Осы ұрлықты қоя алмай-ақ қойдым (Ұрының естелігі)

Осы ұрлықты қоя алмай-ақ қойдым (Ұрының естелігі)

«Мешкей» деген қайбір жақсы ат дейсің. Өзім жақсы сезінемін. Менің ұры екенімді елдің бәрі біледі. Қазір қойып, өзіме-өзім ант беріп, «Әй, енді ұрлық жасасам, қолым кесілсін» деймін іштей. Бұл ұрлық қайдан шыққан өзі. Әбден есейіп, жеті рет сот алдына барып, үш рет темір тордың арғы жағында жаза өтеп келгеннен кейін осылай ойлаймын. «Ұры»-өзімді-өзім жек көремін. Әйтеуір тілім ұзын, сөзге шешенмін. Кейде қызып алып сөйлегенде мені білмейтіндер кәнігі баукеспе, ұры, зек деп ойламайды, тарих ғалымы екен, не әдебиетші деп ойлайды. Содан да былайғы жұрт сыйлайды. Әдетімше өзімді білмейтін жерге орналасам да, біртіндеп тастай етіп жоспар құрамын. Сөйтіп, ұрлықпен айналысам. Бірақ, тұзым жеңіл, тез ұсталамын. Артымды шулатып қоямын...
Иә, енді білдім. Үрлық деген пәле жоқшылықтан, теңсіздік пен дінсіздіктен шыққан. Тәрбие нашар болады да. Бала кезіңнен өзіңде жоқ басқа біреудің затына қызығасың. Сөйтіп, білдіртпей қағып кетесің...
Оған көңілің толып мәз боласың. Үлкен іс тындырғандай марқаясың. Көңілің өседі. Көп адамдар шағын ұрлықты елей бермейді. Шулап-шулап қояды. Міз бақпай арасында жүре де бересің. Көпшілік бірінен-бірі іштей көріп, ақыры қояды.
Мен алғаш бала кезімде әдемі ойыншық ұрладым, көршіден. Бірнеше жолы бағым жанып, ұрлықтың қызығын көрдім. Ұсталдым. Таяқ жедім. Бәрібір жылтырақ пен өзіме ұнаған нәрсені ұрлап алып кетемін. Кей- кейде ұсақ-түйек ұрлығым білініп қалса сылтау айта саламын... «Пышақ, балта сияқтыларды сұрап алмайды, ұрлап алады» деп...
Есейе келе мысық, күшік ұрладық. Одан кейін тауық ұрлау әдетке айналды. Түрмеге түсуім сол құрғыр тауық ұрлаудан басталды. Бір көп тауық асырайтын татар әйелдің тауықтарын шетінен ұрлап, оңаша апарып сойып жеп жүргенбіз. Әйел ештеңе сезбегендей сияқты еді. Сөйтсем, аңдып жүріпті. Бір жолы ескі үйде кастрольге ұрлаған тауығымызды асып жеп отыр едік, мәз болып. Екі милициямен татар әйел кіріп келді. Қақалып қалдық. Ішкен арақ бойдан бірден тарқады. «Кайф» лезде жоқ болды.
Жалпы өз басым сол құрығыр тауықтан кейін ұсталған, ұсталмағаным бар есепсіз ұрлық жасадым. Тіпті, соңғы кезде кембағалдың жалғыз сиырын да мас болып жүріп, ұрлап алып кетіппін. Арасында байлардікі де кетті. Бірақ, еш байыған емеспін. «Ұры» деген өшпейтін атқа ие болдым. Түрмеге түскенде ол жерден ұрлаудың, қулық пен сұмдықтың сан алуан тәсілін үйрендім «Түрме-түзетеді» дейді. Қойған атауларын «Еңбекпен түзеу колониясы» «жалпы режим», «қатаң режим», «аса қатаң режим». Қазір түрмеде еңбекпен түзелетін еш еңбек жоқ. Дефицит.
Бұл жерден түзеліп шығатындар өте сирек. Қайта сан алуан әдіс-айла, қулық-сұмдық үйреніп шығасың. Оны өзгеге үйретесің. Өйткені, біздің қоғамда түрмеден босағанға әлі дұрыс қарамайды. Еріксіз өмір, тіршілік үшін күресте «қоямын» деп тұрған пәлеге тағы ұрынасың...
Менің отбасым бар. Жасым да елуді еңсерді. Әйтеуір, айналайын әйелім, сүйіп қосылып едім бір кезде зар илеп менімен бірге шырылдайды. Балаларды да сол өсіріп келеді. Жақсы көремін өзін. Әйел болса сондай-ақ болсын. Балаларыма «Әкелерің нақақ кетті. Ол жазықсыз» деп өтірік әңгіме айтатын көрінеді.
Уақыт өте, есейе келе балаларым да өздері-ақ желдің қайдан соғатынын біліп алыпты. Тіпті бір ұлым өзі бірнеше рет мал ұрлап әкеліп, етке қарқ қылды. Артығын сатып жібердік. Тура өзім. Шошынып қалдым. Тиым салмақ болсам:
-Әке, өзің қой, ұрлығыңды. Көзімізді ашқаннан ұрлық жасап, сотталудан көз ашпай келесің,-деп қарап тұр.
Ең соңғы рет жылқы ұрлап сотталып, туыстарымды зарлатып түрмеге кеткем. Әйтеуір, шығын төленіп, кешірім қағаз алынып, мойындап, бас шұлғып «Ендігі әрі ұрлық істесем, желкем үзілсін құрметті сот ағасы»-деген жаттанды сөзімді айтып, жеңіл жазаланам. Кейде шартты мерзім алам. Көбіне 1 жыл, жарты жыл дегендей.
Әбден үйреніп алғам. «Менттер» де мені жақсы таниды. Камера өз үйім. Түрмедегілер сағынып көрісетін туыстарымдай. Түрме мен «общакқа» үйренгем. Камераға кіре: «Сәлем, қаңғыбастар! ҚР Қылмысты істер кодексінің 132-ші бабы (бұрынғы) ІІ-тармағымен айыпты деп танылған сотталушы «сужұқпас, шынжырлыұлы» орталарыңа келді»-деймін де түрме өміріне еніп жүре беремін.
Түрме түзейді,-дейді. Атаңның басы. Соны айтқанның ауызы қисаяр түбі.
Жасым келгенде осы ұрлықты шын қойдым деп балаларымның, немерелерім мен туыстардың алдында ант бердім. Өзгелеріне де «Ала жіпті аттаушы болмаңдар» деп қатаң ескерттім. Қайран, әйелім. Менің өмір бойғы иттігім батты ма, соңғы келгенімде өмірден өтіп кетіпті. Бірақ, біраз мал жинап, балаларды тәрбиелей білді ғой. Тек мені тәрбиелей алмады. Еш ұрлық жасамай, екі жылдай шыдадым. «Общакқа» рахмет көмек көрсетіп, тұрады. «Шал, сен біздің зейнеткерсің, бар қажетіңді өзіміз әкеліп тұрамыз»-деп көмектесетін олар. Бір күні күзге қарай, өрістен қайтқан қойлардың ішінде бір семіз қара ісекке көзім түспесі бар емес пе? Аш қасқырға айналғандаймын. Басым басқаша істеп кетті. Енді оны қалай ұрлаудың жоспарын жасадым.
Құрығыр, жасым да келіп қалыпты. Баяғыдай қимыл жоқ. Өзіме тартқан үлкен ұлдан өзгесі түрмеден аман. Бір күні кешке не де болса деп қораға түстім. Анау жотада ескі қорым бар еді. Сол жерге ыдыс-аяқ, тұз, пияз, нан әзірлеп, тығып кеткем. Иен далада ұрлық малды сойып, асып жегенше өліп барамын. Қораға ақырын кірдім де семіз қойды ұстап, ақырын атыма өңгеріп алдым да, түн қатып ескі қорымға бет алдым. Ой, рахат-ай! Сол жерде үш күн жаттым, емін-еркін сорпаланып. Әлі де ет біткенше жата берер ме едім. Көзім ілініп кетіпті. Бірнеше атты сау етіп үстімнен түсті.
Туыстарым мен ауылдастарым екен.
-Ақсақал, аман екенсіз ғой, әйтеуір. Сізді үш күн бойы іздеп, әбден сабылдық. Айтып кетпейсіз бе?-дейді мені тапқандарына қуанып. Қара қойдың терісі анадайда жаюлы жатыр. Иесі көріп масқарам шыға ма, «уәдең қайда, кәрі қақпас» десе не деймін, әй, осы иттігім-ай»-деп ойлап езіліп барам.
-Ақсақал, жиналыңыз, үйде балалар тосып отыр. Ана өзіңіздің қара қойыңызды үйде де сойғызып жесеңіз болады ғой,-дейді біреуі. Қабағым жадырап, көңілденіп кеттім. Ұрлап жүргенім өзімнің қойым екен ғой. Қартайғанда періштем қақты.
-Иә, балалар, таза ауада емін-еркін сорпаланайын деп,-дедім де жер шұқыдым.
-Ауру қалса да, әдет қалмайды. Жүріңіз. Әйтеуір бұл жолы өзіңіздікін ұрлапсыз,-деп бір егделеу көршім ұрлығымды бетіме баса салды. Көрші Қытайда бір кезде ұрының қолын шауып тастайтын заң болыпты. Содан ұры жоқ дейді. Ал араптар құранды Алланың заңы деп қабылдайды содан да ұрлық жоқ дейді, кім біледі, бізге де сондай бірдеңе керек шығар. Әйтпесе, мен сияқты болады біздің ұрылар.

Бақытөмір Шалғынбай, журналист-жазушы
«Мөлдір сана» газеті

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста