Қазақ шекарасы қалай күзетіледі?

Қазақ шекарасы қалай күзетіледі?

- Мемлекеттіктің басты нышандарының бірі – оның нақты шекарасының болуы екендігі бұлжымас қағида. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық мекемесі болып табылатын Шекара қызметі бұл күндері құрлықта, теңіз­де, шекаралық өзендерде еліміздің аумақтық тұтастығын, шекаралық кеңістіктегі заңдылық пен белгіленген тәртіптің қатаң сақталуын кірпік қақпай қамтамасыз ете отырып, Мемлекеттік шекараны сенімді түрде күзетуде. Осылайша, Ата заңымыз­дың 2-бабында жазылғандай, «Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» деп айқындалған аса маңызды міндеттің қомақты бөлігі шекарашылардың иықтарына да артылған. Шекарашылар әр жылдың 18 тамызын кәсіби мереке ретінде атап өтіп келе жатқанына 23 жыл болды. Осы орайда, біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, полковник Дархан Айтқалиұлы Ділмановпен әңгімелескен едік.  
– Дархан Айтқалиұлы, әрбір шека­ра­шының өзіндік өмір жолы болады. Осы тұрғыдан келгенде, сіздің бұл қыз­­­метке деген құштарлығыңыз қа­лай басталды?
– Мен 1969 жылдың 9 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1990 жылы Мәскеу қаласындағы жо­ғары командалық шекара училищесін, 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік универиситетін аяқтадым. Арада төрт жыл өткенде, Ре­сей Федерациясының қауіпсіздік қыз­метіне қарасты Шекара академиясын бітірдім. 
Офицерлік қызметімді елдің ше­тін­дегі заставалардан бастадым. Қысқаша айтқанда, шекарашы офицер өтуге тиіс қызметтік тізбектердің барлығынан өтіп шықтым деуге болады. Барлық өмірім шекара қызметімен тікелей бай­ланысты.
Шекара – мен үшін қасиетті ұғым, қастерлі сезім, қадірлі қызмет. Осы қыз­метке келгелі бері Отан қорғауға деген құштарлықты, орасан зор жауап­кершілікті айқын сезініп жатырмын.
– Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасы әлем елдерін былай қойғанда, көрші елдерден қан­дай айырмашылығы бар? Шекара сы­зығы нақтыланған ба?
– Аумағы бойынша әлемде тоғы­зыншы орын алатын ел болғандықтан, шекарамыздың ұзындығы, табиғи жағ­дайы сан түрлі. Бір жердің аптап ыс­тығы, бір жердің алты айға созылар ақ бораны, тағы бір жердің тас ұшы­ратын долы бораны мен үскірік желі болға­ны­мен, бұның ешқайсысы шекарашылар үшін өздерінің алдарына қойған қа­сиет­ті міндеттерін абыроймен орын­дауға кедергі бола алмайды.
Сұрағыңыздың екінші жартысына келсем, егемендігіміздің елең-алаңын­-да Елбасымыздың халықаралық аре­на­дағы қол жеткізген ең биік жетіс­тік­терінің бірі – көрші мемлекеттермен арадағы шекарамызды нақтылап, бе­кі­тіп, болашақта бұл тұрғыда туындауы мүмкін «түсініспестіктердің» барлы­-ғын түп-тамырымен жойғандығы екен­дігін баршамыз білеміз. Бүгіндері Қы­тай Халық Республикасымен демар­кация толығымен аяқталған, шекара жа­сақтары мен бекеттері толық қойылып болған. ТМД елдерімен арадағы шека­рамыздың бойындағы демаркациялық жұмыстар аяқталуға жақын қалды. 
Бүгінгі күні Шекара қызметі жалпы ұзындығы 15 132 шақырым болатын Мемлекеттік шекараны өз күзетіне ал­са, оның 2 355 шақырымы Өзбекстан­мен, 426 шақырымы Түркіменстанмен шектеседі, ал Ресеймен шектесетін 
7 548 шақырым аумақ әлемдегі құр­лық­пен өтетін ең ұзын шекаралық сызық ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Теңіздегі шекарамыз – 1 779 ша­қырым, қарт Каспийдің үстімен өтеді. Кедендік одақпен біздің елден өтетін сырт­қы шекараның ұзындығы – 7 805 шақырым.
– Шекараны қорғауға қандай аза­маттар алынады және күзетке қосым­ша жергілікті тұрғындар мен еріктілер тартылған ба?
– Болашақта шекарашы-офицер атансам деп армандаған ұлдар ең ал­ды­мен, ҰБТ-ға жақсы дайындалуы тиіс. Таңдайтын төртінші пәні – осыдан бі­рер жылдар бұрын география болған. Өткен жылы физиканы таңдады. Келесі жылға жоспар – математика. Ресей жо­ғары әскери оқу орындарына бара­тындар физиканы таңдайды. Талапкер он бірінші сыныпқа жетісімен, күзден бастап сол маңдағы шекара отрядының немесе аумақтық ҰҚК органдарының кадрлар бөлімшелеріне жолығып, бая­нат тапсырады. Қандай құжат жинап, тапсыру керектігін сол жерде мамандар түсіндіреді. Оқуға түсуші айтылған құ­жаттарды тез арада жинап берген­-нен кейін арнайы тексеру шаралары­нан, ме­дициналық тексеруден өткізі­ліп, ті­зімге енгізіледі. Бір ғана есте бо­лар жағ­дай, туған-туыстары қыл­мыс­тық жауап­кершілікке тартылмаған бо­луы тиіс. 
Елімізге келетін шетелдік қонақ­тар­ды ең алдымен, қарсы алатын шекара­шылар болып табылады. Соларға қарап, еліміз туралы алғашқы пікір қалып­таса­ды. Сондықтан бой десең бойы, ой де­сең ойы бар, сымбатты әрі келбетті жігіт­тер болса, тіпті жақсы. Алайда, түр-тұлға интеллектімен жарасым тап­са, нұр-үстіне нұр. Сондықтан таңдау барысында елу балдан бастап, кім ең жоғары балл жинаса, соның бағы кө­бі­рек жанады.
Келісімшартты әскери қызмет­ші­лерге қойылатын талаптар да осыдан бір де кем емес. Ең алдымен, мемлекет пен халыққа берген әскери антына адалдық, тазалық талап етіледі. Кеңестік кезеңде кеңінен насихатталған – «Ше­караны бүкіл халық күзетеді» де­ген қа­ғида бүгін де маңызын жойған жоқ, жоймақ та емес. Әсіресе, Мемлекеттік ше­караның шығыс бағытындағы жер­гілікті тұрғындары – шекарашылар­дың сенімді көмекшілері. Ерікті жа­сақшы­лар барлық шекара бекеттерінің «өз адамдарына» айналған.
– Шекарашылар қандай құрал­дарды, техниканы пайдалана алады және заманауи жабдықталған ба?
– Шекараны қырағы күзетуде тех­никалық бақылау бекеттеріндегі ста­ционарлық радиолокациялық стан­циялардың маңызы ерекше. Қазіргі уақытта олар түгел дерлік заманауи стан­циялармен алмастырылған, көп­теген заставалар заманауи арнаулы құ­ралдармен, дабыл қаққыш кешен­дер­мен, бақылау құралдарымен жаб­дықталған. Материалдық техникалық жа­ғынан қамтамасыз етумен қатар, ин­фра­құрылымдарды дамыту жұмыс­-тары да жолға қойылған. 
Шекара қызметінің қару-жарақ тех­никасын үстіміздегі жылдың 6 ма­мы­рын­да Жеңістің 70 жылдығына ар­нал­ған Астанадағы әскери шеру ба­рысында көптеген адам тамашалады. Шекара күзетінде әскери тікұшақтар мен ұшақ­тар кеңінен пайдаланылды. Автомо­бильдік және инженерлік-жол техника­лар паркі бұл күндері жаңғыр­тылған. Каспий теңізін және ондағы биоре­сурстарды қорғап, браконьер­лік­тің алдын алу үшін «Айбар» жобасын­дағы шекара кемелері іске қосылған. «FC-19» жылдамдықты катері, «Қажы­мұ­қан» жобасындағы тіркемелі-мұз­жарғыш катері жақында алынады. 
Әрине, табиғат жағдайларына бай­ланысты шекара күзетіндегі жан-жа­нуарлардың орны әлі де ерекше. Тау мен тастың арасымен өтетін шекара сызығын бақылауда жылқының орны ерекше. Санамызда қалыптасқан ше­карашының бейнесін қызметтік ит­тер­сіз елестете алмаймыз. Шекара бұзу­шы­лардың ізіне түсуде, есірткі тасы­мал­­даушыларды құрықтауда қызмет­-тік иттер – әлі де сенімді күзетшілер. 
Соңғы деректерді еске түсірсек, «Қор­дай» тексеріп-өткізу бекетіндегі ірі көлемді есірткі – героин тасымалын анықтаған «Лео», Өзбекстан мен Қа­зақстан арасындағы тасбақалардың заң­сыз тасымалын анықтаудағы «Им­ператор» атты иттің көмегі туралы ха­лыққа кеңінен хабарланды. 
– Сөз ыңғайы келіп тұрғанда Мем­лекеттік шекараны күзетуге қатысты заңдылықтардың бірқатарына тоқ­та­ла өтсеңіз. Шекара бойында тұратын халықтың құқықтық білімі қандай деңгейде? 
– Дұрыс айтасыз. Мемлекет шека­радан басталады. Бүгінгі күні шекара ке­ңістігіндегі қауіп-қатердің маңыз­дылығына байланысты, шекараны кү­зетуге қатысты заңдылықтар жаңғыр­тылды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы заңын» жүзеге асыру аясында үкіметтің «Қа­зақстан Республикасының Мемлекет­тік шекарасын категориялау туралы» нормативті-құқықтық актісі қабыл­данды. Алғаш рет мемлекеттік шека­ра­ның төлқұжаты дайындалды. Қауіп-қатерлерге байланысты олар катего­-
рияларға бөлінді (баяу, мәселесі бар және өткір мәселесі бар аумақтар). Жал­пы, 50-ден астам нормативті-құ­қықтық актілер дайындалды, үш келісім Парламентте ратификацияланды. Бұ­ның барлығын шекара бойындағы тұр­ғындар біле бермейді.
ҚХР-мен өтетін шекара бойындағы тұрғындар Мемлекеттік шекараның қадiр-қасиетін, шекара сызығында жүріп-тұру, өзін-өзі ұстау тәртібін бұ­рыннан біледі, бұл олардың «қандарына сіңген» десе болады. Алайда, оңтүстік бағытындағы шекара маңының тұр­ғындары арасында осындай тәртіптің маңызын саналарына сіңіру әлі де жү­ріп жатқан жайы бар. Кеңестік кезең­-де көршілес елдермен бір шаңырақ астында өмір сүрдік, сауда-саттық, ба­рыс-келіс еркіндігі болды. Егемендік алып, еліміз етек-жеңін қымтағаннан кейін ондай еркін қарым-қатынас тоқ­тауы тиіс, тиісті заңдар аясында ғана жүзеге асуы қажет екендігін – қақпасы Қазақстанға, қорасы Қырғызстанға не­месе Өзбекстанға қарап тұрған шекара бойында өмір сүріп жатқан ағайын­дарға түсіндіру жұмыстары әлі жалға­суда. Алтын құм салынған қаптың бір жеріне иненің жасуындай тесік пайда болса, ішіндегісі түгел сусып түспей ме? Мемлекеттік шекараның бойындағы жергілікті халық осыны мықтап есте ұстаса, шекарашыларға үлкен көмек болар еді.
– «Бейбіт заманда да ерлікке орын бар» екендігі белгілі. Олай болса, қа­зақ­стандық батыр шекарашылар ту­ралы айта кетсеңіз?... 
– Қазақстандық құрама батальон қатарында Тәжік-Ауған арасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзету бойын­ша жауынгерлік тапсырманы орындау барысында заңсыз қарулы топпен бол­ған қарулы қақтығыста өзінің коман­дирін қорғап жүріп, қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырхановтың ерлігі шекарашылардың жаңа тарихына ал­тын әріптермен жазылды. Өзі туған өл­кеде, қарт Алтай баурайындағы ше­кара заставаларының бірі бұл күндері Раджанның атымен аталған. 
Жақында ғана баспаханадан «Отаны­ның алғысына бөленгендер» деген кітапша басылып шықты. Бұл кітапшада қызмет атқару барысында қаза тапқан, әртүрлі мемлекеттік ма­ра­паттарға ұсынылған ІІ сатылы старшина Бақжан Ақылбеков, сержант Ардақ Қазиев, қатардағы жауынгер Ерлан Ниязов сияқты атпал азаматтары­мыз­дың өмірбаяндарымен қатар, бейбіт күнде жауынгерлік орден-медальдарға ие болған көптеген офицерлерімізбен келісімшартты әскери қызметшілер туралы жазылған. Шекаралық бөлім­шелерге ғана емес, бұл кітапшаларды шекара бойындағы елді мекендердің кітапханаларына, мектептеріне тарату ойда бар. Жас ұрпақ солардан үлгі алуы, соларға қарап бойларын түзеу­лері тиіс. Әрқайсысының өмірі мен қызметтері бір-бір кітапқа негіз болады. Ол кітаптар болашақтың еншісінде бо­луы, тіпті фильмдер де түсірілуі мүмкін.
Орайы келгенде айта кетейін, тек 2015 жылдың бірінші жартысында ғана жауынгерлік міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарап, ерекше бастамашылдықпен көзге түскен 3427 шекарашы әртүрлі марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда:
Мемлекеттік наградалармен – 4 әскери қызметкер;
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 1;
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 1;
«Epлiгi үшiн» медалімен – 1;
«Жауынгерлiк epлiгi үшiн» медалі­мен – 1 адам;
Мекемелік наградалармен – 3423 адам, олардың: 
«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен – 4-і;
«Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі­мен – 2-і;
«Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен – 89-ы;
1, 2 және 3 дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалдарымен – 1840-ы:
1, 2 және 3 дәрежелі «Ұлттық қауіп­сіздік қалқаны» медальдарымен – 1104-і;
2 дәрежелі «Шекара қызметінің үз­дігі» кеуде белгісімен – 259-ы.
Мақтау қағаздарымен және алғыс­тармен 125 шекарашы офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілері ма­рапатталды. Бұлар – Шекара қыз­меті­нің дамуы мен жан-жақты қамта­масыз етілуіне лайықты үлес қосып, шекара­лық қауіпсіздікті сақтауға күш-жігер­лерін аямай жұмсап жүргендер. 
– Әдеттегі сұрақ, кәсіби мерекеге қандай жетістіктермен келдіңіздер? Болашаққа деген жоспарларыңыз қан­дай?
– Кәсіби мерекемізге біз төмен­де­гідей нәтижелермен жеттік:
• шекаралық кеңістікте құқықбұзу­шылықтың 11645 дерегі анықталды, олардың 227-сі шекара бұзушылық бойынша;
• анықталған шекаралық режим­-
нің бұзылу дерегі – 1966 жағдай, өткен жыл­дың осындай мерзімімен салыс­тыр­ғанда 6,3 есе көп;
• контрабандалық тауарларға 672 рет тосқауыл қойылды, бұл өткен жыл­дың осындай мерзімімен салыстыр­ғанда 60 пайызға артық десек, бұл де­ректердің 145-і есірткі заттарына бай­ланысты. Героин деген тажалдың 
58 келісі ұсталып, жойылды. Бұл өткен жылдың осындай мерзімімен салыс­тырғанда 59 пайызға көп.
2015 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті­нің жарлығымен бекітілген Шекара қыз­метін дамыту мен Мемлекеттік ше­караны жан-жақты қамтудың орта мер­зімге арналған кешенді жоспарын жү­зеге асыру бойынша міндеттерді ке­­зең-кезеңімен орындауға бел шеше кірісіп кеттік. Бұл үшін Үкімет, Қауіп­сіздік Кеңесінің Хатшылығы тарапы­нан Қаржы министрлігіне қомақты қаражат бөлу туралы тапсырма да бе­рілді. 
Қазақстан Республикасының Мә­дениет және спорт министрлігімен келісе отырып, қоғамның шекара қыз­метіне деген сенім деңгейін көтеруге бағытталған жоспары бекітілді. 
Қол жеткізген жетістікке масай­рап, тоқмейілсіп қалуға болмайды. Жұ­мыс көп. Ең бастысы – ел тыныштығын қамтамасыз ету.
– Енді шекарашылардың әлеу­меттік жағынан қорғалу мәселесіне тоқ­тала кетсеңіз. Бұл бағытта қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Шекарашыларды үй-жаймен қамту мәселесі қазіргі уақытта өзекті мәселе. 2000-нан астам адамды қыз­мет­тік тұрғын-жаймен қамтамасыз ету ке­зек күттірмейтін мәселе болып отыр. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақ­тау және Өскемен қалаларында әс­кери қызметшілерді тұрғын үймен қам­тамасыз ету мәселесін тездетіп шешу керек. 
Шекара қызметін дамыту және Қа­зақстан Республикасының мемлекет­-тік шекарасын жайландыру аясында 2016-2017 жылдар аясында 212 пәтер алу көзделіп отыр. 2016 жылы 103 пә­тер, 2017 жылы 109 пәтер. 
2015 жылдан бастап жабық әскери қалашықтарда тұрып жатқан, еңбек өтілі 20 жылдан асатын әскери қыз­метшілерге ақшалай қаржы өтемін бе­ру жоспарланып отыр. 
Осы жылдың басынан бері қарай Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәй­кес, 57 әскери қызметшіге өздері тұ­-рып жатқан жайлары тегін берілді.
Тұрғын-жайларды мемлекеттік ме­кеменің тұрғын үй қорынан комму­­налды меншікке беру жұмыстары жал­ғастырылуда, осы мақсатта 56 пә­тер­дің құжаттары ҰҚК әскери-тех­ни­калық қамтамасыз ету департаментіне жібе­рілді. Бұдан басқа, 7 нысанның құры­лысын салу жоспарланып отыр, олар: «Шемонаиха», «Бурас», «Уба», «Қай­рат», «Сазды» шекара застава­ларының кешендері және «Келес», «Буркотово» шекара комендатуралары.
– Биылғы жылдың мамыр айында Қырғыз Республикасы Кедендік одақ­қа, тамыз айында Еуразиялық эконо­микалық одаққа енді. Осыған бай­ланысты қазақ-қырғыз шекарасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Әрине, өзгерістер болады, де­ген­мен олардың басым көпшілігі кедендік қызметке байланысты. Бұл мәселені шешуде біздің айтарлықтай тәжіри­беміз бар. Бұған дейін осыған ұқсас жағдайды қазақ-ресей шекарасында кездестіргенбіз. Сондықтан ешқандай да қиындық болмайды деп санаймын. 
Шекара қызметі бұрынғы тәртiпте жұмыс істей береді. Біздің негізгі мін­детіміз – шекарамызды контра­бан­да­лық тауар айналымнан қорғау, есірткі өткізуге тырысатындарды анық­тау, заң­сыз миграция жолымен өтуге әре­кеттенетіндердің жолын қию болып та­былады. 
Ал қазіргі уақыттағы жағдайды си­паттайтын болсам, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазақ-қырғыз шекарасында контрабандалық ұмты­лыстар айтарлықтай белсенділік таны­тып отыр. Қырғыз Республикасы Ке­дендік және ЕАЭ одаққа енген кезде, заң­сыз тауар айналымын жасауға әре­кеттенетіндердің саны айтарлықтай азаяды деп болжап отырмыз. 
Бұдан басқа, осы айтылған участок арқылы әсері өте күшті есірткі (героин) заттарын елімізге енгізуге тыры­са­тын­дар, одан әрі Ресейге, Еуропа елдеріне алып өтуге тырысатындардың негізгі жолы болып табылады. Сондықтан қы­рағылықты бір сәт те жоғалтуға бол­майды. 
Жалпы айтқанда, Шекара қызметі бұл істе өзінің міндеттерін ойдағыдай атқарып отыр. Жоғары бас қолбасшы қойған тапсырманы шекарашылары­мыз қажетті деңгейде орындайды деп сенді­ремін. 
– Директор мырза, алдағы келе жат­қан мерекелерге орай әріптес­те­ріңізге, ардагерлерге, олардың отбасы мүшелеріне қандай тілек айтасыз?
– «Бұрынғы шекарашы» деген болмайды. Шекара қызметі қатарында мерзімін өтеген бұрынғы сарбаздарға да, Мемлекеттік шекараны күзетіп жүрген бүгінгі шекарашыларға да зор табыс, баянды бақыт, мықты денсаулық және олардың отбасы мүшелеріне амандық-саулық тілегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан 
Жолдасбек ДУАНАБАЙ 
«Айқын» газеті  

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста