Даңқ

Жауға қарсы ұшақ жасатқан Кенішбай ақын неге ескерілмей келеді?

  • Жауға қарсы ұшақ жасатқан Кенішбай ақын неге ескерілмей келеді?

    Жауға қарсы ұшақ жасатқан Кенішбай ақын неге ескерілмей келеді?

1944 жылы мамыр айының басында Қарағанды облысы Қоңырат ауданының бір топ азаматы Отан қорғау қорына өз қаражаттары есебінен 1 миллион 666 мың сом аударғанын, сол арқылы майданға бір ұшақ, тоғыз танк аттандырғаны туралы тарихшыларымыз осы уақытқа дейін айтпай келеді.


Қазір Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы болып өзгерген Қоңырат ауданы 1942 жылы Одақ бойынша ерен еңбегі үшін Әскери Қызыл ту мәңгі сақтауға берілген төрт ауданның бірі болғаны жайлы да еш тарихи еңбектерден кездестіре алмаймыз. Үлкенді-кішілі энциклопедиялар да, мерзімді басылымдар да бұл туралы жұмған аузын ашар емес. Соғысқа жіберілген әр қолғап, әр пима, әр патронның орны туралы статистикалық деректер келтіруге шебер тарихшылар майданға аттанған ұшақтар туралы аса көп айта қоймайтыны қалай?! Білетініміз, атақты Қажымұқан балуанның өз қаржысымен жасатқан ұшағы туралы ғана.


Нақты тарихи деректер бойынша Қажымұқан балуан соғысқа жіберген ұшағына 100 мың сом қаражат жинап берген. Ал ұшақты Амангелді Имановтың есімімен атауды сұраған. 1944 жылы қазанның 29-ы күні Қажыкеңе Сталиннің атынан мынадай мәтінде жеделхат келіп түскен: «Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Ақтөбе кол-зы, Мұңайтпасовқа. Қызыл Армияның Әскери күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менен сәлем және Қызыл Армиядан ризашылық қабылдаңыз, жолдас Қажымұқан. Сіздің тілегіңіз орындалады. Сталин».


«Ел спорты» электронды газетінің сайтында жарияланған Қажымұқан атамыз туралы «Қазақтың бас бұлшықеті» атты мақалада: «Батыр – бейбіт күнде де батыр. Боз кілемге шыққанда, қарсыласын қапы қалдыратын Қажымұқан елге келгенде де, «Мен батыр екенмін» деп қарап жатқан жоқ. Сұрапыл жылдар келіп, соғыс басталды. Қажымұқан соғыстан жараланып қайтқан бір майдангерден ұрыс даласына ұшақ жетпей жатқанын естиді. Содан өзінің «темір-терсегін» бір арбаға салып алып, ел аралап өнерін көрсетеді. 100 мың сом ақша жинап, ол қаржыны ұшақ жасауға өткізеді. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне: «Қызыл Армия неміс басқыншыларын талқандап, сүйікті Отанымызды жаудан тазартып жатқан күндерде, мен, өмірімнің елу шақты жылын спортпен өткізген қарт палуан, еңбекпен тапқан 100 мың сом қаржыны жеңіс қорына беремін. Осы қаржыға қазақ батыры Амангелді Иманов атындағы ұшақ жасау үшін нұсқау беруін Орталық комитеттен өтінемін», – деп хат жолдайды. Сонымен, Амангелді Иманов атындағы ұшақ құралып, оған Қажытай Шалабаев ұшқыш болады. Сол ұшақпен 83 рет жауынгерлік тапсырма орындалған екен.


Иә, Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұшағы туралы осы тектес мақалаларда, архив деректерінде 1944 жылдың қыркүйегі деген дата жиі айтылады. Тек кейбір мақалаларда ғана 1942 жыл деп жазылады. Қалай болғанда да, балуан атамыз жасаған ерлік тек бір адамға ғана емес, басқа да аталарымызға ортақ болғаны анық. Бірақ таңғаларлығы, соғысқа ұшақ жөнелту үшін өз еңбегімен 100 мың сом (!) қаражат жинаған аты әйгілі ақын Кенішбай Жұбандықұлының, танк жасатуға 60 мың сом көлемінде ақша берген балуан Моншақбай Жантулақовтің, Ақантай Алдабергеновтың, Әйнек Әбдіхалықовтың, Әшімхан Ахметовтың, Адамия Әбілдиннің, Қаскен Әмірхановтың, Мәли Жақсыбековтің, Тоқберген Телібаевтың, Сейдіғазым Шомақбаевтың есімдері елеусіз қалып келе жатқаны. Ал Ақтоғайдағы аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайда соғыс жылдары шығарылған «Қызыл Ту» газетінде жазылған мақаладан өзге еш дерек болмай отыр. Сонау жылы ардагер азаматтар соғысқа қаражат жинап берген тұста – мамыр айында Сталиннің атынан арнайы алғысхат та келіпті. Тек Сталин жазған жеделхат  есімдері аталған ардагер әкелеріміздің отбасыларында сақталмаған. Бәлкім, тарихшылар, мұрағаттанушылар осы мақаламыз арқылы тың ізденістер жасап, дәйекті деректер тауып қалар деген ойдамыз...


Тұңғышбай МҰҚАНОВ, Ақтоғай аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайдың директоры:

– Біз Қоңырат ауданының соғыс жылдарындағы тылдағы еңбек майданына қатысты, соғысқа қатысты мұрағат деректерін ерте бастан жинастырып, іздестіріп келеміз. Өкініштісі, сонау соғыс жылдары Сталиннен келген жеделхат тағы басқа деректер сақталмай қалған. Тыл еңбеккерлерінің ұрпақтарында да сақталмаған. Кеше де, бүгін де аталмыш ерлеріміз Үкімет тарапынан, тарихшылар тарапынан мүлде ескерусіз келе жатыр. Қазір сол жылы әскерге ұшақ, танк аттандырған ақсақалдардың ішінде Қазкен Әбдірахманов әкеміздің ғана көзі тірі. Онда да, ақсақал тілден қалған. Сөзіңді ұққанмен, тіл қатыса алмайды...


Әзиза ИБРАЕВА, әскерге танк аттандырған Қазкен Әбдірахмановтың жұбайы:

– Қазкен әкең сөйлесе алмайды. Сексеннің бесеуінен асты. Қартайды. Кешегі ауыр күндерде ел үшін аянбай еңбек етті ғой. Ал 1944 жылы Сталиннен келген құттықтау жеделхатын сақтай алмай қалдық. Одан соң заман ауысып кетті. Әкелеріңнің Сталиннен алған жеделхаты бұрнағы жылдары Мәскеу облысының Подольск қаласында әскери мұрағатта бар деп еститінбіз. Қазір сұратсақ, бере ме екен, бермес пе екен, білмедік...




Көрілген: 3272    Пікірлер: 0

сейсенбі, 11.05.2010, 12:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31