарада отырған ауылға жеттім. Бұл ауылда құрдасым Мәжен тұрады. Мәжен түрімді көріп, жылап жіберді. Ауыл адамдары мені көтеріп үйге кіргізді. Жандары қалмай, мен тамақ іше алмаймын десем болмай, бір лағын сойып тастады. Үй ішінде кеудем кептеліп, дем ала алмай, қораға барып жаттым. Ішетінім көже. Аз күн демалып, денем сергіген соң, елге қарай жол тарттым. Күзгі жаңбыр толассыз құйып тұр. Денем салқынды сүйеді. Жауын жүрісіме қуат беріп, түн жамыла шекараға жеттім. Бұқпантайлап қытай шекарашыларының үйінің жанынан өтіп, Қорғас өзеніне жеттім. Қорғас өзенін бойлай жүріп, елге де жеттім-ау, әйтеуір».

Жамбыл хәл үстінде жатқанда Қастеев суретін салған
1945 жылы 22 маусымда жыр алыбы Жамбыл қайтыс болды. Таңғы сағат алтыда кенет телефон шылдыр етеді. Телефон тұтқасын көтерген Әбілханға:   «Бұл   Жамбылдың   қасында отырған кезекші,   совнаркомның қызметкерімін. Сіз сурет салатын жабдықтарыңызды алып, тез жетіңіз. Жәкеңнің хәлі нашар, ол кісі жөнеп кетпей, суретін салып алсаңыз жарар еді. Тез жетуіңізді    сұраймын», – деді. Әбілхан қағаз, қарындашын алып, совнаркомның ауруханасына құстай ұшып жеткенде, Жамбыл хәл үстінде жатыр екен. Суретші отыра қалып, Жәкеңнің бет-бейнесін суретке түсіріп алды. Жәкең де жантәсілім етті. Басында отырып Әбілхан да суретін салып үлгерді. Бұл сурет «Жамбыл табыт үстінде» деп аталады.

Артында қандай мұра қалды?
Гүлдария Қастеевамен бірге суретшінің өмірінің соңына дейін тұрған үйіне бардық дедік қой. Балаларының қолындағы отбасылық мұрағатта суретшінің 400-ге жуық жұмысы бар екен. Портреттері, сызбалары, этюдтерінің көбі балаларының қолында. Суретшінің туындыларының көп бөлігі Алматыдағы Өнер мұражайында. Павлодардағы музейде де 15 шақты жұмысы бар көрінеді. Жаркенттегі Сурет галереясында да Қастеевтің біраз картиналары қойылған. Бүгінде Әбілхан Қастеевтің туындыларына елімізде ғана емес, шетелдіктер тарапынан да қызығушылық көп көрінеді. Қастеев – туындылары қымбатқа бағаланатын суретші. Бұған мысал ретінде суретшінің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасына біраз уақыт бұрын аукцион жарияланып, картина 413 мың долларға бағаланғанын айтсақ та жетіп жатыр. Қастеевтің қолтаңбасы өтімді болғасын ба, салған суретін көпе-көрінеу Қастеевтікі деп сататындар көбейіпті қазір. Әрі атақты суретшінің картиналарының көшірмесін жасап, пайда тауып жүргендер де жетерлік екен. Гүлдария Қастеева былтыр 46 картинаның әкесінікі емес, көшірмешілердікі екенін анықтап, шу көтерген болатын.  Қастеевтің ұл-қызы соңғы жылдары көшірмешілерден шаршап жүр.«Суретшілердің арасында әкемнің жұмысы ең қымбатқа бағаланады. Сондықтан ба, көшірменің өзіне түпнұсқа деп қол қойып, сататындар көп.  Егер әкемнің салған суреттерінің көшірмесін жасаса, көшірме деп жазылуы керек. Әкемнің суреттерін ешкім қайталай алмайды. Туған немерелері Қастеев Дәурен мен Қастеев Сауран да суретші қазір. Олар-дың өздері де аталарының қол-таңбасын айнытпай қайталаған емес. Ағамыз Нұрхат та суретші-мүсінші мамандығын бітірді. Сіңлім Гүлнәзия кәсіби суретші. Гүлнәзияның күйеуі суретші Ағымсалы Дүзелхановты да ел біледі. Кәсіби суретші бола тұра, әкеміздің картиналарын олар да айнытпай салған емес», – дейді Гүлдария апай.

Артында қандай ұрпақ қалды?
Әбілхан Қастеевтің ұрпағы туралы айтар болсақ, суретші Сақыш апа-мызбен 9 бала сүйіпті. 3 қыз, 6 ұл. Балаларының ең үлкені – Әбілтай. Ол 1960 жылы Мәскеудің Бүкілодақтық кинематография институтын бітіріп келіп, кинооператор болып жұмыс істеген. 60- жылдардың ортасына дейін бірнеше деректі фильмдер түсіріп, кейін елге белгілі көркем фильмдерді түсіруге қатысады. Оның қатысуымен  «Мәншүк туралы баллада» (1969), «Отқа оранған Орал» (1975), «Алпамыс мектепке барады» (1977), «Жаушы» (1980), «Жансебіл» (1991), тағы басқа көркем фильмдер түсірілді. Осы еңбектері үшін Әбілтай Қастеев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бір өкініштісі, Әбілтайдың өмірі қысқа болыпты. Елуге жетер-жетпесінде асқазан жарасынан қайтыпты. Суретші Әбілтаймен тетелес ұлы Нұртайдан мықты суретші шығады деп көп үміт күткен екен.  Нұртай 14 жасында Мәскеуде өткен бүкілодақтық балалар сурет көрмесіне қатысып, бәйге алып көзге түскен. Өкініштісі, он алты жасында жүрек ауруынан үзіліпті. Нұртайдан кейін Нұрбектің де өмірі қысқа қайырылыпты. Екі ұлының қазасын көрген Әбілхан Қастеев өзі де жүрек ауруынан қайтқан екен. Кемпірі Сақыш апамыз 88 жасында суретші атамыздың қасынан орын теуіпті. Одан кейін Кеңсайға Әбілтайдың, оның соңын ала бере, Нұртілеудің жүзін жасырған бейіт түседі. Тағы бір ұлы Нұртас сурет өнеріне бейім болып, сатиралық суреттер салып, көп жыл мултипликатор болып істеген, бүгінде зейнетте. Қастеевтің кенже ұлы Нұрхат белгілі жазушы Тахауи Ахтановтың қызын өмірлік жар еткен екен. Олардан туған Дәурен мен Сауран да қазір аталарының жолын жалғастырып, суретшілікті кәсіп етіп жүр.  Ал бізбен әңгімелесіп, суретшінің үйін көрсетіп, көшірмешілерден шаршағанын шыр-пыр болып айтып жүрген Гүлдария Қастееваның мамандығы – заңгер. Әбілхан Қастеевтің мұраларының заңдық жағынан қорғалуын, авторлық құқығының бұзылмауын қадағалайтын қызы осы.

Гүлжан Ахметжанқызы,
Қарлыға Ибрагимова.
(«Ақ желкен», №1. 2014 жыл)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста