Терме айтып жүрсем, мені бүгінгідей ешкім танымас еді

Терме айтып жүрсем, мені бүгінгідей ешкім танымас еді

Әнсүйер қауымға кеңінен таныс әншілердің бірі - Өмірқұл Айниязов. Әншінің репертуары негізінен дәстүрлі әндер мен термелерден тұрады. Өмірқұл Айниязовпен болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

«Ақжайнақтың» авторы табылды
- Білетіндер әр орындаушының бағын ашатын бір әні болады деп жатады. Сізді көпшілік қауымға танытқан қай ән? Хитқа айналған әніңіз бар ма?

- Қазақтың дәстүрлі әндері мен термелерін эстраданың сүйемелдеуімен орындап жүрген әншілердің бірімін. Мені ең әуелі халыққа таныстырған, эстрададағы бет-бейнемді қалыптастырған – Ақтангерейдің термесі. Өмірқұлды Өмірқұл ретінде елге танытқан осы терме деп ойлаймын. Ал хит жағына келетін болсақ, мен айтатын «Ақжайнақ» - ойнақы ән. Тойда да, тағы басқа жерлерде де жиі орындалып жүр. Ең бастысы, тез жатталатын ән. Бұл әнді көп жылдар бойы халық әні деп келдік. Жақында бұл әннің авторы табылды. Болатбек Ердәулетов дейтін жыршы ағамыз маған тікелей байланысқа шығып: «Бұл 70-80 жылдары шығарған менің әнім еді» деген соң ол кісіге авторлық құқығын қорғауға кеңес бердім. Қазір радиодан да, басқа жерлерден де Болатбек Ердәулетовтің әні деп хабарланып жүр. Сөзі біраз өзгеріске ұшыраған екен, бірақ халықтың құлағына сіңісті болып кеткеннен кейін сол күйінде қалдырайық деп шештік. Жұртшылық сүйіп тыңдайтын тағы басқа да әндерім бар. Мысалы, Ешнияз салдың «Дүрдараз» деген әнін тыңдармандарым ерекше ықыласпен тыңдайды.
- Қалай ойлайсыз, танымал болу қиын ба? Кейде біреулер жұртшылыққа кең танылу үшін қомақты қаржы керек деп жатады. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
- Әрине, талантты екенсің деп ешкім оңайлықпен төрінен орын бермейді. Елге танылғың келсе, жұмыс істеуің, өзіңді-өзің жетілдіріп, шыңдауың керек. Өзіңді мойындатқанша қаншама уақыт өтеді. Басында телеарналарға жылына бір-ақ рет шығып жүрген кезім де болды. Егер қолдайтын адамым болса, бұдан да ертерек шығып, танылуыма болатын еді. Мен хит үшін ғана жұмыс істеген жоқпын. Қазаққа рух беретін, мәнді әндерді орындауға тырыстым. Жыр-термені түсінетін тыңдармандарым мені қолдап, қоштап, өнеріме өріс берді деп ойлаймын. Сондықтан оларға деген алғысым шексіз.

«Провинцияның әншісі» деп маған мысқылдай қарағандар да болды
- «Мәдениет қайраткері» деген атағыңыз бар екен. Мұндай атақ қаншама жыл сахнадан түспей, халықтың ықыласына бөленіп жүрген кейбір өнер адамдарының өзінде жоқ. «Мәдениет қайраткеріне» қол жеткізу сізге де оңайға түспеген болар?

- Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жұмыс істеп жүргеніме он төрт жыл болыпты. Қандай атақ алсам да адал еңбегімнің арқасында алдым деп сенімді түрде айта аламын. «Серпер» жастар сыйлығының иегерімін және «Мәдениет қайраткері» деген атағым бар. Осы екі атақты да 2011 жылы Алматыда өткен алғашқы концертімнің алдында бір айдың ішінде алдым. Біреуі - Жастар одағыныкі, екіншісі - Мәдениет министрлігінікі (сол кездегі). Бірақ мұндай атақты ала алмай жүрген өнер адамдарының да барын білемін. Үкіметке өкпем жоқ. Танымал болмай тұрған кезімде «провинцияның әншісі» деп маған мысқылдай қарағандар да болды.
- Қазір әншілердің арасында ойнақы, жеңіл ырғаққа құрылған эстрададағы әндер болмаса, дәстүрлі әндерді көп ешкім түсіне бермейді деген жаңсақ пікір қалыптасқан секілді. Кейде тойда орындаймын деп жаздырған әндерін сахнаға да алып шыға беретін әншілер кездесіп жатады. Бұған көзқарасыңыз қандай?
- Тойда орындап жүрген әнін сахнаға да алып шығатын әншілердің талғамы да сол деңгейде деп ойлаймын. Ондай әншілер сахна үшін басқа ән дайындауды ойламайды да. Сол әнін биік көреді.
- Ал енді өзіңіз термені эстрадаға қосуда не мақсат көздегеніңізді айтыңызшы.
- Алдымда бір-ақ мақсат болды. Ол - үлкен аудиторияда, стадиондарда өнер көрсетіп, жарқ-жұрқ еткен форматта өзімді көргім келді. Ондай жерде өзіңді домбырамен елестету мүмкін емес. Термені эстрадаға қосу – бұл үлкен сахнада өнер көрсетіп, үлкен кассаға, үлкен ақшаға, үлкен аудиторияға, шоу-бизнестің ортасына ену үшін қолданылатын бір тәсіл ғана. Мен бұл қадамға сондай үлкен нәрселер жасау үшін барғанымды жасырмаймын. Қазіргі заманның сұранысы да - осы.
- Демек, өзіңіздің атағыңызды шығару үшін дейсіз ғой...
- Мен терме айтып жүрсем, ешкім танымас еді. Сіз де осылай сұхбат алып отырмас едіңіз. Домбырамен қабылдайтын жерлер де, қабылдамайтын жерлер де болады. Үлкен тойларда ішіп алып, «МұзАрттың» немесе Қайрат Нұртастың әндеріне тарсылдатып билеп жатқан жерге барып, домбырамен билетемін деп айта алмаймын. Ондай ортада маған «Ақжайнақ» пен «Дүрдаразды» айтқан ыңғайлы. Егер домбырамен ән айтып беруді сұраса, бас тартпаймын.
- Өзіңіз Сыр өңірінің тумасысыз. Кішкентайыңыздан Сыр мақамын бойыңызға сіңіріп өстіңіз. Десе де, сіздің репертуарыңызда батыстың термелері көп секілді. Әлде мен қателесіп тұрмын ба?
- Негізінен Наурызбек жыраудың термелерін көп орындаймын. Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітіргенде дипломдық жұмысымды Наурызбектің термелерінен қорғадым. Сол кезде Наурызбек жыраудың термелері «синтездік жанр» деген ойға тоқталғанбыз. Онда Маңғыстаудың да, Сырдың да, Батыстың да элементтері бар. Өзі Қарақалпақ жерінде өмір сүрген. Өмірінің соңы Шамалғанда өтіп, сол жерде қайтыс болады. Репертуарымда одан өзге Нөсербай жыраудың да термелері бар. Жалпы, мен бір мектеппен ғана шектеліп қалмаймын. Жаныма жақын болса, кез келген термені орындай беремін. Алмат Алматовтың, Берік Жүсіповтың орындауындағы термелерді де нақышына келтіре орындаймын. Негізі он алтыға жуық терме жаздырғанмын.
Репертуарымда сырнаймен орындалатын әндер де бар
- Сырнайда да шебер ойнайсыз. Сізге сырнайды да эстрадаға қосып, тағы бір қырыңыздан танылуыңызға мүмкіндік бар ғой. Ондай ойыңыз жоқ па?

- Эксклюзив ретінде сыр-сұхбаттарда, жеке концерттерімде орындап көргенім бар. Әйтпесе бір сырнайшы болып көрінейін деп жүрген жоқпын. Репертуарымда сырнаймен орындалатын алты-жеті әнім бар. Қазақтың жеңіл сазды әуендеріне жақсы келеді. Кейде басқа қырымнан танылу үшін жаңалық ретінде қолдануға болады екен ғой деп те ойлаймын. Жеке концертімді бергеніме де үш жылдан асыпты. Алдағы уақытта тағы да бір концерт беру ойымда бар. Сонда сырнайды да қосуға болады.

Бәріне өз еңбегіммен жеттім
- Қазақта «Семіздікті қой ғана көтереді» деген жақсы мақал бар. Кейбір өнер адамдары белгілі бола бастағанда «жұлдыз ауруына» шалдығып, беделіне нұқсан келтіріп алып жатады. Сізде бұл жағы қалай? Ондай «аурудан» амансыз ба?

- Мен «жұлдыз ауруына» шалдығатындай бір жылда немесе алты айда аспанға шығып, танымал болған жоқпын. Бәріне өз еңбегімен жеткен мен сияқты адамдар «жұлдыз ауруына» шалдыға қояды деп ойламаймын. Ондай құбылыс көкесінің ақшасының арқасында бірден жарқырап көрініп, не болғанын өзі де түсінбей қалған кезде болады деп ойлаймын. Мұның екінші жағы да бар. Кейде «жұлдыз ауруын» жан-жағыңдағы адамдардың қолдан жасап алатын кездері де болады. Сондықтан да қандай жағдайда да абай болу керектігін өмірлік тәжірибемнен білемін. Өнер адамдары тастан немесе темірден жаралмаған. Олар да кейде шаршайды. Кейде көңіл күйі болмай қалуы да мүмкін. Сондай жағдайда бірден «өй, мынау «жұлдыз ауруына» ұшырап қалыпты» деп тұжырым жасаудың қажеті жоқ. Ал қыздардың ғашық болуы деген біздің жұмыста болатын нәрсе. Электронды поштаға хаттар да келіп жатады. Оны бала-шағам да жақсы түсінеді. Қалыпты жағдай деп түсінеміз.
- Бір сұхбатыңызда «сахнада басқамын, тойда басқамын, үйде тіпті, басқашамын. Егер әйелім мені басқа ортада көрсе, танымай қалуы да мүмкін» деген екенсіз. Сонда мінезіңіз құбылмалы ма?
- Құбылмалы деуге болмайды. Негізі бір көрген адамдар мені суық деп қабылдайды. Жақын араласа келе көзқарастары өзгеріп сала береді. «Ой, сен де өзіміз сияқты ақжарқын адам екенсің ғой» деп жатады. Негізі жасандылықты жаным жек көреді. Қай жерде өзімді қалай ұстасам да, ол менің табиғатымнан онша ұзай қоймайды. Әртіс екенмін деп жарқылдап, не болса соған ыржаңдап, орынсыз күле бергенді де ұнатпаймын. Әйелім танымай қалуы мүмкін дегенде, араласатын ортамдағы, жұмыстағы жағдайды айтқаным ғой.
- Отбасыңыз туралы айтсаңыз.
- Отбасымда сол баяғы бір әйел, бір бала.
- Өнер жолын қуамын деп қазақтың санын көбейтуді ұмыт қалдырған сияқтысыз ғой.
- Жоқ, ұмытқан жоқпыз. Екіншісін күтіп жүрміз. Баламыз он төртке келді. Қазір баланы сағынып жүрміз.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста