Ұлытау неге киелі?

Ұлытау неге киелі?

Атамыз қазақтан қалған: «Ұлытауға шықтың ба? Ұлар етін жедің бе?» сынды кең таралған мақал бар. Осы бір аталы сөз сан ғасыр, талай тарғалаңды артқа тастап, біздің заманымызға жетіп отыр. Бұл көбінеки келелі іс бастағалы жатқан ел ағаларына, қажылық сапарға ниет еткен ауқатты азаматтарға қарата айтылған. Демек, өз заманында ұлы, сауапты іс атқаратын тұлғалар үшін әуелі Ұлытауды зияраттап қайту қажетті шарттардың бірі болған. Яғни халқымыз Ұлытауды атам заманнан бері кие тұтып, оны ұлықтап келген. Үшбу игі дәстүрді Алаштың асып туған кемеңгер ұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да жалғастырды. Сол қасиетті тауда Алты Алашқа «Ұлытау сұхбатын» әйгі етті.

Ендеше, «Ұлытау неге киелі?» деген заңды сұ­рақ туындайды.
Ұлытау туралы «ҚСЭ»-де: «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер... оларды (тарихи адамдарды) ес­ке түсіру үшін ас беріп, ат шаптыруға арн­ал­ған жер­лерге (жазықтар мен өзеннің жазық ар­наларына) қойылған белгілер... Ұлытау төңі­ре­гіндегі мұндай тас мүсіндер бастабында өте көп болғанымен (кей қорымдарда 200-ге дейін бал­бал бар еді), кейіннен бүліншілікке ұшыраған, жақ­сылары жол­соқты адамдармен қолды болған», – деп жа­зылған (11-том, «Ұлытау ескерткіштері»). Бұл дәйек бізге осынау өлкенің ежелгі дәуірлерден бе­рі ұлыс ұйыған, ұлт кие тұтқан қасиетті жер бол­­ғанын ұқтырады. Ал қазақтың ежелгі тарихи құ­­жаттарында бұл тау Өртау (Өр-Тағ), Ертау (Ер-Тағ) немесе Ұлықтау (Ұлұғ-Тағ) деп аталған (Ә.Баһадұр «Түрік шежіресі»). Нақты айтқанда ілкі қазақтар да үшбу топоним құрамына «өр», «ер», «ұлық» сынды ұлы деген мағына беретін әспеттеу сөздерін міндетті түрде қосып отырған. Бұл да осы бір таудың өте ерте заманнан бері қастерленіп, ұлықталып келе жатқанын көрсетпек. Сондай-ақ «Жәмиғ ат-тауарих» (Р. әд-Дін), жоғарыдағы «Ше­жіре-и түрүк» (Ә.Баһадұр) және «Тарих-и жаһан­гушай» (Атамәлік Жувейни) қатарлы бірінші қолды бастаухаттарда аталмыш өлке Оғыз хан заманынан бұрын да, жыл санаудан неше мың жыл ілгеріден-ақ моғол (маңғұл) түріктерінің атамекені, алтын бе­сігі саналатын қасиетті жерлер қатарында бол­ғаны айтылған.
Ал Елбасымыз «Ұлытау сұхбатында» бұл тауды Са­райшық, Берел, т.б. қасиетті жерлер қатарында қа­зақ халқының киелі мекені етіп көрсетті. Сон­дай-ақ ұлтымыз тарихындағы елдің бірлігін, мә­дениеттің кеңдігін, тілдің тұтастығын сақтаған қа­­сиетті орын болғанын атап, діттеп түсіндірді.
Қазақтың тағы бір дарынды перзенті Ілияс Есен­­берлин: «Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қа­­зақша сиыр жылы, қыркүйектің жетісі күні, Ала­ша­ханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, би­­лері жиналып, Кенесарыны ақ кигізге салып, хан кө­­терді», – деп жазған болатын («Көшпенділер»). Ке­­­­меңгер Кенесары хан Жошы ханның үлкен ұлы Ор­да ханнан тарайтыны баршаға аян. Олай болса, Ұлы­тауға бара тұрып, Жошы хан күмбезін көре тұ­рып, Кенесары өзінің хан көтеру құрылтайын сол бабасының басында неге өткізбеген? Түп ба­басынан, өз заманында Алаш-Іле (Алаш ұлысының иесі, «Тарих-и жаһангушайға» қараңыз) аталған әй­гілі Жошы ханнан да ұлы болатындай, ол – Алашахан кім еді?
«Дала уалаяты» газетінің 1897 жылғы 13, 14 жә­не 18 сандарында «Алашахан және оның баласы Жошы хан туралы қазақ арасында ежелден бар аңыз» деген мақала жарияланыпты. Бұл тарихи дерекке өз кезінде «ҚСЭ»-де сілтеме жасаған болатын («Жошы хан күмбезі» мақаласын қараңыз). Осы аталған мақаланы оқыған адам Алашахан Жошы ханның әкесі екеніне, яғни онымен Шыңғыс хан бір адам екеніне анық көз жеткізер еді. ХХ ғасырдың басында өткен ғұламамыз Мәшһүр Жүсіп те Алашаханды Жошы ханның әкесі деп, Шыңғыс ханмен бір адам етіп көрсеткен. Нақты дәйек келтірсек, автор: «Алаша-хан екі қатын алған кісі дейді. Үлкен қатынынан бала тумай, кіші қатынынан 70 жасқа келгенде бір бала туып, атын Жошы хан қойған», – деп жазған еді («Тудық па, туылдық па?» Ав. Бекболат Әдетов, «Қазақ әдебиеті», №45 (3417)24.10.2014). Ал халқымызда ұлы Шыңғыс хан туралы: «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» – деген әрі мадақ, әрі мақал болып кеткен әйгілі тәмсіл сөз бар. Міне, осы дәйектердің барлығы жазба дерек бойынша да, шежірелік мәлімет бойынша да Алашахан мен Шыңғысхан бір адам екенін көрсетеді. Демек, Кенесары ханның келелі істер кезінде Алашаханның басына бірнеше қайтара баруының да, дәл сол арада үш жүздің басын қосып құрылтай ашуының да, сонда хан көтерілуінің де тарихи мәні осында жатыр. Яғни Ұлы­тау арыда бабамыз түрікке, беріде атамыз Алаш­қа қасиетті болған киелі мекен еді. Ал «Ала­шахан күмбезі» ұлық Шыңғыс ханның кесенесі бо­лып, ол хан Кене үшін де, иісі қазақ халқы үшін де аса киелі болатын.
Шыңғыс ханды мансұқтау отаршылдық заманда, әсі­ресе, Кеңес үкіметі орнаған кезеңде белең алды. Әйт­песе, түрік тарихын, өте-мөте қазақ тарихын жаз­ған ғұламаларымыз еш уақытта Шыңғысхан мен оның асыл текті әулетін қараламаған және оларды айналып өтпеген. Қайта олардың тарихын ұлттың мемлекеттілік тарихы ретінде баяндап, жырлап, мадақтап отырған. Айталық, Қожа Рәшид (Р. әд-Дін), Атамәлік Жувейни, Бабыр (Зәһир әд-Дін Мұхаммед), Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Әбілғазы Баһадұр хан, бәр-бәрінің еңбектері солай жазылған. Тіпті, бертінгі Шәкерім қажы Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейдің шежірелері де Шыңғыс хан әулеті тарихымен қоса баяндалып, со­ны­мен бір тұлға етіп өрілген-ді. От жүректі, отан­шыл ақындарымыз Ғұмар Қараш, Мағжан Жұ­мабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтар да Шыңғыс хан мен оның әулетін ел қорғаны, ұлт мақтанышы ретінде зор сүйіспеншілікпен, ыстық ықыласпен жырлап өткен. Ал одан бұрынғы жырау бабаларымыз осынау ұлы әулетті:
«Кәпірден теңдік алуға,
Қайтып та келер деймісің,
Мұсылманның баласы,
Шыңғыстан туған хандар-ай» – 
деп, күллі мұсылман дүниесінің қорғаны есебінде төтенше биік бағалаған, сарғая сағынып еске алған (Қазтуған жырау, Мұрат Мөңкеұлы). Қазақтың кеңестік замандағы тұңғыш, әрі бірегей кәсіпқой тарихшысы Ермұхан Бекмаханов Кенесары ханды зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, ақыры сол қудалаудың зардабынан арманда көз жұмды.
Алайда, осынау таза ұлттық тарихи таным «Алаш арыстарымен» бірге өлім жазасына ұшырады да, бірақ олармен бірге қайта тірілмеді, толық ақталмай сол беті қалып барады. Әлі де сол кеңес­тік жүйенің үйретіндісімен: «Кедей жақсы, бай жаман», «қараша жақсы, хан жаман», «Абай жақсы, Құнанбай жаман» дегендей ұлтты ішінен ірітетін, не теориялық, не эмпирикалық құны жоқ күлегеш тарихи көзқарастың төңірегінен ұзай алмай келеміз. Шын мәнінде қазақ элитасын, хандарын қаралау – қазақ мемлекеттілігін мақ­сатты түрде жоққа шығару болатын. Дәл сол сияқ­ты Шыңғыс хан әулетін зұлым етіп көрсету, не болмаса олардан «моңғол» жасау да, түптеп келгенде түрік халықтарын, соның ішінде қазақ ұлтын жоюға бағытталған геноцидтік сұрқия саясаттың бір тәсілі-тін. Отаршылдар айтқандай: Шыңғыс хан «тиран» болса, «моңғол» болса, онда қазақ мемлекеттілігі тәуелділік, сатқындық үстіне құрылған колонизациялық тобыр болып, қазақ халқы әркімнен пайда болған этникалық қойыртпақ болып қала бермек. Егер Шыңғыс ханды дұрыс танып, әділ бағаламасақ, өзіміз қанша ақталғанымызбен, өзге жұрт бізді бәрі бір солай түсінетін, солай екен деп менсінбей қарайтын болады. Әрине, бұл біздің «Мәңгілік ел» сынды ұлттық идеологиямызға мүлде қайшы, елдігімізді мансұқтайтын қатерлі тенденция болмақ. Ондай көзқарас біздің Ұлытауды ұлықтауымызға да, алдағы 550 жылдық ұлы тойымызға да, тіпті күллі ұлттық болашағымызға да тарихи таным және рухани мақтаныш жағынан салқынын тигізбей қоймайды. Атап өткеніміздей, тарихи ақиқатты жедел тірілтіп Шыңғыс ханды өзімізге қайтарып алмасақ, онда біздің «мемлекеттілігіміздің атасы моңғолдар» болып, қазақ деген этноним «дүбәра моңғол» дейтін пәс тіркестің синонимі болып қала береді. Сірә, Жириновский, Борат секілді арандатушылар біздің аламан тойымызды: «Қазақтар моңғолдың ата-бабасын ұлықтап жатыр», – деп қараламасына кім кепіл. Егер отандық тарихшылар Шыңғыс ханды «моңғол» деп танысақ, ондайда айтар сөз де таппай қаларымыз анық. Демек, Шыңғыс ханды дұрыс тану және өзгелерге дұрыс таныту келелі саяси мәнге, сондай-ақ аса зор идеологиялық маңызға ие тарихи түйін. Өйткені Елбасы: «Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады...»*(Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында». 40-бет). – деп атап көрсеткендей, дұрыс ұлттық тарихнама – дұрыс ұлттық идеологияның қайнар көзі. 
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасымыз төл мәдениетімізге, ұлттық та­ри­хы­мызға баса мән беріп келеді. Қамбар Ата­баев­­қа (деректанушы, тарих ғылымдарының док­­торы, профессор) сілтеме жасай айтқанда, өкінішке қарай тарихшыларымыз, әсіресе, кәсіпқой тарихшыларымыз мемлекеттің бұл қам­қорлығын өз деңгейінде ақтай алған жоқ. Шың­ғыс хан қазақ хандарының тікелей атасы бола тұра, шың­ғыс­хантанудан ғылыми атақ қорғаған бірде-бір тарихшы болып көрген емес. Ешбір кә­сіп­­­қой тарихшы «Жәмиғ ат-тауарих», «Тарих-и жаһангушай», т.б. дегендей ұлт тарихы үшін аса маңызды болған бастау мәліметтерді қазақ тіліне ау­дарып бастырмады. Екінші сөзбен айтсақ, та­рих ғылымының кілті болған деректануға ға­лымдар жағынан жеткілікті мән берілмеді. Соған қа­рамастан кейінгі жылдары тарихи тақырыпқа қа­лам тербеген мамандарды еңбегіне емес, қай­та «әуесқойлығы» мен «кәсіпқойлығына» қарап ба­ғалайтын сыңаржақты ауқым қалыптасты. Яғни ұлт тарихына еш бодаусыз соншама үлес қосып жат­қан әрі жанкешті, әрі дарынды мамандарды «әуес­қой тарихшысың» деп шеттету, қақпайлау кім­ге, не үшін керек болып жүр? Осы арада тағы Ма­рал Ысқақбайұлы аға айтқандай: «Қазаққа керегі та­рих па?», жоқ әлдекімдердің «Тарихшы деген ата­ғы ма?» – деген сұрақтар туындайды. Әрине, қа­заққа тарих керек. Өйткені тарих – ұлттың жады, мем­лекеттіліктің рухани тамыры. Елбасының 2014 жы­лы желтоқсанда «Жетекші телеарна тілшілеріне бер­ген сұхбатына» сілтеме жасай айтсақ: тарихы мық­ты халық тамыры терең емен секілді, оны еш­қандай дауыл құлата алмайды.
Елбасы жоғарыдағы «Сұхбатында» тағы қазақ та­рихы қайнарын, бастауын өз жерінен алу ке­рек екенін де атап өткен еді. Сондай-ақ үшбу сұх­батында Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ хандары Шың­ғыс ханның тіке ұрпағы екеніне де екпін тү­сі­ре, мән бере айтты. Егер осы «Сұхбатты» «Ұлы­тау сұхбатындағы» қатысты мазмұндармен байланыстыра ой жүгіртсек, Елбасы қазақ жері мен қазақ тарихының қайнар көзінде тұрған Шыңғыс хан әулеті арасында тіке және берік байланыс бар екенін бізге меңзеп көрсетіп тұр. Ал бұл пікірді сенімді тарихи құжаттар да толық растайды. Бүкіл саналы ғұмырын Шыңғыс хан әулетіне қызмет етумен өткізген Атамәлік Жувейни қаған ордасы Алмалық, Қойлық, Еміл (Алтынеміл) қалаларының маңында болғанын, «Бейне шеңбердің өзегі сияқ­ты...» тап солардың ортасына орналасқанын баян етеді (жоғарыдағы «Тарих-и жаһангушайда»). Батыстық пірәдарлар П.Карпини мен Г.Рубрук деректері де аталған мәліметті айқындай түседі. Олар 1240 жылдарда (П.Карпини) және 1250 жылдарда (Г.Рубрук) қаған ордасына келгенде, әр екеуі де Балқаш-Алакөл ойпатынан соң бар болғаны екі – төрт апта ғана жол жүреді. Ал олар Батудың астанасы Сарай қаласынан мұнда сексен күндей жол жүріп әрең жеткен-ді. Демек, Атамәлік баян еткендей, бұл екі пірәдар қалдырған деректер де Шыңғыс хан ордасы Жетісу өлкесінде болғанын көрсетеді. Аталмыш пірәдарлар Жошы ханның да, оның үлкен ұлы Орда ханның да ордалары осы Балқаш-Алакөл ойпаты маңында болғанын нақты жазып қалдырған болатын. Мұны өз кезегінде тағы Атамәлік дерегі толықтыра түседі. Осынау автор жоғарыдағы «Тарих-и жаһангушай» атты ұлы тарихнамасында Жошының астанасы Қойлық, Шағатайдың астанасы Алмалық, Үкітейдің астанасы Еміл (Алтынеміл) болғанын, ал қарашаңырақ, яғни Шыңғыс хан ордасы жоғарыдағыдай соларға жақын орналасқанын егжей-тегжейлі жазады («Тарих-и жаһангушай», яғни «Әлем әміршісінің тарихы»). Р. әд-Дін бойынша да Шыңғыс ханның арғы тегі алтыншы атасы Қайдау (Қайду) хан заманына дейін Талас, Сайрам өңірінде, яғни қазақ даласында жасаған («Жәмиғ ат-тауарих»). Шыңғыс ханның тіке ұрпағы, тарихтың ғұлама білгірі Ә.Баһадұр да өз ата-бабаларының Ұлытау өлкесінде, қазіргі қазақ даласында болғанын жазып қалдырған-ды. Демек, дәл Елбасы айтқандай, қазақ тарихының түп тамыры қазақ жерінде болған.
Баянымыз тап осы араға жеткенде «Ұлытау не­ге киелі?» деген сұрақтың жауабы да шығады.
Біріншіден, Ұлытау ежелгі түрік баба­ла­ры­мыз­дың қасиетті қорымдары орналасқан, ұлы дүбірлі науқандары өткен ерекше тарихи және рухани құндылыққа ие өлке. Екіншіден,ол Шыңғыс ханның Қайдау ханға дейінгі аталарына қоныс, ұлыс­қа рухани тірек болған киелі жер. Үшіншіден, Алашаханның – Шыңғыс ханның және оның баласы Жошы ханның күмбездері тұрған қасиетті өлке. Төртіншіден, Кенесарыға дейінгі қазақ хандары ақ кигізге отырғызылып хан көтерілген, мемлекеттілігіміздің құты қалған орасан зор тарихи маңызы, идеологиялық құны бар ардақты аймақ. Сондықтан да Ұлытау алты Алаштың арқауы, үш жүздің өзегі, қазақ елдігінің рухани тірегі болған аса қасиетті, ерек киелі мекен. Ол бүгінгі азат Қа­зақстан елі үшін де, болашақтағы «Мәңгілік ел» үшін де бәз-баяғысындай қасиетті, киелі болып тұра бермек. Дүниежүзінде адамзатты «адам» деп атайтын, өз шежіресін Адам-ата мен Хауа-анадан бастайтын түріктен, әсіресе, қазақтан басқа бірде-бір халық жоқ. Дәл сол сияқты, жерін киелі деп, тауын ұлы деп ұлықтайтын да бізден өзге ешбір ұлт болған емес. Яғни біз, нағыз аты затына сай то­пырақтан жаралған, адамнан таралған елміз. Жер қанша заман өмір сүрсе, адам баласы қанша уақыт мәужіт болып тұрса, біз де дәл сондай «Мәңгілік ел» болып жасай береміз. Бұл – әрі тарихи шындық, әрі біздің ұлттық идеологиямыз.
Сол мәңгіліктің таяу замандағы ең биік бас­пал­дағында Қазақ хандары – Шыңғыс хан әулеті тұр. Осынау ұлы мемлекеттіліктің жалғасы болған біз үшін де – Нұрсұлтан Әбішұлы құрған Тәуелсіз Қа­зақстан үшін де әз Алашахан мен ұлық Жошы хан күмбездері тұрған Ұлытау ұлы да, киелі болып қа­ла бермек.
Атамыз қазақтан қалған: «Қай жерде жығылсаң, сол жерден түрегел» – деген ақылия сөз бар еді. Алаштың ақырғы ханы Кенесары Қасымұлы Абы­лай хан немересі «Алашахан күмбезі» басында хан көтерілгені баршаға аян тарихи шындық. Бүгінгі күні міне, Елбасымыз құрған азат Қазақстанда, 2015 жыл аясында күллі әлемге сауын айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұрын-соңды болып көрмеген, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған осынау ұлы тойдың мәресі әй­дік «Алашахан күмбезінде», әз Шыңғыс ханның ба­сында өтсе зор ғанибет болмақ. Ұлытауда, әсі­­ресе, Алашахан мен Жошы ханның басына осы­нау «Ұлы той – 2015» және «ЭКСПО – 2017» қар­саңында этнотуристік нысандар салынып, сол ар­қылы осы аймаққа ішкі және сыртқы туристер тартылса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді-ау! Сонда жат жұрттан келген қонақтар қазақтың қандай асыл текті ел екенін құлағымен естіп қана қоймай, көзімен көріп, жүрегімен сезініп қайтар еді шіркін! Ал отандық қонақтар, өте-мөте жас буын ұрпақтар ұлтымыздың даңқты тарихын, Ұлытаудың киелілігін жан дүниесімен сезініп, еліміздің болашағына, «Мәңгілік ел» сынды ұлы идеологиямызға мызғымас сезім орнатып қайтары шүбәсіз. Міне, бұл әрі сая­си жақтан, әрі экономикалық жақтан қатар тиім­ділік әкелетін, сондай-ақ кәсіпкерлер мен жер­лік жұрттың кірісін молықтыратын «Жезқазған – Бейнеу теміржолының» жаңа тынысын ашатын ке­лелі мәнге ие игілікті шаруа болып табылмақ.
Уа, Алаш жұрты, келе жатқан торқалы тойың берекелі, мерекелі болсын!

Тілеуберді ӘБЕНАЙҰЛЫ
writers.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста