Өркениет

Қырғыз қазақтары қауымдастығының V cъезі өтті

  • Қырғыз қазақтары қауымдастығының V cъезі өтті

    Қырғыз қазақтары қауымдастығының V cъезі өтті

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында 19-маусымда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын Жолдауын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Оған Қырғыз қазақтары қауымдастығының белсенділері мен Қырғыз қазақтары қауымдастығы кеңесінің мүшелері және Қырғыз Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісінің 1-орынбасары қатысты.


Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев онда «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асырылуының барысын және оның басым бағыттарының «Нұрлы жолда» қалай көрініс тапқанын баяндап берді. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі қазақ диаспорасымен байланысының және ондағы қазақ мәдени орталықтарының жай-күйімен таныстырып, дөңгелек үстел жиынына қатысушылардың түрлі сауалдарына жауап берді.


«Статистикаға қарайтын болсақ бүкіл Қырғызстанның бюджеті Алматы қаласының бюджетінен де аз екен. Ал Қазақстанның бюджеті бүкіл Орталық Азия мен Кавказ елдерінің бюджетімен пара-пар екен. Осыған қарап-ақ екі елдің жағдайын өздеріңіз салыстырып көрулеріңізге болады. Әрине оның бәрі оңаймен келген жоқ. Қазақстан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға әлі жеткен жоқ, жетпейтін нәрселер әлі де жеткілікті. Оның бәрі Жолдауда айтылған», – деген Т. Мамашев Қазақстандағы көші-қон саясатындағы өзгерістерді түсіндіріп өтті. Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер мен түзетулердің жаңа редакциясындағы жаңалықтармен таныстырды. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі қарауына ұсынылған жаңа заң жобасының жыл соңына дейін қабылданып, ҚР Президентінің қол қоюына ұсынылуы мүмкін екенін жеткізді.


ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басты міндеті шетелдегі қазақ диаспорасының тілі мен салт-дәстүрін ұмытпай оны ары қарай дамыта түсуіне жағдай туғызып, оған қолдау көрсету екені айтылды. Бұл бағытта қазақ ұлттық мәдени орталықтарының маңызы мен рөлі зор екені сөз болды. Алайда кейбір мәдени орталықтар өздерінің қаржылық мәселесін Қазақстан шешу керек, бірақ олардың ішкі ісіне араласпау керек деп ойлайды. Бұл қате пікір. Мемлекеттің шетелдегі қоғамдық ұйымдарды қаржыландыруы заңға қайшы келеді.


«Қазақ диаспорасының әлеуетін біз әлі толық пайдалана алмай жүрміз. Шетелдегі қазақтардың әлі нақты есебі жоқ. Біз әрбір елдің ресми статистикасы мен ондағы мәдени орталықтардың есебіне ғана сүйеніп жүрміз. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуді үкімет алдына қойғанбыз. Алайда қаржыландырудың жоқтығынан бұл іс әлі күнге дейін қолға алынбай отыр. Сол сияқты біз шетелдегі студенттерді де есепке алғымыз келеді. Біз шет елдердің жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ диаспорасы өкілдері туралы мәдени орталықтарға қанша сұрау салсақ да 3-4 жылдан бері ешқайсысы мәлімет бере алмай отыр. Олар жоғары білім алғаннан кейін Қазақстанға келетін болса оларға мемлекетік грант беруге дайын», - деді Талғат Асылұлы.


 


Қырғыз қазақтары қауымдастығының V cъезі өтті


Бішкектегі Қырғыз мемлекеттік тарих музейінің мәжіліс залында 20-маусым күні өткен Қырғыз қазақтары қауымдастығының V съезіне жиналушылардың көпшілігі бұл шараға екіұдай сезіммен келген болатын. Өйткені 2013 жылы Қырғыз қазақтары қауымдастығы төрағасы Серікқұл Қосақов қайтыс болғаннан кейін, оның орнына жаңа төраға сайлауда қауымдастық мүшелері бұған дейінгі алқалы жиында бір шешімге келе алмай тарқаған еді. Сондықтан Қырғыз еліндегі 34 мыңға жуық қазақ диаспорасы ұйымының төрағасы міндетін атқару уақытша Ерғали Абдиакимовке жүктелген болатын. Сол себепті бұл съезде де олардың «бір жағадан бас, бір жеңген қол шығара алмайтындығы» туралы сәуегейлік жасаушылар аз болған жоқ. Дегенмен мерейтойлық съезді ұйымдастырушылардың еңбегі өз жемісін берді. Көптен күткен бұл жиынға қатысатын делегаттардың тізімі облыстық аудандық, қалалық деңгейде өткен алқалы жиында анықталған болатын. Қауымдастықтың құрметі төрағасы Еркін Бөлекбаевтың айтуынша, ұйымдастыру органындағы тізім бойынша делегаттар саны Баткен мен Нарын облыстарынан бір-бірден, ал Ош қаласынан - 2, Ош облысынан – 3, Жалалабад облысынан - 5, Талас облысынан – 17, Ыстық көл облысынан – 40, Бішкек қаласынан – 56, Шу облысынан – 76 адам болды. Делегаттар тізіміне енбей қалған Кеңестің өзге төрт-бес мүшесі де бұл күні қауымдастық ережесі бойынша жаңа төрағаны таңдау кезінде өз дауыстарын беруге мүмкіндік алды.


Төрағалыққа ұсынылған 5 үміткердің екеуі тіркеу барысында өз өтініштері бойынша тізімнен сызылып қалды. Дегенмен қалған үшеудің ешқайсысы 1-турда қажетті 90 дауысқа қол жеткізе алмады. Сол себепті ең көп дауыс алған екеуі 2-турда қайта сайлауға түсіп, онда басым түскен Еркін Бөлекбаев жеңімпаз деп танылып, төраға атанды. Жарғыға енгізілген жаңа өзгерістер бойынша Е.Бөлекбаев бұл қызметке 4 жыл мерзімге сайланып отыр.


 


Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ.


 


 



Көрілген: 860    Пікірлер: 0

жұма, 26.06.2015, 12:03

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
сәуір
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30