ЕСАҒАНЫҢ БЕЙНЕСІ КӨЗ АЛДЫМНАН КЕТЕР ЕМЕС

ЕСАҒАНЫҢ БЕЙНЕСІ КӨЗ АЛДЫМНАН КЕТЕР ЕМЕС

10 ақпан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Есенқұл Жақыпбектің туған күні.
Осыған орай Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде сағат 15.00-де ақынды еске алу кеші өтпек.
Шара қарсаңында көзі тірісінде «Есағалап» айналасынан шықпаған, сырлас, мұңдас, сыйлас болған іні-қарындастарының естелігімен бөліссек дейміз
.

Есағаны бала күнімнен білемін. Айтыстағы өткір сөздері, шынайы әзілдері арқылы ойымда қалды. Ең алғаш ол кісіні көргенде таңғалдым. Теледидардан көрген ақынды өмірде бетпе-бет көру қызық қой. Өзім де өнерге ерте араластым. Екеуміз де осы өнердің жолында жүргендіктен, жиі-жиі ұшырасатынбыз. 

Бір күні сазгер Бағлан Омаров шақырды. Ол маған ақын Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған «Бір қуанып...» деген әнін ұсынды. Әуенді бірден ұнаттым. Сөздері көңілге қонымды, аса шебер жазылған екен. Әнді тыңдаған соң, Есенқұл ағамен кездестім. Екеуміз бірге шай ішіп, ұзақ сырластық. Ол кісінің айтыстарының кейбір шумақтарын жатқа оқып бердім. Есаға маған таңғалды. «Сені жай ғана әнші екен десем сен сөз құдіретін түсінетін жан екенсің ғой», – деді. «Мына өлеңге шамалы өзгеріс керек сияқты» деп едім, дереу қаламын алып, «Ескі доспен кездескен де есің шығып шын қуанып, Қайран өмір сонша сүйген, кетесің-ау бір күн ауып. Ғұмыр өтті зырғып ағып....» деп осы екі жолын маған арнап өзгертіп берді. Бірден Лұқпан Жолдасовқа барып, гитарамен сүйемелдетіп айтып шықтым. Кейіннен әнді жаздырғаннан кейін өзіне тыңдатқанымда, Есаға қатты қуанды, тіпті көзіне жас алды. Жалпы, екеумізді осы ән тоғыстырды. Жақынымдай боп кеткен Есағаммен кездескен сайын Әселхан апаймен айтысқанда айтқан әзілдерін айтып ішек-сілесін қатырушы едім.
Ал, соңғы рет 31 арна «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында кездестік. Әнін орындаған соң, құшақтап құттықтадым, денесі дірілдеп толқып тұрғанын байқадым. «Аға ризасыз ба?», – деп едім, «Ризамын, бауырым», – деп күлімдей қарады. Сол кезде 5-6 сағаттық қана өмірі қалыпты ғой. Құдды кеше ғана сол кездесуде болғандай, Есағамның бейнесі көз алдымда.
Есаға – өте жақсы адам еді. Жаны жайсаң, қарапайым жан еді. Өзі өмірден өткенімен, оның жалын шығармалары мәңгі есімізде қалады. Есенқұл Жақыпбектің жырларының үні ұрпақтан-ұрпаққа жетеді деп сенемін.

Мейрамбек БЕСПАЕВ, әнші.

АҚЫНМЕН СЫРЛАС БОЛҒАН КҮНДЕР-АЙ

Есенқұл ақын жайлы естелік жазу көзін көрген адамның қай-қайсына болса да ауыр. Есағамды ауылына ең көп іздеп баратын жанның бірі мен едім. Оңаша ауыл сыртына шығып әңгіме айтқанды жақсы көруші едік. Ауылында болған той-томалақтан қалдырмаушы еді.
Бірде ағамыз өз шәкірті, белгілі ақын Ермек Жұматаевтың 40 жасқа толған мерейтойына шақырды. Әке-шешем Алматыға қыдырып келіп, «енді бізді ауылға апарып таста» деп қолқалап отыр еді. Үлкен кісілерді салып алып жолдан тойға соғып, ары қарай ауылға шығатын болып келісіп, Ұзынағашқа жол тарттық. Мейрамхананың алдында Есағам күтіп тұр екен, амандасып болған соң машинада отырған әкейді көріп: «Ұрпақ алып қалатын шалдың мұнда отырғаны жараспайды, жүріңіз ішке»,– деп дастарқанға шақырды. Сонда әкем күліп: «Есенқұл-ау, мен емес сенен алу керек ұрпақты, қайтесің қинап отыра берейін», – деп қағытып еді, Есағаң: «Аға, бізден емес ұрпақты сіз бен менің әкемнен алу керек. Біз Саят екеуміз біріміз әнші, біріміз ақын болып туылған жанбыз, бізді тудырған сіздерден алу керек ұрпақты»,– деп күліп әкейді дастарқаннан дәм ауыз тиіп шығуға көндірді.
Есенқұл ағамыз Алматыдан жырақта жүргендіктен көбіне қаланың қым- қуыт тіршілігін жақтыра бермейтін. Бірде әкемтеатрдың әртісі Бекжан Тұрыс ағамыз өзі ойнайтын қойылымға шақыру билетін берді. Салып ұрып барып Ұзынағаштан Есағамды алып театрға келдік. Спектакльдан шыққан соң: «Театрға келмегелі талай жыл болыпты, өркенің өссін Саятжан. Бұдан кейін мені қалдырмашы театрдан, бірге келейік», – деп көзіне жас алды. Осыдан кейін театр ағам екеуміздің жиі кездесетін орнымыз болды. Келген сайын шабыттанып қайтатын. Бір күні: «Әкем театрда кешімді өткізсем қалай болады, шамамыз жете ме?» – деді. Ақылдаса келе ел тізгінін ұстап жүрген ағаларға айтып, әртістердің басын қосып, дүрілдетіп тұрып кешін өткіздік. Кеш біткен соң балаша қуанып: «Мені іздейтін ел бар екен ғой, Алматым әлі ұмытпапты көккөз баласын»,– деп бір марқайып қалып еді.
Есағаңмен әзілдескенді жақсы көруші едім. Ауылына барсам «Кенен шалдың баласы келді» деп күліп қарсы алатын. Ауылдың шетіне шығып, елдің көзінен таса жерге барып, біріміз әннің, біріміз өлеңнің қамын сөз қылушы едік. Тағы бірде Жамбыл ауданының әкімі, өнер адамдарына ерекше құрметпен қарайтын ағам Махаббат Бигелдиев қоңырау шалып, «Есағаң ауруханаға түсіп қалды, көңілін сұрап қайтайық» деген соң бірден ауруханаға жол тарттық. Барып жағдайына қанық болған соң Махаббат ағам жалпы палатада жатқан Есағаңды дәрігермен сөйлесіп жеке палатаға ауыстыруын сұрады. Дәрігерге: «Оны мен жатып жүрген палатаға жатқызыңыз, ақынға әкімге жасайтын жағдайды жасаңыз. Жеке жатып жазатыны бар шығар, оңаша бөлмеде жатсын»,– деп ауыстыруға көндірді. Басқа бөлмеге көшетін болған соң Есағаңның заттарын жиыстырып жатып тілдей қағаз тауып алдым, онда бір шумақ өлең жазылған екен. Өлеңінде көңіл сұрап келетін адамдарды төртке бөліп, төртеуін де аямапты. Сондағы жазғанынан есімде қалған екі жолы: «Біреу келер көңіліңді сұраған боп, біреу келер сұрамасам кінәлар деп»,– деп келетін. Осы өлеңді оқып алып: «Есаға, ақ көңілмен аңқылдап халіңді сұрап келген біздің көңілімізді тас- талқан қылдың ғой. Махаббатқа айтайыншы не дер екен»,– деп тиісе бастап едім, өлеңді менен алып: «Сендерге қатысы жоқ. Мақаңа айтпа, кездескен жерде қалжыңға айналдырып, ел алдында ұялтады»,– деп қағазын қалтасына салып қойды. Бұл кезде Мақаң дәлізде дәрігерлермен сөйлесіп тұрған еді.
Махаббат ағамыз тау басына шақырып өнер адамдарына дастархан жайғанды ұнататын жан. Бірде Есағаң екеумізді шақырып тау басында шай іштік. Қонаққа бара жатқанда Есағам: «Сәке, мен алпысқа келем биыл, не істейміз, тойлатамыз ба?»,– деп күлді. Шай үстінде осы әңгімені Махаббат ағамызға айттым. Мақаң: «Есаға, ендігі жылы ауданда Үмбетәлі атаңыздың тойы ғой, екеуіңіздің тойыңызды қатар тойлайды екенбіз онда»,– деді. Есағам: «Мақа, мені ел айтыспен таниды ғой, ақындарға не деп уәде берейін»,– деп сұрады. Махаббат ағамыз: «Не қалайсың, соны айт, бірақ, маған ескертуді ұмытпаңыз»,– деді. Есенқұл ағам екі-үш қайтара сұрады. Махаббат ағамыз «уәдем – уәде» деп жауап берді. Халықтың ерке ақыны шай дастарқанының соңында таза ауамен тыныстап тұрғанда: «Өте қуаныштымын, алпыс жасымды жақсылап тойлайтын болдық. Саятжан рахмет»,– деді.
Алпыс жасын алты алашпен тойлағалы жүрген аяулы ағам бір-ақ сәтте сағынышқа айналып кететінін кім білген. Жаның жаннатта болсын, жан аға!

Саят МЕДЕУОВ, әнші.

ӘУЛИЕ ТАҒДЫР

Есағаң бір қарағанда, қомпаң жүріс қарапайым көрінгенмен, елден ерекше, басы бүтін бөлекше болмыс болатын. Ескімен сіңісе алған, жаңамен жанаса алған, кәрімен «қария», жаспен «жария» адам еді, бармен берісе алатын, жоқпен бөлісе алатын, ақынмен ақылдас, батырмен иықтас дос бола алатын мәрттігі бар әулие жан еді. Сонысымен қоса, қоғамының қасқыры, заманының тазысы бола білді. Олай дейтінім, Есағам алпысқа толар-толмас шағына дейін айтатынын айтып, жазатынын жазып, бірнеше кітабын елдің қолына, оқырманның алдына жеткізіп, әдемі әндерін әншінің аузында жаттатқызып үлгіріп кетті. Кешегі жаназасына жиналған жұртты көргенде, күллі алты алаш болып қазасын аза тұтқанын көргенде ақындық парызын, азаматтық парызын ақтап кеткен асыл екендігін мойындап қала бердік. Тірі болса, мынаны айтып, мынаны қояр едінің ендігісі – тек арман...
Есенқұл Жақыпбековті бүкіл ел болып телевизиялық айтыстан таныдық. Оқушы кезімде-ақ рухани әкем – Қаныбек Сарыбаев айтысқа баптап жүріп, ақпалықта Көпбай Омаровты, қызыл тілдің шақпасына келгенде осы Есенқұл мен Шорабекті үлгі етіп көрсетті бізге. Көпті көрген Көпбай ақынның бойындағысын алып үлгірмедік, 1989 жылы дүниеден озды, ал соңғы екі құрдастың сахнадағы еркелік пен тентектіктеріне талай айтыстарда куә болып жүрдік. Есағаңмен жақын таныстығым студенттік кезімнен басталған.
«Жұматай нояндарының» қатарынан 1991 жылы Бауыржан Үсенов дүниеден жас кетті. Соның қазасына көңіл айту үшін Шорабекпен еріп Есенқұл ақынның үйіне барғанбыз. Сонда Есағаңның «Жұлдыздар бәрін болжайды» деген өлеңін әнімен айтып ағынан жарылғаны бар. Осыдан бастап сөзімізде сырластық, ойымызда үндестік, айтар әңгімемізде ортақтастық пайда болды. Ұзынағашқа қонаққа мен барып, ол арқа-жарқа аға боп ауылым Қожатоғайға іздеп келіп, «ақындарша» араласып кеттік. Күнді түнге, түнді таңға атырған естен кетпес кездесулер мен кеңесулер, өмір мен өнер туралы таңсық толғанулар. Бір ақынды бақандай бір ел деп күтеміз, бір ел бір ақынды төбесіне көтеріп сый көрсетеді. Ақын арқылы, ақындық арқылы небір елдің небір ерлерімен таныстық, өңіріміз көгеріп, өрісіміз кеңіді, өміріміз өзгеріп, өнеріміз өркен көрді. Ақындықты балаң буын, жігіттік шақ, кемел, сосын өміршең кезең деп бөлсек, ол бір жігіттік шақтың жілік майы молайған тұс болатын.
1993 жыл – қылшылдаған 19 жасым. Бірде «Есаға, болашақ келініңіздің туған күніне ән шығардым» деп домбырамды көтеріп келдім. «Сөзін сізге ғана жаздырамын» деймін, «Ойпыр-ай, ойпыр-ай» деп қайта-қайта тыңдап: «Мелодия, не деген мелодия! Уах! Уах! Мынау бір керемет ән екен» деп тамсанып отырып, бір пәсте «Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз, Аңсаумен өткен өмірге мынау не етерміз-ді» жалғады да кетті. «Бұл бір махаббаттың гимні болатын болды!» деп Есағаңның қуанғаны-ай, сондағы. «Туған күніне мынадай әнді тартуға алған қызда арман жоқ шығар. Әй, Жәкен, ертең екеуің үйленгенде, келіннің бетін мен ашып, бір малды болып қалайын!» дегені бар еді, дуалы ауыз екен, сол «Өзін аңсатқан» келінінің бетін кейін Есағаң өзі ашты.
Осы бір бақытты сәттерді ағамыз тірі кездің өзінде талай-талай рахаттана есімізге алып едік, енді міне, еске алар естелік ретінде қағазға түсіріп отырмын:
Тіреп қойып маңдайыңа маңдайды,
Еркелеуші-ем, тілмен қасып таңдайды.
Ыңылдасам ырғағына тербеліп,
Біз ән жазсақ, Сіздей кім сөз арнайды.
Шығарған әнімді өзіме өзім мен қимай, әннің сөзін ол кісі өзіне өзі қимай, сәтті шыққан ортақ дүниені үлпілдектей үлпілдетіп, арғы жағынан қарап, бергі жағынан қарап, бір «кәйп» болған кезіміз еді бұл.
Есағаңды еске алып естелік жазып отырып, аруақты елдің бірталай ерлерінің есімін ауызға алмай болмайды. Әуелі, АЛЛА! Бір жағынан Қарасайдай хас батырдың рухы, екінші жағынан Сүйінбай мен Жамбылдай жыр алыптарының рухы көтерген Есенқұл Жақыпбековтің елі «Елім деген ақындар мен батырларға, ақыным мен батырым деген жұртқа» кенде емес. Арғысы мен бергісін былай қойғанда, Кеңес ағамдай Есенқұлдың өз сөзімен айтқанда «Ақ би» досы, Орынтайдай елағасы, Еркін батыр, Ермек ақын мен Ақан, Айдостай інілері бар Есағаңда да арман жоқ. Ал, халқының қамын жеп шейіт болған Қаныбек батырдың орны бір бөлек. Ер Қаныбектің барында Есағаң ерке ақын еді. Мен Қанекеңді елдің жақсысы мен жайсаңын жинаған оңтүстік өңірінің үлкен бір жиынында көргенмін. Қасында Иличбек, Болысбек, Мұратбек, мәрт Мұса, марқасқа Марат, атбегі Ғабит, марқұм Әбендей бір топ баһадүрлері бар Қанекең Темірландағы Додай ақсақалдың ұлдары Құрмансейіт, Құрматхан, ақын Құрмаш, Ғалымжан атты азаматтардың ауылында қонақ болған. Сол жиындағы менің Шорабекпен айтысыма, айтқан термелеріме қара сөз, қызыл тілдің қадірін ардақтаған Қанекең разы болып еді. 1993 жылы Есағаң батырымен мақтанып отырып мақтап, жақынырақ таныстырды. Мен де сол отырыста баяғының батырларымен кездескендей күй кешіп, көңіл толысып, ағымнан жарылып, ақ жүрекпен арнау айттым. Сөзімді жүрекпен қабылдаған батыр сол жерде астындағы темір тұлпарын түсіп берді. Талай жерде ел алдына шығып жүргенмен жап-жас жігітпін ғой, аузына бүкіл ел қарап отырған азаматтан мынадай сый күтпеген едім, төбем көкке жетті. Иә, қазақы мінез – мәрт көңіл, жомарт пейілдің үлгісін көргіңіз келсе, Есенқұл ақынның ауылына барыңыз.
Сөзіме дәлел бір жайт, сол бір жылдары бәнәйі себеппен жазым боп, Есағаңның үйінде 6 ай жатқан жағдайым бар. Сөздің реті келгенде, екі дүниеде де жақсылыққа молыққыр, сондағы Меңсұлу жеңгейдің алты айда бір өзгермей аяғынан тік тұрып қылған қызметін ерекше ізетпен айтып өткім келеді. Өзге не десе о десін, ақынға сый, құрмет көрсетудің мысалын жеңгейден алу керек. Сол жатыста Есағаңмен арғы-бергі тарихты тереңірек қаузап, Ұлы елдің ұлық ерлерінің ұлы-ұлы істеріне әбден қанықтым-ау. Ақын үшін өкшесі жерге тимей жүгірген жігіттерге қатты разы болдым. АЛЛА оларға разы болсын! Разы болып отырып, «Әй, Есаға, Сіздің елдің жігіттері-ай, Сіздің елдің жігіттері-ай» дей беріппін ғой. Қаға берісті қалт жібермейтін Есенқұл ақын сөзді қағып алды да, «Ал, Жәкен, мен «Біздің елдің жігіттері» деген өлең жазамын, сен соған ән шығар» деп салды. Тақырыпқа ол да, мен де дайын болып тұрғандықтан ба, ол да «Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі, Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы» деп сөзін үйіре берді, мен де домбырамды қағып, қағып сөздің сазын иіре бердім.
Оның да көзінде жас, менің де көзімде жас. Сөз де жазылып бітті, әні де дайын болды. Ортақ дүниемізді екеулеп көтеріп, Қаныбек батырдың үйіне бардық, ол да нөкерлерімен екен. Түгел отырып тыңдады. Әнді айтып беріп едім, батырдың жүрегі қарс айрылды. Елі үшін жан пида, жан мен тәннің жарақатына марапатын алған хас батыр тұғырына шығып толысқан арыстандай қатты толқыды. Бұл сәтті мен ешуақытта ұмытпаймын және осы сәтті көрсеткен құдайға шүкір. Есағаңның да басында осы бір тылсым күйдің болғанына күмәнім жоқ, оны өзі де айтып жүрді ғой.
Өз басым өмірімді де, өнерімді де «1993 жылға дейін және одан кейін» деп бөліп қарасам, «Жыршының көбі жыртақы, Қызнақсып тұрар қиылып» деп Майлықожа бабам айтқандай, ақындығым, айтыскерлігіме де сол бір оқиғалардан кейін басқаша жауапкершілік қабылдаған адаммын. Соның бәріне себеп болған қайран, Есағам-ай, әулием-ай!
Жақсы өлеңнің ұйқасындай жанымыз,
Қабысатын сөзіміз бен әніміз.
«Өзіңді аңсап», « Жігіттер» бас қосармыз,
Сары абызым келген шақта сары күз.
Есенқұл ақынды соңғы рет дүниеден өтер күнгі түсірілген телевизиялық бағдарламада көрдім. Жолға шығып бара жатыр едім, Есаға: «Әй, қожа, теле түсірілім дегенің мұрағат қой. Ертең кім бар, кім жоқ. Екеуміз махаббат пен жігіттіктің гимнін жаздық емес пе? Бұл хабарға сен қатыспасаң, кім қатысады? «Біздің елдің жігіттерін» өзің айтып шық» деген сөзінен аса алмай жоспарды өзгерттім. Келсем, таңертеңнен бері оны түгелдеп, мұны түгелдеп жүгіріп жүрген ағамыз сәл шаршау көрінді көзіме. Оның үстіне алдыңғы түсірілген хабар тым көп уақытты алған екен, біраз күтіп қалдық. «Жігіттердің төресі 60 жаста» атты түсірілім барысында көңілі қатты толқып отырған Есенқұл ақын бағдарламаның орта тұсы ауғанда біртүрлі күйге түсті. Жүргізуші кезекті «Біздің елдің жігіттеріне» бергенде, ойымда ештеңе жоқ, бұл әннің шығу тарихын «Есағаң өзі көзі тірісінде айтып берсін» деппін ғой. Ол кісі де шын ықыласымен әннің тарихын тізіп түгелдеді. «Мен кейде ақындардың әулиелігінен қорқам, «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деп айтпауым керек пе еді» деп жыламсырап, тебіренгенін бәріңіз көрдіңіздер. Талай жыл жүрегінің бір бұрышында тығып келген ойын ашып айтып жаны байыз тапты ма екен, түсірілімнің соңына қарай ақын жаны аспандап кеткендей көріне береді маған. Таспаны қайта-қайта көремін де осы ойға келе беремін. Таң ата суық хабар жетті. Білмеймін, Есенқұлмен байланысқан әркімнің әркем пікірі бар шығар. Менімен Есағаң «Мені түсінгеніңе рахмет!» деп қоштасыпты.

Апақ-сапақ, Алматыға кеп кеттің,
Сол жүрісте елдің қамын жеп кеттің.
Ақтық демің шыққанынша кеудеңнен,
«Біздің елдің жігіттері-ай» деп кеттің.

Мені де түсінгеніңе рахмет, Есаға! Жассынбай қатарыңнан орын бердің. Бірде «Әй, Қожа» деп, бірде «Ой, Есқожам-ай» деп еркелеттің. Мың алғыс. АЛЛА алдыңнан жарылқасын. Көпшіліктің ішінде жалғызсырап, жалғыз көптің қамын ойлаушы-ең. Мүмкін, әулиелігіңнің белгісі де сол шығар, жаның жәннатта болсын! Құдайым өзінің әулиелері қатарына дайындаған мекенінен орын берсін! Әумин!

Жәкен ОМАРОВ.

Өмірі – өлең, жыр-дастан
Журналист Дәурен Дариябек Есенқұл ағаның тіршілігінде бір жақсы сұхбат алыпты. Есағаң «Алдай-ау» толғауының тарихын айтып келе жатады да, құла түзде, жалғыз өзі, ыңылда-ап «Алдай-ауға» басады. Бір аяғын сәл шекіп басып, шексіздікке үңіліп ақын келе жатады...
... Алғаш осы толғауды Жанарбек досымнан естіп едім. Қызылордаға бірге сапарлағанымызда, қалың топтың ішінде шырқап кеп жіберді. Бет-жүзі алаулап, Жанарбек шамырқанды, шабыттанды, шалқытты. Маған қатты әсер етті. «Есағамдікі ғой» деп қайырды соңын.
... «Жұлдыздар бәрін болжайды» деп еді ғой Есенқұл аға. Жұлдыздар емес, ақындар бәрін болжайды екен. Кім біледі, шынында да «Алдай-ау» сынды толғаулар жүрекке өз-өзінен құйылып түсетін шығар. Қарапайым адам көре білмейтін, түйсіне алмайтын кеңістіктерден, әлде ғарыштан сәуледей зымырап келіп, шын ақынның қарайып тұрған жүрегін нұрға бөлеп жіберетін болар. Ақын ауырса, сондай нұрды күтіп ауыратын болар. Нұр құйылған соң сауығып кетіп, пенде базарынан әлденеше есе биіктеп тұрып, алданыш тірлікке «екі қойың бір сом» көзқараспен қарайтын болар.
Есағаң сөйткен болар.
Бір қарағанда, сол кезде елудің ауылына ат шалдырған ақынның тіршілікпен қоштаса қоятын жөні жоқ. Бірақ кім біледі, өзі ауырғанда емдеген тәуіп ақсақалдың шипасы болмаса, Есенқұл ақынның бұл жанқиссасы мүлде айтылмай кетер ме еді?..
Есенқұл ақынның денесін өзі туған Бірлік ауылының батысындағы төбеге жерлеп, артымызға бұрылғанымызда, «Алдай-ау» айна-қатесіз келді де тұрды. «Алқынған күндер, талпынған, жәутеңдеп қарап артымнан қалды-ай-ау, бәрі қалды-ай-ау»... «Өткені-ай, бәрі өткені-ай, өмірдің жаз бен көктемі-ай... Сары ала қаздар саңқылдап, сары ала күздің жеткені-ай... Біреуге өзім ынтызар, біреулер маған өкпелі-ай. Өткінші мынау өмірде, өтпелі, бәрі өтпелі-ай...»
Көлігімізге отырып, Бірлікті артта қалдырғанымызда, Есағаң: «Айналайын ағайын! Сендермен жерді бір басқан, сүйгізген, сүйген, мұңдасқан, өмірі өлең, жыр-дастан, менде де арман жоқ шығар!..» – деп қоштасып тұрғандай елес берді. Көліктегі төрт жігіт дәл осыны әңгіме етіп, жолға түсе бердік.
«Арманым жоқ шығар!» дегенмен, ақынның арманы көп болатын. Соңғы сұхбатында «маған уақыт жетпей тұр» дегені естеріңізде ме? Өзі айтпақшы, «өте майда, өте жиіркенішті, өте-мөте пасық, сасық және қызуы демде тарап кететін алдамшы қызықтарға толы сұм жалған» оның есіл уақытын қор қылғаны өтірік пе? «Алдай-ауда» сол қайран уақыттың қайырылмай кеткеніне де өкініші тұр. «Аға» деп барсаң ағаңа, ағаның көңілі көкте жүр. «Бауыр» деп барсаң бауырға, бауыры оның – көк темір. Туысқанға – туа жат, жолдасыңа – жүре жат, менен де осы өтті өмір» деген-ді Есенқұл аға.
Қалай дегенде де, қарапайым адамдардың ортасында қарапайым ғана тіршілік кешсе де, Есенқұл ақынның өмірі – жыр-дастан.
Есағаң мәңгілік мекенге жол тартқанда, газеттердің басым бөлігі, сайттар түгелге жуық «Айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбек дүниеден озды» деп хабарлап жатты. Қарадай жыным келді!.. Ақын ғой ол! Шын ақын ғой! Айтысты қойғанында туған баланың өзі қазір 20-дан асты емес пе? Біз қашанғы ортақ пікірлермен өмір сүре береді екенбіз?..
Алматыға бір келгенінде Жазушылар одағының шығыс жағындағы «Льдинка» кафесінде түстенгеніміз есімде. Есағаңның телефонында Евгений Доганың «Мой ласковый и нежный зверь» композициясы жүр екен. Маған өте қызық көрінді. Жүзімдегі сұрауды бірден танып: «Осының иірімдері ұнайды бір түрлі», – деп күліп еді сонда. Шынында да, иірімдері жан толқытып жіберетін тамаша туынды ол. Жүйрік қиялым Есағаңның оңашада осы композицияны тыңда-ап, темекі шегіп отырғанын көз алдыма дереу әкеле қалды да, сүйсініп кеттім. Ер жасынан асқан жанның осындай иірімдерге балаша елігетінін жақсы көріп тұрдым.
«Жас қазақта» жүргенде Жанарбек, Нұрғиса үшеуіміз Ұзынағашқа тартып отырдық. «Кішкентай Қазақстан» жобасы аясында шағын ауылдың тіршілігін боямасыз көрсетуге тиіс едік. «Есағама барайық, сол кісі тауып береді» деді Жанарбек. Айтқанындай, ақын барлық шаруасын жиып қойып, бізді Шиен ауылына бастап кетті. Қайтарда Жамбыл мұражайына соғып, Құран бағыштадық. Нұрғисаның фотоаппараты тыным тапқан жоқ. Сол күннің естелігі – аппақ қардың аясында езуіне темек қыстырып, жылы жымиып тұрған Есенқұл ақынның суреті. Қасында біз де бармыз.
Ақынмен қоштасу рәсімінде де, қонақасы берілгенде де – бірде Ақанның, бірде Алманың орындауында – «Алдай-ау» ойнады да тұрды. Есенқұл ағам жұртпен солай қоштасып жатты.
Үйге келгесін, ғаламтордан «Алдай-ауды» тағы тыңдадым. Ақан да, Алма да, Бекжан Тұрыс ағам да, Әлия Әбікенова да жақсы орындапты. Қанбай тыңдадым.
«Өмірдің өгей пендесі» болсақ та, «өлеңнің шертіп қылын бір, өзімізді-өзіміз жылындырып» жүрміз, аға!..
Есей Жеңісұлы

«АРМАНСЫЗ» АҚЫН...

Баяғы бала күнімде ақындарды басқаша елестетінмін... Алматыға барсам, соларды тірідей көрсем деуші едім. Алматыға келдім, ақындарды көрдім. Сөйтсем, ақын дегендеріңіз мен ойлағандай емес екен. Қарапайым адамдардан түк айырмасы жоқ. Өмір сүруі де, жүріс тұрысы да, мінез-құлықтары да. Оларды ақын деп ерекшелеп тұрғаны сол жазған өлеңдері ғана екен. Ал, мен басқаша елестеткенмін. Олар адамша емес, ақынша өмір сүреді деп ойлағанмын. Бұрынғы өткен ақындар туралы естеліктерді көп оқығандығымнан болса керек. Әсіресе Мұқағали туралы естеліктер жинағы мен «Жас алаш» газетінің әр аптаның бейсенбі күнгі нөмірінде жарияланатын Қадыр Мырза-Әлінің «Жазмышы» қатты әсер етсе керек. Сондай ортаны, сондай ақындарды іздеп келген мен іздегенімді таппадым. Керуен кері айналып, құндылықтардың орны ауысып кеткен кезеңде ақындарымыз да абдырап қалса керек. Ақынша өмір сүретін бір ақын Әбдіраштың Жарасқаны еді, ол да сол мен келген жылы қайтыс болып кетті. Одан кейінгі ақын осы Есенқұл ағамыз еді.
Ақындығы өлең жазғанда ғана естеріне түсетін үстел басындағы ақындардың арасында жылы жымиып жүретін Есенқұл ағаның орны мүлде бөлек еді. Ол кісі айрықша еді. Ол кісі жаңа өмірге бейімделген жоқ. Сол өзі дүниеге келген ғасырдағы ұғым түсінігінен айнымаған күйі ғұмыр кешті. Жұрттың барлығы тұрмысын түземек болып тиын қуалап, бақ пен мансаптың бәйгесіне түсіп алашапқын болып жүргенде ол кісі жылы жымиып жүре берді. Ойлап қарасақ, нағыз өмірді сол кісі сүріпті ғой. Дүние соңына түсіп, сол жолда уақытын текке өткізіп, жиған дүниесінің қызығын көрместен о дүниелік болып кеткендерді көргенде, Есағаның әр күнінің салтанаты келіскеніне көзіміз жете түсетіндей. Ол кісі нағыз ақынша өмір сүргісі келді. Ақын болып ғұмыр кешкісі келді. Және солай болды да.
Әсілі, «Стиль – автордың өзі» дегеніңіз рас сөз. Ақынның әр өлеңі өзі еді, өзіндей еді. Есаға отырған ортасында, ағайынға, алдыңғы толқын аға мен кейінгі толқын ініге қандай сүйкімді болса, дәл өзіндей қарапайым поэзиясы да жалпы халыққа сондай сүйкімді еді. Ол кісінің өлеңдерінің дәл өзіндей бір жағына қисайыңқырап тұратын қарапайым болғаны да сол өз табиғатынан алыстамағандығында шығар. Қазақ поэзиясындағы галстук таққан өлеңдердің арасында ағамыздың қазақы қоңыр шекпен киген өлеңдері ерекше ыстық көрінетіні де жасырын емес. Шынайы, қарапайым.
Біз оқитын өлеңдерді жазып, өзімен-өзі қоңыр тірлік кешіп жүрген біз іздеген ақын бізді іздейді деп кім ойлаған. Иә, ол кісі мені де көп інілерін іздегендей іздепті.
Бір күні Жазушылар одағына келе қалды. Арбакеші бар ағамыз ақ «Нивасының» алдында отыр екен. Амандастық. Біраз әңгімелестік. Не жазып жүргенімді сұрады. «Жаз, жазудан басқа не қызық бар?» – деді. «Рауғаш ерте гүлдейді» деген кітабымды бердім. Бұл кітап өзімде санаулы ғана еді. Оқиды-ау деген адамдарға ғана беріп жүретінмін. Басқа-басқа Есағаның оқитынына сендім. Ол кісі кітаптың мазмұнына бір қарап алды да, «үйге барып асықпай қараймын», – деді. Оқитынына сендім.
Арада біраз уақыт өткен. Есағамыздың шығармашылығын, өзін жақсы сыйлайтын бір қарындасы хабарласты. – Қазір саған Есенқұл аға хабарласады. Номеріңді сұрап жатыр, – деді.
Арада жиырма минуттай өткенде Есенқұл аға телефон соқты. Жол жүріп бара жатыр едім, көлікті тоқтатуға тура келді. Тарифтен хабары жоқ ағамыздың қанша бірлігінің кеткенін білмеймін, әйтеуір біраз сөйлестік. Өзіндей, өлеңіндей жып-жылы пікірлерін жаудырды. Мақтағанды ұнатпайтын едім деп өтірік айтпай-ақ қояйын, жылы сөзге жан семірткенді жақсы көретіндердің бірі болғасын, жақсы сөзге, онда да өзім адамдығын жақсы көретін, ақындығын жоғары бағалайтын Есағамның бағалауынан бас айналдырғаным анық. Рахмет, аға, рахмет деумен болдым.
Есаға әдемі пікірін шақырумен аяқтады. «Әй, сен осы ауылға келсеңші. Ет асайық, асықпай жатып әңгімелесейік, менде саған айтатын әңгіме көп», – деді. Өзінің басынан кешкен оқиғаны жазбақ болып неше оқталған екен. Бірақ қолы жүрмепті. Соны маған «сен жазшы, сенің оң жамбасыңа келеді» деді. Мен келісімімді бердім.
Қу тірліктің кесірі ғой, әне барамын, міне барамын деп жүргенде Есағаның өзі келді. Жазушылар одағына. Мен кешірім сұрап әлекпін. Ол кісі түк те ренжімепті. Бір тыныштау жерге барып шай ішіп отырып әңгімелесейік деп едім, келер жолы деді. Содан қазірше деп оңашалау кабинетке барып жайғастық. Ол кісі әңгімесін айтып берді.
Есенқұл аға негізінде менің балалар туралы, балалық шақ туралы жазған әңгімелдерімді ұнатқан. Өзінің де балалық шағы туралы айтар деп ойлағам. Бірақ, сол күнгі кездесуде мың болғыр ағам басқа тарапқа тартты. Әңгімесі мен күткен сүрлеуге емес, басқа жаққа бастады. Аузым аңқиып отырып қалыппын. Иә, әңгіме балалық шақ туралы емес, мүлде басқа тарап еді... Мұң мен сыр. Жасырақ кездегі хикая екен. – Сен осыны жазшы, – деді.
Жазғым-ақ келді. Бірақ, көңілінен шықпай қала ма деп қорқасоқтап жүрдім. «Өзім жаза алмай қойдым» деген сөзі-ақ аңғартып тұр емес пе, талабының жоғары екенін. Әйтпесе, өзі жаза алмайтындай не болыпты? Жазуын жазармын-ау, бірақ сол жазғанымды жақсы аға жаратпай тастаса, қайыра қалам ұстау қиынға соғар деп қиналып жүргенде жаманат хабарды естіп есімізден айырылып қалдық.
Есағамыздың аманаты алдағы уақыттың еншісінде. Орайы келген күні жазылар. Бірақ ағамыз айтқан әңгімені жеткізу жағы қалай болар екен деп тартыншақтап жүрген жайымыз бар. Кімнің қалай қабылдауы бөлек мәселе, айтқанын айнытпай жазғаным дұрыс шығар деп ойлаймын.

 

«Мен де алпысқа келіппін-ау, о, сұмдық,
Бұл өмірде енді кімге қосылдық?
Шал да болмай, жас та болмай тосылдық.
Үйрене алмай үйреншікті сөздерге,
Төрде отырып төрдің сәнін кетірдік» –
деп басталатын өлеңі ақын ағамыздың артына бір бұрылып қарағаны екен ғой.
Шынымен-ақ, Есен ағамыз жас болмағанымен шал деуге де келмейтін жаста кетті. Өйткені ол кісінің сергектігі мен елгезектігі, шығармашылықтағы шау тартпаған шабыты мен деген жасты он орайтын еді-ау. Бірақ, неге уақытым босқа өтті деп қамықты екен?

 

Күздің жылы күндеріндей күлімдеп,
Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп.
Уақыттың босқа өткені болмаса,
Бұл өмірде жоғалтатын түгім жоқ.
Елге де өкпе айта алмаймын мен де аса,
Өз жанымды өзім өттім жұлып жеп.
Шығармашылық адамы болғаннан кейін, онда да ақындық болмысынан айнымағаннан кейін жанын жұлып жейтіні анық қой. Бірақ, осынша мағыналы өмірімен, бай шығармашылық мұрасымен неге «уақыттың босқа өткені болмаса» деп қамықты екен? Босқа өткендердің өмірін көріп жүрміз ғой. Ал олардың қасында Есағаның әр күні мәнді өтті емес пе.

 

Амалым не, алпыс міне кеп қалды,
Алпыс деген абырой ғой ақ қарлы.
Бір қиыны жаңалықтың барлығы
Маған неге көрінеді жаттанды.

 

Шыныменен бұл өмірді сүрдік пе?
Шыныменен алпыс жасқа кірдік пе?
Өмір бақи өткендеймін мен осы,
Үйрене алмай үйреншікті тірлікке.

 

Үйреншікті тірлікке үйрене алмай кеткені анық. Онысын ел біледі. Үйрене алмай кеткені де сол нағыз ақындығында шығар. Өйткені нағыз ақын қу тіршілікке келгенде құмырсқадан әлсіз екені белгілі ғой.

 

Көрдік талай қоғамдар мен заманды,
Сол кездерден көңілімде не қалды?
Бар заманның жазылмаған заңдары,
Өмір бақи ауыздықтау адамды.

 

Албырттарды шақыратын елдікке,
Шыныменен біз де алпысқа келдік пе?
Ішім кеуіп кетті ме екен іш пысып,
Қарным сыймай бара жатыр белдікке, – деп түйіндейді осы бір өлеңін.
Шыныменен біз де алпысқа келдік пе деп балаша мәз болып, таңданып жүргенде арамыздан кете барды. Алласы алпысты бұйыртқанымен алпыс бір жасты маңдайына жазбаған екен. Тәубе, өкіндірмес іс тындырып, өкінбес ғұмыр кешті емес пе. Өмірі өнегеге айналған адамда не арман бар? Ағамызды армансыз дер едім. Мүмкін менікі қателік шығар.

Бейбіт САРЫБАЙ.

ӘЗІЛ АЙТЫСТЫҢ ЖҮЙРІГІ ЕДІ

Есенқұл ағаны алғаш 1992 жылы жазда Алматыға оқуға түсуге барған кезде көрдім. ҚазҰУ қалашығында өтіп жатқан қабылдау емтиханына жиенін алып келіпті. Сол уақытта айтыста жұлдызы жанып тұрған атақты ақынға жақындауға батылым бармай, алыстан қызыға бақылап тұрған бала көңілім есімнен кетпейді.
Бірінші курстың күзінде болуы керек, мені Есағаңа курстасым Мұхаметжан Тазабеков ертіп апарды. Біздің келгенімізге қуанған ақниет ағамыз құрақ ұшып қарсы алды. Көрші-қолаңын жинап үйінде түнімен кәдімгідей шағын той жасады. Есағам таңға дейін ұйықтамай өзінің қызық айтыстары мен әндерін үйретті. Арасында ағыл-тегіл өлең оқиды. Біз өлеңін жатқа оқитын белгілі ақындар туралы естеліктер айтады. Атағы Алатаудай ақынның бізді баласынбай, үлкен адамдарша күткеніне сол кезде қатты риза болып едім. Студент кезімізде Алматының іргесіндегі Ұзынағашқа Есенқұл ағаны іздеп жиі барып тұрушы едік. ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында қызмет істеп жүрген кезімде де маған айтыс мектебіндегі шәкірттерін ертіп әкеліп жүретін.
Есенқұл аға сатиралық айтыстың саңлағы еді. Сан қырлы өнерді бойына жинаған нағыз талант болатын. Ешқандай атақ-даңққа қызықпай, қоңыртөбел ғана тіршілік кешті. Астанаға көшіп келгеннен кейін Дәулеткерей, Балғынбек үшеуміз ағамыздың айтыстарын көптеген жиын-тойларда насихаттап жүрдік. Соңғы бір кездескенде оны өзіне айтып едім қуанып қалған.
«Нұр Астана» газетінің бетінде «Ақындар айтқан екен» деген айдармен айтыстағы тапқыр әзілдерін жарияладым. Есағамның философиялық ән-термелері де біздің ортаның сәні еді. Поэзиясы өзінше бір парасат биігі болатын. Ағамыз үлкенге сыйлы, кішіге қамқор жан еді ғой. Осындай ағамызды бүгін өмірде жоқ дегенге көңіл сенбейді. Амал қанша! Жаның жәннатта болсын, аяулы Есағам!

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ.

СОҢҒЫ БЕЙНЕ

«Айтылмаған әңгіме» ток – шоуының кадр сыртындағы қарбаласқа толы қым-қуыт тіршілігі қайнап жатқан кез еді. Шығармашылық ұжымның ұйғарымы бойынша ең соңғы түсірілім дарабоз ақын Есенқұл Жақыпбектің 60 жылдығына арналмақ. Хабар кейіпкері ескі әдетіне салып, түсірілім алаңына елден ертерек келіп алды. Уақыт ұтпақ ниетте ол кісіні әлі түсіріліп үлгермеген бағдарламаға қуана сарапшы ретінде қатыстырдық. Осы аз ғана уақыт мен үшін тарихи сәтке айналарын сезіп пе едім сол кезде?!
Өмірде жүзінен күлкі кетпеген сол баяғы күлімсіреген қалпы көз алдымнан күні бүгінге дейін кетер емес. Бағдарлама басталмас бұрын жанына барып: «Аға, бүгінгі бағдарлама сіздің өміріңіз бен шығармашылығыңызға арналады. Біз қойған сұрақтарға шынайы жауап бересіз ғой?!» – дедім. Сол кезде ағам жымиып, қарапайым қалпымен: «Аман, бауырым, саспа!» деп өзімді сабырға шақырғанда менің де жан дүнием тынышталып қоя берді. Шығармашылық топ дайын болып, біз түсірілімді бастап кеттік. Талай тағдырлы тарландармен сырластырған «Айтылмаған әңгіме» – мен үшін үлкен мектеп еді. Ал солардың ішінде Есенқұл ағам қалыбы бөлек ардақты жан дер едім. Жауаптары шынайы, жүрегіне жасырып қалғаны жоқ, бұрын-соңды еш жерде айтылмаған әңгімесін ақтарып жатты. Әзілге бағытталған сұрағыма әдемі әзілдерімен, балалықпен қойған сауалдарыма даналықпен жауап беріп ерекше бір толқыныс сезімнің үстінде отырғаны байқалып тұрды.
Өзін бағдарламаға арнайы құттықтап келген өнер иелерімен емен- жарқын қалжыңдасып, қарапайымдылығымен көпке үлгі болып, жан сырын ағыл-тегіл ақтарудан тартынып қалмаған жарықтықтың жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Ағамның шынайылығы мен қарапайымдылығы соншалықты аңғалақтап отырып, үйдегі жеңгемізді алдап, ауыл сыртында күтіп тұрған іңкәріне қалай жеделдетіп жеткенін баршамызға айтып берді. (күліп алды) Осы жүздесу барысында бір өкінішпен еске алатын сәтім бар. Барша өнердегі бауырлары мен қарындастары құттықтап жатқан кезде, ардақты ағам маған қиыла: «Аман, Саят Медеуов бір ән орындасыншы» деген еді. Сол өтінішін құзырымыздағы қысқа уақытқа сыйдыра алмадық. Бірақ өткінші өмір өкінішсіз болуы мүмкін емес қой.Сөйтіп бір жарым сағатқа созылған бағдарлама түсіріліп бітті. Есенқұл ағамның екі езуі жиылар емес, бағдарлама ұжымына дән риза. Ағамды сыйлайтын аға-бауырдың бәрі жиылған. Сөйтіп соңғы түсірілімді аяқтап бізде тарқастық. Ал ертесіне таңертең күнделікті әдетімше ұйқыдан тұрар-тұрмас ұялы телефонымды ақтара бастадым. Ғаламтордағы соңғы жаңалықтардан бір тәулік өтпей тұрып, бетпе-бет бүкпесіз сырласқан, ағалы-інілі ретінде қол алысып тарқасқан Есенқұл Жақыпбек өмірден өткендігінен хабардар болдым. Әрине, өз көзіме өзім сенбей, біраз есеңгіреп қалғанымды да жасырмаймын. Кеше ғана арқа-жарқа әңгімелескен адамың, айналдырған алты сағатта өмірден өтіп кетті дегенің қандай жағымсыз жаңалық екендігін тек сезіну қажет.
Болашақта Есенқұл ағамыз жайлы түрлі бағдарламалар жасалып, жарыққа шығып жатар. Бірақ бәрі «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасындай болмайды, себебі осы бағдарламада Есенқұл ағамның өзі бар, сөзі бар, қуаныш пен шаттыққа толы көзі бар. Мен үшін Есенқұл Жақыпбек – Қазақ поэзиясының шыңына біткен ең қарапайым шынар. Алла сізге мәңгі өмірдің бақытын нәсіп етсін.

Аман СҰЛТАНҒАЗЫ, тележүргізуші.

БІР ӨЗІ БІР ЕЛ ЕДІ...

«Мені төрелеп төрге отырғызады, алдыма бас қойып, бата сұрайды ел. Бірақ соның бірі де маған қызық емес. Жаным жалғызсырайды ғой менің! Келіп тұрсаңдаршы, Розкен, ей! Күйбең тірліктің құлы боп кеттім ғой мен» дейтін Есағам». Титтей бізден не күтеді? Тау сияқты басымен төбедей менен жанына не табады?» деп мен үнсіз жымиятынмын... Осы сөзін және әр барғанымда айтатын. Қатты қуанып қалушы еді... Арамыздан «алыс сапарға» аттанып кеткен күні мен сол жалғыздықты анық сезіндім!.. Қайран, Есағам! Есті ағам!
Сен барда кең жайлауым бар еді. Қаланың шуынан шаршап, жаным жабырқағанда өзіңе қарай тартып кеуші ем... Саған барсам жүдеген жаным түлеп, жаңбырдан кейінгі бусанған дала сынды дарқан күй кешіп қалатынмын... Содан ән туатын, содан бар әлемге бір мейірбан көзбен қарап, тағы бір тынысым ашылғандай күй кешіп қайтатынмын...
Өлеңіне ұқсайтын ақын көп емес қой!.. Есағаңның өзі де өлеңі сияқты шынайы еді. Ол өтірік күлмейтін. Кісімсімейтін. Асқақтамайтын!.. Керісінше өлең оқып, ән салсаң жас балаша қуанып, жас балаша шаттанатын!..
Есаға жайлы жаз дегенде қатты қиналдым. Жазғым келмеді!.. Қағазға түсетін әрбір әріп жанымның жасымен төгілетінін сезгендіктен... Сағынғанымды сездіретіндіктен...
Аңғал досым-ай! Адал досым-ай! Аппақ досым!..
Сен кетті дегенде ботадай боздағаным-ай! Сенбегенім-ай! Әншейінде ақ қар, көк мұзға қарамай шауып баратын Ұзынағаштың сонша бөтен тартқаны-ай!..
Сен барда «төркінім» санайтын ел енді күтпейтіндей... Енді ол жақта ешкімім жоқтай... Ұзынағаш қана емес, қазақтың кең даласында мені біреу іздемейтіндей...
Ол барда өлең бар еді, жайнаған өмір бар еді. Сайраған тіл, көлдей тасыған көңіл бар еді!.. Бір өзі бір мекен еді! Бір өзі бір ел еді!.. Енді кім жаны жасарып жайраңдап қарсы алады екен?! Ешкім де!.. Ол күлсе күн күлгендей еді!..
Ағатайым мені ғана жақсы көретіндей көретінмін. Мені ғана күтетіндей асығушы ем. Сөйтсем, ол өлең сүйген әр қазақты өзіндей жақсы көреді екен ғой!..
Әр барғанда біраз ақынды жиып апаратынмын. Бірде Жарас Сәрсек, Роза Сейілханмен бардық. Сонда Роза күледі. «Мен өз еліме өзім бөтен адаммын. Көп келе алмаймын. Ал сен осы ауылда туған сияқтысың» деп… Өзін де, өзгені де серпілтетін асыл ағатайым! Жаның жаннатта болғай!

Роза ӘЛҚОЖА. Әнші.

ОЛ – АҚ КӨҢІЛ, АБЗАЛ ЖАН ЕДІ...

Сол жылы Ұзынағаш ауылындағы Өнер мектебінен ақындар сыныбы ашылды дегенді естіп, жетекшісі белгілі ақын Есенқұл Жақыпбек екенін білген соң, жар құлағым жастыққа тимеді. Қайтсем де, осы өнер мектебіне барам да, барам 15е пана-анамның мазасын кетірдім. Ақыры болмаған соң анам, сол өнер ордасына ертіп апарды. Ғимаратқа кірдік. Жүрегім алып-ұшып барады. Ұзын дәліздің бойындағы есіктердің сыртындағы тақтайшадағы жазуларды оқып келеміз. «Ақындар сыныбы» деген есіктің қасына тоқтадық. Анам ішке кіріп кетті. Шамалы бөгеліп қайта шықты. «Жүр, шамалы күте тұрайық», –деп терезенің алдын меңзеді. Бірнеше минуттан соң, орта бойлы, ақшыл сары, көздері көкпеңбек, сұйық қоңыр шаштарын қайтарған ер адам күліп бізге қарай беттеді. «Ағаңмен амандас», – 15е панам сыбырлай үн қатты. «Сәлеметсіз бе, Есенқұл ағай», – дедім. Ол күлімсіреп, басымнан аяғыма дейін сынай қарады. «Есімің кім, ботам?» – деп еркелете сұрады. «Меруерт» – деп наздана жауап бердім.
– Ал, бір өлең оқып жіберші? – деп өтініш білдірді.
Сиясы кеппеген «Ана» деген 4 жолдық өлеңімді сырылдатып оқып бердім.
Ол сәл үнсіздіктен кейін: Ой, бәрекелді, жақсы екен, – деп маңдайымнан сипады. Көздеріне қарадым, мейіріммен нұрланған тұп-тұнық көк теңіздей. Жанарына сүңгіп кеткім келді. Дәл сол сәттен бастап, өмірден екінші әкемді таптым.
Содан бері табаны күректей 22 жыл өтті. Жан ағамның шапанының астында жүріп бойжеттім. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өмір сырын үйретті. Ақындығы бір төбе. Ал, адамгершілігі мен қарапайымдылығы бойтұмары. Ол – тірегім, қорғаным еді. Өмірдің әрбір сәтін ұстазыммен бөлісетінмін. Мінезім тік, ешкімді бетіме қаратпайтын өжеттігіме қарап, «айналайын, ұл кеуде болсаң да, жолың жіңішке», – деп кейбір тентек мінезіме басу айтатын. «Аға, тұрмысқа шығайын деп едім» деп, алғаш айтқанымда, ол: «Алла тағалам осы сені ұл ғып жаратқанда, талай-талай додаға түсірер едім. Әттең-ай, әттең. Табиғат заңы – тұрмысқа шығу, ана болу парызың. Тұрмысқа шығып алған соң, жаман ағаңды ұмытып кетпе. Кітаптарымды шығаруың керек», – деп мұңайып еді.
Былтыр туған күніне орай кеш өткізбекші болды. «Тезірек келіп кетші», – деген соң, алып-ұшып редакцияға келдім: «Осы сен байға шыққалы, мүлдем қоғамнан алыстап кеттің. Әлде отбасың қарсы ма? Бірақ, енеңнен қорықсаң, әдебиетке келме деген пікір бар» – деп ішек-сілемді қатырып еді.
Есағамның айта берсем, қызығы көп. Оның қасында 10 минут тұрғанның өзінде күш-жігер жинаушы едім. Өнер мектебінен дәріс алып жүрген кезімде аудандық, облыстық жастар айтысына шығатынбыз. Бірде Жамбыл бабамыздың туған күніне арналған дүбірлі дода өтті. Ұлттық киімім мен домбырамды бір талдың түбіне қойып ұмытып кетіппін. Айналып келсем, заттарым жоқ. Айтысқа шығуыма жақын қалды, джинси, кроссовкамен жүрмін. Есағам мені көріп: «Ұлттық киімің қайда, домбыраңды ұстап жүрмейсің бе?», – деді. «Аға, киімдерімді, домбырамды жоғалтып қойдым», дедім. Ол ұрсуды білмуші еді. «Ой, ой, иттің қызы-ай, мені құрттың ғой», – деп азар да, безер болды. Сол жолы джинсимен сахнаға шығып, нәтижесінде Есағама аудан әкімі оңдырмай ұрысты. Сонда да, даусын көтермеді. Көздері күндей күліп тұрушы еді.
Тіршілігінде, ешкімнің ала жібін аттамаған, еш пендеге алабөтен ой салмаған, момын, қоңыр ғана үні бар абзал жан еді. Әзілдей отырып түрлі тарихи әңгімелер, сан қилы аңыздар айтып санама сіңірді. Өмір болған соң кейде мұңаясың, кейде қуанасың дегендей. Бір нарсеге ренжіп, тауым шағылған сәтте Есағамның иығына басымды қойып шерімді тарқатушы едім. Оның жүрегі кең. Бәрін-бәрін қас-қабағымнан ұғатын. Жұрттың бәрін «жақсы адам» деп танитын. Жан ағамның осы бір асыл қасиетін аса бағалайтынмын. «Алла ешкімді жаман ғып жаратпайды. Шыр етіп, өмір есігін аттаған әрбір сәби таза, пәк болып анадан туылады. Жаман қылықты өсе бара бойына сіңіреді», – деуші еді.
Студент кезімде әр жексенбіде Есағамның үйінде болатынмын. Бір апта жазған-сызғандарын оқып беретін. Ол өлең оқығанда үнсіз тыңдасам мұңайып қалатын. Себебі, ол өлең оқылғанда демеп отырғанды ұнатушы еді. Сол сырын біліп алдым да, кейіннен ол өлең оқи бастаса, «туһ, пах, шіркін», – деп қоямын. Ол балаша қуанып, делебесі қозып одан бетер шабыттана түсетін. Оның жазуы түсініксіз еді. Қисық-қисық жазуына қарап: «Охо, сурет салып тастапсыз ғой», – деп әзілдеймін. «Ұлы адамдардың жазуы осындай шимай-шатпақ болады екен», – деп сөз тауып кететін. Расында, Есаға – ұлы тұлға, нар перзент. Мұндай даналықты, парасатты, қарапайымдылықты тек нағыз марғасқалар ғана көкірегіне сыйғыза алады емес пе?!
Үйінің жанында сай-саланы қуалай Ұзынағаш өзені ағады. Әсіресе, көктем айларында табиғат тамашалап, сол иірімді жағалай сырласушы едік. Ол әр отырысында өнегелі әңгіме, өсиет сөздермен сусындатушы еді. Еш кіршіксіз, таза көңілінен шыққан жалынды жырлары көпшіліктің назарына ілікті. Әдемі әнге айналып иісі қазақтың көңілінен орын алды.
Жуырда қоңырау шалып: «31 арнада шығармашылық кешімді өткізбекші. Өлең тыңдайтын жастарды жинап барсаңшы. Біраз сергіп қайтасың», – деп өтініш білдірді. Балаларым жас. Қарт ата-енем бар. «Аға, бармасам, ренжімеңізші. Ыңғайы келмейтін сияқты», – деп едім. «Ой, сен адам емес екенсің ғой. Мен 60 –қа кеп жатқанда үйіңде қарап жатасың ба?», – деп ренжіді. Ары-бері толғанып, барайын деп шештім. Қасыма Есағам айтқандай өлең түсінетін он-шақты жасты жинап Алматыға қарай тарттық. Жолға шыққан бетте Есағама қоңырау шалдым. «Аға, қай көшеге барайық, қайдасыз?», – деп едім. Ол: «Ой, білмеймін, Розыбакиеваның бір жерінде отырмын, өзім де білмеймін», – деді. Бұл сөзіне бәріміз ду күлдік.
Әйтеуір, 31 арнаны тауып бардық. Студияға кірсек, ақ диванда әп-әдемі боп күлімсіреп Есаға отыр екен. Қасына барып амандасып, орындыққа жайғастық. Бағдарлама басталды. Өте қызықты, мазмұнды отырыс өтті. Өз өмірі, шығармашылығы жайлы тереңнен ой қозғады. Әндері шырқалды. Күңіренген қоңыр әуендері баршаның жүрегін селт еткізді. Көздеріне жас алып,тебіренбеген жан қалмады. Әнші Мейрамбек Беспаевтың Есағаның сөзіне жазылған «Өмір өтті» әні орындалғанда баршамыз ойға шомып кеттік. Ән соңында Мейрамбек оның айтыстағы әзілдерін айтып еді, көңілі марқайып шын қуанды. Жанарындағы шексіз қуанышты сезіп, ұғып отырдым. Сол кеште ол өте көңілді еді. Езуі жиылмай жымиды да тұрды. Қазақ елінің есінде осы әдемі күлкісімен сақталып қалғысы келгендей. Марқұм уақыты біткенін білгендей, бар өмірін сарқып өтті, бұл бағдарламада расымен айтылмаған әңгімесі қалмады. Ата-ана, өскен орта, махаббат тақырыбында сыр шертті. От болып жанған сезімнің, шоқ болған сәтіне дейін баяндады.
Үйіне келіп жұбайы Меңсұлумен шамалы әңгіме құрады. Қаза болған намаздарын оқиды. Кенет, шырт ұйқыда жатқан жеңге ағаның зорығып шығып жатқан даусынан оянып кетеді. Алланың маңдайға жазған күні бітті. Дәм-тұзы таусылды. Жылай-жылай жанарымыз құрғады. Оның әрбір әңгімесі – қызықты. Әрбір қылығы естен кетпейді. Көңіл айтып ағыл-тегіл жылап келген халықтың ықыласынан қандай адам екенін байқауға болады. «Есағам осылай деп еді», – деген сан мыңдаған естеліктер естіген сайын еріксіз жанарыма жас үйіріледі.
Аудан әкімі Махаббат Садуақасұлының ұйымдастыруымен Ұзынағаш орталығында үлкен қоштасу өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қауым егіліп жылап, асыл ерін, алаштың ардақты ұлын мәңгілік сапарға шығарып салды. Мінгенің пырақ, ұстағаның шырақ, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Есаға!

Меруерт ОРЫНБАЙҚЫЗЫ.

КӨЗІМІЗ ЖӘУДІРЕП ҚАЛА БЕРДІК

Ел ішінде ешкімге бас ұрмайтын, жайдары мінезімен қайда барса да қойны мен қонышынан әзілі төгіліп жүретін аңғал ағам-ай. Сен өмірден өтті дегенде ерніміз дірілдеп, көзіміз жәудіреп, ботадай боздап қала бердік. Елді есеңгіретіп тастадың. Жұмыста күнде көріп жүріп, аяқасты көз жазып қаламыз деп ойламадық.
Мен еңбек демалысына шыққан кезім. Қалада болдым. Қараша айының басы. Күрең күз. Аптасына бір келіп, газет шығатын күндері көмегімді тигізіп жүрдім. Бір күні Есағам маған қоңырау шалып «Әй, Бақтияр, ертең жұмыс жаққа кел, телеарнадан келіп бізді түсіреді», – деді. Ертесі күні жұмыста болдым. Әріптестердің бәрі бір киерін киіп, құлпырып келген. Түске таман біз күткен тілшілер де келді. Жұмыс барысын түсірген соң тілшілер Есағаңды өз үйінде түсіруге кетті. Мен қалаға қайттым.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Бір күні таң бозынан ұялы телефоным шырылдап қоя берді. Ұйқылы-ояу жатып тұтқаны көтермедім. Бес-алты мәрте қоңырау шалып, жауап ала алмаған соң, хабарлама жазыпты: «Қайдасың? Есаға қайтыс болды...»
Сенерімді сенбесімді білмеймін. Нөміріне қарасам, жұмыстағы Керім екен. Есағаның көлік жүргізушісі. Қалжыңдап тұр ма десеңіз, таңғы сағат алтылар шамасы. Үрейлене бастадым. Жұмыстағы хатшы қызға қоңырау шалсам, тұтқаны лезде көтерді. Сұрауға батылым жетіңкіремей, тосылып барып:
– Арай, бәрі дұрыс па?
– Есаға қайтыс болды...
Төбеден жәй түскендей болды. Жүректің дүрсілі өзіме естіледі. Енді анық көзім жетті. Тұра салып ауылға тарттым. Сол кездері мен Есағамен көршілес № 101 үйде тұрушы едім. Мен жеткенде үйдің маңына неше түрлі көлік жиналып қалыпты. Шуылдап жылаған дауыс. Ары-бері сабылған адам. Ендігісі елге мәлім.
«Әлди де, әлди Бақтияр, әр нәрсенің уақыты бар», – деп маған қарап қарқылдап күлетін жайдары жүзі көз алдыма келе қалды. Өлді деуге дәтің бармайды. Сол түні кірпігім айқаспады. Есағаны көргеннен бергі уақытты көз алдымнан өткіздім. Өзімен өзі тізбектеле берді.
Ең алғаш Есағаны мектеп оқушылары арасындағы айтыстың іріктеу сынында көріп, танысқан едім. Ол кезде мен Самсы ауылындағы Телтай Сәрсенбеков атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Одан кейін жақынырақ танысуыма түрткі болған жайт мен жетекшілік етіп жүрген Жалғас атты оқушым болса керек. Өйткені алғашқы күні-ақ Есаға, – Әй, мына қара пәле қай ауылдың ақыны? Мұғалімің кім? А-а-а, сен бе? – деп маған қарап жымиып күлген.
Көзге түскен бірнеше оқушыны түстен кейін тағы келуге шақырды. Әдетінше сыртқа шығып шылымын шекті. Мен қасына таяп барып тілдеспек болдым. Жақындап келгеніммен не айтарымды білмей толқып тұрмын. Тақай бергенімде артына бұрылып маған қарады да, темекісін шертіп жіберіп, – Жүр, осы жерден әлденіп алайық, – деп шағын асханаға тартты. Мен аң-таңмын. Өкшелей кіріп келемін. Не деген қарапайымдылық. Бұрыннан танитын адамдай аңқылдап әңгімесін айтып, шекесі терлеп шай ішіп отыр.
Сол күні кеудемді бір қуаныш кернегендей жадырап жүрдім. Арада бір жыл өткен соң аудандық газетке жұмысқа тұрсам деген ниетпен түйіндемемді жазып, Есағаның алдына келдім. Жылы қабылдады. Қарсы алдына отырғызып алып:
Ал, жұмыс іздеп келіпсің, жазасың ба бірдеңе?
Иә аға, аздап жазамын.
– Тағы қандай өнерің бар? – деді.
Мен сәл кідіріп, «компьютердің құлағында ойнаймын, аға» деп едім, Есағаң қарқылдап күліп алды да құжаттарымды түгел көріп шығып, жұмыстағы ұжымның бәрін жинап мені бірден көпшілікке таныстырды. «Ертеңнен бастап жұмысқа кел» деді. Менің қуанышымды жүзімнен байқап тұрғандай. – Бақтияр, сен үйіңе қайта бер, ертеңнен бастап жұмысқа кіріс, – деп мерейімді тағы асырды.
Міне, сол күннен бастап екі жылға жуық Есағамның қасында жүрдім, тәрбиесін алдым. Соның бәрі маған деген үлкен қамқорлығы екен. Әттең, мәңгілік өмір жоқ. Енді күз келген сайын ол маған сағыныш болып қала береді. Құлағымызда үні қалды. Әдемі әні қалды. Жарқылдаған жыры қалды. Ендігі өмірін жыры өрбіткей.
Пейіште болсын орының, асыл Аға!

Бақтияр АЙТАЛЫ.

Материалдарды жинақтаған шәкірті Меруерт Орынбайқызы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста