Ата-анаға қарсы келудің күнәсі мен зардабы

Ата-анаға қарсы келудің күнәсі мен зардабы

Аяттар мен хадистерден көргеніміздей, ата-ана ақысын аяқ асты ету, олардың көңіліне кірбің түсіру - өте үлкен қылмыс әрі күнә. Ата-анасының ризашылығына бөленгендер жәннатқа жол тартады. Ал оларға зұлымдық жасап, ақысын аяқ асты еткендер жәннаттың хош иісі, мейлі бұл мың жылдық қашықтықтан сезілетін жұпар иіс болса да мұрындарына бармайды.

Ата-анасымен және туыстарымен қарым-қатынасты үзуі – мұнафықтың сипаты

Құран Кәрімде Алла тағала былай дейді: “Ей, мұнафықтар, егер сендердің қолдарыңа билік тисе, елде қырғын шығарып, тәртіпті бұзып, туысқандармен қарым-қатынасты аяқ асты етесіңдер. Міне, бұлар – Алла тағаланың лағнетіне ұшырап құлақтары саңырау, көздері соқыр болған адамдар”.

Аятта айтылғандай екіжүзділердің ең басты ерекшелігі қолдарына билік тигенде адамдарды татуластыру, пайдаларына жарау емес, керісінше, қырып-жою, бүлік шығару. Олар халықты басқаратын болса әділет аяқ астында тапталып, зұлымдық кең етек жайып, жәбірленушінің мұң-зары көктің қақпасына дейін жетеді. Мұнафықтардың осы ерекшеліктерімен қатар туыстармен қатынасты үзу, олардың жағдайынан бейхабар, мұң-мұқтаждарына сүйеу болудың орнына ат тонын ала қашу секілді қасиеттері бар. Олар туысқандардың арасын бұзып, ұрыс-керіс шығарып тұрады. Туыстарды іздемеу, қал-жағдайын сұрамау, оларға ат ізін салмау – мұсылманның емес, мұнафықтың қасиеті.

Ата-анаға қарсы шығу – үлкен күнә

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларынан: “Үлкен күнәлардың ең ауыры қайсысы екенін айтайын ба?” – деп сұрағанда сахабалар: “Иә”, - деп жауап береді. Алла елшісі: “Алла тағалаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу”, - дегеннен кейін сөзін жалғастырып: “Жақсылап тыңдаңдар, өтірік айту мен жалған куә болу”, - деп осы айтқандарын қайталаған екен.

Ислам дінінде күнәлар үлкен және кіші болып екіге бөлінеді. Құран Кәрімде немесе хадистерде қатты ескерту жасалған, лағнет айтылған, жаза айтылған күнәлар үлкен күнәларға жатады. Жоғарыдағы хадисте Алла тағалаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, өтірік айту мен жалған куә болудың үлкен күнә екендігі айтылады.

Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры – Алла тағалаға серік қосу, яғни тағы басқа құдай бар деп сену немесе Оның әмірімен болатын нәрселердің кейбірін басқаларға таңу. Үлкен күнә ретінде белгіленген екінші жәйт – ата-анаға қарсы шығу. Адамның адамгершілігі оған ең көп еңбегі сіңген ата-анасына деген қарым-қатынасынан байқалады. Ата-анасына жақсылық жасай алмаған адам басқаларын қалай қарық қылсын? Өзін осы дүниеге әкелген, әлсіз күндерінде қолынан жетектеп өзі жемей жегізген, өзі кимей кигізген екі жанды қадірлей алмаған адам алдағы уақытта басқа адамдарға одан бетерін жасаудан тайынбайды. Мұндай баланың халық үшін тигізер пайдасы жоқ. Керісінше, кесірі тиеді.

Күнәлардың үлкені – ата-анаға тіл тигізу


“Адам ата-анасына тіл тигізуі мүмкін бе?” – деп сұрайтын болсақ, көпшілік бұл сұрақты орынсыз көретіні белгілі. Бірақ адам баласы кейде байқамастан өз ата-анасын балағаттап қоюы мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні сахабаларына: “Кісінің өз әке-шешесін балағаттауы – үлкен күнә”, - деді. Сахабалар таң қалып: “Адам өз ата-анасын балағаттай ма екен?” – деп сұрады. “Иә, кісі егер басқа адамның әкесін балағаттаса, әлгі адам да ашуланып оның әкесін балағаттайды. Біреудің анасын балағаттаса, ол да әлгі кісінің анасын балағаттайды”.

Демек, біреудің әке-шешесін балағаттаған адам шын мәнінде, өзінің ата-анасын балағаттағандай болады. Ал бұл адамды үлкен күнәға батыратын жайт. Қазақта “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” деген ғибратты сөз бар, сондықтан бұған аса сақ болған жөн. Асылында бұл мүмінге жат қылық.

Ата-анаға қарсы келгендерге жәннаттың қақпасы жабық

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туысы әрі Одан (с.а.у.) 60 хадисті естіп, өзінен кейінгілерге жеткізген Әбу Мұхаммед Жүбәйр Мутим: “Туысымен қатынасын үзген адам жәннатқа кіре алмайды”, - деген хадисін жеткізеді. Жүрегінде зәредей иманы бар адам, ақыр соңында жәннатқа кіреді. Алайда, туысқандарымен үзілді-кесілді байланысын үзіп, туыстарын ұмытқан адам осы әрекетіне қарай ақыретте жазаға тартылады. Ал егер осы әрекетінің харам екенін біле тұра мойындамаса, онда мәңгілік құрдымға кетуі мүмкін. Себебі харам екені нақты айтылған мәселені мойындамай, қарсы шығу Алла тағалаға қарсы шығумен бірдей. Бұл кешірілмейтін күнәлардың қатарына еніп, адамның тозақта мәңгі қалуына себеп болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде Алла тағаланың кейбір құлдарын жәннатқа алмайтынын айтқан. Бұл адамдар: “Ата-анасының құқығын аяқ асты етіп, оларға зұлымдық көрсеткендер, ішкілікке салынған маскүнемдер және жасаған әрбір жақсылығын міндетсігендер”.

Ата-анасына қарсы шыққан адамдар ақыретте пайғамбарлармен, салиқалы жандармен, шәһидтермен бірге бола алмақ емес. Бұл өз кезегінде орны толмас өкініш.

 

Жазасы екі дүниеде де берілетін күнәлардың бірі – ата-анаға қарсы шығу

Жазасы осы дүниеде берілмей ақыретте берілетін кейбір күнәлар бар. Сонымен қатар жазасын ақыретпен қатар осы дүниеде тартатын күнәлар да баршылық. Ата-анаға қарсы шығу мен туған-туыстармен қатынасты үзу осы екінші санаттағы күнәларға жатады. Бұны бізге жеткізген ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі. Ол бір хадисінде: “Ақыретте де жазасы бөлек берілумен қатар, осы дүниеде ең қысқа мерзімде басқа пәле болатын күнәлардың бірі – зұлымдық жасау және туған-туыспен қатынастарды үзу”, - деп ескерткен еді. Иә, адамдарға зұлымдық жасаған және туыстарымен қарым-қатынасын үзгендердің жазасын Алла тағала тек қана ақыретте емес, осы дүниеде де тартқызады.

 

Әке-шешеге қарсы шыққандардың істеген жақсылықтары қабыл болмайды

Әке-шешені тыңдамай қарсы келудің жамандығы соншалы, адам баласы мұның жазасын әрі осы дүниеде әрі ақыретте тартуға мәжбүр болады. Өзін қызыл шақа кезінен бастап ешбір қиындыққа мойымай, мәпелеп өсірген ата-анасына қарсы шығу – жақсылық қақпаларының тарс жабылуына әкеп соқтырады. Сондықтан адам баласы мұндай қайғылы жағдайға душар болғысы келмесе қолынан келгенінше олардың көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысып баққаны жөн. Өйткені Пайғамбарымыз тағдырды қабылдамағандар, ата-анасына қарсы шығып жасаған жақсылықтарын міндетсігендер мен оларға зұлымдық жасағандар үшін бүкіл жақсылық жолдарының жабылатынын айтып кеткен. Сонымен қатар олардың тәубелері мен күнәларынан арылу үшін берген садақалары да қабыл болмайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде әрбір адамның жасаған амалдарының жұма күні түнде Алла тағалаға баяндалатынын, бірақ туысқандарымен қатынасын үзгендердің амалдарын Алла тағаланың қабыл етпейтіні айтады.

Яғни ата-анасын ренжіткен, олардың үйіне ат басын бұрмай, туысқандарымен қарым-қатынасын үзген адамдар жақсы амал жасап жатырмыз деп өздерін алдауы мүмкін. Бірақ шындығында жақсы амалдарымен қоса немқұрайлықпен қарауға болмайтын тағы бір іс бар. Ол – ата-ана ақысын өтеу, туысқандарымен қарым-қатынасын үзбеу.

Малик ибн Динар қажылық кезінде Меккеге келеді. Қағбаны тәуап етіп жүргенде сол жылғы қажылар мен умра жасаушылардың санының көптігіне қайран қалады. Сол сәтте: “Осы міндеттерін өтеуге келгендердің ішінде ниеттері қабыл болғандардың есімдерін біліп, оларды барып құттықтасам ғой, шіркін! Ал қажылығы қабыл болмаған адамдарды жұбатып, насихат айтсам”, - деген ой келеді. Сол түні түс көреді. Түсінде: “Малик ибн Динар қажылық және умра жасаушылар жайында білгісі келеді. Алла тағала олардың амалдарын қабыл етіп, үлкенді-кішілі күнәларын кешіреді. Тек қана араларында Алла тағаланың азабы басына төніп тұрған бір адам бар, оның қажылығы қабыл болмай, құлшылығы өзіне кері қайтарылады”, - деген дауыс естиді. Оянып кеткен Малик ибн Динар қажылығы қабыл болмаған адам мен емес пе екенмін деп таңға дейін дөңбекшіп шығады. Ертесіне тағы түс көреді. Түсінде: “Қажылығы қабыл болмаған адам сен емессің. Ол Хорасан аймағындағы Бәлх қаласынан келген Мұхаммед ибн Харун деген адам”, - деген дауыс естиді.

Таң атар-атпас Хорасан аймағынан келген қажылар орналасқан жерге келеді. Олардың арасында Мұхаммед ибн Харун есімінде адамның бар-жоғын сұрайды. Хорасандықтар: “Ол ма? Ол - өте ерекше адам. Хорасанда одан асқан тақуа жан жоқ. Арамызда ең көп Құран оқитын адам сол”, - деп жауап берді. Әлгі кісі жайлы адамдардың осынша ыстық ықыласын естіген Малик ибн Динар ішінен: “Бұл кісі соншалық тақуа, діндар болса, неліктен Алла тағаланың қаһарына ілікті екен?” – деп ойлайды да, хорасандықтардан сол кісінің қайда тұрып жатқанын сұрайды. Олар: “Ол 40 жыл болды күндіз ораза ұстап, түнін құлшылықпен өткізеді. Үнемі даруіш секілді қаланың сыртындағы ескі қорғандарды мекендейді. Оны осы Меккенің ескі қорғандарынан табарсың”, - деп жөн сілтейді.

Малик ибн Динар ескі қорғандарды аралай бастайды. Бір кезде дуалдың артында тұрған кісіні көреді. Әлгі кісіге жақындай түскенде, аяқ сыбдырын естіген ол: “Сен кімсің?” деп сұрайды. “Малик ибн Динармын”, - деп жауап қатады бұл. Әлгі адам: “Ей, Малик! Сенің мұнда келуіңнің себебі не? Көрген түсің болса айт, біз де тыңдайық”, - дейді. Малик ибн Динар: “Түсімді айтуға ыңғайсызданамын”, “Қысылмай айта бер”, - дейді, әлгі адам.

Малик ибн Динар көрген түсін айна-қатесіз жеткізеді. Сондай бейтаныс адам өкіріп жылайды. Ішіндегі мұңын шағып, басынан өткендерін баяндайды: “Мен араққа салынып кеткен маскүнем едім. Күні бойы ішкенім арақ болатын. Бір күні бөтелкелес достарыммен ішіп, удай мас күйімде үйге қарай бет алдым. Аулаға кіріп келе жатқанда нан пісіру үшін тандырдың отын тұтатып жатқан анамды көріп қалдым. Теңселіп келе жатқанымды көрген анам: “Бүгін шағбан айының соңғы күні, ертең ораза басталады. Адамдардың бәрі бүгін ауыз бекітіп жатқанда, арақ сасыған ауызыңмен оразаны қарсы алмақпысың? Құдайдан қорықпайсың ба?” – деп қабағын шытты. Анамның дүрсе қойғанына шыдай алмай, оны ұрып жібердім. Анам күйінген күйде: “Алла сазайыңды тартқызсын!” – деді. Мына сөзді естігенде қаным басыма теуіп, арақтың күшімен оны тандырдың ішіне итеріп жібердім. Жұбайым жүгіріп келіп, мені үйге сүйрелеп, сыртымнан жауып қойды. Таңертең тұрғанымда мастығым тарқап қалыпты. Есікті ашу үшін әйелімді шақырдым. Әйелім маған ауыр-ауыр сөздер айтты. “Сен не деп тұрсың? Осыншалықты ауыр сөздер айтатындай не болып қалды?” – деп сұрадым. Ол: “Сен жылы сөзге лайық емессің!” – дегенде, “Неліктен?” – деп сұрадым. Әйелім бұл сұрағыма өмірімдегі ең азапты хабармен жауап берді: “Себебі, сен анаңды тандырға лақтырдың. Анаң тандырда күл болып жанды. Сен анаңның түбіне жеттің”. Сыртқа жүгіріп шығып, тандырға қарадым. Анам жанып, күлі ғана қалыпты. Көзім қарауытып, өмірім астаң-кестен болды. Жантүршігерлік қылмыс жасадым. Содан бері сол күнәмді қалай жусам болады деп ойланумен болдым. Қолымдағы барымның бәрін Алла жолына садақа деп тараттым. Үйімде ұстап отырған құлдарымды құлдықтан босаттым. 40 жыл болды күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық жасаумен күндерімді өткізіп жатырмын. Жыл сайын қажылыққа келемін. Жылда сен секілді Хақ жолындағы бір адам мен жайлы түс көреді”.

Әлгі адам басынан кешкендерін баяндап бастағанда Малик ибн Динар: “Ей, бейбақ сорлы! Сенің жасаған күнәң дүниедегінің бәрін өртеп, күл ететіндей қандай қорқынышты, қандай ауыр қылмыс!” – дейді де, теріс бұрылады. Малик ибн Динар кетіп бара жатқанда әлгі адамның бар жан-тәнімен Аллаға жалбарынғанын естиді: “Ей, барлық қайғы-мұңымызды шайып, жанымызды жадыратқан, қысылған шақтарда дұғаларымызға жауап беріп, бізді желеп-жебеген Жаббар Ием! Қаһарыңнан қашып, мейіріміңді пана тұтамын. Тілектерімді қабыл ал. Қайғы-мұңға батырма”. Көз жасына булыққан байғұс адамның ары қарай даусы шықпай, иығы селкілдеп қоя береді.

Малик ибн Динар сол күні тағы да түс көреді. Түсінде: “Ей, Малик! Адамдарға Алла тағаланың мейірімін медет тұтуына кедергі болма. Алла тағаланың кешірімділігін ойлап, кеуделеріңде үміт оты тұтансын. Себебі Алла Мұхаммед ибн Харунның шын көңілден шыққан тілегін естіп, қабыл етті. Жасаған күнәсін кешірді. Енді оған барып: “Алла тағала қиямет күні барлық пенделерді құзырына жинайды. Оның әділеті өз үстемдігін көрсетіп, мүйізсіз қошқар мүйізді қошқардан өшін алады. Мұхаммед ибн Харун да анасымен бірге үлкен сотқа шығарылады. Сот анасының пайдасына шешіледі. Ұлы тозаққа тасталады. Сосын оны анасы кешіргені үшін Алла тағала да кешіріп, тозақтан қайта шығарады”, - деп айт”, - деген дауысты естиді.  

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста