Ислам діні

Ақтөбе облысының имамы жамағатқа жаңа үлгіде дәріс жүргізді

  • © egemen.kz

    © egemen.kz

Ақтөбе облысының өкіл имамы Төлеби қажы Оспан Наурыз мерекесі қарсаңында ақтөбелік жамағатқа жаңа үлгіде дәріс жүргізді. Бұл дәріс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қамтылған «Қазақстанның эволюциялық дамуы» тақырыбына арналды.


Оған мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Айталы Амангелді, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме өкілдері, спорт саласының үздіктері, мешіт алқасы мүшелері, ақсақалдар мен 350-ге жуық мешіт жамағаты қатысты. Сондай-ақ, Хромтау ауданының мешіт жамағаты сабаққа скайп жүйесі арқылы қосылып, дәрісті тыңдау мүмкіндігіне ие болды.


«Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді... Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз».


Елбасының дәл осы сөзін басты назарға алған өкіл имам бүгінгі түр-сипатын өзгерткен революциялардың бірі – қоғамды үркіткен қанды терактілер екендігін атап кетті. Тәуелсіздіктің соңғы онжылдығында орын алған 10-нан аса терактілерді мысалға келтіріп, олардың өзге елдердегі бүліктерден бір айырмашылығы – қазақтың ұлты бір қазаққа қару кезенуі екендігін айтты. Мұның салдары сыртқы күштің саяси идеологиясының құрбаны болған қандастарымызды ұлтынан жирендіріп, өз Отанына деген өшпенділігін оятуға дейін алып бара жатқандығын айтып, ой салды.


Тақырып дін тұрғысынан талқыланып қана қоймай, қазақ елінің тарихымен байланыстырылып түсіндірілді. Патша үкіметінің отарлау саясаты, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін секілді зобалаң жылдарында қаза тапқан қазақтар, босқындар туралы статистикалық мәліметтер келтірілді.


«Бүгінгі бейбітшілік заманның қадірін жіті бағаламайтындығымыз кей істерде асығыстық пен албырттыққа жол беруімізге әкеп соғады. Мұндай албырт мінез бен амбиция, әсіресе, қоғамдағы жастарымызға тән қасиет. Ал, ең өкініштісі, олардың тағатсыздығы мен тәжірибесіздігін сыртқы күштер тиімді пайдаланып кетіп жатыр. Желікпе жастардың қолымен жасалған кешегі терактілер соның дәлелі», - деді өкіл имам Төлеби Оспан.


Сонымен қатар, әсіредіншілдікке апаратын ағат ойлар, намаз оқымағанды кәпір деу, дәстүрді ширкке балау, өз ұлтын ұлықтамау, Отанын сүймеу секілді бүгінгі дін ұстанудағы бірқатар қателіктер кеңінен түсіндірілді. Жамағатты жат ағымның зардабынан сақтандырып, теріс ағымды насихаттау, теракт ұйымдастыру, оған қатысу немесе қылмысқа қатысты қандай да бір ақпаратқа ие болудың өзі заң алдында жауапкершілік жүктейдігі, тіпті жаңа заң жобасында азаматтықтан айыру мәселесі қарастырылып жатқандығы айтылды.


Өкіл имам Елбасының әрбір Жолдауы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне ғана емес, сіз бенен біз, жалпы қазақ халқына жолданатын Үндеу, болашаққа белгіленген бағыт-бағдар екендігін айтып, жамағаттың Жолдау мәтіндерімен танысып, оған үн қоса білуіне баса мән берді.


Қазақстанға қажетті эволюциялық даму жолын жүзеге асыру үшін адам капиталын қалыптастыру керектігін айтқан өкіл имам қазіргі қоғамдағы бұған қажетті барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті.


Ал оны жүзеге асыруға бастысы адам капиталы, табандылық пен төзім керектігі туралы ойын былай деп түйіндеді:


«Кез-келген мемлекеттің басты капиталы – адам және ол Ата заңымызда анық жазылған. Бұл ақиқатты Алла Тағала «Тин» сүресіндегі: «Біз адам баласын ардақтап жараттық» деген Құран аятымен де айқындап қойған. Айналадағы барлық мүмкіндік, жағдай адамзат баласы үшін жасалуда.Облыс орталығының өзінде соңғы жылдары Өнер орталығы, Мәдениет үйі, Жекпе-жек сарайы, әр түрлі спорт кешендері, кітапханалар, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, облыстық мұражай секілді жаңа ғимараттар бой көтеруде. Өткен жылы қалада 2 мешіт ашылды. Енді бізге осынау нығметтің бәрін игеретін адам капиталы, қоғамның құлшынысы мен ізденісі қажет. Бізге білімді жас, білікті маман, өнерлі өрен, салиқалы жамағат пен саналы ұрпақ қажет!» - деп сөзін аяқтады өкіл имам Төлеби Оспан.


Дәрісті ұйып тыңдаған жамағат жақсы әсер алды. Шара соңында сөз алған қоғам қайраткері Амангелді Айталы діндар болу дүниені тәрк ету деген сөз еместігін айтып, ғұмыры ізденіске толы, құлшылығы бүтін болған Абайдың мысалын сөз етті. Өкілдік тарапынан бастау алған игі бастамаға оң бағасын беріп, тұшымды тақырып көтерілгендігін, оның жамағатқа дәйекті дәлелдермен ұғынықты түрде түсіндірілгендігін айтты.


Елбасының ұлттық сананы жаңғыртуда ұсынған озық идеяларын ең әуелі, сіз бенен біз, халық жүзеге асыратындығын жеткізді. Темір Құсайын,


egemen.kz


 




Көрілген: 776    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 19.03.2018, 17:14

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Шілде, 14:34
    Үйге көз тию бар ма?
    10 Шілде, 10:33
    Зинадан да ауыр күнә
    13 Маусым, 14:07
    Салауат дегеніміз не?
    12 Мамыр, 13:52
    Заң мен заман

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31