"Елім-ай" әні шыққан көне Бестам көзден таса қалып тұр

"Елім-ай" әні шыққан көне Бестам көзден таса қалып тұр

Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді. Бейнелеп айтқанда, Ташкент қаласынан үйдің төбесіне секірген лақ мыңдаған шақырым бойы жерге түспейді» деген екен. Расында, дарияның жағасы кезінде қалың қазақтың құтты қонысына айналған киелі мекеннің бірі болған. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен көрінеді. Дегендей дария бойындағы әрбір төбе сыр бүгіп жатқандай сезіледі бізге. Оларға түрен салып, қойны-қонышын ақтара алсаңыз, бізге беймәлім талай құпияның кілтін табатын секілдіміз. Алайда біз өткенімізді тек шетелдік жиһанкездер артына қалдырған жазбалардан танып-біліп жүрген жоқпыз ба?

Елдің аузында айтылатын аңыз-әпсаналар қазақтың тек көшпелі тіршілікте өмір сүргенін теріске шығарып, қалың қатпарлы тарих парақтарын қайта қарап шығуға алып келері сөзсіз. Өкініштісі, күні бүгінге дейін сол көне шаһарларды түбегейлі зерттеп, лайықты бағасын беруге шамамыздың келер түрі жоқ. Алысқа ұзамай-ақ, бір ғана Сыр өңіріндегі ескі қалалар төңірегінде әңгіме қозғайтын болсақ, көңілге кірбің салған талай жайды байқаймыз. Рас, елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы дүниеге келгелі бері көптеген өрелі іс жүзеге асып жатыр. Әйткенмен әлі де көңіл бөлінбей, түрен тимей жатқан құнды қазыналар қаншама. Кейбірі дұрыс көңіл бөлінбеу салдарынан жер бетінен жойылып барады. Осындай жанашыр пейілді күтіп жүрген көне қаланың бірі ежелгі замандарда Қаратау қойнауында қоныс тепкен Бестам болып тұр.
Бұл қалашық Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағында орын тепкен. Осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын дария бойын оғыздар мекен етті. Сол тұста Бестам ата-бабалардың кие тұтқан қастерлі қонысының бірі болғанға ұқсайды. Өйткені көне қаланың атауы хандықтың «Бас тамы» деген сөзден шыққан деген де дерек бар. Сол кезеңде билік құрған Қазан хан Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыз билеушісіне тоғыз ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Дегенмен ханның көңілінен бір-бірінен өткен әсем бес ғимарат қана шыққан екен. Бестам атауы содан қалған деген де пікірлер естіліп қалады.
Сыр өңірінің тарихын тереңірек зерттеп жүрген белгілі археолог ғалым Мадияр Елеуов «Бір ғана Бестам емес, Сыр бойындағы көптеген көне қалаларға дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Бұл өңір қазақтың арғы-бергі тарихының түп-төркіні саналады. Сол себепті еліміздің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы мақсатта жүйелі жұмыстар атқаруымыз тиіс. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ауыз тұшытып айтарлық нәтижелі іс-шаралар жасала қойған жоқ. Осының салдарынан оны ешкім зерттеуге көңіл бөлмей отыр. Көне Бестам жанынан канал қазылған. Оған мән беріп жүрген жан жоқ әзірге. Сондай-ақ Сыр жерінде сырын ішіне бүккен талай көне шаһар бар. Олардың кейбірін су шайған» дейді.
Сол Бестамның орнын қазір әрең тауып алуға тура келеді. Өйткені базбір жылдарда оған ешкім назар аудара қойған жоқ. Тіпті оның маңынан жер жыртып, егін салынды. Айналасына егін егілді. Каналдар қазылды. Қысқасы, көне қалаларды сақтауға өз деңгейінде мән берілген жоқ. Осының салдарынан көне қалашық жермен-жексен болып қирап, көзден ғайып болатын жағдайға жетті. Бекіністегі молаларда жатқан адам сүйектері аяқ асты болды. Оны өткеніңді құрмет тұтпау, тарихыңды бағаламау деп қарасақ та артық емес. Осы қалашықта елімізге әйгілі «Елім-ай» әні өмірге келген деседі.
Мақұл-ақ делік, ол жылдарда жұрт саясаттың ықпалынан шыға алмады. Алайда бостандық байрағын бекем ұстаған бергі жиырма жылдан астам уақыттан бері тарихымызды түгендеу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізе алдық па? Елдің көңілін осы сауалдар мазалайды. «Қазақ халқы кең сахарада тек көшпелі тіршілікте болды» деп топшылайтын қасаң пікірлерді жоққа шығаратын кезең келген секілді. Ата-бабаларымыз ежелгі кезеңде де өркениеттің ордасы боларлық көптеген ғимараттар тұрғызып, қаншама қалалар салғанын айғақтайтын дүниелер аз емес. Біздің ұлтымыз кезінде тек малдың жайын ойлаумен ғана шектелмей, жайқалтып егін өсіргеніне дәлел бола алатын жайлар жетерлік. Көненің көзіндей болған Бестам мүлгіп жатқандай. Шындығын айтқанда, Бестам жайлы аңыздарды әріге бармай-ақ қоялық, жергілікті жұрттың өзі біле бермейді. Оны үйінді астындағы топырақ деп ойлайтын адамдар да бар. Көне қаланың құпиясын ашатын археологиялық қазба жұмысын жүргізуіміз тиіс. Сонда ғана көне Бестамның көптеген құпиясының кілтін табар едік.
Осы тақырып бойынша зерделі зерттеу жүргізіп жүрген азаматтың бірі – Шиелі ауданы Ә.Тәжібаев атындағы ауылдың №214 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Мейрамбек Сапаров. Ол ауыл іргесінде тұрған көне шаһар жөнінде біршама уақытын жұмсап, оның тарихы жөнінде толымды дүниелер жазып келеді.
– Сыр бойындағы қалалардың көпшілігі Тұранның ана суы – Сейхуннан жыраққа кетпеген, – дейді ол өткен шақ жайлы сыр шертіп. – Ол дәуірерде дария суы тарамданып негізінен оң жағалауын көмкеріп бұл тұста Қаратаудың Баламұрын тұмсығы арқылы Нәнсай арнасына құйып Ақмешіт маңында бас саламен қайта қауышса керек. Бестам – ежелгі қала. Ол туралы ақындар жыр арнаған, сағыныш сезідерін білдірген. Жергілікті түркі халқынан шыққан бұзырық Биязид Бестами осы қаланың перзенті деген сөз бар. Бұқарада оқуда болғанда ол бабамыз жайлы сөз болушы еді. Діни ілімді жан-жақты меңгерген ол, дәріс берген ғұламаларға менен ақыл-ойларыңызды аямаңыздар, әрі қарай айтарларыңыз болмаса ата-жұртыма кеттім деген екен. Оның ғазелдерінде шеңгел, жиде тәрізді Сыр өңіріне тән ағаштар соншалықты сұлулығымен оқырманды таңқалдырған. Бабамыздың болмысын Софы Алдияр кітабынан табуға болады.
М.Сапаровтың айтуынша, 1950 жылдарда Еңбек Ері Байдүйсен Оразов Орал қаласынан оқудан оралды. Б.Оразов елге келгеннен кейін жерлестеріне «Сол сапарымда 90-ға келген бір кейуана менің Шәулімше маңынан екенімді білген соң:
– Інім, біз бала кезімізде Бестам деген жерде болған едік. Қасында «Қоғалыкөл» деген суы мол көп болатын еді. Сол бар ма екен, деп сауал қойды. Мына Бестам жанындағы «Ыза көл» соның жұрнағы емес пе екен деген-ді. Шындыққа келетін жөні бар тәрізді.
1930 жылдардың аяғында «Жетім төбенің» батыс тұсынан егіске алқап ашып, трактормен жер жыртып жүргенімізде шаршы, беті тегістелген тастар қопарылып жатушы еді. Бұл сол қамалдан төбеге дейін салынған жол болса керек. Сығанақ пен дүрдараз болған бір дәуірде төбе күзет орны болса керек. Ал, жол осы орынға келер сүрлеу болуы да мүмкін» дейді. Бұдан 900-1000 жыл бұрын сыр алқабы жаратушының өзі берген сұлулығын сақтаған ғажайп өлке болған. Араб саяхатшыларының көпшілігі-ақ тамсана жазып жолжазбаларына арқау етті. Әсіресе Рузбехани қалың жынысты тоғайдың жасыл желегіне, ну қамысты шоғырда жолбарыстың болатынын, еліктер кездесетінін, Сығанақ теріскейінде, тау етегіндегі хан жайлауы «Мыңбұлақ», одан әрі Жент, Баршынкент аймақтарының әсем, жерұйық мекен болғанын жазып қалдырған. Демек осындай өлкеде тіршілік үзілмей, не бір нәубат, зілзала заман болса да талай ұрпақ ауысып, ескі қамал-қалалар қорған үйінділеріне айналып, әр дәуірдің ұландары орталық тарихта өз қолтаңбаларын қалдырып отырған. Бестам қазір көзге қораш көрінгенімен , талайлы тарихы бар бас қалалардың бірі болған. ІХ -Х ғасырда Көктеңіз (Арал теңізі) бен оның бір саласы Сыр атырабын оғыздар мекен етті. Қазан ханның тұсында Бестам шын мәнінде хандықтың Бас тамы рөлін атқарған. Оғыз, Тоғыз оғыз атауымен тарихтан мәлім болуы Қорқыт атаның кітабының негізгі арқауы емеспе? Кітап Қазан ханның сол заманындағы тіршілік-тынысына құрылған ғой. Хан бірде Балмұрын маңындағы қамалда тоғыз оғыздың ел билеушілеріне ғимарат тұрғызып, көрме ұйымдастыруға пәрмен береді. Межелі күн болғанда бірінен бірі өткен әсем де абат 9 там бой көтеріп хан иені күтіп тұрады. Алайда хан 5 тамға ғана кіріп, танысып, қалғанына назар аудармаған көрінеді. Бұған ашуланған билеушілер қалған 4 әйбат құрылысты қиратып тастайды. Баламұрындағы қамал осыдан соң Бестам аталған деген аңыз бар.
Қазақтың басына мұң мен қайғы ұялатқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында бұл бекініс қалмақ хонтайшысы Үнжіннің қол астында болыпты. Бестамды назарына ілмей, Шиелі өзегі бойынан «Қызыл там» қамалын салдырып сонда тұрған көрінеді. Одан әрі «Ақтөбе» деген бекетте оқ-дәрі жасатқан. Оның Бестамда тұрақтамауына қаланың тұрғындары бір түнде қамалдан шығып, қақпаны сыртынан бекітіп үдере кетіп қалуы да себеп болған деседі. Жабылған қақпа сыртына:
Есентемір деген ел едік,
Есебі жоқ көп едік.
Ебін тауып жегенге,
Таусылмайтын кен едік.
Енді Есентемір дермісің
Есентемір есіңе түскенде
Есектің қасасын жермісің, – деп жазып кетіпті дейді көне көз қариялар.
Халық аузында Бестам жайлы сақталған өлең жолдары бар. Осы өлеңді асылдың сынығындай болған қарияларымыздың аузынан естіп қаламыз. Осы өлең жолы былай басталады.
Бестам биік дегенде Бестам биік,
Көрінер Шәулімшіден қашқан киік.
Қыр мен Сыр ортасында орның бөлек,
Қалай ғана кетермін көзім қиып.
Қарт Қаратау баурайынан орын тепкен «Бестам» (бұрынғы Ленин колхозы) негізі 1937 жылы, сәл кейін 1939 жылы құрылған. 1996 жылдан осылай аталынады. «Бестам» акругі көне замандарда Дешті Қыпшақтың қарулы күштеріне құрал, соғыс саймандарын дайындайтын сол дәуірдің шағын заводы-«Бестам» болып аты шыққан.Сол ескі қаланың орны қазіргі ауылдан небәрі 3 шақырымда Қаратуға беттеген жолда орналасқан.
Бестамды ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында В. Каллаур (1899) мен И. Кастанье (1907) келіп, зерттеген. Олар қала орнынан су тартылған арықты, оның Нәнсайға барып жоғалатынын айтқан. Оқымыстылардың айтуынша Бестам тастан салынған қамал. Бес бірдей қамалдың болуы, оның Бестам аталуына негіз болса керек. Каллаур кірпіш күйдіретін пештер де тапқан. Кейбір тамдардың астынан бірнеше жер асты бөлмелері, адам сүйектері кездескен. Кейін осы маңайдан тас тартатын диірмен табылған. Оның бір бетінің өзі 150 кг тартыпты. Мұнымен кварц тастарын ұнтап, оны цемент ретінде қолданған. Қаланың маңызына тоқталған В.В. Бартольд «Батыс Европа тарихшылары көшпелі елдерді абориген (жабайы) деп атап, олардың ешқандай мәдениеті болмаған десе, мынау қыруар қалалр соның теріс, нәсілдік ғылыми екенін айғақтайды», — дейді. Бұл туралы ғұлама Әукең, Әуелбек Қоңыратбаев өз еңбектерінде ерекше тоқталған. Ал, ғалымның ұлы, эпос және этнос жөнінде доқторлық диссертация қорғаған Тынысбек Қоңыратбаевтың «Ертедегі ескерткіштер. Сыр бойының ежелгі тарихы мен мәдениеті» атты зертеу еңбегінде айрықша әңгімеленді.
Қазіргі ғылыми деңгейінен көз салғанда Әукең айтқандай «Сыр бойын қалалы мәдениеттің бір ошағы ретінде бағалау керек». Өкінігке орай Бестам қаласына археологтар назары әлі күнге ауған емес. Арнайы зерттемагаен де. Оның үстіне инженерлік жүйеге келтіріліп жер тегістелген кезде ескі қаланың маңы түгелдей атыз, арық астында қалған. Қазір қала орнын табудың өзі ақырет.
– Халықтың азалы, мұңлы әуені «Елім — ай» осы Бестамда жазылып, алты алаштың жадында сақталған. Қорқыт ата кітабындағы кейіпкерлердің бірі Оқшы батырдың отаны, Биязид Бестамидің ата жұрты болған Бестам шаһары қазақ даласындағы ескерусіз, елеусіз қалған ондаған қалалрдың кебін құшып жер бетінен жоқ болуға айналды. Жоқ болғаны емей немене, 1000 жылдық тарихы, Сығанақпен қатар аты мәлім, өркениетің мекені болған қала, бүкіл исі қазақтың азалы жылдарының ән ұраны іспетті «Елім -ай» әнінің туған жері делініп ешкімді ХХІ ғасырға дейін ойландырып, жүрегін сыздатпаса, – дейді М.Сапаров.
Сыр бойында көне қалалар жетерлік. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік Бестамның күйін кешіп тұр деуге болады. Археологтар, негізінен, Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат секілді белгілі шаһарларды зерттеуден арыға аса алмай жүр. Ал кейбір көне қалашықтар көзден таса қалып қойып жатқан жайы бар. Атап айтқанда, қазақтың қас батыры болған Алпамыс батырдың аяулы жары Баршын өмір сүрген Баршынкент, Көккесене, Аққорған, Мейрамтөбе секілді ескі шаһарларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Олардың түп-төркініне қашан түбегейлі үңілеміз деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр.
Мұндай келеңсіз көріністер еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Мысалы, сол шаһарлар туралы азды-көпті деректер жазылған арнайы кітаптар шығарылған жоқ. Бар болғанның өзінде онда барлығы түгелдей қамтылмай жүр. Қазақ даласының әрбір төбесі жазылмаған шежіре іспеттес. Өткенге үңілмей, тереңнен тартқан тарихымызды түгендей алмасымыз айдан анық. Алдағы кезеңде осы бағытта нәтижелі жұмыстар жасағанымыз артық емес. Ескі кезеңнен бүгінге дейін жеткен шежіреге шын мәнінде назар аудармасақ болмайды. Қаншама құпия сол күйінше сырын бүгіп қала береді. Атадан аманатқа айналған құндылыққа адалдық таныту бүгінгі ұрпақтың басты пары-зының бірі болса керек-ті. Әйтпесе уақыттың өзі қаншама көне шаһарлар мен тарихи ескерткіштерді жым-жылас етіп, олардың орнын сипап қалуымыз әбден мүмкін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста