Ислам діні

«Байысам, мұң-мұқтажға қарасар едім»

  • «Байысам, мұң-мұқтажға қарасар едім»

    «Байысам, мұң-мұқтажға қарасар едім»

Мәдиналық мұсылмандардың ішінде Салаба атты сахабаның дүние-мүлікке, байлыққа деген құштарлығы ерекше болатын. Жатса-тұрса бай болсам, байлыққа бір қол жеткізсем деп көксеген ол, бар аңсарының соған ауғаны соншалық, ойлай-ойлай шақшадай басы шарадай болып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Ақыр соңында шыдамаған ол Пайғамбарымызға ﷺ келіп:


"Уа, Расулалла! Мен үшін «бай болсын» деп, дұға жасаңызшы"? - деп өтінеді.


Пайғамбарымыз ﷺ оның бұл қалауына:


"Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе?" - деп жауап берді.


Бұл сөзге, шынында да, ойланып қалған Салаба біраз уақытқа дейін тоқтамға келгендей болды. Сонда да «Тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей, артынша-ақ баяғы әніне қайта басыпты. Тағы да шыдамай:


- Уа, Расулаллаһ! Бір дұғаңызбен мені байлыққа кенелтіңізші? - деп, Пайғамбарымыздың ﷺ етегіне жармасты.


Бұл жолғысына іштей ренжіп, қабағын түйген Пайғамбарымыз ﷺ оған ғибрат алсын деген ниетпен:


- Аллаға ант етейін, егер шын қаласам мына тау-тастың бәрі алтын боп маған берілер еді, бірақ мен қаламадым, - деді.


Шындығында, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы Пайғамбардың үйінде апта бойы, тіпті ай бойы казанға салар, тіске басар ештеңе табылмайтын. Күн ара ораза ұстайтын Пайғамбар ﷺ ауыз ашары жоқтықтан көбіне үш-төрт құрмамен ғана шектелгендігі баршаға аян еді.


Осыларды ойлаған Салаба тағы біраз уақыт сабасына түседі.


Уақыт өте келе «бай болсам, кедей-кепшіктерге қол ұшын бермес пе едім, сөйтіп, көбірек сауап таппаймын ба?» - деген ой-қиял әлі де мазалаған ол, ақыр соңында, үшінші рет Пайғамбарға ﷺ жүгінуді жөн көрді. Пайғамбар ﷺ алдында бар уәдесін үйіп-төккен ол:


- Сені Пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етейін! Егер Алла мені байлыққа кенелтсе, жарлы-жақыбайларға міндетті түрде қарасып, корғанышына айналамын! - деді сендіре.


Салабаның мұнша тілегіне шыдамаған Пайғамбарымыз ﷺ: «Уа, Раббым! Салабаны қалаған байлығына қауыштыр!» - деп қол жайып, дұға жасады.


Осы бір қасиетті тілектен кейін қой алып баға бастаған Салаба бұрынғыдай мешіттен шықпай, Пайғамбарымыздың ﷺ артында үзбей намаз оқитындығы үшін «Мешіт құсы» деп аталғандығы былай тұрсын, енді мал соңынан қолы тимейтіндіктен тек қана бесін мен құптан намаздарына ғана мешітке соғатынды шығарды. Көбіне қазаға да ұшыратып жүрді.


Аз уақытта берекеті асып-тасып, шалқыған үстіне шалқи түскен Салабаның малдары көбейген сайын көбейіп, енді мыңғырған малға Мәдина төңірегінен жаңа жайылымдар іздеу керек болды. Салаба енді тек жұма намаздарына ғана мешітке келіп жүрді. Сөйткенше шөлдегі тың жайылым іздеген мал көп өтпей жұма намаздарын да ұмыттырды.


Анда-санда өткен-кеткендерден елдегі хал-жағдайды сұрап, Салаба мал соңында салпақтап, шөл асып кете барды. Малдарымен қоса қарақан басының қамын ойлаудан аса алмай қалған күйге түсті.


Салабаның көрінбей кеткендігін байқаған Пайғамбарымыз ﷺ оның кайда екенін сұрағанда:


- Мыңғырған малының соңында шөл кезіп кетті, - деген жауапты естігенде, іштей ренжіген Пайғамбарымыз ﷺ басын шайқап:


- Қап, Салабаға обал болған екен, - деді, аяныш білдіріп.


Осы уакыттарда зекет-садақа жайлы аяттар түсіп, дәулетті мұсылмандардың жағдайы нашар мұсылмандарға көмектесуі туралы үкімдер келді.


Аяттардың бұйрығын әр мұсылман шын ықылас-пейілдермен шама-шарқынша атқарып жатқанда, Салаба: «Бұларың қып-қызыл адамды талау емес пе?» - деп, «шығайбайшылыққа» басып, малының зекетін талап етіп барғандарды құр алақан қайтарды.


Мұны естігенде Пайгамбарымыз ﷺ тағы да: «Қап, Салабаға обал болған екен» - деп мұңайды.


Салабаның «Байысам, мұң-мұқтажға қарасар едім» деп, ант-су ішіп, артынша бұл уәдесінен айнып шыға келуіне байланысты «Тәубе» сүресінің мына аяттары түседі:


«Кейбір екі жүзділер: Егер Алла бізді өз кеңшілігінен дүние, мал-мүлік, байлыққа кенелтсе, садақа беріп, игілерден болатындықтары жайлы Аллаға сөз береді. Ал олар Алла Тағала байлыққа қауыштырған кезінде, байлықтарына сараңдық қылып, Алладан жүздерін бұрып (әміріне қарсы келіп), берген уәделерінен айныды».

Осы аят арқылы Салабаның екі жүзділер қатарына жатқызылғандығы білініп, жаны ашыған бір туысының Салабаның жанына батыра айтуымен, Салаба кедейлердің ақысын беріп, Алла алдында екі жүзділіктен арылмақ болып, малын айдап әкелген оған Алла Тағаланың тыйымымен енді қабылдай алмайтындығын айтып, Пайғамбарымыз ﷺ қарсылық білдірді.


Кейіннен Мұхаммед пайғамбар ﷺ дүниеден қайтып, одан кейінгі халифалар хазіреті Әбубәкір және хазіреті Омарға малының зекетін беру үшін барса да, олар: «Пайғамбарымыз ﷺ қабылдамаған зекет малдарыңды біз қайтіп қабылдамақпыз?!» - деп, Салабаның зекетін керексінбеді.


Үшінші халифа Осман тұсында, қайтыс болар алдында Салабаның құлағында:


«Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе еді?!»

деген Пайғамбарымыздың ﷺ осы бір ғибратты сөздері жаңғырып тұрды.


www.muftyat.kz




Көрілген: 476    Пікірлер: 0

жексенбі, 04.11.2018, 21:59

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қараша, 18:16
    Біз неге ұрсысамыз?
    24 Қазан, 11:23
    Рия деген не?
    5 Қазан, 00:45
    Менің әйелім
    18 Қыркүйек, 15:39
    Бұл қалай жұмыс істейді?
    18 Қыркүйек, 12:18
    Алла кешірмейтін күнә
    15 Қыркүйек, 10:24
    Ит сатуға бола ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30