ҚАЙРАН ЖЕЗДЕМ...

ҚАЙРАН ЖЕЗДЕМ...

Қайран, Есаға! Кеше ғана әдемі әзілімен, ойнақы күлкісімен «балдыз» деп ойнап ортамызда жүретін Есағаң бүгінде жоқ. Ол енді біз үшін елес, естелік қана. Ағамызбен жүрген қызықты күндерді еске алып естелік жазуға бел будым. «Жақсы адамның артынан жақсы сөз ілеседі» демекші, Есенқұл Жақыпбеков жайлы таңды-таңға ұрып айтуға болады. Өйткені «Өмірі өлең – жыр-дастан» ақын соған тартырлық еді.
Әрбір адамның, әсіресе өнер маңында жүргендердің өміріне оңды ықпалын тигізіп, белгілі бір бағыт беретін жандар болады. Мен үшін сондай адамның бірі, әрі бірегейі Есенқұл Жақыпбеков болатын. Өйткені ол қызығы мен қиындығы мол ақындық жолға түсуіме бірден-бір себепкер болды. Сол Есағаға ілесіп, өнер өлкесіне қанат қақтық, нелер бір жаны жайсаң, жүрегі жомарт жігіттермен таныстық. Ал енді Есағаңмен қалай танысқанымды, одан кейін оның қызық пен шыжыққа толы өмірінде көп нәрселерге куә болып бірге жүргенімді, қуанышты сәттерінің де, мұңайған сәттерінің де куәсі болғанымды толғай айтсам әңгіме көп.
Жалпы менің өлең өлкесіне қадам басуыма үлкен себепкер екі адам болды. Біріншісі, өзімнің сыныптас досым, Қазақстан Республикасы жастар сыйлығының лауреаты, ақын марқұм Ерік Асқаров болса, екіншісі Есенқұл Жақыпбеков. Атақты адамның ұрпағы да болу оңай емес. Сол адамның атына кір келтірмеуге тырысасың. Яғни, мен «өлеңнің қара жорғасы» атанған Үмбетәлінің туған жиенімін. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ Үмбекеңнің өсиет өлеңдерін, айтыс-дастандарын біраз жатқа біліп, айтып жүрдім. Міне, осы өнерім үшін мені Есенқұл да, Ерік те қатты сыйлайды. Ол кезде қолыма домбыра алып, айтысқа түсемін деген ойыма кіріп те шықпайтын. Мектепте, студенттік кездерде жазып жүрген шағын өлеңдеріме риза болып, өзімді ақын санап жүрген кезім. Тағдыр мені Есағаңа жолықтырып, сурет өнерінен, өлең өлкесіне бір-ақ алып келді. Ол былай болып еді.
1980 жылы мен КазПИ-дің көркем сурет-графика факультетін бітіріп, жолдамамен қазіргі Рысқұлов сол кездегі Крупская атындағы орта мектепке сурет пен сызу пәнінің мұғалімі болып орналастым. Директорымыз аяулы азамат Рақым Дәуітов еді. Мені сөзге келмей жұмысқа алды. Мұғалімдік өмірдің қыр-сырымен таныса жүріп, арасында бірдеңе жетіспейтіндей елегізіп, өлең жазып қиялдап жүретін кезім. Сөйтіп жүріп аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакциясына қалай барғанымды өзім де ұқпай қалдым. Имене басып кірген мені редакцияның жігіттері жатсынған жоқ. Өз адамдарындай құшақ жая қарсы алды. Ол кезде редакцияның өмірі қызыққа толы еді ғой. Үмбетәлінің жиені деп күлімдеп Базарбек Атшабаров қарсы алады, жібек мінезді ағам марқұм Сейітхан арқамнан қағады, ақылын айтып редактор Нағашыбек Қапалбеков ағамыз тұрады, балдызым келді деп Есенқұл мәз болады, замандастарым Рәтбек, Нүсіпбай, Керімбай, Болат шығады алдымнан. Бұл дәстүр ақылшы әпкеміз Күмісжан Байжанованың кезінде де жалғасын тапты. Жалпы, Күмісжан әпкемнің маған істеген жақсылықтарын айта кетуім керек.
Сөйтіп жүргенде мен аяқ астынан әскерге шақырылып, дұрысы өзім сұранып, Ресейдің қиыр шығысындағы Хабаровск қаласынан бір-ақ шығып, 1982 жылы әскери борышымды өтеп запастағы офицер болып оралдым. Әскерден келген соң қайтадан сол редакция жігіттеріне сәлем берейін деп барсам, Есенқұл ағамыз мені көріп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, міне, бізге керек адамды құдайдың өзі айдап келді деп мәз-мейрам болып жүр. Сөйтсем, әлдебір жиынға байланысты Жамбыл ауданында ақындар айтысы өтеді екен. Сол айтысқа қатысатын адам жоқ. Яғни, Есағаңа жұп жоқ. Сол жұп мен болуым керек екен. «Ой, Есаға өмірі сахнаға шығып айтысып көргенім жоқ», – деп ат-тонымды ала қашсам Есенқұл қоймайды. «Ештеңе жоқ, Үмбетәлі атаңның аруағы қолдайды, «қара жорғаның» атын шығаратын да бір ұрпақ керек қой» дегендей.
Не керек сол жолы Есағаңмен балдыз-жезде болып айтыстық. Айтысымыз тәп-тәуір шыққан сияқты. Ол кезде қазіргідей емес, айтысқа алдын ала дайындалатынбыз. Ол аз болса, аудандық партия ұйымы сенің нені айтып, нені айтпауың керектігін тексеретін. Сөйтіп, аяқ асты Үмбетәлінің бір немересі ақын болып шығыпты деген атқа іліндім. Ал содан кейін Есенқұл менің қыр соңымнан қалсашы. Қит етсе болды әй, балдыз жүр айтысамыз деп күлімдеп келеді де тұрады, немесе қайрап-қайрап басқа ақындарға қарсы қояды. Сол кездерде Гүлнәр Өмірзақовамен, Керібай Нүсіпқұловпен, Нұрлан Әбдібековтермен айтысқаным есімде. Ақындар қатты құрметтелетін кез еді ол да бір. Аудандық әрбір мәдени іс-шаралар, малшылардың слеті ақындарсыз өтпейтін. Құрметтегенді кім жек көрсін. Өзімше мәзбін. Келе-келе менің де тілім шығып, Есағаңа қатты-қатты қалжыңдар айтатын болдым. Есенқұлдың ол кезде айтыс өнерімен ауырып жүрген кезі еді. Айтыстарымыз көбіне балдыз жезде-тақырыбында өрбитін. Кейбір есімде қалған жолдары былай:

 

Есенқұл:

Армысың, айналайын, балдыздарым,
Жағалай суға біткен жалбыздарым.
Егерде өмір маған ерік берсе,
Айқымның алар едім бар қыздарын, – деп тисетін.

 

Мен былай деп жауап қайтаратынмын:

Көздерің, Есен жезде аспан көк қой,
Сөзіңде сестен гөрі мақтан көп қой.
Айқымның бар қыздарын сен алатын,
Шашылып олар жерде жатқан жоқ қой.

 

Міне, осы айтыс өнерінің арқасында екеуіміз туған балдыз-жездедей арласып кеттік. Өнердегі сол достығымыз Есағаң өмірден өткенше жалғасты. Кейіннен Есағаң айтыс өнерінің де, жазба поэзияның да биіктерін бағындырып, бүкіл Алаш жұртына танылды. Шынын айту керек, мен ол кісіге ілесе алмадым. Бірақ, Есағаң республикалық, облыстық айтысқа барардың алдында міндетті түрде маған келіп кетуші еді. Осы сені көрсем тілім қышып тұрады деп әзілдеп, алда болатын айтысына дайындалып кететін. «Сен менің айтысқа дайындалатын боксерский грушамсың ғой» деп тырқылдап тұрып күлетін. Әзілдеріміз жезде- балдыздан әрі аспайтын. Тіпті ғарышкер Талғат Мұсабаевты Үмбетәлі ауылында қарсы алғанымызда айтысымыз жезде-балдыз болып жалғаты. Соның бір-екі шумағы елге анекдот болып тарап кетті. Бұл елге, руға бөлінгендік емес, сәті келгендегі жарасымды әзілдер еді.

 

Есенқұл:

Бұл күнде тұрсам да Айқым, жатсам да Айқым,
Көзімді жұмасам да Айқым, ашсам да Айқым.
Талғат батыр айға ұшып келгеннен соң,
О, тоба, осы күні аспанда Айқым.
Түн ұйқымнан оятып жіберсеңіз,
Әйелім жанымдағы жатқанда Айқым.

 

Әуелбек:

Есаға, Айқым көрсең шаттанғайсың,
Үмбетке күйеумін деп мақтанғайсың.
Бір әпкем, екі жиен тұрған кезде,
Айқымнан қайда барып қашқандайсың.

 

Немесе дәл сол айтыста «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, мына сөздеріміз елге тарап кетті. Бұл сөздер біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ болған оқиға. Мен шабыттанып:

 

Көңілім осы күнде жарқын ұшқан,
Қорықпаймын жердегі тартылыстан.
Қазақта алғашқының бірі болып,
Аспанға Талғат деген Айқым ұшқан, – дегенімде Есағаң менің қолымнан домбыраны жұлып алып:

 

Ей, Әуелбек, мақтанбай тұра тұрғын,
Космосқа ең алғаш Айқым емес,
Белка –Стрелка деген лайкаң ұшқан, – деп тұрып кетпесі бар ма. Осы Үмбетәлінің ақындығы немересі саған емес, күйеу баласы маған жұққан деп мәз болушы еді.


1982 жылдары мен «Прогресс» совхозында жастар ұйымының хатшысы болдым. Төрт-бес жыл өткеннен соң партия жолдамасымен аудандық ішкі істер бөліміне қызметке жіберіп, аяқ асты иығыма пагон тағып шыға келдім. Осы істеген жұмыстарымның өзіне Есағаң әдемі әзілдер шығарып, қалжыңдап жүруші еді.

 

Есенқұл:

Әуелбек, сен талай-талай жұмыста болдың,
Комсорг болып қыздармен «қызыл бұрышта» қондың.
Одан соң иығыңа «ұлтарақ» тағып милиция болдың.
Қалада болдың, далада болдың,
Той думанда тамада болдың.
Өзіңше өнерлімін деп,
Әйтеуір біраз шамада болдың.
Қазір ғой мектепте сабақ бересің,
Қит етсе балаларды «сабап бересің».
Өзіңше оқушыларға сес қоясың,
Бір пәшке «темекі» әкеліп берсе,
Бес қоясың.
Ақындық жолда не өспейтін болдың, не өшпейтін болдың,
Шыныңды айтшы болашақта осы не істейтін болдың?

 

Әуелбек:

Рас, аға жас кезімде клубта болдым,
Өйткені комсомолдық жұмыста болдым.
Онан соң иығыма «ұлтарақ» емес,
Пагон тағып милиция болдым.
Сен де аға, талай жердің есігін қақтың,
Жылы орынды бірде аудандық газеттен,
Бірде «Жалын» журналынан таптың.
Онан соң дүниенің бәрін жинап тастап,
Аудандық музейде күндіз жұмыс істеп,
Түнде «экспонат» боп жаттың, – дегенімде әй, ит балдызым-ай менің осал жерімді дәл таптың деп мойындап еді.
Есағаң мені өлеңмен емес қара сөзбен де қағытып күлдіргі жағдайлар тудырып жүруші еді. Бірде ойымда ештеме жоқ, үстімде форма редакцияға қарай келе жатырмын. Анадай жерде Есағаң бастаған редакцияның бір топ жігіттері тұр. Мен жақындай бергенде Есағаң, – Ей, жігіттер! Қашыңдар, милиция келе жатыр! – деп тым-тырақай қаша жөнелді. Мыналар мені танымай тұр ма, неге қашып барады деп аң-таң боп мен тұрмын. Біраздан соң Есенқұл тағы да айқайлап, әдейі дауысын қатты көтеріп: – Ей, жігіттер, қорықпаңдар келіңдер, ол милиция емес милицияның формасын киіп алған адам екен ғой, – деп қыран-топан күліп жатыр. Соңынан: – Әй, балдыз, сен жүрегі таза ақын – өнер адамысың. Сендейлерге милиция болған жараспайды дегені бар.
Расында, ішкі істер бөлімінің жұмысы маған жақпады. Жазықсыз адамдардың обалына қалмайын деп қызметімді, шенімді өсіремін дегендеріне қарамай, жұмыстан өз еркімнен кетіп қалдым. Бірақ бір жақсысы сол кезде халық сескенетін қызыл жағалылардың арасында біз Есенқұл, Нұрлан ақындар бар алтын көпір салып кеткендей едік. Өмірі ондайды білмейтін милиционерлердің әртүрлі жиындарында айтыс ұйымдастырушы едік. Милицияның бәрі бірдей жаман емес қой. Олар бізді өнер адамы деп жақсы қарсы алушы еді. Кейіннен Есағаң барлық сот прокурор, милиция қызметкерлерінің еркесі болды. Заң қызметкерлері де ақынның еркелігін қатты көтерді.
Бірде мен үйде жоқта мынадай қызық оқиға болып, кейін сол әңгіме дүйім жұртқа тарап, тіпті «Жетісу» газетінің әзіл-оспақ бетіне жарияланып кеткені де бар. Әдемі әзіл сөз тапқанға қолқа жолқ деген сол болар. Мен өзім жоқ болсам да сыртымнан сөз тауып, істеген істерімді күлкі қылып жүретін қайран Есағам-ай!
Бірде Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев, Бекен Бөкебаев үшеуі мені іздеп үйге келеді. Келсе мен үйде жоқпын. Ол кезде жас кезім «серілік» құрып үйді екі-үш күн көрмесем керек. Есағаң есік алдында жүрген менің келіншегім Қалдыгүлге бір қарап, байлаулы тұрған тайыншадай дәу итке бір қарап, Пай-пай, мына иттің дәуін-ай! Ит десе ит-ақ екен. Бұл итті көрдік, енді әлгі біздің «ит» қайда?» деп мені меңзеп сұраса, Қалдыгүл де әзілге әзілмен жауап беріп, «Ой, аға, ол итіңіз үш күн болды шынжырынан босап кеткен, үйде жоқ» депті. Ермек ақын да қарап тұрмай, «Жеңеше, сол итіңіз қайтып келсе, ит атқыштар іздеп жүр деп айта салыңызшы» деген екен. Міне, осындай әдемі әзілдеріміз есте қалыпты.
Иә, Есенқұлдың мен білетін өмірі тек қана әзіл-қалжыңнан тұрмайтын. Жаны ауырып қайғырған, қапаланған кездеріне де көп куә болдым. Есағаң әсіресе елдікке, намысқа келгенде шын жүрегімен қайғыратын. «Біздің елдің жігіттері» – деген өлеңі соның айғағы. Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі туған елден, солардың ізбасарлары неге шықпайды деп жат та кеп ашуланып, жас ақындарды өнерге тәрбиелейтін. Өзінің соңынан біршама шәкірттер өсірді. Солардың біразы кейіннен ел таныған азаматтар болды. Ермек Жұматаев, Жылбек Тоқтасынов, Ақан Әбдуәлиев Есағаңның шапанынан шыққан шәкірттері еді. Мен де ол кісіден көп үлгі алдым. Жас ақындарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосып, аудандық, облыстық оқушылар айтысының басы қасында шыр-пыр болып жүретін. Кейде мені шақырып алып, бірлесе жұмыс істейтінбіз. Жас ақындар жөнді нәтиже көрсетпесе басшылардан сөгіс те алып жататынбыз. Сондайда күйіп-пісіп «Айналайындар-ау, ақынды қолдан жасамайды, ақын болып туу керек» деп қатты қапаланатын.
Есағаң ең алдымен адам. Сонан кейін ақын. Ақын болғанда да бүкіл қазаққа өзін мойындатып кеткен айтулы ақын. Адам болғаннан соң, пенделігі де болатын. Сәл бір нәрсе көңіліне жақпай қалса, бала сияқты өкпелеп, тіпті біз сияқтыларды көзіне де ілмей жүріп алатын. Өзгенің жетістігін тәттіге өкпелеген бала сияқты қызғанатын. Жақсыға жаны құмар еді. Жылт еткен жақсыны көрсе менікі деп иемденіп алатын. Бірде облыстық оқушылар айтысына екеуміз бірігіп балаларды дайындадық. Есенқұл кім, мен кім? Ол кісі менің әкелген шәкірттерімді менсініңкіремеді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей ойда жоқта менің шәкіртім Үмбетәлі мектебінің оқушысы Хабиден Ақгүл атты қыз оза шауып бірінші орынды алды. Тіпті бас жүлдеге таласты. Сонда Есағаң: «Ойбай мына қыз менікі, әрі қарай мен тәрбиелеймін, сенің жақсы ақын тәрбиелеген не теңің» – деп көңілімді қалдырғаны бар. «Есаға, сенікі, менікі демей-ақ қояйық. Екеуімізде бір ауданның намысы үшін жүрміз ғой» – деп аптығын әрең бастым. Әйтеуір, менімен балдыз деп қатты қалжыңдап, айтпаған сөзді айтып жұрт алдында ыза болсын дей ме тұқыртып отыратын. Мен онысына түсіністікпен қараймын. Қас қылғанда ондай ойлар іске аспай мен басқа қырымнан танылып, Есағаңның кәдесіне жарап, амалсыз мойындатушы едім. Соған бір мысал.
Есенқұл ағамыздың анасы Лиза апамыз орыс қызы. Ал енді өз баласы да орыстың қызын алып, орыспен құда болды. Тойға бүкіл ақын асаба, ығай-сығайлар жиналып, «Гүлім» кафесінде бас қостық. Есаға дегенде кім аянсын, ауданның сен тұр мен атайын асабалары да, әншілері де, жайсаң жігіттері де сонда жүр. Мен де қонақ ретінде шақырылғанмын. Есаға не көмек керек деп кішіпейілдік көрсетіп жүрмін. Ағамыз мені менсініңкіремей, «Ой, сенің көмегіңсіз-ақ бүгінгі той өтеді. Сені екі орап кететін асабалар осында жүр» деп әзіл-шыны аралас айтып салды. Бір кезде той басталды. Жаңағы қаптаған сен тұр мен атайын асабалардың біреуі де ортаға шықпайды. Сөйтсек олар құдаларының орыс екенін ұмытып кетіпті. Мықтымын деген асабалардың біреуі де орысша бір ауыз сөз білмейді екен. Бағана мені менсінбей кеткен Есағаң көк көздері күлімдеп, «Әуелбек, той тізгінін өзің алмасаң болмайды. Мыналар бірауыз орысша білмейді екен» деп қарап тұр. Мен де бірден көнбей қиғылық салдым. Ақыры тойды қазақша-орысша тәп-тәуір жүргізіп шықтым. Орысша сөздік қорым біраз бар. Қанша дегенмен жиырма жылдан астам мектепте екі тілде сабақ беріп келемін ғой. Сол жолы жездем мені кәдімгідей мойындап, тіпті қарсы болғаныма қарамай Меңсұлу әпкеме айтып, асабалық ақымды бергізді. Менің бір таң қалатыным анасы орыс болса да, Есенқұл орысша бірауыз сөз құрастырып айта алмайтын.
Жоғарыда айтқандай, Есағаңның өзгелер біле бермейтін қарапайым тірлігінде қасында біз жүрдік. Сол себепті де атақты ақынның ел біле бермейтін кейбір қылықтарын айтып отырмын. Жалпы мен Есенқұл сияқты өнер адамдарының өмірінен таза трагедия жасап, болмағанды болдырып, қайғы-мұңға толтыруға жан-тәніммен қарсымын. Ол адам, өмірге келді, тірліктің сан соқпақ жолдарынан өтті, қателіктері де, жетістіктері де болды. Сол табиғи ақындық болмысымен алты Алашқа аты танылды. Ал оның өмірі тұнып тұрған трагедия, сол трагедияға біреулер кінәлі деудің тіптен жөні жоқ. Қайта ол кісінің кейінгі кезде өмірінің жарқын шақтары көп болды. Мен білетін ауданның барлық басшылары сонау Бекболат Тұрысжанов, Тоққожа Естеновтен бастап, бүгінгі Махаббат Садуақасұлына дейінгі әкімдердің барлығы оны аялап, ақын деп ерекше бағалады. Ел көтере бермес еркелігін көтерді. Жамбыл ауданында кейінгі буын өнер иелерінен дәл Есенқұлдай дәріптелген ешкім жоқ. Есағаң соған лайық та. Көзі тірісінде бірнеше кітаптары шықты, үш рет Президент стипендиясын алды, бірнеше медаль алды. Аудандық газеттің бас редакторы болды. Өмірі қайғы-мұңға толы болса, осындай жетістіктерге жетер ме еді.
Менің бұл жерде айтпағым, сол ақынның өлеңдегі трагедиясы мен өмірінде болмаған трагедиясын шатастырып алушыларға жауап. Ол себепсіз де емес. Есағаң о дүниелік болғаннан кейін, Есағаны да, мені де танымайтын адамдардың сөзіне куә болып, қатты қапаландым. Әңгімелерінің ауаны: Есенқұл деген ақын қайтыс болыпты. Мәдениет үйінің төріне суретін іліп, жаназасын сол жерден керемет етіп шығарып салыпты. Тірлігінде ешбір жақсылық көрмеген байғұсқа енді өлгенде осының керегі не дегенге саяды. Ары қарай тыңдай берсең, Есенқұлдың өмірі Асан Қайғыдан да азалы, Қасымнан да қайғылы, Махамбет пен Мұқағалидан да мұңлы трагедия екен. Оу, апайлар сіздер Есенқұлмен бірге жүріп, бірге тұрғандай сөйлейсіздер ғой. Мен білетін Есенқұл ешкімнен теперіш көріп, шөпшек теріп, қайғы жұтып кеткен жоқ сияқты еді. Қайта ауданның барлық әкімдері мен атқа мінерлері, жайсаң жігіттері ол кісіні алақанына салып өтті, –деп едім, арасындағы бір-екі егдеу әйел мені танып, Е-е, Есенқұлдың айтысқыш балдызы сен екенсің ғой. Біз қайдан білейік, елдің барлығы солай деп жүр ғой» деп жөндеріне кетті.
Ал енді аудандық мәдениет үйінің алдында өткен қаралы жиында атағы жер жарған Әселхан апамыз елдің сай сүйегін сырқыратын өлең оқыды. Ақын өлсе, артынан жоқтау айту жарасады, бірақ сөзінің арасында «Тірлігіңде қадіріңді білмегендер, өлгенде зыр жүгіріп жүр» деген сөздеріне мен келісе алмаймын. Әрине, мен Әселханның тырнағына да татымайтын шығармын. Бірақ шындықты айтуым керек. Ол кісі Есағаңмен ұлы думан тойда, айтыстарда ғана кездесіп жүрді. Күнделікті тірлікте Есенқұл су ішті ме, у ішті ме оны қайдан біледі. Сол Есенқұлдың жаназасында зыр жүгіріп жүрген біздің елдің жайсаң жігіттері мен ақын қадірін түсінетін елбасшылары, олар Есағаның тірі күнінде де дәл солай құрмет көрсете білген жігіттер.
Жоғарыда айтқанымдай, ауданның әкімдерінен бастап, сот, прокуратура, т.б. саладағы басшылар оған қатты құрмет көрсететін. Ақынмен бірге жүріп, сол құрметтің шет жағасын біз де талай көргенбіз. Оны сіз емес бір елдің, бір жердің ауасын жұтып жүрген біз білеміз. Мен бұл жерде әкімдер мен жайсаң жігіттерге жағымпазданайын деп отырғам жоқ. Бірақ менің көз қарасым солай. Адам болғаннан соң Есенқұлды да ұнатпайтын біреулер болған шығар, бірақ өмірі тұнған трагедия болды дей алмаймын. Осы сөзім үшін Алланың алдында да, Есенқұл марқұмның аруағының алдында да жауап бере аламын.
Рас, Есенқұл Жақыпбековтің көп өлеңдері лирикаға, қайғы-мұңға толы. Ол қайғы-мұңды жеке басының емес, қоғамның мұңы деп қабылдау керек. Өзі теледидардан берген соңғы сөзінде де уақытының тапшылығын, өлең жазуға уақытының жете бермейтінін айтып кетті. Ол рас, қашан барсаң да көздері мұңға толып, мұңайып отыратын, кейде тіпті біздің келгенімізді де елемейтін. Есағаңның сол мұңын мен былай деп топшалаймын. Ол таза лирик ақын болып қалуы керек еді. Өзімен-өзі өлеңмен сырласуы керек еді. Жүрегі нәзік ақынға қызмет пен таза поэзияны алып жүру қайдан оңай болсын. Қызметтің қиын сәттері, ұрыс-керісі болады. Ал енді ақынға таза поэзиямен айналысып өмір сүр деп айта алмайсың. Ешкім оған өлең жазып отыр екенсің деп тамақ, киім-кешек әкеліп бермесі тағы бар. Жан бағу керек, бала-шаға асырау керек дегендей. Дегенмен де өнер адамы болу оңай емес. Есағаң таза поэзияның адамы еді. Сұлулыққа, әдемілікке жаны құмар, лирикалық өлеңдерді оқығанды жақсы көруші еді. Маңайына ақындарды, әншілерді жинап алып, кейде көкке шығып, кейде біреуміздің үйімізге барып шағын дастархан жасап, әңгімеміз поэзия, өнер туралы өрбитін. Ондайда ағамыздың көздері оттай жайнап, жан тәнімен өлең оқиды. Бізге де өлең оқытатын.
Сұлулықты, табиғатты, әдемі қыз-келіншектерді жақсы көретін. Оның өлеңдері де көбінесе сол сұлуларға арналып жататын. Әдемі қыз-келіншек көрсе, жиырмадағы жігіт құсап ғашық болып өлең жазатын. Кейбір өлең түсінбейтіндер Есағаны әйелқұмар деп ойлап қалуы мүмкін. Алайда, мен жанында сонша жыл бірге жүріп, ерсі қылықтарын байқамаппын. Әдемілерді әдемі жырларымен ғана әлдилейтін. Онысы өзіне қатты жарасушы еді. Есағаңның бір бақыты – әйелі яғни, менің әпкем Меңсұлудың оның кімге қандай өлең арнап жазып жатқандығында шатағы жоқ еді. Орысша оқыған әпкеміз бәлкім не жазғанын түсінбейтін де шығар. Бірақ Есағаң жазған өлеңдеріңді әйелің оқып жан-тәнімен түсінсе сенде арман барма деп қызыға қарайтын.
Есағаның тағы бір қыры балық аулағанды, футбол ойнағанды өте жақсы көретін. Ондай сәттері де қызыққа толы болушы еді. Бірде үйдің шаруаларын істеп жатсам, ауылдың бір оқушы баласы алып-ұшып келіп, «Аға сізді футбол алаңында Есенқұл аға шақырып жатыр» деді. Есағаң мені бекер шақырмайды гой. Яғни, жанындағы жігіттерге сыра ал дейтін шығар деп қалтама ақша салып стадионға келсем, шүпірлеген бала-шаға, ортасында маймаңдап Есенқұл жездем жүр доп теуіп. Кәдімгідей ренжігенімді бідіріп, ой, Есаға істеп жатқан жұмысымды қойып келсем өңшең бала-шағамен доп теуіп жүрсің ғой, мені несіне шақырдың дедім. Бала мен бала болып ойнасаң жүрегің тазарады, бұлар періште ғой жүр доп ойнайық дейді. Айналайын, Есаға сен балалармен анда-санда доп ойнағанға мәз боласың, мен отыз жыл бойы осыларға сабақ беріп, сол періштелерден «ығыр» болып жүрмін ғой деп әкелген ақшама балаларға сусын алып берерсің деп кетіп қалдым. Менімен бірге доп ойнамадың деп кәдімгідей өкпелеп қалды. Ертесіне редакцияға барсам түк болмағандай, құдды Олимпиаданың кубогын ұтып алғандай, кеше менің балаларым сенің балаларыңды таза жеңіп кетті деп мәз болып отыр. Міне, осындай бала сияқты мінездері болушы еді.
Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі ақындарды қатты қадірлейтін. Мұғалімдерге ақын аталарымыздың өсиет өлеңдерін,жыр-термелерін жаттатыңдар рухани тәрбие алады деп жүретін. Балдызсынып менің кейбір жетістіктерімді әдейі көрмеген болып тұқыртып ойнап жүруші еді. Бірақ бір жолы мені тағыда амалсыз қатты мойындап алғыс айтқаны бар. Біздің Үмбетәлі мектебінде 5 жылдан астам Үмбетәлі жырларынан мәнерлеп оқу дәстүрі қалыптасқан еді. Соның басы-қасында көбінесе мен жүретінмін. Жылда өлең жарысына әділқазы бол деп Есенқұлды шақыратынмын. Жұмысым көп деп онша көңіл аудармай келгісі келмей жүретін. Сол жарыс тағы бір өткізілгенде қоярда қоймай Есағаны шақырып, әділқазылар алқасының төрағасы етіп қойдық. Ол менің уақытым жоқ тез бастап тез бітіріңдер деп әрең келісті. Жарыс барысында оқушылар бірінен бірі асып, алды Үмбекеңнің 100 өлеңін, соңы 10-15 өлеңдерін оқып, әрі мағынасын түсіндіріп талдап бергенде Есағаңның көзі оттай жайнады. Уақыты жоқтығын ұмытып оқушыларға қайта-қайта өлең оқытып, кешке дейін жүріп алды. Ертесіне осы іс-шараны үлгі еттің деп газетке мақала берді. Мына дәстүрлерің тамаша екен деп алғысын айтып, арқамнан қаққаны бар. «Жиен ел болмайды деуші еді, бірақ сен жасың елуден асқанда ғана ел болайын деп келе жатырсың. Үмбетәлінің түрі саған тартқаныменен тілі маған тартқан, Айқымдардың атын шығарып жүрген мен» деп мақтанатын.
Үмбетәлі демекші, Есағаң елдік намысқа келгенде жанып түсуші еді. Сол Үмбетәліге байланысты қатты қапаланып, тіпті долданып жарылып кете жаздаған бір сәті әлі есімнен кетпейді. Ол былай еді. Ұлы Жамбылдың 160 жылдығына орай «Алатау сынды алыбым» атты (режиссері Әкім Тарази) үлкен спектакль жазылып, той қарсаңында Алматыдағы М. Әуезов театрында қойылыпты. Спектакльдің тұсау кесеріне Жамбыл ауданының көптеген адамдары шақырылады, ішінде Есенқұлда бар. Ал мен бір себептермен спектакльді көруге бара алмай қалдым. Ертесіне Есағаң мені көріп: «Әуелбек, сен кешегі спектакльге бармай қалғаның жақсы болды. Үмбетәлі атаңның сахнадағы образын көріп, сол жерде намыстан өліп кетер едің масқара! Сен түгілі мен ызадан жарылайын деп отырмын» деді түтігіп. Не болғанын сұрасам, «Айтпа Үмбетәліні сонша қорлауға бола ма? Спектакльде Үмбетәлі ақын емес, аспаннан түскен албасты, көрден шыққан көр жылан сияқты қашан көрсең Жамбылдың аузына қақпақ болып жүрген біреу болып шыққан. Сонда Жамбылдың Үмбетәліні «қара жорғам», айтыстан қайтпас інім деп соңынан ерткені қайда?» деп терісіне симай түтігеді.
Бірде Ұзынағаштағы бір жиында Әкім Таразиды көріп, оның ізіне түстім де: «Жамбыл мен екеуінің достығы жайлы оқымап па едіңіз, тіпті Үмбетәлінің кім екенін, оның артында біз сияқты ұрпақтарының бар екенін білесіз бе? дегенімде Әкім ағамыз «мен өзімше образ жасадым» деп беті бүлк етпей қарап тұрды. Сонда образ жасау үшін атақты «қара жорғаның» аруағын қорлау керек пе еді. Міне, осыған Есенқұл екеуіміз қатты намыстанғанбыз.
Содан бері көп уақыт өтті. Үмбетәлінің тарихтағы орны төмендеген жоқ. Қайта зерттеу нәтижелерінің арқасында Үмбекеңнің Отанға, елге, Жамбылға арнаған көптеген жаңа өлеңдері табылды. Бір өкініштісі, Есаға Үмбетәлінің 125 жылдық тойына жете алмай, жаңадан табылған өлеңдерін оқи алмай, тіпті табылған тірі кинобейнесін көре алмай кетті.
Ақынның маңдайына жазылған тағдыры солай шығар. Есағаң жайлы жазған естелігіміз осындай. Ендігі міндет сіз боп, біз боп айтулы ақынның рухани мұрасын дәріптеу. Есенқұлды есте қалдыру іс-шараларын өте жоғары деңгейде бастаған Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиевке және Біздің елдің жігіттеріне Есағаңның шәкірті ретінде шексіз алғыс сезімін білдіремін.

Әуелбек ЫСҚАҚОВ, ақын, Үмбетәлі музейінің меңгерушісі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста