"ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МАХАББАТТЫҢ" ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

"ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МАХАББАТТЫҢ" ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

Күз мезгілінің келуімен театр әлемі дәстүрлі түрде өзінің есігін айқара ашып, көрерменімен қауышады. Жаңа маусымның ашылуы – театр артистері мен оның сүйікті көрермені үшін де үлкен мереке. Премьералар мен фестивальдер, жаңа есімдер мен мерейтойлар, гастрольдік сапарлар – бәрі де өнердің алтын қазынасын сүбелеп толтыра түспек. Ендеше, республикамыздағы барлық театр ұжымдарын жаңа маусымдарымен құттықтап, баршасына шығармашылық табыстар тілейміз.
Осы орайда сөз басын қазағымның «Әкемтеатры» атанған Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 89-маусымын ашып, көрерменге ұсынған жаңа қойылымынан, театр жаңалықтарынан бастағанды жөн көрдік. Биыл екінші жыл қатарынан шымылдығын премьерамен ашқан театр ұжымы жазушы, драматург Дулат Исабековтің жаңа жазылған «Жүз жылдық махаббат» атты спектаклін ұсынуымен ерекшеленді. Қоюшы-режиссері – Алма Кәкішева. Қоюшы суретшісі – М.Сапаров, киім үлгісінің суретшісі – Б.Әбдіманапова, композиторы – Ш.Базарқұлова, биін қойған – Г.Мұхамеджанова.
«Драматургия – жаяу жүретін жанр» деп драматург ағамыздың өзі айтқанындай, бір пьесаның халыққа жеткенінше талай тер төгіліп, қаншама күзеу мен тузеуден өтетіні сол саланың адамы үшін азапты да рахатты кезең екені белгілі. Туынды авторы мен оны қабылдайтын қауым үшін қойылымның қалай жеткендігі емес, оның қалай шыққандығы маңыздырақ. Алаштың тарлан ақыны Мағжан Жұмабаев жайындағы арнайы тапсырыспен жазылған Дулат Исабековтің жаңа пьесасы осымен екінші рет сахналанып отыр. Осыдан бір жыл бұрын С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрының басшылығы драматургке арнайы тапсырыс беріп, автордың ұзақ толғануының нәтижесінде «Өйтпесе Мағжан бола ма?» деген жаңа туынды дүниеге келіп, сахналанған болатын. Әкемтеатрдың сахнасына жеткенше де бұл пьеса «Әлдиле, өмір, әлдиле» боп бір өзгерсе, ақырғы нұсқасында театр ұжымы «Жүз жылдық махаббат» деген атқа тоқталыпты. Ал спектакль көрсетілімнен соң автор «Жүз жылдық азапқа» ауыстырғысы келетінінен де хабардар етіп өтті. Бұл – автордың пьеса мен спектакль немесе тақырып пен спектакль аралығындағы ой қайшылықтарынан, мазмұн бірліктерінің бір-бірінен алшақтауынан туындап жатқандығы да болар.
Түркі әлемі мен махаббаттың, отаншылдықтың жыршысына айналған Мағжан Жұмабаевтың азапты өмірі мен шығармашылығы, репрессия құрбаны ретіндегі тұлғасы барша қазаққа аян. Алайда Алаш арыстары жайындағы көркем дүниелерді жазу, тарихқа қайта үнілу енді-енді қолға алынып келеді. Драматург Дулат Исабеков «Жүз жылдық махаббат» атты туындысында кешегі мен бүгіннің көзқарасы тұрғысынан ақынның жары, жүз жылдық азап арқалаған Зылиханың Мағжанмен өткен және Мағжансыз өткен өмірі, екеуінің ешкімге ұқсамайтын махаббаты мен жан азаптары жайында сөз қозғайды. Еске алады. Автор пьесасында заманының құрбанына айналған Мағжан мен Зылиханың шуақты күнінен гөрі қара бұлты сейілмеген жылдарын көрсете отырып, репрессияның нәтижесін емес, сол репрессияға жеткізген қазағын, қазақтың «зиялы қауым» өкілдерінің сатқындығын сынға алады, өткен күннің ащы шындығын алғаш рет бетке баса айтады. «Сәкеннің мұртын рахаттанып жұлған, Бейімбеттің артынан құшырланып тепкен өз қазағымыз екен ғой. Оларды атуға, дарға асуға, отқа өртеуге бұйрық берген шығар, бірақ, мұртын жұл, артынан теп деп ешкім бұйырған жоқ еді ғой! «Оян қазақ!» деп зарлап өткен өз тектілеріңнің мұртын жұлып, артынан тебетіндей мәңгүрт халге қалай түстіңдер, қалай құлдырадыңдар, дала толған кешегі асылдар мен батырлардың бүгінгі ұрпақтары-ау! Неге оянбайсыңдар?! Ғасырға созылған бұл не деген ұйқы?!» деген Мағжанның аузымен айтылған шындық та автордың жан-айқайындай естіледі. Ал осындай ақиқатты тыңдаушысы, бүгінгінің бәлкім, Зылихасы – кейінгі жас, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актрисасы Мадина бейнесінде алынады. Мағжан бейнесінің келесі бір қырын С.Есенин, Д.Бедный, М.Горький, ұстазы В.Брюсов сияқты Мәскеу интеллигенция өкілдерінің арасында, вулкандай атқылаған талантымен «қазақтан шыққан Пушкин» атандырған ортасымен алып, ақынның бейнесін биіктете түседі. 44 жыл өмірінің 10 жылын абақтыда, қалған өмірін қуғын-сүргінде өткізген ақынның шуақты күндері аз болса да шығармашылығына шабыт берген, өміріне қуат берген – ғашық болу сезімі, сұлуларға ынтықтығы, үлкен ұғымдағы отанға, жарға деген махаббаты еді.
Осындай көпқырлы сыры да, сазы да, танымы да мол Д.Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» пьесанын сахналау, оған лайықты режиссер табу, актер таңдау театр ұжымына оңайға түспегені белгілі. Үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған ұжым мен автордың өткен маусымда бұл қойылымның алғашқы нұсқасына қанағаттанбай, спектакльдің толық құрамын қайта бекітіп, қайта қоюы – соның дәлелі.
Қоюшы-режиссер Алма Кәкішева ұсынған, Мағжанды – актер Алмас Шаяхметов («Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты), Зылиханы – Дария Жүсіп (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері), Мадинаны – Ләззат Қалдыбекова, Валерий Брюсовты – Жалғас Байсалбаев, Кәженді – Т.Сағынтаев, Гүлсімді – А.Бөкенбай сияқты театр артистері ойнаған спектакльдің соңғы нұсқасы көрерменге қалай жетті екен? Бұл сұраққа екі ұшты пікір қайшылығы туындағанын айта кету керек. Спектакльдің негізгі режиссерлық шешімдері, декорациясы мен костюмдері, музыкамен безендірілуі, актер ойындары – бәрі де бір қарағанда қарапайым көрерменге әсерлі, тартымды, түсінікті сияқты. Жалпы алғанда екі актысы екі түрлі ритмде болғанына қарамастан спектакль бар. Алайда пьеса мен спектакль арасындағы алшақтықтар драматург пен режиссер тұрғысынан біраз келіспеушіліктерге алып келді.
Спектакльдің алғашқы бөліміндегі оқиға С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының актрисасы Мадинаның көптен қолы жете алмай жүрген адамы Зылиханың үйіне келіп, сонымен таныстығынан басталады. Өз заманында қазақ қыздарының алғашқысы боп жоғары оқу орнын бітірген, сыры кетсе де сыны кетпеген, ақсүйектігі мен зиялылығы сұлбасынан, ісінен көрініп тұратын, Мағжанның жары болуға лайықты Зылиха әжей бейнесін актриса Дәрия Жүсіпке тапсыруы режиссердің актриса таңдауда қателеспегенін көрсетті. Мәдина бейнесіндегі Ләззат Қалдыбекова спектакль бойында бір сезімнен арыла алмай, сыртқы күйіне көбірек көңіл бөліп кеткеніне қарамастан Зылиха-Д.Жүсіптің партнері ретінде ансамбльдік жұпты ұстап жүре алды. Бұл бөлімдегі оқиғаның бәрі де екеуара диалогты ойнату арқылы беріледі. Сырт алғанда бір темпте көрінгенімен, Зылиха мен Мадинаның алғашқы танысу сахнасынан бастап бірінші актінің соңына шейін сөз арқылы сомдалған мінездер қақтығысын, әртүрлі сезім күйлерін көруге болады. Режиссер бұл бөлімде пьеса мазмұнынан ауытқымай автордың негізгі ойлары мен жылап тұрып күлдіретін, күлдіре отырып қағыстыратын сөз шарпуларын, мәтін астарларын терең аша білген. Осы сахнадағы кітап қойылған сөрелер мен қолшатырдан бастап, музыкалы шкатулка, фортопианоға шейін деталь ретінде орын орнымен ойнатылып, екі кейіпкердің психологиялық күйлерін байланыстырушы құралына айналып шыға келген. Спектакльде Мағжан бейнесі алғаш рет елес ретінде Зылихамен байланысқа түсіп, тілдесу арқылы беріледі. Мағжандай қызуқанды, өзі тентек, басынан бақайшағына шейін ақын боп жаратылған адамның жары Зылиханың мінез-болмысы мен ол төзген азаптың салмағы қандай? Драматург қойылым ішіндегі қойылымға ендірер алдын Зылиха мен Мадинаның өзара мінез шарпысуларын әдейі алғаны белгілі. Мағжан мен Зылиха өмірін әбден зерттеп өскен Мадинаның сөз арасында Зылихаға ақынның екінші жары екенін айтқан тұста екеуара диалогтық қақтығыс шиеленісе түседі. Жас актрисаның абайсызда жағдайды ушықтырып алып, үлкен кісінің бірбеткей мінезіне бата алмай, амалының жоғынан Мағжанның ит көйлегімен жұбатқысы келгендей болады. Дәл осы тұста Зылиха-Д.Жүсіптің психологиялық хал-ахуалы бірден өзгеріп, мүлдем басқа арнаға бұрылады. Деталь ретінде ойнатылған ит көйлек драматургтың пьесадағы ең бір ұтымды тапқан шешімі. Актриса Л.Қалдыбекова спектакль барысында ит көйлекті стөл үстіне ақырын ғана қоя салуымен көрсетеді. Ит көйлек осы тұста байқаусыз бір зат ретінде қалып қоюы да мүмкін бе еді, кім білсін, келесі эпизодтағы Д.Жүсіп-Зылиханың әрекеті ол ойымызды іліп әкетті. Ит көйлекті ұстаған Зылиха Мағжаны тіріліп келгендей бір суып, бір ысып, өзін өзі жоғалтқан күйде форотпияноның үстіне барып жығылады. Күйтабақтың «шың» еткен дауысы адамның сай-сүйегін сырқыратып жіберердей, тұла бойыңды шымырлатып ала жөнеледі. Режиссердің дәл осы сәтке акцент қоюы мен Зылиханың «Мағжан!» деп қолын жоғары көтере жан даусымен айқайлаған тұсы адамның ішкі әлемінде өтіп жатқан алапатты күйін шарықтатып ала кетті. Көз алдыңда аспан айналып жерге түскендей күйде қаласың. Бұл сахналардың бәрі де диалогты әрекетке айналдырудың, әрекет пен сөз бірлігі арқылы ой тереңдігін аша түскен сәттер болды.
Спектакльде бірінші актідегі Зылиханың ішкі жан айқайының күйімен көтерілген сахна екінші актіде мүлдем басқа сипат алып шыға келген. Екінші акті бірден Мағжанның Мәскеудегі қазақ достарымен бірге ресторандағы шуылдасқан, әндеткен кешінен басталады. Мағжанның ғашық болған қыздарының бірі Гүлсім мен күйеуі Кәжен екеуінің көрінетін сахнасы да осы тұсқа орайластырылыпты. Зылиха да көрінгенімен, негізгі акцент Гүлсімге беріледі. Пьеса бойынша бірінші актіде қойылуға тиіс Кәжен мен Мағжанның дуэльге шығар сахнасы спектакльде ауысқанын көруге болады. Және осы дуэль сахнасының Зылиханың баяндауымен басталатын тұсы қысқартылып кеткендіктен спектакльде бұл сахна пьесамен таныс емес көрермен үшін бұлыңғырлау, түсініксіз күйде қалып қойғандай. Осы сахнадағы тағы бір көңіл аударатын жайт Гүлсім мен Зылиханың байқаусыз болса да көрініп тұратын сахнасы Д.Исабековтің «Жаужүрек» спектакліндегі Ғалия мен Балқаштың Балуанның алдынан шығатын көрінісін қайталайтындай ұқсастық бар. Тіпті, екі спектакльдің соңғы сахналарындағы режиссерлық шешімдері бірдей ой қайталауға алып келгендей. Пьесадағы Зылиханың Мағжанның кітабын ит көйлегіне ораған күйі өлетін сахнасы спектакльде режиссердың ақын мен жарының о дүниеде бірге екенін айғақтайтындай көріністе, яғни, қос ғашықты қол ұстатып, жоғарыға көтеріп ала кетеді. Ал екеуінің артынан ерген бүгінгінің жастары екі мұңлықты құрметтей бермек деген оймен аяқтайды. «Жаужүрек» спектаклінде де Балуан Шолақ осы сипаттағы сахнада халқының ортасында көрерменге қараған қалпы бітеді. Екі спектакльдегі осы ұқсастықтар бәлкім ақын бейнелерінің халқының жүрегінде екенін, оларды ұрпақтары ұмытпайтынын тұлғалық жағынан алғандықтарынан да болар.
Спектакльдегі автор мен режиссер тарапынан үлкен келіспеушілікке алып келгенін екінші актінің басталған тұсынан-ақ көрінеді. Пьесаларды сахналауда аздаған қысқартулардың, кейбір сахналардың орын ауыстырулары болатыны театр тарихында бар жәйттер. Дегенмен, тұтастай үлкен бір сахналарды алып тастап, автордың мәтінінің орнына жаңадан мәтін қосып, бірнеше кейіпкерлерді автордың рұқсатынсыз қысқартып, ендіруді қалай түсінуге болады? Мәселен, Мағжанның Мәскеудегі жаңа ашылған Валерий Брюсовтың жоғары әдебиет институтын бітіріп, орыс интеллигенция өкілдерінің қолынан диплом алу сахнасы тұтасымен алынып тасталған. Ақын-жазушылар арасындағы Мағжанның бейнесі, өзін өзі ұстауы, мінезі, ақындық қыры өзгеше бір жағынан көрінетін сахнаны алып тастағандықтан да ақынның ұстазы В.Брюсовтың бейнесі көмескіленіп қалған. Осы сияқты біраз сахналар мен сөздердің түсіп қалуы, мәтіндерін ауыстыру сияқты авторлық құқықты бұзушылық драматург үшін де қиын. Егер де режиссер тарапынан авторға ескерту жасалып, ақылдаса отырып өзгеріс енгізілсе бәрі де басқаша болар ма еді? Мағжанның Зылиханы алып кетуге келген сахнасы да режиссер, хореограф тарапынан белгілі бір поэтикалық, лирикалық шешімдер тапқанымен, бұл сахнада да сәл артықтау кеткен көріністер болды. Автордың Зылиха арқылы айтқызатын «Сендер Мағжан екеуімізді сүйістіріп қоятын шығарсыңдар» деген сөзіне қарсы алынған сахна да бар. Осы талдау барысымызда драматургтың барлық сахнасын түгендеп, анау қайда, мынау қайда дей беруден аулақпыз. Бұл – режиссер мен драматургтың өзара түсіністікпен, ақылдасуымен шешілетін нәрсе. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген қазақ мәтелін де ескерген абзал болар еді.
Хош, сонымен, Мағжан бейнесі алғаш рет қазақ сахнасында қойылып, көрерменге жол тартты. Актер Алмас Шаяхметовтің орындауындағы Мағжан бейнесі көрерменге қай қырымен көріне алды? Жалпы, актердің ақын бейнесін сомдаудағы дайындығы, ізденіп тырысқаны көрініп-ақ тұрды. Актер ақынның албырттығын, әсершілдігін, ақынға тән қызбалықтан гөрі ұшқалақтығын басымырақ алып шыққандай болды. А.Шаяхметовтің бұған дейін «Жаужүрек», «Сұлтан Бейбарыс» сияқты қойылымдарда біршама рольдерде ойнағанын да көрдік. Дегенмен, Мағжан бейнесі актер ойнаған кейіпкерлерінен интеллектуалдық жағынан болсын, талантымен болсын әлдеқайда биікте тұрған, тереңде жатқан жауһарлардың бірі. Ақынның интеллектуалдық жағы, мінезіндегі қайраттылығы, қайтпастығы әлде де болса ашылмай жатты. Оған актердің шығармашылық ізденісінен бөлек ішкі рухани дайындығы мен тәжірибесі, қарым қуаты керек сияқты. Режиссер А.Кәкішева Мағжанның шыққан әрбір сахнасында оны биіктен көрсеткісі келетіндей шешімдер жасағанын байқау қиын емес. Екінші актідегі Зылиханың естелігі мен ойы арқылы сахнаға шығатын Мағжанды достарының мойындарына көтеріп шығуы, ақынның түрмедегі Зылихамен жолығу сахнасындағы темір тордан өрмелеп шығып, сөйлейтін сахнасын алсақ та, соңғы шешуші сәттегі Мағжан мен Зылиханың бірге биікке қарай көтеріле түсетін сахналары – режиссердің басты ойын байқатып өткендей.
Сталиннің жарлығымен емес, Қазақстан Жазушылар Одағының шешімімен өз қолымымызбен өлімге қиған Мағжандай арысымыздың тарихи ақиқатын тамызықтатып, кей тұсында турасынан жеткізе білген Д.Исабековтің бұл туындысы өзге де Алаш азаматтары жайында жазылар келешек дүниелерге жарқын бір үлгі. Ақиқаттың көзіне тура қарап, оны көре алатын, көргеніңді жеткізе алатын күш суреткердің ғана қолынан келетін дүние. Ал оны үзіп-жұлып, өзімшілдікке салынып, сөз қадірін кетіргеннен сорақысы жоқ.

P.S. Өткен маусымның он бірінде осы пьесаны актер, режиссер Оразхан Кенебаев сахналап, көркемдік кеңеске тапсыру кезінде Д.Исабеков пен театр басшысылығы қойылымды қабылдамай, театр басшысы Е.Жуасбек пьесаның мазмұнының ашылмағанын, Мағжан мен Зылиха бейнелерінің де шықпағанын айтып, ол спектакльді бір ауыздан жаптырған болатын. Театр басшылығы спектакльдің режиссерін ауыстырып, режиссер Алма Кәкішеваға сеніп тапсырып, актерлер құрамы да қайта бекітілген болатын. Театрдың жаңа маусымының ашылуы қарсаңында, яғни, 19-қазанда «Жүз жылдық махаббат» спектаклі екінші рет көркемдік кеңес пен авторға қайта ұсынылды. Бұл жолы автор спектакльдің бірінші актісіне қатты риза болса, екінші актісіне сондай ренжіп, қойылымның тағы да жолы болмағанын айтты. Оның себебі: екінші акті мазмұнының мәтініне шейін өзгертіліп, мүлдем басқа қойылым болып шығуында еді. Д.Исабеков спектакльдің режиссері мен театр басшылығына «Бұлай қойғанша пьесамды алып кеткенім дұрыс. Бұл күйінше мен спектакльді көрерменге, халыққа жіберуге қарсымын. Бірақ театр ұжымы мен басшылығының өтініші бойынша 21-қазанда премьераны ойнап, көрерменнің сынынан өтейік» деген болатын. Әрине, спектакль көрерменге қатты ұнады. Егер де сол мәтіндер сақталатын болса, Мағжанның образы бұдан гөрі салмақтырақ, спектакльдің айтары бұдан гөрі молырақ болатын ба еді? Бұл қойылымға да қатты реніш білдірген автор театр басшыларымен де, режиссермен де, әдебиет бөлімінің меңгерушісімен де жеке-жеке сөйлескенімен, тіл табысатын түрі жоқ сияқты. Әркім өзінің ойында қалатын түрі бар. Бұл жерде ұстаным деген болады. Ал бірақ біреуге мәтін жазып беріп, «осыны сен менікі деп мойында» деп оған тықпалау барлық жағынан орынсыз. Және бұл автордың құқығын бұзу. Енді бұдан кейін спектакльдің тағдыры қандай болады, спектакльді ары қарай көрерменге көрсете ме, көрсетпей ме – автор мен театр басшылығы арасындағы даудың қалай шешілуіне байланысты.

teatrlife.kz
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста