Шешендік сөздер

Шешендік сөздер

Ақтайлақ БАЙҒАРАҰЛЫ (Ақтайлақ би) 1720-1816 жылдары аралығында ғұмыр сүрген, қазақ халқының атақты шешен биі, әрі төкпе ақын. Ақтайлақ бидің туған ауылы, шыққан ата-тегі жөнінде оның бүгінгі ұрпақтарының бірі, әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабаев өзінің Ақтайлақ биге арнаған кітабында былай жазады: ... "Семей облысының Жарма, Аякөз, Таскескен аудандарын мекендеп отырған найман ішіндегі Сыбан руының Жангөбек тармағынан шыққан Нарынбай сөзге шешен, әділ би болған екен. Оның баласы Құттыбай қазақ шежіресінде асқан шешендігіне орай "Қу дауысты Құттыбай" деген атпен белгілі болған. Құттыбайдан Байғара, Боран, Ботақара, Сейтен тарайды. Шетінен сөзге жүйрік, шешен болғандықтан бұл төртеуін ел арасында "Бас ауыл" деп атаған. Сол төрт Құттыбайдың Байғарасынан туған Ақтайлақ би заманында алдына жан салмайтын, үлкен рулардың шешендігімен бас қосқан алқалы жиындарда сөйлесіп қағысқанда бір ауыз мақалмен немесе толғау жырымен ел тоқтататындықтан қазақтың қара тілі атаныпты. Ақтайлақ би шамамен 1720 жылы қазіргі Семей облысының Абай, Жарма аудандары ортасындағы Құндызды өңірінде туып, жүзге қараған шағында дүниеден өткен екен. Зираты Аягөз ауданының "Ақши" кеңшарының жерінде. Ақиық ақынның ғасыр жасағанына оның:
Екі қырық, бір он бестен асып тұрмын, Аяқты апыл-тапыл басып тұрмын, - дейтін өлең жолдары куә болады".
Ақтайлақ биден тарайтын Әкімбай, Кеңсебай, Жарасбай, Сабырбай ұрпақтары бүгінде өсіп өнген. Семей, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында еңбек етеді.
Ақтайлақ жас кезінде батасын алайын деп Ұлы жүз Шымыр биге барыпты. Үйге сәлем беріп кірген соң, Шымыр би:
- Шырағым, қай баласың? - деп жөн сұрапты. Сонда Ақтайлақ:
- Жангөбек, қу дауысты Құттыбайдың немересі, Байғара бидің баласымын. Сізге сәлем беріп, батаңызды алайын деп келдім, - депті... Шымыр би:
- Е, е, қу дауысты Құттыбайдың болайын деп тұрған немересі бар деуші еді, сол сен боларсың. Көш бастап көсем, сөз бастап шешен болайын деген екенсің. Онда балам, жолдастың жүзін алма, бірін ал. Бір кісі жүз кісіге олжа салады. Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа. Өгізді өрге салма, қанатыңды талдырады. Жаманға ісің түссе, сағыңды сындырады. Жауға сырыңды айтпа, пәлеге қалдырады, - деп өсиет айтыпты да, сөзін әрмен жалғай беріпті. - Балам бір-екі ауыз сөз сұрайын, білсең айта қойшы?
- Арзан не, қымбат не? Алыс не, жақын не? Жаман не, жақсы не? Қатты не, тәтті не? - депті. Сонда Ақтайлақ бала:
- Арзаныңыз - өтірік, қымбатыңыз - шындық. Алысыңыз - ұжмақ... жақыныңыз - өлім. Жаманыңыз -қиянат, жақсыңыз - адалдық... Қаттыңыз - жоқшылық, тәттіңіз - бала. Бала үшін отқа да, суға да түсесің, - деп жауап беріпті. Ақтайлақ баланың бұл жауабына риза болған Шымыр би:
- Балам қолыңды жай, бата берейін, - депті. Ақтайлақ орнынан ұшып тұрып:
- Ие, Нарынбай, Құттыбай, Байғара бабаларымның аруағы қолдай гөр? - деп қолын жайыпты. Шымыр баба:
- Балам, сол айтқан ата-бабаларыңның аруағы қолдасын. Ақ сөйле, әрбір іске әділ бол. Бір сөзді бол. Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені. Алған бетіңнен қайтпа. Аумин! - деп ақ батасын беріпті.
Байғара би дүние салып жылы берілген соң, елі-жұрты бас қосып, ақылдаса отырып Ақтайлақты әкесінің орнына би сайламақ болады. Сонда Едіге деген ауыл ақсақалы жас Ақтайлақты сынамақ болып мынандай бір жұмбақ бастайды:
- Айдаһар ауызды, құс қанатты, бота тірсекті, жылан құйрықты бір пәле қара бұлттай қаптап, өсімдік, көкті, егісті жайлап, жалмап, жердің шаңын шығарады екен бұл не? - дейді. Сонда Ақтайлақ бала көп кідірместен:
- Мұныңыз көк қасқа шегіртке ғой, - дейді отырған көпшілік баланың тапқыр, зеректігіне тәнті болып, бәрі бір ауыздан би сайлапты.
"Ақынды ақын көрсе арқасы қозып, тілі қышыр" дегендей, Ақтайлақ пен Дулат бір-бірімен кездесе қалса-ақ сөз қағыстыра береді екен. Сондай бір сәтте Ақтайлақ Дулатты былай деп қағытыпты.
Мұз байланған тоқтыдай,
Саудырлаған Жарасқұл.
Жапырақ жеген ешкідей,
Жаудырлаған Жарасқұл.
Бұл сөзге Дулат:
Аққа илеген терідей,
Төңкерілме, Жангөбек!
Жалбыраңқы Жангөбек!
Ұстараның жүзіндей,
Мосыға артқан бақырдай,
Аударылмалы Жәнгөбек, -
деп қарымта сөзді артылта қайтарыпты.
Ақтайлақ би Дулаттың әкесі Бабатайға: Солтабайдың Барағы әкесінен өте туып, ел билеп, аға сұлтан атанды. Айбарынан ешкім аса алмады, алыптығына да жан тең келтірмеді. Батыр атанып қол бастады. Ал, сенің ұлың Дулат қолдағы бар дәулетіне ие болмай, ел кезіп, сөз қуғаннан аса алмады. Әкеден кете туды, - дегенде. Бабатай:
Жақсы да болса қарағым,
Жаман да болса қарағым.
Солтабай маған бере ме,
Жақсы туған Барағын?
деп Ақтайлақты сөзден тосылдырса керек. Бабатайдың бұл сөзі халық арасына кеңінен тарап, қанатты сөзге айналған.
Ақтайлақ бидің жасы алпыстан асқан кезі екен. Өзбектер қазақ арасына келіп, тоғанақ пен қос тігіп жатып сауда жасауды кәсіпке айналдырыпты. Саудагерлердің пұлына бағаны "қойға пәлен кез, ешкіге түген кез" деп малға шағып, жергілікті қазақтарға өздері баға қояды екен. Сауданың пұлын елу үй старшын бөлісіп көтеріп алып, несиеге тарататын ауылдар көп болған. Келген саудагерлер Тобықты ішіндегі бір руға кедейсің деп несиеге пұл бермепті. Өшіккен рудың адамдары саудагерлердің пұлын бір түнде тонап кетіпті. Бұл төңіректегі елге атақ-даңкы тарап, абыройы жүріп тұрған Ақтайлақ биге келген саудагерлер, одан дауды шешіп беруді, билік айтып, пұлдарын өндіріп берулерін өтінеді.
Би: - Жарайды, Семейдегі ұлықтарға айтпасаңдар, істі өзім бітіріп берейін, - деп келіскен екен. Шыдамсыздық жасаған саудагерлер Семейге барып хабарлап, қаладан бір екі стражник шығып, Ақтайлақтың ауылына келеді. Мұны естіген кінәлі ауыл үрейленіп, бәрі бір жерге жиналып, дегбірсізденеді. Ақтайлақ ұлық адамдарын:
- Ендігі істі өзім бітіремін, - деп, қайтарып жіберген екен. Мұны да Тобықты елі мен үріккен ауыл естіп, біліп отырады. Шыңғыстағы Байыстың сары шоқысындагы өз ауылынан шыққан Ақтайлақ би Тобықты еліне, Ералы жазығына дейін жаңадан қонған бұл ауылға таянғанда алдарынан гүл теріп жүрген екі қыз көрінеді. Ақтайлақ бидің келе жатқанын естіген Тобықты елінің бетті-беделділері "өз руынан шығып, өзбекке болысты" дегендей ғып, намысына тиетіндей өлең шығарыңдар деп екі қызды Ақтайлақтың бетін қайтарып, сағын сындыру үшін оның жолына әдейі шығарған екен... Ақтайлақ бастаған топ екі қызды көріп, аттарының басын тежеп тұра қалысады.
- Ералының ауылы қайсы? - деп жөн сұрайды, Ақтайлақ екі қыздан.
- Ералыны сұрап тұрған сіз кім едіңіз?
- Мен Ақтайлақ би едім...
Сонда қыздың бірі:
Ақтайлақ би сен бе едің ақ найзалы,
Ақылыңнан көрмедім еш пайданы..
Алпыс пенен жетпістің арасында,
Есек мінген талқы аяқ сарт айдады, - деп,
Ақтайлаққа жасқанбай қарап өлеңдетеді.
Ақтайлақ екі қызға былай депті:
Сарт айдаса обалым Тобықтыға,
Қой дегенге ұрлығын болып тұр ма?
Ауыл жөнін сұрауға бұрылып ем,
Қатынсынған бір қарға жолықтым ба?
Ел ағадан азады, тон жағадан,
Аңғал бәрі жортады тау сағадан.
Ақтайлақ би бастаған он жеті ақын,
Не деп үміт қылсын, мұндар-ау Байғарадан.
Ақтайлақтың найзадай ұзын сақалынан, терең мағыналы, өтімді сөзінен беттері қайтып, ұялған екі қыз беттерін басып сырт айналған дейді. Сол барған бетінде Ақтайлақ би дауды шешіп, екі жақты келістіріп қайтқан екен.
Ақтайлақ пен Солтабай сайысқа түсіпті. Ел көп жиналыпты. Сонда Ақтайлақ би Солтабай биге былай депті:
Бай қонысын сұрасаң,
Батбақ сұлы даласы.
Қой қонысын сұрасаң,
Кекірелі жантақ саласы,
Құйсадағы таусылмас,
Қыдырлы байдың сабасы,
Сірә да ұшпақ көрер-ау
Осыны тапқан анасы -
деп, өзінің кеудесін түртіп:
Сен төрт кісі күмән ұстасаң,
Бүгін керей өлгенде
Мен тоқсан түйе құн кестім.
Ертең найман өлмей ме?
Сөзімнің болса расы,
Өлімді жанның мұрасы, -
деп тоқталады.
Бұл сөзді Солтабай ұнатпағанда, тағы да Ақтайлақ:
Әуелі бағыра ашылса,
Ақ сандықтың түбінде.
Аққу қонар көлдерге.
Бәрін айт та, бірін айт
Туысқаны кімнің көп болса,
Солтанжан-ау, қарашы,
Үлкен медеу белдерге.
Сарықасқа ат тұр ғой белдеуде,-
Қырық кез торғын жатыр ғой,
дейді. Солтабай тосыла беріпті.
Ақтайлақ би Қанай шешенді сынамақ болып:
- Ер басында бақыт нешеу?
- Кемдік нешеу?
- Құлазу нешеу? - деп сұрайды.
Сонда қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:
- Ер басында бақыт бесеу, кемдік үшеу, құлазу төртеу.
Енді атап-атап айтайын:
-Астыңдағы атын жүрдек болса,
Жалғанның пырағы
Алғаның жақсы болса,
Үй мен қонақтың тұрағы.
Әкең - асқар тау,
Шешең - қайнар бұлақ.
Балаң жақсы болса,
Екі көздің шам-шырағы,-
Міне - бес бақыт осы.
- Атың шабан болса,
Жалғанның азабы.
Алғаның жаман болса,
Дүниенің тозағы,
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Міне - үш кемдік осы.
- Қалың ел көшсе,
Көл кұлазиды.
Қаптаған мал кетсе
Бел құлазиды.
Нарқын танымаған,
Сөз құлазиды.
Қатарынан айрылған,
Шал құлазиды,
Міне - төрт құлазу осы.
-Бөрекелді, таптың балам, - депті Ақтайлақ - Енді маған жұмбағыңды айт?
Сонда Қанай: -Ажалды қарға бүркітпен ойнайды деген, мен сіздей білгір дүлдүлге жұмбақ қоя алмаймын, - депті.
Бір күндерде Ақтайлақ би ауыл сыртыңда төбенің басында отырса, көз ұшы жерде келе жатқан Жанақ ақын екенін танып, ауылда, үй сыртында тай үйретіп жүрген балалардың ішінде өзінің кенже баласы - Сабырбайды шақырып алып:
- "Балам, анау келе жатқан атақты Жанақ ақынға ұқсайды. Сен құрметтеп қарсы ал да, бір ауыз өлең айт. Жанақ бір әбігерге түссін, - депті. Жанақ ақынның мінгені дәу шұбар ат және бір атқа қобызын жеке артып алыпты. Бимен сөлемдесіп бола бергенде Сабырбай:
Бақсы екен деп ойлап ек, басын тартқан,
Ақын Жәкем екен ғой өлең айтқан.
Бәрекелді, көшіңнің сәндісіне,
Қараша інген секілді байталға артқан, -
дегенде Жанақ ақын сасқалақтап қалып, қобызды шешіп алайын деп тұра бергенде, Ақтайлақ би:
- Жәке, үйге барғанда балалар қобызды шешіп әкеледі, әзірше мына таяқты пайдалан, - деп таяғын ұстатыпты. Таяқты ала сала Жанақ:
Төмен тіннен келемін жоғары өрлеп,
Үш жүздің, баласында ақын мен деп...
Атан да алдым біреуден, жамбы да алдым,
Мына неме кездесті-ау көлденеңдеп,
- дегенде Ақтайлақ:
- Бұл біздін жаңа талап Сабырбай деген баламыз, - депті. Сабырбай Жанақтын атын кермеге байлап, қобызын шешіп әкеп қолына ұстатыпты.
Жанақ:
Айналайын балапан жас талабым,
Айтысуға мен сенен жасқанамын.
"Сөз тапқанға қолқа жоқ" дегендейін,
Өрге өрлеп, ілгері бас, қарағым, - дегенде,
Ақтайлақ: - Балам, Жәкеңмен айтысу саган оңайға түспейді. Тез үйге бар да, мал сойғыз және оңаша үй тіккіз. Жанақты шақырып келтіре алмаушы едім, бүгін дәм айдап өзі келді және саған шын ықыласымен тілек білдірді емес пе, - депті.
Ертеде Үйсінде атағына дәулеті сай, сөзге де жүйрік, азулы Нұрбек деген би өмір сүріпті. Нұрбек Ақтайлақпен замандас екен. Оның өмірі мен сөзі ел үстінен қызыл суша жүрген дейді. Күндерде бір күні Нұрбек би жасы ұлғайса-дағы өмірді қызықтау, төсек жаңғырту мақсатында кыз іздеп Үйсінмен шектес шеткерірек отырған найман елінің бір ауылына келіпті. Ауыл адамдары жолаушыларды құрметтеп аттан түсіріп, үйге кіргізіп, төрге отырғызып, меймандостық білдіреді.
Қонақтар жайланып, іргесін түріп тастаған қазақ үйде демалып жатқанда Нұрбек іргеден шолпысы сыбдыр қаққан бірнеше қыздарды көреді. Нұрбектің тілегені алдан шыққандай болып, әлгі қыздардың арасынан сұңгақ бойлы, талдырмаштау келген аққұбаша қызға көзі түсіп "шіркін белгі таққан жері болмаса, барымды берсем де осыны алсам-ау" деген ойға келеді. Ертеңінде ауыл ақсақалдары дәстүр бойынша меймандардан не бұйымтаймен келгендерін сұрапты. Сонда Нұрбек би отырғандарға бір көз тастап, өзінің жасынан атқа мініп ел басқарғандығын, әзіргі күнде ұлы, қызы қияға қонған әлді бай, атақты би, өз елінің айтулы адамдарының бірі екенін айта келіп: "Жасым үлкен болса да бала болайын деп келдім, інілеріме аға болайын деп келдім. Несін жасырамын, өзіме кішілікке балаңды сұрай келдім. Тілегім орындалса аярым жоқ. Барымды берейін деп келдім" - депті. Қыз әкесі Дәуленге сынай қарап: Ескі ауылдың әдетінше "Қыз туса, қырық жеті қақпаны бұзып кірді" дейді екен. Ауыл ақсақалдары қыз әкесімен келісіп, Нұрбекке қалаған қызын беретін болып, келген адамдар қыздың қырық жетісіне келісіп, құда түсіп қайтады.
Екі жақ алыс-берісті аяқтағаннан кейін тоғыз күн тойын, он күн ойын жасатып, қыз ұзатылады. Көп уақыт өтпей-ак жаңа түскен жас тоқалға азулы бәйбіше астамшылық көрсетіп, теңсіздікте ұстап, отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, шектен тыс зәбір көрсетеді. Осы қорлыққа шыдай алмаған келіншек жайлау үстінде, қараңғы түн жамылып, Нұрбектің белдеуде тұрған жүйрігіне мініп, ауылым қайдасың деп тартып береді.
Жас келіншегінің аман-есен төркініне барғанын естіген Нұрбек екі ұлын қосып, бірқанша адамдармен Сауға шешенді аттандырады. Жол ортасына жеткенде ауа райы өзгеріп, аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр жауып, күн күркіреп, найзағай шатырлап, бір биік тар кезеңнен асып келе жатқанда кенеттен жай түсіп. Сауға шешен жан тапсырады. Бара жатқан жолы қайғылы сапарға айналған соң, бұлар Сауғаның сүйегін алып кері қайтыпты.
Келер жылы жазда Нұрбек би бастап жолаушылап, он бес адам жолдасы бар, найман еліндегі қыз әкесі Дәулен ауылын шабады. Нұрбектің де тайынан атқа қосылған шешен екендігін білетін ауыл адамдары мұнымен сөйлесуге кім лайықты болар екен деп ақылдасқан екен. Сонда жасы тоқсанға келген, төсегінен әрең тұрғызып көтерген, ұзақ жасап, көпті көрген қария отырып "Балалар сендер Ақтайлақ биден ақыл сұрандар. Соның алдында өткен істің арманы болмас" - депті. Қарияның ақылын алған Дәуленнің үлкен баласы қасына жолдас ертіп, Балтақара мен Қайрақты өзендерінің түйілісінде Сарыарқаның көк қойнаулы жасыл шалғынды самал-салқын жайлауында отырып, әкесі Байғараға зират соқтырып жаткан Ақтайлақ ауылына ат басын тіреген екен.
Келген адамдар істің мән-жайын түсіндіріп, Ақтайлақтың дауға бітім айтып, билік жасауын өтінеді. Ел жұмысы, жұрт тағдыры, басына бостандық аңсаған қыз үміті, бәрі өзіне қарап тұрған соң Ақтайлақ өтінішті қабылдап, зират соғуды басқаларға тапсырып, Дәулен ауылына сапар шегеді. Дәулен ауылы Нұрбек би бастаған қонақтарға арнайы үй тігіп, сойыс сойып, ерекше күтімге алып, құрметтеп отырған кезде Ақтайлақ та келіп жеткен еді. Ереңінде ауыл сыртындагы кең жазықта отырып сөз басталады. Екі жақ ақыл жарыстырып, сөз сайыстыруға баталастыруға кіріседі. Алғашқы сөз бастаған Нұрбек би:
Кеден-кеден болды,
Кеден неден болды.
Ебелең, елден болды,
Зобалаң жолдан болды.
Жерің ала болды,
Бұлт шала болды.
Біздің елде жай түгіл.
Жауын да жоқ,
Бұл өлім сенен болмай,
Неден болды? -
деп, әуелі Сауғаның құнын сұрапты. Сонда ой толғап отырған Ақтайлақ би:
Ебелең елден болса,
Зобалаң жолдан болса,
Айменен амандас
Күнменен құлақтас.
Бұлтпенен бүландас,
Жермен жақындас болдық па?
Шап деп қылыш берсек,
Ат деп мылтық берсек,
Оғын салып берсек,
Шақпағын шағып берсек,
Жасырын сөйлесіп,
Өлтір деп тілек білдірсек,
Өзіңнен жақсы қыл да құнын ал,
- депті.
Сөз жүйелі шығып, қисынға құлақ түрген жұрт, жай түсіп өлген адамның құнын сұрау орынсыз екенін ұғып, найман жағы Сауғаның қүнынан құтылғандай боп, бір серпілісіп қалғанда, "Көздегенім әлі бұл емес" дегендей Нұрбек аз кідіріп, жесір дауын бастап былай депті:
Ақ түйем қалды шаңдақта,
Төсегім қалды оң жақта,
Иен қалып ақ отау,
Ойнақ салды құрбақа,
Босағам неге сынады,
Әйел кетсе бетімен,
Ер шабады намысқа,
Сындырмасын сағымды,
Айтарым жақын, алысқа,
- депті. Істін мәні шындығы, жас жүректің қапырық қапасқа қайта түспей, еркіндік, бостандық аңсауында екенін, ару қыздың Нұрбекке қайта телінсе өмірден күдер үзуге мүлде бел байлағанын жиылган ел іштей үғынып, қызға жаны ашып, тілек білдіріп толқулы отырысқан еді. Жұрт Ақтайлақ биге үміт білдіре, не айтар екен деп қарасып калған. Ақтайлақ би:
Жақсы туған қыз бала,
Батыр туған ұлмен тең.
Ақылы аз болған соң,
Жаман адам құлмен тең.
Сатылса малға қарындас
Есікте жүрген күңмен тең,
Еңбегі еш, тұзы сор,
Жалыны өшкен құлмен тең.
Жабырқап көңілі ашылмай,
Қараңғы болған түнмен тең.
Көз жасын көрер пенде жоқ,
Қайғының дерті умен тең.
Еркі өзінде бар болса,
Тең құрбыға жар болса,
Мына отырған жас бала,
Болар еді кімнен кем? -
деп тебірене толғап, адамгершілік заңын қолдап, қыз намысын қорғап, әділетті сөзін аяқтаған екен. Сөздері таразыға түскен екі бидің ой-пікірлері көпшілік талқысына салынып, жиналған кауым Ақтайлақ бидің ақылды сөзіне тоқтап, қалың малын қайырып, қыздың бас еркіндігі өзіне тиіпті.
Тарбағатай тауының теріскейіндегі Маңырақ, Терісайырық, Шіліктіні жайлаған Байжігіт елінің, оның ішінде Тоғас руының жылқысына ойламаған жерден Тобықты жігіттері келіп тиіседі. Еру елдің мал күзеті күшті болса керек. Қақтығыс насырға шабады. Қанша айтқанымен, дайындалып барған жау басымдық көрсетіп, малды айыруға бөгет жасап, жекелеп жеткен қуғыншыны ортаға алып, қамалап ұрып, алдын бөгеу үшін аспандатып мылтық атып жүргенде қуғыншыдан екі кісі қаза табады. Бейбіт жатқан момын ел күйзеліске ұшырайды. Екі адам, жүздеген жылқысынан айрылған Тоғас елі аза тартып, еліне хабар салып ақылдасып, жаудың өкше ізіне түсіп, сабаздың қанын, елдің малын қайтарып алуға Тоғастың атақты шешені Сасан би жолға шығады.
"Ел құлағы елу, көргеннің көзі куә, естігеннің сөзі куә" болып жау Шыңғыстаудағы Тобықты елі болып шығады. Қуғыншылар ел ортасындағы Ералы ауылына келеді. Меймандарға арнайы үй тігіліп, күтім көрсетіледі. Дем алып тынығады. Ертеңінде сөз басталып "кеден-кеден болып, кеден неден болды" деген сұрақтарды қойып отырып, Сасан би сөз бастайды.
Тобықты жаты таласпайды. Өзінің намақұл екендігін мойындамайды. Бірақ мал туралы тоқтамға келсе-дағы құн туралы келісімге келе алмайды. "Біз тентектігімізді мойындап отырмыз. Жекпе-жекте бір кісіге сойылымыздың қате тигені рас, ал екінші адам жығылып, өз ажалынан қаза тапқан шығар. Біз оны білмейміз" - дегенді айтады. Екі жағы да өз сөзін дұрыстап тоқтамға келе алмай қызып, жүгініске Ақтайлақ бидің алдына баруға ризашылық білдіреді. Талапкер мен даугерлердің сөзін тыңдап отырған Ақтайлақ бидің алдында Сасан өз сөзін қайталап айта берсе керек.
- Ей шырағым, Сасан-ай, бір уақыт тасырқасаңшы, - депті Ақтайлақ.
- Мен тасырқайын, ауыртпай тағаласа. - Айтушы біреу, тұрманы түгел болсын, - депті Ақтайлақ... - Құп болады, - деп Сасан түрегеліпті.
Ақтайлақ би "билік бітгі" деп жариялаған екен. "Айтушы біреу, тұрманы түгел" деген сөздің мағынасы: "Бір кісіге билік айтамын, екі адамның құнындай болады" деген екен. Әрине, басқа отырғандар биліктің кқалай айтылғанын түсіне қоймаған сияқты.
Ақтайлақ Арғын - Найман екі арасындагы дау-шар жайында Қарқаралыдағы Алшынбай биді іздеп барып, оның үйіне қонады. Әңгіме үстінде бір сөз кезегі келіп Алшынбай Ақтайлаққа былай деген екен:
- Осы сіздің ел қымызға тар дейді ғой. Шөлдеп барған жолаушыға тостағанмен ғана қымыз ауыз тигізіп шөлін қандырмайды дейді. Осы рас па? - депті. Сонда Ақтайлақ:
- Рас болса рас шығар. "Жылқы жаным, қымыз қаным" деген емес пе? Біздің ел жылқыны жанындай, қымызды қанындай көретін ел. Қанын есепсіз біреуге бере берсін дейсіз бе? - дегенді айтканда Алшынбай:
- Бәсе, солай болса керек, - дейді. Ақтайлақ:
- "Көз - шынның расы, құлақ - өтіріктің ұясы" деуші еді, өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, - деп төрт саусағын көз бен құлақтың арасына қойып тұрып:
- Сіз осы сөзді шынның расы көзбен көріп айтып отыр екен десем, өтіріктін ұясы - естіген құлаққа сеніп айтып отырсаңыз, мен сізді Алшекең деп іздеп келіп едім, әлі бала екенсіз ғой, - депті.
Сонымен өңгіме басқаға ауысып, енді жатар уақыт болады. Ақтайлақ сыртқа шығып кеткенде Алшынбай бөйбішесіне айтады:
- "Ақтайлаққа төсекті төрдің алдына салма, өз төсегіңді салып дайындап қой. Кіріп келгенде төрдің алдында салынған төсек болмаған соң қайда жатарын білмей тұрып қалады. Сонда сен былай дейсің" деп бәйбішесіне сөз үйретіп қояды. Ақтайлақ кіріп келгенде, төрдің алдында салынған төсек жоқ. Тұрып қалса керек. Сонда бөйбіше:
- Қонағым, неге тұрсыз? "Ердің семізі - есек, әйелдің семізі - төсек" дейді. Сіз семіріп кеткен кісі көрінесіз, сізге мына төсегімді дайындап қойдым. Соған жатыңыз, - депті.
Ақтайлақ:
- Ой, құдағи, сіз дұрыс айтпадыңыз. "Ердің семізі - елдің құты, әйелдің семізі - үйдін жұты" демеуші ме еді. Жұтаған елдің жұртына жатқызайын дегеніңіз бе? - деп ұялтып тастапты.
Асқар-асқар асқар тау,
Асқардан биік тау болмас.
Балапан торғай басына,
Шырқап ұшып кона алмас.
Күзен қазып, тырбанып,
Бауырын тесіп өте алмас.
Шыңның басы жылтыр мұз.
Оған ешкім жете алмас.
Құздан құлай су ақса,
Өтіп одан кете алмас.
Табалдырық таба алмас,
Арқан байлап тас басып,
Кұз жартасты қиялап,
Аяқты басып шыға алмас.
Әлелай болмай ел болмас,
Қараша торғай қаз болмас
Әз келмей мәз болмас,
Наурыз болмай жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас,
Тас тентекте ми болмас,
Хас жүйрікте құн болмас,
Хас жақсыда кек болмас,
Хас жаманда шек болмас,
Жалғыз ағаш үй болмас,
Жалғыз жігіт би болмас,
Сараң байдан сұрасаң,
Бәрін жоқ дер ұялмас,
Кеселді туған кер кеткен,
Ел-жұртына сия алмас.
Кенжеге жүйрік, кер жалқау,
Лағынетсіз тіл алмас,
Жақсы менен жаманның,
Айырып мәнін біле алмас.
Дүниенің қызығы,
Жармен ойнап күле алмас.
Көзі кетсе көк тұйғын.
Көлден үйрек іле алмас.
Қолында жоқ жарқырап,
Оқалы киім кие алмас.
Соқыр-мылқау болса да,
Іштен шыққан баласын,
Ата-анасы қия алмас!
Жанашыры жоқ болса,
Жәбірленген жазықсыз,
Көзінің жасын тия алмас...
Арғымақ байлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң.
Сары ала қылыш не керек,
Мұқатып дұшпан кеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң.
Қызыл тілім сөйлеп кал,
Қызығыңды жер көрер.
Санаулы демің біткен соң,
Айтты дейтін жұрт қайда?
Айта-тұғын біз қайда?
Бір төбенің басында,
Көме тастап кеткен соң,
Ат туады биеден,
Алып туар анадан.
Ажал келсе бір күні,
Айырар қатын-баладан.
Сиыр жисаң қарадан.
Қатық кетпес шарадан.
Ақылдыдан би болса,
Адаспайды жобадан.
Ақымақтан би болса,
Екі қолын айырмас,
Өмірінше парадан.
Ақ сауыт деп айтамыз,
Атылған оқ өтпесе.
Арғымақ деп айтамыз,
Желгенде жылқы жетпесе.
Ақылды деп айтамыз,
Тозған елді септесе.
Ер жігіт деп айтамыз,
Жауға тастап кетпесе.
Жақсы әйел деп айтамыз,
Жамандап ерін сөкпесе.
Жарлы деп неге айтамыз,
Жабылып елі көшпесе.
Шерлі мұңы тарқамас,
Көзінің жасын төкпесе,
Жақсы менен жаманды,
Жаманат пен жалғанды,
Қолмен ұстап, көз көрер,
Санаулы демің бітпесе.
Жалаңаш жалпы жарлыға,
Жарқыраған жаз артық.
Берексіз тобырдан,
Бірлігі күшті аз артық.
Сырын білмес аққудан,
Сырлас болған қаз артық.
Айғайласқан ашудан,
Сыпайы айтқан сөз артық.
Жетім менен жесірге,
Көмектескен ел артық.
Ел намысын ақтаған,
Еңіреген ер артық.
Еріксіз түскен еңістен
Еңбектеп шыққан өр артық.
Қорлықпен өткен өмірден,
Азабы жоқ көр артық.
Батпағы көп көлдерден,
Бұлағы бар сай артық.
Қамшылатқан шабаннан,
Өзі жүрген тай артық.
Ас болмайтын жасықтан,
Бір жапырақ нан артық.
Ақ күмбездей үйіңнен,
Бір шыбындай жан артық.
Алтын менен күмістен,
Алдыңдағы мал артық.
Жаманмен жолдас болғаннан,
Жалғыз жүрген өзі артық.
Көктегі жүрген көк түйғын,
Қонарын қайда, кім білсін?
Жердегі жортқан көк бөрі,
Түнерін қайда, кім білсін?
Жабдықсыз күні мейманның,
Келерін қайдан, кім білсін?
Қас қаққанша ажалдың,
Аларын кайдан, кім білсін?
Қалы кілем жапсаңыз,
Қара нарға жарасар.
Қамқа торғын жапсаңыз,
Ақылды жанға жарасар.
Өкпе кімге жарасар,
Қарындасқа жарасар.
Қарындастың ішінде,
Кәдірлеске жарасар.
Қайырымды туыс бар болса,
Бар-жоғыңа қарасар.
Қайырымсыз туыс кез болса,
Жақыныңмен иттей таласар.
Жақсы көршің бар болса,
Жағдайыңа жанасар.
Жаман көршің бар болса,
Саусағын бүгіп санасар.
Жақсы балаң бар болса,
Саралап белден сан асар.
Жаман балаң бар болса,
Қара жолдан адасар.
Ас беріп досты алдама,
Ардақты досты корлама.
Досың үшін еңбек ет,
Сатпа еңбекті, жалдама.
Жақсылык жерде қалмасын,
Шаршадым деп зарлама.
Болымсызға болдырып,
Шиырлап елді шарлама,
Еңбегің кетпес заяға,
Ел сертінен тая ма,
Екі тілек бір көңіл,
Дос еңбегін жоя ма?
Нендей нөрсе сұраса,
Көңілді достан аяма,
Қанша қасірет шексең де,
Досыңды жатка балама,
Сұм дүние сұмпайы,
Топырақтан басқаға,
Адамның көзі тоя ма?
Ертеде Өскенбайдың тұсында Тобықты руының бір тармағы - Көкше жігіттері барымтада Керейдің бір кісісін өлтірген екен. Керейден Биболат би дау қуа барса, не құн, не сөз бермей қайтарып жіберіпті.
Биболат Өскенбайға жүгіңсе керек. Өскенбай "мына керейдің құнын неге бермейсіңдер" дегенде, көкшелер жағы "Біз кісі өлтірген жоқпыз" деп дауласыпты. Сонда Өскенбай: "Жазда Аягөзде съезде бас қосамыз, мәселе сонда шешіледі, екі жақ тоқтатар билеріңді айтыңдар, мен хабардар етемін" - дейді.
Көкше жағы Бопыны атайды да, Биболат Ақтайлақты ұстайды. Келесі жазда дүйім жұрт Аягөзде бас қосады. Ақтайлақ Бопының пара алғанын естіп жатады екен. Съезде билікті кім айтады дегенде, Ақтайлақ Бопыға: "Ақсүйек төресің ғой, бірінші сен айт". - депті. Сонда Бопы: "Бұл адамның өлігі тамбыс көрінеді. Керей тобықтыдан төрт кісі күмән ұстасын", - деп Көкше ыңғайына түседі. Биболат бұған қанағаттанбай, мен "Бопыға салған жоқпын, Ақтайлақ не бұйырса, соған ризамын" дейді. Сонда Ақтайлақ толғай жөнеліпті.
Сауын саусаң бие сау,
Салқын түспей суалмас.
Күшті жисаң, түйе жи,
Қырқадан қиялай кешсең мұңаймас,
Қатын алсаң, дегдар ал,
Артында жесір қалса кім алмас.
Жез қарғылы құба арлан,
Жетпей түлкі шала алмас.
Желбіршектен оқ тисе,
Балық өрге жүзе алмас.
Біреудің жеткіншегі жығылса,
Жер таянбай тұра алмас.
Жетесізден би қойсаң,
Парадан ауыз жия алмас.
Жылқы жайлау сұрасаң
Бетеге шалғын даладан.
Қой жайлауын сұрасаң,
Кекіреді жантақ, сорадан.
Малды жисаң койды жи,
Қой бермейді қорадан.
Ақсүйек Бопы төре едің,
Бүйірің шықпас парадан.
Ағарған сақал қараймас,
Атан жығар қырдан жел соқса.
Ойда боран борамас,
Жақсылар орға жығылса.
Жаманның еш нәрсесі кұрымас,
Құрымағаны құрысын.
Сол шіріктер не болғанын біле алмас,
Параға сатып ер құнын.
Бопы, сенің сірә де артың оңалмас,
Бұлаңдап жүрген жігіттің,
Бір көкейін жоқ кесер.
Сабазды құнсыз жіберсең,
Кісі өлтірген тек кетер.
Атам қазақ қонысы,
Бетегелі белдей ме?
Өлке бойын жайлаған,
Көшпелі қазақ ел дей ме?
Керей құнсыз кеткенмен,
Басқадан кісі өлмей ме?
Күмән кессең сен, Бопы,
Мен жүз түйе құн кестім
- Мен жүз түйе құн кестім, ердің құны екі елу. Елу түйесі қазірден бастап Керейдің алдына салынсын. Елу түйенің онын Өскенбайдың, онын Бопының, онын осы отырған билердің, онын Көкшенің, онын Найманның шаңырағына байладым, - деп бітім шартын жасапты. Ақтайлақ бидің осы аталы сөзі кейінгілерге нұсқа боп қалыпты.
Ақтайлақ би тоқсан беске келгенде таңертең бір ауыз өлең айтса, сол өлеңді жатқанша қайта-қайта айта береді екен. Қарттың бұл қылығына балалары күле беріпті. Сонда Актайлакқ:
Жалаң аяқ жалаң бас,
Жарға ойнадың сен он бес...
Қызыл шекпен желбегей,
Қыздар сүйген жиырма бес.
Жалаулы найза секілді,
Жалаңдаған отыз бес.
Қынсыз пышақ секілді,
Қылшылдаған қырық бес.
Ақыл тоқтап ми толған,
Сені айттым елу бес...
Аш бөрідей арсылдап,
Алдыңды орар алпыс бес.
Өрге шықса тізем деп,
Ылдиға түссе белім деп
Сені қайттым жетпіс бес.
Балаң мазақ қылады,
Қатының сөзбен ұрады,
Сені қайттым сексен бес,
Кеше тірі Ақтайлақ,
Бүгін өлі бір тайлақ,
Тірі деп ешкім ескермес.
Қараша тауға қар жауар.
Қос бұлақтан су ағар,
Ұрдың мені тоқсан бес, -
деп төсегіне құлай кеткен екен.

Майкөт ақыны
МАЙҚЫ БИ (12—13 ғғ.) – атақты би, суырып салма ақын.
Cырым ДАТҰЛЫ. Сырымдай батырды дүниеге келтірген қасиетті
Ақтайлақ Байғараұлы (Ақтайлақ би) 1720-1816 жылдары аралығында ғұмыр сүрген
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫ М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы»
Жанкелдіқызы Ұлбике (1825–1849 жж.) – қазақтың әйгілі ақын қызы
“Үкілі Ыбырай” атануының себебі 
Сүгірдің бүкіл елге әйгіленген жиын 1921 жылы
Сүгір Жырау 1894 жылы Маңғыстауда Өгіз-Өреуіл деген жерде дүниеге келген.
АҚЫН САРА. Сарамен айтысқан атақты Біржанның ағайындары
Ұлбике есімі елімізге таңсық болуы да ғажап емес 
Қазақта Құлыншақ деген ақын өткен 
Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) - қазақтың халық ақыны
ДОСБОЛ БИ. Досбол Қорлыбайұлы бір деректе 
Еңсегей бойлы Ер Есім!
Алдар би 
Құнанбай қажы Өскенбайұлы
Жиренше шешен (туылған-өлген жылы белгісіз)
Махамбет Өтемісүлы 1804 жылы осы күнгі Орал облысының Орда ауданында
Қожаберген жырау шығармашылығындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай
Базар жырау (1841-1911). 
Сартай Көшкіншіұлы жырау.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңы
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста