Өркениет

Ұлы ақынның жаңа әні мен күйі табылды

  • Ұлы ақынның жаңа әні мен күйі табылды

    Ұлы ақынның жаңа әні мен күйі табылды

Біржан салды арнайы қонақ қылып, апталап әнін тыңдап, содан соң ат мінгізіп, шапан жауып шығарып салып тұрғанда: «Біржан аға, дәл өзіңдей ендігіде әнші тумас» деген Абайға Біржанның «Мендей әнші туар, бірақ дәл сендей тыңдаушы тумас» дегені естеріңізде болар. Сөйткен Ибраһим бабамыз Біржан сал бағалағандай «есті тыңдаушы» ғана емес, «Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда» деп өзі де есті ән-күйлерді тудырған, өзіндік қолтаңбасымен тарихта қалған белді композитор атанды да. Осы орайда біз өздеріңізге ақжолтай хабар айтып, сүйінші сұрағалы отырмыз: Абайдың біз білетін әндерінен басқа, таяуда тағы екі әні мен бір күйі табылды!



Абайдың әндері бізге «Абайдың әншісі» атанған Шыңғыстаудың тумасы Әлмағамбет Қапсәләмұлы арқылы жеткен. Абайдың ақын шәкірттері — Көкбай, Мұқа, Әлмағамбет, Ақылбай, Тұрағұл, Мағауиялардың қай-қайсысы болсын Абай әндерін жарыса шырқағандығын «Абай жолын» оқыған адамның білері анық. Әннің «Абайы» Жүсіпбек Елебековтің Абай әндерін Әлмағамбеттің аузынан қалай үйренгендігі туралы Хабиба апамыздың «Ән-аманат» атты кітабында тәптіштеп жазылған.

Ал енді Абайдың, әлгінде айтқандай, жаңадан табылған әніне келер болсақ, ол – «Өзгеге көңілім тоярсың» әні. Бүгінде біз білетін бұл әннің әуенін Сыдық Мұхамеджанов шығарған, алайда ақиқатында бұл өлеңнің Абай жазған өз әні бар. Оны ҚР Мәдениет министрлігінің «Қазақтың 1000 әні» жинағына ән жинау барысында әнші Ерлан Рысқали тауып, орындаған.

Ерлан РЫСҚАЛИ, Арқа әншілік мектебінің өкілі:

– Дала мен қала мәдениетін терең меңгерген Абайдың інжу-маржандары құрылымы мен ырғағы, әуені жағынан алыстан «менмұндалап», тыңдарманын өзіне шақырып тұрады. Менің әнқорымда Абайдың барлық әні бар. Осы жылы бұлардың қатарын бұрын-соңды естімеген, ел білмейтін жаңа екі әнімен толтырдым. Олар – «Өзгеге көңілім тоярсың» және «Сен мені не етерсің» әндері. Мұның алғашқысын А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты ноталық жинағынан шығардым. Затаевич әнді Қарқаралы уезі, Мендешев ауылының тұрғыны Мұсылманқұл Әбсалықов деген кісінің аузынан жазып алған екен. Ол жерде аты «Өлеңді қайтіп қоярсың?» («Как можно не петь?») деп берілген екен. Екіншісін Шыңғыстау өңірінің тумасы, абайлық Ниязбек Алдамжаров есімді ақсақал әншінің сапасы өте төмен көне таспасынан естіп шығардым. Ниязбек ағамыз Абай мен оның айналасындағы композиторлардың әндерін өте жақсы білген әрі жеткізуші болған. Абайдың әнші, шебер музыкант ұлы Тұрағұлдың көзін көрген Ниязбек ағамыз Абай әндерін Тұрағұлдан үйренсе керек. Себебі ол өзінің естелігінде: «Тұраш аға ақын әрі композитор болған. «Әйел сыны» атты өлеңі бар, әнін де өзі шығарған» дей келе, сол әнді ұмыт болмас үшін магнитофонға жазғандығын айтады. «Мәдени мұра» аясында жүзеге асқан «Қазақтың 1000 әні» жинағына «Өзгеге көңілім тоярсың» өз орындауымда, «Сен мені не етерсің» әні Астанадағы филармонияның әншісі Перизат Тұрарованың орындауында еніп отыр.


Қазақтың күй қоржынына Абай атамыздың үш күйі енгендігін біреу білсе, біреу білмес. Ал Абайдың «Майда қоңыр» атты күйі бар екендігін күйдің айналасында жүрген өнерпаздар мен шыңғыстаулықтар да білмей келген. Ұмыт болған күйді қайта жаңғыртып, жарыққа шығарған күйші әрі өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы «Майда қоңырды» «Шығыстың шыңырау күйлері» жинағы мен «Қазақтың 1000 күйі» топтамасына енгізіп отыр.



Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші, өнер зерттеуші:

– «Абай – қазақтың рухани мәдениетінде ерекше орын алатын тұлға. Абайдың музыкалық мұрасы, қазақтың ән-күй жанрына қосқан үлесі зор. Музыкатану жаңашылдық бағыт әкеп қосқан, жаңашылдық үрдіс қосқан үлесі зор. Абай ән жанрына құрылым, музыкалық сарын, әуендік тұрғыдан келгенде жаңашылдық қосты. Тек қана бір қырынан жаңа бір үрдістерді дамытты деп айтуға болмайды. Қаншама ғасырлық қазақтың төл мәдениетінің ықпалы, әрине, бар. Орыс халқының ғылым-білімін меңгерді, Батыс Еуропаның да ықпалы болды. Солардан үлгі, бағыт алып біржола сол жаққа кетпей, қазақтың төл мәдениетімен тоғыстыра білген. Абай музыкасының өміршеңдігі, тереңдігі, синтездігінде жатыр деп айтуға болады. Ұлттық музыкамызға жаңашылдық сарын ала келген Абайдың ізін басқан Шәкәрім, Шәкір Әбеновтер жеке мектеп болып қалыптасты деп айтуға болады. Абайдың ән шығарғаны көпке мәлім. Ал күй шығарғанынан көп адам бейхабар. 80-жылдардың басында белгілі зерттеуші Уәли Бекенов абайлық Ғайса Сармурзин деген күйшіден «Торжорға», «Май түні» күйлерін жинаққа жариялап, өзі орындап жүрді. «Торжорға» туралы «Абай жолында» да айтылған. Абайдың күйлері де әндері сияқты бұрынғы дәстүрлі қазақтың күй өнеріне қарағанда әндерінің сарыны бар. «Май түні» «Көзімнің қарасымен» сарындас келеді. «Май түні» үш шекті домбырамен тартылғанға ұқсайды. Аккордтарға ыңғайланған, үш дыбыспен тартылған секілді сарында жүріп отырады, «Торжорға» екі ішекпен де тартыла беретін сияқты. Абайдың жаңадан табылған «Майда қоңыр» деген үшінші күйін 50-жылдардан бастап ән-күйді жинаған Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклор ғылыми-зерттеу зертханасынан шұбартаулық домбырашы Жүнісбай Стамбаев деген ақсақалдың орындауында алдым. Жүнісбай ақсақал Байжігіттің күй мұрасын жеткізген адам, белгілі домбырашы, жазушы Таласбек Әсемқұловтың атасы болып келеді. Бұл туралы Таласбек ағадан «бұл Абайдың атына арнап шығарылған күй ме, әлде Абайдың өз күйі ме деп анықтап сұрадым. Ол кісі: «Абайдың өзінің күйі деп тартатын, атамыз», – деп айтты. «Майда қоңыр» иірімі жағынан Абайдың басқа күйлерінен бөлектеу, сәл күрделірек».



P.S.

Бұрындары «қазақпын» деген адам Абайдың бірауыз өлеңін білмесе азаматтығына сын болатын. Осы күні «нағыз қазақпын» дегендер еліміздің «Әнұранымен» қатар Абайдың өлеңдерін, ғақлияларын (қара сөздері), әлбетте әндері мен күйлерін білуге міндетті. Абайдың сөзі мен сазын білген адам «өзін» танымақ. Әлемге Абайдың көзімен қарай білмек. Кетігін тауып, Қазақ елінің мықты да мығым кірпіші болып қалана алмақ!





Көрілген: 4752    Пікірлер: 1

сейсенбі, 10.08.2010, 14:45

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31