Сот орындаушылардың Заң бұзуға қақысы бар ма?!

Сот орындаушылардың Заң бұзуға қақысы бар ма?!

ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Әділет министрі Берік Имашев, Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мырзалар назарына!

"Алаш айнасы" порталының өткен нөмірлерінде: "Сот орындаушылар Ата заң талаптарын неге ескермейді?" және "Заңның былқылдақтығы адамдарды баспанасыз қалдырып отыр" деп бір емес, екі рет қатарынан мәселе көтеріп, мақала жазғанымызды көзі қарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Онда Жанна Ерланқызы деген азаматша "БтаИпотека" АҚ-нан ипотекаға үй алып, кейін ай сайынғы төлемақысын уақытылы төлей алмаған соң, сот орындаушылар соттың шешімінсін-ақ үйді тартып алғанын көтерген едік. Кейіннен білгеніміздей "БтаИпотека" компаниясы тек бір отбасының ғана емес, алты бірдей жанұяның пәтерін алуға шешім шығарған көрінеді. Осы алты отбасы да "Заң Ақиқат" адвокаттар компаниясының көмегіне жүгінген. Бұл тек біз білетіндері ғана. Ал "БтаИпотеканың" мұндай әрекеттеріне күйініп, басқа заңгерлердің көмегіне жүгінгендердің саны қанша екендігін бір Құдайдың өзі білер.
Қазір банкке де, басқаларға да қарыз емес қазақты табу қиын. Тіпті осы қарыз деген қасірет талай қазақтың отбасын шайқады, өмірін қиды. Ипотекалық несиеге баспана алып, қарызын қайтара алмай жатқан борышкерлер жалғыз пәтерінен айрылып, бала-шағасымен шырылдап далада қалуда. Тіпті басындағы жалғыз баспанасын қорғаймын деп қаншама отбасы аштық жариялады, тіпті кейбірі асылып қалды, өз-өзін өртеп жібергендер де кездесті. Бірақ өкінішке орай, бұған селт етер тиісті органдар табылмай отыр. Жақында "Заң Ақиқат" заңгерлік компаниясы журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, соттар мен сот орындаушыларының да, банктің де заңды белден басып отырғандарын тағы бір әшкерелеп берді. Қарап отырсаңыз, барлығы да бір сценарий бойынша жүргізілген секілді. Бұл ретте біз тек бір адамның ғана мысалын келтірейік, қалғандары да осындай сценарий бойынша жүргізілгенін көресіз. Сонымен...
БІРІНШІ ЗАҢСЫЗДЫҚ
Мәселен борышкер Жанна Ерланқызы "БТА ипотека" банкінен 26 миллион теңгеге ипотекалық несиемен баспана алған. Осы уақытқа дейін оның 6 миллион теңгесін өтеген. Алайда кейін жұмыстан шығып, түрлі жағдайларға байланысты несиесін уақыты төлей алмай қалады. Осы ретте банк қызметкерлері қарызды қайтарып алу үшін оны сотқа береді. Аудандық сот "ақша өндірілсін" деп шешім шығарады. Сот шешімі орындалуға жіберіледі. Алайда сот орындаушылары сот шешімін орындау барысында оның атында басқа жылжымайтын мүлкі бар ма, банктік есеп шотында қаржы бар ма, жоқ па, ол жағынан тексеріс жүргізбей, қарыздың орнына үйді алсын деп ұйғарым шығарған. Ал "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" ҚР Заңының 57 бабында: «Кепілге салынған мүліктен өндіріп алу туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландыра отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады", - делінген. Яғни сот орындаушысы алдымен соттың атына ұсыныс жасауы керек. "Мен жауапкерді тексердім, оның банктік шотында ақша жоқ, ол азаматшаның атында басқа үй немесе жер жоқ. Оның қарызды қайтаратын жағдайы жоқ. Сондықтан несиеге алған баспанасын алып, қарызды жабуға шешім шығаруыңызды сұраймын", - деп сотқа ұсыныс жасайды. Егер сот оның ұсынысын қанағаттандырса ғана ол үйді тартып алып, банкке бере алады. Бірақ бұл жерде сот орындаушылары соттың шешімінсіз-ақ, өздері ұйғарым шығарып, үйді тартып алып отыр.
ЕКІНШІ ЗАҢСЫЗДЫҚ
Бағдат БАЙМҰХАМБЕТОВ, заңгер:
–Жанна Ерланқызы материалдық жағдайына байланысты сот шешімін өз тарапынан орындап отырды. Бірақ сот орындаушы өз еркімен ұйғарым шығарып, баспананы банк меншігіне өткізе салып отыр. Бұл ешқандай заң талаптарына сәйкес келмейді. Өйткені сот орындаушының бірінші мақсаты – сот шешімі бойынша қарыз ақшаны өндіріп алу, бірақ бұл үйда тартып алу дегенді білдірмейді. Демек ол соттың "ақша өндірілсін" деген заңды, күшіне енген шешімі негізінде жұмыс жасауы тиіс. Ал ол болса соттың шешімін орындамай, "қарыздың орнына үй берілсін" деп өзі ұйғарым шығарады да, Әділет департаменті арқылы Жанна Ерланқызының атындағы үйді алып, банктің атына тіркеп қояды. Бұл – заңсыздық. Өйткені біздің мемлекетіміздің демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституциямызда, яғни Ата Заңымыздың 25-бабының 1-ші бөлімінде: "Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" деп анық жазылған. Ал бұлар Ата Заңымыздың осы бабына мән бермей, сот шешімінсіз үйді тартып алып отыр.
Шынында да Ата Заңымызда сот шешімінсіз үйді тартып алып қоюға жол берілмейді делінген. Оның үстіне ҚР Президенті, Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықтың жалғыз жылжымайтын мүліктерін тартып алуға болмайтынын ауызша ескерткен болатын. Ендеше судьялар мен сот орындаушылар Мемлекет басшысының осы нұсқауын неге орындамайды? Қарызгерден дереу үйді тартып алғанша жауапкерге мүмкіндігінше қарызды қайтаруға мүмкіншілік бермей ме? Әйтпесе қазір қанша адам жалғыз баспанасынан айрылып, өмірден баз кешуде. Ал Ата Заңымызда мемлекеттің ең басты қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, денсаулығы делінген жоқ па еді? Алайда мемлекетіміздің басты байлықтары өмірден баз кешіп, шарасыздықтан өз-өзіне құл жұмсар болса, бұл әрі-беріден соң елдігімізге, мемлекеттігімізге сын емес пе?
Бағдат БАЙМҰХАМБЕТОВ, заңгер:
–Біздің негізгі талабымыз – сот орындаушының ұйғарымын заңсыз деп тану және үйді қайта Жанна Ерланқызының атына аудару. Енді біз ай сайынғы несиені 40 мың теңгеден емес, 50-60, тіпті 100 мың теңгеден төлеп тұруымыз мүмкін. Өйткені несиеден ертерек құтылуды кім қаламайды дейсіз? Кім жұртқа қарыз болып жүргісі келеді? Адам өзі үшін несиемнен құтылсам екен деп жанталасады. Бірақ бұл жерде "БТА ипотека" АҚ үйді қайтармаймыз деп отыр. Олар үйді өз аттарына аударып, баспанадан шығаруды талап ететін болады.
ҮШІНШІ ЗАҢСЫЗДЫҚ
Негізі борышкерлердің қарызы бірнеше ай ғана төленбей қалған. Әйтпесе, олар борыштан бас тартпаймыз, төлейміз деп отыр. "Тек төлемді жеңілдетіп, жұрттың жағдайын түсінсе екен", - дейді олар. Тағы бір мысал келтірейік. Мәселен Әліпбек Нартай есімді азамат "БтаИпотека" компаниясынан 11 миллион теңге несие алған, осы уақытқа дейін оның 7 млн. теңгесін төлеген. Кейін арада 8-9 ай несиесін төлей алмай қалғанның өзінде оның өсімақысы 14 млн. теңгеге өсіп кеткен. Оның үстіне банк сотқа жүгініп, қарызды өндіру туралы шешім шығартып, сот орындаушылары арқылы үйді тартып алған. Сосын оның пәтерін 9 млн. теңгеге бағалап (бұл нарықтағы бағадан өте арзан), ашық сауда-саттыққа қойып отыр. Ол өзі 11 млн. теңге несие алса, оның 7 миллионын қайтарса, 4 млн. қалмай ма? Ал банк 9 ай несие төлемегені үшін, тағы да оның мойнына 10 млн. қарыз іліп қойған. Онысымен қоймай, үйін тартып алып, ашық саудаға шығарып отыр. Бұл қаншалықты заңды? Сонда төрелік айтуда қара қылды қақ жаруы тиіс судьяларымыз неге шарасыз? Тіпті борышкер Әліпбек Нартай "мен сот шешімін орындаудан бас тартпаймын, қазір ай сайын 40-50-60 мың теңге төлеп тұрайын, егер табысым жоғарылайтын болса, ай сайын 100 мыңнан төлейтін боламын", - дейді. Бірақ банк "Сот шешімін қысқа мерзім ішінде орында, 5 күннің ішінде 14 млн. теңгені қайтар, әйтпесе үйің кетеді" деп талап қойып отыр. Құдай-ау, ондай соманы бірден төлеуге кімнің шамасы жете қояр дейсіз? Егер ондай қаражат бар болса, несие алып несі бар жұрттың. Онымен қоса аталмыш компания пәтердің 9 млн. теңгеге ғана бағалап отыр, бұл өте арзан. "Бұл жерде мынадай қулық бар, егер үйдің нарықтағы бағасы банктегі қарыздан жоғары болса, онда олар өз құқығын пайдаланып, баспананы тартып алғысы келеді. Сотқа дейін ашық сауда-саттық жасап, сол арқылы үйді тартып алады", - дейді заңгерлер. Демек, аталмыш компания құйтырқы әрекеттерге барып, қарапайым азаматтарға үйдің жарты ақшасын төлетіп алып, сосын дереу несиені уақытылы төлемедің деп сылтау қылып, халықты қан қақсатып отыр деген сөз. Яғни "екі жеп, бір биге шығып отыр". Сонда мұнда соттың, сот орындаушыларының, банктің кейбір қызметкерлерінің жеке мүдделері, қызығушылығы бар деп қарауға бола ма, қалай өзі? "Негізі бұл нақты дәлелденбегеннен кейін бұлай деп айту қиын. Бірақ жалпы осы көрініс, осы жасалынып жатқан іс-әрекеттер адамды сондай ойға жетелейді", - дейді заңгер Шалқар Медетбеков. Оның үстіне, адвокаттар бұл заңсыздықтарға байланысты прокуратураға да шағымданған екен. Бірақ ол жақтан он күннен бері әлі жауап келмеген екен.
Бір қызығы, жақында ғана дәл осындай істі, біз әңгіменің өзегіне айналдырып отырған борышкер Жанна Ерланқызы секілді бір қарызгер "БТА Ипотека" АҚ-нан ипотекаға үй алған. Кейін оның ай сайынғы ақысын төлей алмаған соң, банк борышкерді сотқа берген. Сот "қарыз қайтарылсын" деп шешім шығарып, бұл істі атқаруды сот орындаушыларына тапсырған. Алайда мұнда да сот орындаушылары қарызды қайтарудың орнына, борышкерден үйді тартып алып, банктің атына аудара салған. Кейін әлгі борышкердің ісі кассацялық соттан өтіп, (Бұл ретте сот шешімінің барлығы банктің пайдасына шешілген), Жоғарғы сотқа дейін барған. Бір ерекшелігі, Жоғарғы сот бұл істі әлгі борышкердің пайдасына шешіп берген. Яғни соттың шешімінсіз үйді тартып алған сот орындаушыларының бұл әрекетін Жоғарғы сот заңсыз деп тапқан.
Қалай десек те, қазіргі таңда айрандай ұйып отырған алты бірдей отбасының үйсіз-күйсіз далада қалу қаупі бар. Алты отбасыда жоқ дегенде төрт адамнан бар деп есептейтін болсақ, онда 20-дан аса адам далада қалайын деп тұр. "Дегенмен біз бұл істі Жоғарғы сотқа дейін алып барамыз", - дейді заңгерлер. Осылайша олар соттар мен сот орындаушылар, банк заңды белден басып отырғанын ашық айттып отыр. Ал бұған ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мен ҚР Әділет министрі Берік Имашев, министрлікке қарасты Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов мырзалар не дейді екен? Сіздерден жауап күтеміз, шенеунік мырзалар! Жалпы жоғарғы шенділер бұл іске бес-алты отбасының мәселесі ғана емес, жалпы қазақ халқының басындағы ең күрделі проблема деп қарап, істің әділ және заңды шешілуіне атсалысса екен дейміз. Бұл істің ақ-қарасын анықтап белгілі бір шешім шығару біздің құзырымыздағы мәселе емес. Дегенмен біз бұл істі соңына дейін бақылап, назарда ұстайтынымызды ескерткіміз келеді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста