Құман Тастанбеков: Мен әлі шал емеспін…

Құман Тастанбеков: Мен әлі шал емеспін…

Құман Тастанбеков — ҚР халық әртісі. Құрманғазы атындағы консерваторияның актер бөлімін тамамдаған. 1968 жылы М.Әуезов атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры құрамына қабылданды. Кинодағы ең алғашқы рөлі — «Қыз Жібектегі» Төлеген. Одан кейін әр жылдары “Қыс — мазасыз маусым”, “Ағам менің”, “Ерекше күн”, “Аққулар ұшып келеді”, “Махаббат жаңғырығы”, “Алаң шеті”, “Өрнек”, «Аққыз» және т. б. фильмдерге түскен. Театрда Ш Айтматовтың «Ана — Жер-анасында» Қасымды, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен терінде» Тәңірбергенді, М.Әуезовтың «Айман — Шолпанында» Наршаны, О.Бөкейдің «Құлыным меніңінде» Жанды, Э.Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридорды, Н.Хикметтің «Фархад — Шырын» қойылымында Фархадты ойнап, сахнада сан алуан бейнелер шоғырын қалыптастырды.  

Актер Құман Тастанбеков туралы айтылар әңгіме қашанда «Қыз Жібектен» басталатынына еш таңқалудың қажеті жоқ. Солай болуы заңды да. Жарты ғасырға жуық шығармашылық өмірінде кино мен театрда түрлі образдардың галереясын жасаған, бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған өнер шеберінің үлкен өнердегі ең алғашқы қадамы осы фильмдегі Төлегеннен басталған-ды.
— Құман аға, осыдан 45 жыл бұрын С.Қожықовтың 1970 жылы жарыққа шыққан «Қыз Жібегіндегі» Төлеген туралы тілшілер қауымына кем дегенде 45 рет сұхбат бергеніңізге еш күмәнданбаймын. Енді қиын болмаса «дәстүр бойынша» маған да тағы бір рет өз кейіпкеріңіз туралы әлі де айтылмаған әңгіме тиегін ағытсаңыз…
— Мені кино өнерінің таңғажайып аралына бастаған да, оның екінің біріне ашыла қоймайтын көкжиегіне еліткен де осы «Қыз Жібек» болатын. Ол кезде мен Құрманғазы атындағы консерваторияның студентімін. Қазақ кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі — С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміне кастинг жарияланып, ол өзінің ассистенті Галя Мағауина екеуі жатақханаға келіп, бірнеше болашақ актер жігіттердің фотоларын алып кетті. Арада біраз уақыт өткенде, Төлеген рөліне мені лайық деп тапқандарын хабарлады. Төлеген — тек Жібекке іңкәр жігіт ғана емес, елінің ертеңін ойлаған хас батыр, дара тұлға. Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Меруерт Өтекешова және мен — төртеуіміз бір ай бойы Алматы ипподромында атқа мініп, жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Біз ат құлағында ойнап өскен ауыл баласымыз, атқа отыру аса қиын емес. Мынау қаланың қызы Меруертті айтсаңызшы, оның бірінші күннен-ақ атқа отырып, еш именбей шаба жөнелгені мені таңқалдырады. Режиссердің қойған талабының ең бастысы ат үстіндегі шайқас барысында қаруды жетік игеру болды. Садақ пен найзаны меңгеру шеберлігінен бір ай бойы сол жерде майор Дастеновтен сабақ алдым. Бар қабілетімді салып, ойнауға тырыстым.
— Осы фильмде қалмақтардан туды алып қалу үшін Төлегеннің бір аттан екінші атқа секіретін сәтін ешбір дублерсыз өзіңіз орындағаныңыз рас па?
— Бір аттан екінші атқа қарғып міну барысында менің тәуекелге барғаным рас. Менің мұндай шешімге баруыма түрткі болған — бала жасымнан ат құлағында ойнап өскендігім, түрлі спорт түрімен айналысқандығым. Өтірік айтпаймын, көкейімде қорқыныштың болғаны да рас.

— Меруерт апай екеуіңіздің өмірле-ріңізді бір арнаға тоғыстыруларыңызға кинодағы Жібек пен Төлеген түрткі болды ма, әлде араларыңыздағы ғашықтық сезім түсірілім алаңында-ақ басталып кетті ме?
— Меруерт екеуіміз некелескенде, бізді «олардың арасында еш махаббат жоқ, олар кинодағы Қыз Жібек пен Төлегеннің образынан шыға алмай қалғандар» деп сөккендер де болды. Бірақ олай емес. Ашығын айтайық, біз бір-бірімізді сүйген, бір-бірімізге қарап, «ғашықтық ауруымен» ауырған адамдармыз. Осы махаббатымыздың арқасында 45 жыл бойы бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп келеміз. Некеміз сол кездегі «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайыловтың кабинетінде қиылды. АХАЖ бөлімінің қызметкерлері сонда келіп, Әнуар — Шеге, Асанәлі Бекежан болып киініп келіп, дос-жарандарымыздың арасында жұбайлық өмірге қадам бастық. Кинодағы қарсыласым Бекежан — Асекең тойда асаба болды.
— Қандай да өнер иесінің бала кезінен өзіне пір тұтып, еліктейтін тұлғалары болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сіздің еліктеген актеріңіз кім?
— Бұл сауалға жауап бермес бұрын сәл ғана балалық шаққа ойша саяхат жасауға тура келеді. Мен Алматы облысының Сарқант ауданындағы Покатиловка ауылының тумасымын. Өмір бойы әкем Нұрмаған жылқышы болса, анам Айша колхозда еңбек етті. Үйде төрт ағайындымыз. Өкінішке қарай, ағам мен әпкем өмірден озды. Біздің ауылымыздың атауының орысша аталуының өзі де тың игеру жылдарында сол жерге сырттан ағылып келген орыс, белорусь, украин, сыған секілді өзге ұлт өкілдерінің көп болуынан. Өзім орыс мектебінде білім алдым. Бәлкім, сол түрлі ұлт өкілдерінің сан салалы мәдениетін бойыма сіңіріп өскендіктен болар, мен мектеп кезінен «Дело было в Пенькове», «Семнадцать мгновенье весны» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған Ресейдің әйгілі әртісі Вячеслав Тихоновқа еліктеп өстім. Оның кинодағы гармонмен айтатын әндерінің бәрін мен ауыл клубындағы көркемөнерпаздар концерттерінде жиі орындайтынмын. Жалпы, оның тағдыры да маған ұқсас, ол да мен секілді қарапайым ауыл баласы.
— С.Қожықовтан бөлек сіздің актер ретіндегі сан қырлы мүмкіндіктеріңізді аша білген режиссерлер деп кімдерді атар едіңіз?
— Қабілет пен бейімділік Жаратқаннан берілгенімен, оны үнемі дамытып отыру актердің ізденісіне байланысты. Ал бұл тұрғыда актер шығармашылығы үшін көзі қырағы режиссердің оның бағына жолығуы, әлбетте, үлкен рөл атқарады. Шындығына келгенде, актер мен режиссер арасында ортақ түсіністік орнаған кезде ғана жұмыс сәтті болады. Бір сөзбен айтқанда, режиссер актердің арқасында режиссер болып қалыптасса, сәйкесінше актер да режиссердің арқасында нағыз кино мен сахна шебері болып жетіледі. Мен қазақ киносының патриархтары — С.Қожықов, А.Қарсақбаев, режиссер Юрий Пискунов, қырғыз киносының майталманы, әйгілі “Әлияны” алғашқы болып көрерменге ұсынған Болат Шамшиевтермен жұмыс істегеніме, олар қойған туындылардың басты кейіпкерлерін сомдағаныма өзімді бақыттымын деп санаймын. Драма жанрында жетілуіме бағыт-бағдар берген Ф.Шәріпова, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабековтердің де үлесі мол. Менің тағы бір қырымды танытқан — Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміндегі Ғанидың рөлі.
Ғани өткен ғасырда Қазақстан комсомол жастарының көшбасшысы болған, ұлықтауға тұрарлық замандасымыз. Ашығын айтайық, Ғани жайлы біз кітаптан оқып, оның бейнесін баспасөз бетіндегі азын-аулақ мақалалардан ғана оқып өскен ұрпақпыз. Оның көзін көрмегендіктен, әлбетте, оны қиялымыз бойынша ғана көз алдымызға елестетеміз. Мен Ғанидың образын шынайы етіп шығару үшін өзіме көп іздену қажет екенін саналадым. Сол мақсатпен Ғани жайлы тарихи деректермен жіті танысу үшін оның туған жері Қазалыдағы мұражайға арнайы бардым. Аты әйгілі тұлға жайлы ауылдастарынан сұрастырдым. Бұл орайда маған журналист Сейілхан Асқаровтың Ғани туралы жазған еңбектері көп септігін тигізді. Одан да тереңірек айтсам, осы Сейілханның Ғанидың Мәскеудегі бейітін тауып, артынша оған арналған айтулы ескерткіштің елінде бой көтеруіне мұрындық болуының арқасында әйгілі тұлға өз халқымен қауышты. Ғаниды да сол заманның жастарына тән патриоттық сезіммен ойнауға тырыстым. Кейіпкердің жазбаша нұсқа негізіндегі бейнесіне ұқсас етіп шығаруға тырыстым. Одан кейінгі көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие болған туынды — 1982 жылы шыққан Ж. Жетіруовтың «Өрнек» фильмі. Бұл фильмнің бір ерекшелігі — таптаурын болған ғашықтық тақырыбынан гөрі мұнда шалғай елді мекендегі әлеуметтік өмірдің күрделі мәселелері көтеріледі. Онда да біз Меруерт екеуіміз отбасыларында бір ұл, бір қызы бар күйеуі мен қалыңдығын ойнаймыз. Фильмнің сценарийі әдейі бізге арналып жазылғандай. Бұл тақырып ешқашан мәнін жоғалтпайды, керісінше ауыл тұрмысының қиындықтарын көрсету арқылы келеңсіз жәйттерді әшкерелеу — қазақ киносындағы тың ізденіс.

— Сізге басқалар түсірген және өзгелер ойнайтын киноларды тамашалау қаншалықты қызықты? Өзіңіз қандай фильмдерді қарағанды ұнатасыз?
— Сценарийі сауатты жазылған, қойылымы талапқа сай, декорациясы бай, режиссерлік шешімі көңіл тебірентерлік фильмді жалғыз мен ғана емес, баршаның телміріп қарайтынына шүбәм жоқ. Маған әсіресе тарихи, классикалық, мазмұны бай фильмдер ұнайды.
— Әрбір үшінші актердің кино мен театрды қатар алып жүруі сирек кездесетін құбылыс екенін теріске шығармассыз?..
— Мен М.Әуезов атындағы академиялық театр труппасына 1968 жылы қабылдандым. Содан бері осы Серке, Қалибек, Елубай ағаларымыз ойнаған қара шаңырақта еңбектеніп келемін. Әркез сахнаға шыққан сайын «біссімілламды» айтып, сыйынып шығамын. Бұл менің өз-өзіме сенімсіздігім емес, керісінше киелі сахна алдындағы толқынысым болар. Театр мен киноның айрықша айырмашылықтары бар. Киноға түсу барысында қайталап ойнауға мүмкіндік беріледі, ал театр табиғаты актерден шынайылықты, көрерменмен бетпе-бет кездесуді талап етеді. Театрда сомдаған алғашқы рөлім — драматург Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы Жан. Кейіпкерім жасы жағынан менің құрдасым, өмір сүрген кезеңі тұрғысынан қарасақ, замандасым. Мақсатым Жан бейнесін жарыққа шығаруда оның көзқарасы мен дүниетанымын, адами болмысы мен интеллектуалдық ой деңгейін тамыршыдай дөп басып, көрерменге жеткізу болды. Бұдан кейін бірнеше классикалық спектакльдерде түрлі бейнелерді сомдадым. Әр образ маған өзгеше ыстық, өйткені әр кейіпкер — менің «перзентім».
— Сіз кинода ғана емес, театрда да Меруерт Өтекешовамен бірге ойнапсыз. Тағы да жұбайлар рөлін…
— Режиссер Р.Сейтметов қойған «Сенім патшалығы» поэмасында біз жұбайлар рөлін бірге орындаймыз. Поэма желісі қызықты, екі кейіпкердің де жан дүниелері өзгеше, өмірлік ұстанымдары әрқилы. Ол сонысымен де тартымды. Осы қойылымда мен «Тағдырым» әнін орындаймын. Бір қарағанда, аталмыш туынды да бізге арналып жазылғандай…
— Бұл өмірде сіз үшін сағынышқа айналған нәрсе не?
— Әрине, менің сонау балалық шағымнан күні бүгінге дейін сағынатыным — анам Айшаның тандыр пешке пісіретін таба наны. Анамның ып-ыстық нанды пештен шығарып, алып, үстіне сары май жағып ұсынатын сәті… Оның иісін айтсаңшы… Әлі мұрнымда…
— Нені жаныңыз сүймейді?
— Жаным сүймейтін нәрсе — қандастарымыздың жүзге, руға бөлінушілік туралы әңгімелері. Иә, әркім жеті атасын білуі тиіс. Бірақ, бір руды екіншісінен биік қойып, ұлықтау — барып тұрған надандық! Менің қашан да айтарым — бәріміз бір қазақпыз.
— Өнерде жолдарыңызды қуған перзенттеріңіз бар ма?
— Құдайға шүкір, үш перзент тәрбиелеп өсірдік. Тұңғышымыз — Жібек, шет тілі мен экономика бойынша екі мамандықты меңгеріп шыққанымен, көп жылдар теледидарда қызмет етті. Қазір тұрмыста, одан 4 жиеніміз бар. Одан кейінгі Фарабиден азамат болып, ат жалын тартып мінген шағында аяқ астынан айырылып қалдық. Кенжеміз Томирис — әнші. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстандағы үздіктер қатарында танылып, Мәскеудегі әйгілі «Хочу в Виагру» байқауында бағын сынады.
— Құман аға, соңғы жылдары сахнада да, кинода да қарияларды сомдап жүрсіз. Қарттарды қатырып ойнайсыз, ал өмірде өзіңіз қандай шалсыз?
— Актер үшін жастың да, жасамыстың да кейпіне енудің еш қиындығы жоқ. Мен 40 жасымда да қарттардың бейнесін сомдағанмын. Ал қазір жылдар өте келе бұл тұрғыдағы тәжірибем одан ары толыса түскендей. «Еңлік — Кебекте» бұрын Кебекті ойнасам, қазір Ж.Хаджиевтің қойылымында Абызды, Ж.Жетіруовтың «Аққыз» фильмінде ақсақалды ойнаймын. Бұл екі кейіпкер де қабырғама келді. Жалпы, өзімнің сахна мен кино алаңына сай қалпымды әлі де жоғалта қойған жоқпын. Осы ғұмырымда шығармашылық мақсаттарымның біразына қол жеткіздім. Алайда менің арманым — бүгінгі күннің талабына сай рөлді ойнау. Сол тұрғыда “Мосфильмге” барып, тұшымды дүниелер жасап, қызықты кейіпкерлермен кездесу. Шалдар туралы айтқанда, әкем есіме түседі. Баяғыда студент кезімде жазда ауылға демалысқа барамын. Бір-екі күннен кейін әкем: «Қашанғы жата бересің, жүр, тауға барып, отын әкелеміз», — деп өзімен ертіп шығады. Мен біраз қимылдағаннан кейін тез-ақ шаршап қаламын, ал әкем болса тынбайды. Сонда оған сыртынан қарай отырып, ішімнен: «Жетпіске келген ақсақал қалай ғана шаршамайды екен?..» — деп ойлаймын. Енді міне, қарап отырсам, сол жетпіске өзім де келіп қалыппын. Оған әлі сенбей жүрмін. Иә, шынында да, мен қандай шалмын? Жо-жоқ, мен әлі шал емеспін. Көкірегім ояу, көңілім жас…
— Әңгімеңізге рақмет!

kazakhstanzaman.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста