Исахан Кемелбеков: "Әке аманаты"

Исахан Кемелбеков: "Әке аманаты"

Жақында алматы қаласындағы «Информ-Арна» баспасынан Исахан Жасымбайұлы Кемелбековтың «Әке аманаты» атты кітабы жарыққа шықты. Бұл кітапта Шұбартау ауданының баспасөз тарихымен ауданның ұмыт болып, естен шыққан бір кездегі ерлікке толы күндері баян етіледі. Кітап өмірде жасаған адамдардың басынан өткен оқиғаларға негізделген. Сол арқылы аудан тарихының кейбір кезеңдері көрініс береді. Автор осы еңбегін аудан газетінің сексен жылдығына және Ұлы жеңістің жетпіс жылдығына арнайды. Біз өз кезегімізде осы кітаптың кіріспе бөлімінен алынған үзіндіні оқырман қауымның ыстық ықыласына ұсынып отырмыз.

Мұнан аттай 80 жыл бұрын, Шұбартаудың аудандық газеті «Социалистік малшы» деген атпен 1935 жылдан бастап шығады да, кейінгі жылдары «Жаңа өмір» болып өзгертіледі. «Социалистік малшы» газеті ҚК(б)П-ның Шұбартау аудандық Комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің органы ретінде жарыққа шыққан. Редакция мен баспахана Баршатастың өзінде болған. 1942-1949 жылдар аралығында «Социалистік малшы» газетіндегі редакторлық қызметтін әкем Жасымбай Кемелбеков атқарған екен. Өмір жолын 1930-1932 жылдары №5 ауылда мұғалімдіктен бастаған әкем Жасымбай Кемелбеков соғысқа дейінгі жылдары ҚКП аудандық комитетінде бөлім меңгерушісі және кадр жөніндегі секретарі қызметін атқарады. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ майданға сұранады. Алайда әкемді Аягөздің темір жол вокзалынан әскери эшелонмен майданға аттанып бара жатқан жерінен бронмен елге қайтарады. Облыстың басшылығы әкеміздің ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігін ескерген болса керек. Ж. Кемелбековке өз жұмысына шын берілген, саяси білімді, шебер ұйымдастырушы деген мінездеме берілген. Ендігі жерде, қысқа уақытта ауданның барлық үгіт-насихат және баспасөз жұмыстарын соғыс жағдайына бейімдеуге міндетті болды. Сол себептен де үгіт-насихат және ұйымдастырушылық жұмыстарын тек жеңіс жолына бағыштауға күш салды. 1942 жылы ҚКП аудандық комитетінің бюросы қаулысына сәйкес «Социалистік малшы» газетінің жауапты редакторлығына бекітілді. Ұлы Отан соғысы жылдары «Социалистік малшы» газеті ауданымыздың халқын жеңіске жігерлендірді. «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!» атты айбынды ұранды алға тұтты. Газеттің әр санында майдандағы жерлестерінің ерлiк iстерi баяндалған мақалалар мен жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосып жатқан колхозшылардың еңбек қарқынын төмендетпеуге шақырған материалдар көп болды. Ол кездері редакцияда өзінен басқа секретар мен әріп теруші - Ғалия Әуесбаева ғана болған. Басқа әдеби қызметкер деген болмайтын. Майдан хабарларын соңғы сағаттарға дейін радиодан күтіп, соңғы жаңалықтарды қазақшаға аударып, оқырмандарға барынша жылдам жеткізуді мақсат еткендіктен әкем редакциядан бір адым да ұзап шықпай жұмыс жасады. Баспаханада Ғалия Әуесбаева қорғасын әріптерді қолмен теріп, гранкі жіппен байлап дайындайтын. Газет екі бет болып жетісіне бір рет шыққан. Таралымы 900 дана болған. Бағасы 15 тиын. Соғыс жылдарындағы бар қиыншылықтарға қарамастан үзбей шығарылған. Ғалия апа бір көргенен, тіпті бір бет болсын, екі бет болсын газет текстін түгін қалдырмай жаттап алатын ерекше зеректігі болса керек. Ол кісі Сарының Түйте атасы жағынан бізге туыс болып келетін. Әкеммен замандас болып, көзін көргендердің бірі Сейсембай Бәуов:- «Жасекең қандай істі алса да тындырымды, таза, ұқыпты істейтін. Әрбір сөйлем ғана емес, әр сөздің дұрыстығы үшін барын салатын еді. Газетке басылатын мақала ғана емес, алуан түрлі іс қағаздарының сөзіне де осылай қатаң қарар еді. Бүгінгі істі ертеңге қалдыру, шала істеу оған жат мінез еді» деп жазады [1].  
Расында да әкеміз қол қойған газеттерді, ақтара отырып, ешбір орфографиялық немесе емле қателерін кездестірген жоқпын. Ол жылдары елде темірдей қатаң тәртіп болғандықтан әрбір жарық көрген мақалалар мазмұны үшін редактор басымен жауап беретін. Өйтпеген уақытта жауды жеңу мүмкін емес еді. Әсіресе Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің бұйрықтары, партия мен үкімет басшыларының сөздері, «Правда» газетінен көшіріліп басылатын бас мақалалар қазақ тіліндегі аудармасын теруге қатты көңіл бөлетін. Өйткені 1940 жылы кирил жазуы негізінде қабылданған қазақ жазу әліпбиінде 42 әріп енген: 33 орыс әліпбиінің әрпі және 9 өзіндік қазақша әріп Ә, Ғ, Қ, Ң, Ө, Ұ , Ү, Һ, І. Ертеде қазақ әріптері орыс әліпбиі әріптерінің сонында қойылған, сосын дыбысы жақын орыс әріптерінің артына жылжытылған. Мысалға 1947 ж. дейін бұрын осы Ұ әрпі орнына Ӯӯ пайдаланылған. Бірде байқаусызда «Ұлы Сталин» деудің орнына «Улы Сталин» болып шыққан газет санындағы қателікті әкем қол қояр алдына мұқият қарағанының арқасында байқап қалған екен. Ешкімге білдірмей қайта шығартқанның арқасында бастары аман қалғанын анам Жақия айтып отыратын. 1940 жылдардан бастап қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының батырлық, эпостық жырларын насихаттауға тиым салғаны туралы баспасөз беттерінен оқып білдім. Әсіресе газет редакторы үшін түркі халықтарының фольклорлық мұрасын дәріптеу аса қауіпті саяси қателік болып саналса керек. Сол жылдары «Қожахмет-Яссауидің ақындығы (Диуан Хикмат кітабы туралы)», «Сүлеймен Бақырғани» атты Ә. Қоңыратбаевтың зерттеу мақалаларын «Қазақстанның ерте замандағы әдебиеті» деген айдармен газеттің бүтін бір бетіне жариялалауы да әкемнің қазақтың мәдениеті мен тарихын насихаттауға деген шын жанашырлығын көрсетпей ме?[1946 ж. 18 февраль, 18 апрель № 7, №12, №13].
«Социалистік малшы» басылымының қатардағы аудандық газеттердің бірі ғана емес, біз үшін жолы үлкен, әкелеріміздің, аға-апаларымыздың өткен күндеріндегі сан тарауға түскен қилы тағдырларынан көрініс беретін тағдырлы басылым екенінде естен шығармағанымыз жөн. Соғыс жылдарында аудандық партия комитетінің пропаганда – үгіт бөлімінің бастығы Кенішбай Әлин болса, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып Кәрібек Айнабеков қызмет атқарады. Кәрібек Айнабеков 1942 жылдың октябрь айында Қызыл армия қатарына шақырылып, содан желтоқсан айында Сталинградты қорғау шайқасында ауыр жарақаттанады. Госпитальда емделгенен кейін, 1943 жазында елге қайтып оралған болатын. Ол кісі «айырым белгілері ғана жоқ таза әскери киім киген, жүзіктің көзінен өткендей дерлік сымбатты жас жігіт болса керек», негізі аупарткомда істейтін бір топ бойдақ жігіттердің киімдері дәл сондай солдаттың гимнастерка – шалбарын киіп жүрген екен. Сондықтан да қыз-келіншектер райкомның Кенішбай бастаған «жамаулы тізе жетеуі» деп әзілдесе керек[1]. Бұл үшеуіде ұзақ уақыт партия жұмысында болып тәжірибе жинақтап, өздерін жұртшылыққа парасаттылығымен танытқан, ысылып, шыныққан принципшіл, қажырлы адамдар еді. Бір сөзбен айтқанда олар соғыс жылдарында тылдағы елдің күнделікті тірлігіне, ауданның ауыл шаруашылығын көтеру жұмыстарына үлкен күш-жігермен араласып, Ұлы жеңіске өзіндік үлестерін қосқан еді. Соңдарына өшпестей ізін, ұлағатты өнегесін қалдырды. Әкемнің тәрбиесінде болып, біздің үйде өскен Қара атадан тарайтын бауыры Рақыш ұлы Шәкерім әнші, домбырашы адам болған. Соғыстың алғашқы күндері өзі сұранып, майданға алынған екен. Соғыстан жараланып елге келеді де, қайтадан сұранып майданға аттанады. 1945 жылдың 29 сәуірі, соғыстың соңғы күндерінде Чехославакия үшін болған майданда ерлікпен қаза табады. Чехославакияның Трестенс округі, Витанов деревнясында жерленген. Кім біледі, тірі болса дарынды елге аты шыққан өнер адамы болар ма еді. Қашанда данышпан халқымыз адамның болмысына, оның жүріп өткен еңбек жолына қарап баға береді. Соғыс және соғыстан кейінгі алғашқы оншақты жылдар барысындағы аудан жұртшылығының бастарынан өткерген ауыртпалықтарын көрсететін деректердің денін «Социалистік малшы» газеттерінің сарғайған беттерінен тауып, жинақтадым. Табылған материалдарды көзі қарақты оқырман мен дерек іздеген ағайындардың да кәдесіне асар деген оймен қысқартпай кітаптың соңында берілген қосымшаға еш өзгертусіз жариялауды жөн көрдім. Кітабтың өнебойында мұрағаттан алынған немесе газет бетіндегі мақалаларды дерекөз ретінде көрсетуге де тырыстым. Бүгінгі ұрпаққа әкелерінің қиын-қыстау осынау соғыс жылдарында да өз бойларынан асқақ адамшылық қасиеттерін жоғалтпай, еңбекте ерлік көрсеткен олардың жанкешті тіршіліктерімен қайтадан таныстырғым келді. Кейінгі ұрпаққа жеткізуді парызым деп санадым. Міне, осы бір газеттің ауқымында жиналған материалдардың нәтижесінде шұбартаудың өткен бір белестерінен деректер беретін кітаб жазылған сияқты. Сондай-ақ кітабымда Ленин атындағы колхоздың орталығы болған Арсалаңда өткен балалық шақтарымдағы есте қалған әсерлерімді, аяулы анам Жақия мен ағам Төкенді де жазуға ден қойдым. Енді, міне жасым жетпіске келген соң, бүкіл өміріңді көз алдыңнан, сын елегінен өткізеді екенсің. Бүгінгі күннің несібесі – кешегі жүріп өткен жолыңның жемісі. Әкем 49 жасында қайтыс болғанда, мен   небәрі он алты-ақ жаста болатынмын. Анамыз Жақия бес ұлы мен екі қызын тәрбиелеп өсіріп, жеткізді. Бүгінде қай-қайсысымызда әке сенімін ақтадық деп ойлаймын. Мен үшін Кенішбай ағаның  орны мүлдем бөлек. Ол кісі шын мәнінде зиялы адам еді.  Әкем қайтыс болған сәтте мені бас салып құшақтап «Енді не істейміз, Жасекең кетті, қалай боламыз» деп зар еңіреп жылағаны көз алдымнан кетпейді. Иманды болғыр, жарықтықтың әкемдей серігіне «сілтесең семсер, қорғансаң қалқан болған қайран Жасекең» немесе «От сөзді, Семсер тілді Жасекең» - деп, жоқтау айтқан сөздері қандай еді. Міне, мұндай «от сөзді, семсер тілді Жасекең» - деген әкемнің эпитетінің (теңеуінің) болғанын білдім, ал бұл сөз әкемнің тауып айтқыш шешендік- ұшқыр ойының, қас қағымда айтарын айтып салатын болмыс - келбетін аша түссе керек. Жақсы әкенің аты балаларына қырық жыл азық демекші қайда барсақта әкемді көзі көргендерді көріп өстік. Сол адамдардың әкеміз туралы бізге шабыт беретін небір жылы лебіздерін ести жүре адам болдық. Дәл сол адамдар шұбартаудың «сүт бетіне шығар қаймақтары», зиялыларының үркердей шоғыры еді ғой! Олардың барлығының аты - жөнін толықтай атап өте алмасам да, ең алдымен Кәрібек Айнабековтың, Әжібек Айнабековтың, Өнербай Тілесбаевтың, Тайлыбай Асылбековтың, Мұратбек Ниханбаев, Міраш Ниқанбаевтың, Кенішбай Әлинің, Биқали Мұқановтың, Иляс Дәкебаевтың, Тайтөлеу Дадамбаевтың, Өмірбек Тілемісовтың, Ботабек Бадановтың, Түсіп Мақатаевтың, Байділда Байшойынұлының, Исақ Семізбаевтың, Мұнарбек Оразбековтың, Шәйкен Кәріпбаевтың, Төлеген Бексейітовтің, Бейсенбай Аманбаевтың, Әзімбай Сыйқымбаевтың, Сейсенбай Бәуовтің, Әлімжан Әлімхановтың, Бекділдә Базарбековтың, Кәрімберген Базарбековтың, Қашура Елеусізованың, Есімбек Шымыровтың, Тәңірберген Ержановтың, Нұртаза Ысқақовтың, Мақұтжан Кәрібаевтың, Хатип Саматовтың, Нөгербек Асылбековтың, Уәсіл Сатаевтың, Төлеухан Өсімбековтың, Досбол Шахатовтың, Жұмабай Ақадықовтың, Қабылқадыр Қапановтың есімдерін ерекше ілтипатпен атағым келеді. 1989 жылдың 28 желтоқсанында «Жаңа өмір» газетіне «Кенішбай мен Жасымбай» деп, әкем туралы көлемді мақала жазған Сейсембай Бәуовке деген үлкен алғысымды жазып қалдырғым келеді. Алдымен, ортамыздан озып, бақилық болған осы аты - жөні аталған тұлғалардың, аруағына бір тағзым етіп алу парыз.  Жатқан жерлері жарық, топырағы торқа болсын. Менің осы ақсақал жасына келгендегі ең басты байлығым ар-ожданым мен артымнан сөз ермеген абыройым деп білемін. Бұның өзі әкемнің биік парасаттылығы мен туып өскен және еңбек еткен өнегелі кең пейілді ортамның, замандас дос-жолдастарымның маған тигізген шапағаты болса керек. Қандай биікке көтерілсек те бізді демейтін, желеп-жебейтін туған жердің қасиеті мен киесі. Сондықтан да бір кездері, қазақ үшін «Құты мен Қарашаңырағы» болған Шұбартау жерінен бүгінде есімдері күллі қазаққа таныс болған тұлғалар шықты, арысы "Шұбартау жерi ой едi, Қазылық тауы бел едi" деп жырлаған атақты Әзімбай Бижанұлы, Жазық Меңаяққызы ақын, Оспанқұл Меңаяқұлы, Төлеу Көбдіков ақын, Кеңес одағының батыры Әбеулов Мұқатай болса, бүгінгі күнгі тұлғалары Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегерлері: жазушы Мұхтар Мағауин, мемлекет және қоғам қайраткері Мақашов Шаймағанбет, Ахынов Тілек, еңбек Ері Шүленбаев Жанарбек болатын. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының төрағасы болған Сиязбек Мұқашев, Қазақстанның халық әртісі, профессор Жылысбаев Бекен, Қазақстанның халық әртісі, би патшасы атанған Жиенқұлова Шара, Қазақстанның халық әртісі, кино актері Тастанбеков Құман, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Рахмадиев Еркеғали, Қазақстанның халық әртісі, кино режиссер Ыбраев Тұраш, Қазақстанның халық әртісі Өтекешова Меруерт, ақын Несіпбек Айтов, Ғылым докторлары Тілеуғазы Шойынбаев, Қасымбаев Жанұзақ, Айтқазы Серғазин, Шайкенов Блок, Даданбаев Еділ, Әдібаев Хасен, Майтанов Бақытжан, академик Жаутіков Орынбек, академик Кемелбеков Бекен, ғылым кандидаттары Жеңіс Өмірбеков, Әбен Аязбаев, Кәрім Ақанбаев, Оспанов Біліс, ақын Мыңбай Рәшов, жазушылар менен жорналшылары Тілеуханов Төлек, Есімжанов Төлеуғали, Қуат Серіков, Төлеужан Сәрсембаев, Ахметов Өкітай, Мұрат Тоқтаров, Ақаш Көксегенов, Мелия Божанов және тағы басқалар. Шұбартау – киелі жер. Сол себептен де осы елдің ұрпақтары әлі күнге дейін туыстығын сақтап, жіктері ажырамай келеді. Бұл да болса Шұбартаудың ырысы емес пе.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста