Бізді құтқарған бір хадис (болған оқиға)

Бізді құтқарған бір хадис (болған оқиға)

Бұл біздің отбасымыздың арада жылдар өтсе де, еске алғысы келмейтін бір мұңлы кешірмесі. Алайда, өмір болғандықтан, менің осы кешірмем немесе соған ұқсас түрлі-түрлі сәтсіз, өкінішті оқиғалардың біздің қоғамымызда туындап жататыны жасырын емес. Мен өзімнің де, өзгенің де басында ауыртпалықтардың болуын қаламаймын. Десе де, осындай жағдайлар туыла қалса, сабырлық танытып, күйгелектікке салынып кетпестен Құран мен хадиске жүгініп, жаралы жанымызға жәрдем табуымыздың аса маңызды екенін, оның жеке өзіміз үшін де, отбасы мүшелері үшін де пайдалы екенін айтқым келеді. Сондықтан ой елегімнен қайталай өткізіп, көңіл таразыммен тағы бір өлшеп, өткен күндегі сол оқиғаны саралауға қаншама жыл дәтім жетпей келсе де, біреу болмаса да, біреуге ой салар деген ниетпен еш бүкпесіз, боямасыз түрде оқырман достарыма ұсынуды жөн санадым.

Ол жылы Алматыда қыс қытымыр болды. Өзім де, балаларым да тымауратып қалды. Дәріханадан алып ішкен дәріміздің шипасы болмаған соң, Сайын мен Жұбанов көшелерінің қиылысына жақын орналасқан “Сұңқар” медициналық орталығына баруды жөн санып, жиналдық. Далада күн аязды, қар аралас ұйтқып жел соғып тұр екен. Өзім ғана ауырып жатсам, дәл бүгін тегін емдейміз десе де сол “Сұңқарға” бармасым анық-ты. Алайда, балаларым үшін баруды жөн санап, көшеге қарай беттедім. Әйелім бір таксиды тоқтатты. Бәріміз соған жайғасып жол тарттық. Межелі жерге жеткенде, таксиден түсіп қалдық. Енді Сайын көшесін қиып өтіп, арғы беттегі емханаға жету керек болатын, бізден гөрі дені сау әйелім әу дегеннен үлкен баламды қолынан жетеледі де, лып етіп, көшенің арғы бетіне өте шықты. Ал мен үш жасар кіші қызымды жетелеп, олардың соңынан еруге тырыстым, өзім дел-сал күй кешіп келемін. Оң-солыма қараймын, жуық жерде жүйткіген көлік көрінбейді. Жол ортасына келгенде кенет қызымның қайда барса да тастамайтын сүйікті қуыршағы қолынан түсіп кетті, ол оны алуға талпына берді, сол сәт бұлаң құйрыққа салып, ұйтқып тұрған жел мен қар арасынан қайдан шыққанын білмеймін, бір сұр көлік көз алдымда лезде пайда бола кетті. Қапелімде бар істегенім лып еткізіп, қызымды жерден көтеріп, құшағыма қыса бердім....

Екі құлыным өмірімнің мәні мен сәні еді, мына жалған дүниеден ұрпақсыз өтем-ау деп жүрген кездерімде Алланың берген шексіз нығметі солар еді. Содан болар, өмірімнен қымбат, баға жетпес байлығым үшін өзімді құрбан етуге тас-түйін болдым. Көзді ашып-жұмғанша болмады, ағызып келген көлік қарқынын баяулата алмаған күйі мені тізе тұсымнан қақты да кетті. Өзім мұрттай ұшып жығылдым, құшағымдағы сәбиім менен бір метр жерге ұшып түсті. Орнымнан атып тұрып, қызыма жетіп, жерден көтеріп алдым. Қарақаттай көздері не болғанын түсінбегендей маған қарап жаутаңдай береді. Қасымызға жүгіріп әйелім жетті. Жүргізуші және оның қасындағы адамдары да, тіпті, басқа көліктер де тоқтап, бізге көмек беруге тырысып жатты.

Бізді соққан зейнет жасындағы, бірақ белгілі бір фирмада жүргізуші болып жұмыс істейтін қазақ азаматы. Қасындағыларды әуежайға жеткізуге асыға басып бара жатқан беті екен. Мен бұның бәрін кейін білдім. Ал ол кездегі бар ойым баламның амандығы еді. Жүргізуші қасындағыларын өзге машинаға салды да, бізді қалалық №12 емханаға қарасты балалар емханасына алып барды. Сол жерде дәрігерлер тексеріп, реанимацияға жатқызды. Жол-көлік сақшылары да келіп, болған жайды тексеріпғ жауап алып кетті. Ал менің жан-дүнием аласапыран, не істерімді білмеймін. Өзегімді өртеген ащы бір өкініш, тұтас қолқа-бауырымды, жүрегімді жандырып жаныма маза берер емес.

“Неге таксимен “Сұңқарға” дейін бармадым?!”

“Неге оң-солымды толық бажайламай жүре бердім?!”

“Неге баламды қолынан жетелегенше, көтеріп алмадым?!”

“Неге, неге” деген сұрақ көп, ал жауап – жалғыз, ол - “мен – ақымақпын” деген жалғыз ауыз сөз.

Жақын-жанашыр адамдарымыз жиналды. Бәрі де менің көңлімді тауып жұбатудың жолын іздейді. Ал мен өз-өзіммен әуремін. Кенет алдыма жүргізуші келіп, кібіртіктей, күмілжи:

- Інім, мені кешір, мен бір жетім шалмын, кемпірім біраз жылдар бұрын дүние салып еді, көп қаржым жоқ, десе де, жұмыстан қол үзгім келмейді, әрине көмегім болады ғой, - деді. Оның бұл сөзі онсыз да күйіп тұрған жүрегімді қарығандай болды. Алқымыма келіп ашу тығылды: “Жаяу жүргіншілер жүретін жолаққа жеткенде сақтық үшін, тежегіш баспадың! Асығып жүріп, баламды мерт ете жаздадың, оның болашақтағы денсаулығы туралы ойланбайсың да, сөйте тұра, маған қайдағы жоқ жағдайыңды айтып, өлген кемпіріңді көлденең тартасың. Сенің ақшаң да, өзің де керек емес, көзіме көрінбе!” - деп айтайын десем, аузым құрғап, демім шығар емес. Бұрылып жүре бердім.

Ет қызуынан ба әлде бар санам балама ауып кеткен бе? Өзімді мүлдем ұмыттым, өзімнің жарақатым да, тымауым да бәрі-бәрі зым-зия жоқ.

Түн болғанда туыстар бізді алып үйімізге келді. Тамағымнан ас өтпеді. Көз алдымнан жаутаңдаған қызымның жанары бір сәт кетер емес. “Өмір есігін ашқалы ата-анасынан бір қадам алыстамаған сәбиім жат адамдардың ішінде, жат жерде жалғыз қалай жатыр, басынан алған жарақаты жанына батты ма екен?” деген ой санама келгенде жанымды қоярға жер таппай жарау аттай аласұрдым.

Зорға дегенде таң да атты-ау, әйтеуір. Керек дүниелерімізді алып, емханаға жеттік. Сол күні баламызды палатаға ауыстырды. Қасына анасы жатты. Содан ептеп көңілім орныға бастады. Алайда, санамнан сол қаптаған қалың “неге?”-деген сұрақтар сүліктей жабысып, еш арылар емес. Түн баласы көз ілмеймін десем артық айтқан болармын, талықсып барып таңға таяу көз ілемін.

- Неге солай істедім, егер олай жасамағанымда.....

Сол бір әр күні жылға бергісіз ұзақ та, ауыр қаңтар айында менің мынау қауғадай басымда “неге” мен “егерден” басқа сөз бен ой, түсінік пен талғам қалмағандай қаңырап қалды...

Қасымда тымауы әлі қайтпаған үлкен балам бар, соның дәрі-дәрмегін, ас-суын беремін. Емханада жатқан әйелім мен қызымның керек жарағын, тамағын жеткізем. Бірақ, ішке кіріп, қызымның дидарына қарауға дәтім барар емес, тек әйеліммен ғана сөйлесіп, оның жағдайының жақсарып келе жатқанын естіп, Бір Алладан шипа сұрап жүріп жаттым. Болған істің бәріне тек өзімді кінәлі санадым. Отағасы, ақыл-есі бүтін ер-азамат қала бердіғ университеттің білдей бір оқытушысы ретінде, ай мен күннің аманында, әлжуаз адамдардай тымауға бола есеңгіреп, еш жоспар жасамастан, жолға шығып дәрменсіз, ештеңенің байыбын түсінбейтін сәбиімді өз қолыммен апарып отқа салғаныма менен басқа кім жазықты, кім кінәлі?

“Мен - жазықтымын, мен - ақымақпын, мен - әлсізбін”, міне, осы сөздер жүрегімнен шығып, санама жетіп жан-дүниеме тыныштық бермей-ақ қойды.....

Жұмысқа келсемде, аузыма құм құйылғандай студенттердің алдында үнсіз тұрам да қоямын. Бұрынғы сарнайтын тілім, айтар ақыл-кеңесім бәрі әдірам қалған. Аузымды аша берсем, жүрегімнің әлде санамның түбінен бір дауыс:

- Ау, ақымақ, есерсоқ! Балаңның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған сорлы, сен кімге, не деп білім бересің? - дегендей болады. Осы үрейлі дауыс тұла бойымды түршіктіріп, жүрегімді қалтыратып жібереді. Содан соң, жерден үн шықсын, менен үн шықсын?

Сол ұйқысыз ұзақ түндерде, санамдағы сары уайымнан арылу үшін, өз-өзімді сабырға шақыру, қиындыққа төзе білу мақсатында кітап оқи бастадым. Бірде хадистерді ақтарып отырып Муслим риуаят еткен мына бір хадис көзіме оттай басылды. Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.): Алланың алдында әлсіз мүмінге қарағанда күшті мүмін әлдеқайда жақсы әрі ұнамды. Десе де (иманды болғандықтан) екеуі де қайырлы. Әрдайым өзіңе пайдалы істің соңында бол. Алладан ғана медет тілеп, әлсіздікке бой алдырма. Басыңа күн туса, “егер былай істесем, былай болар еді” - деме. Керісінше, “бұл – Алланың жазғаны, Соның қалағаны болады” - дегін. Өйткені, “егер” деген сөз шайтанның азғыруына жол ашады - деп айтты» - деген. Хадисті әлде неше мәрте оқып шықтым. Дәл мен үшін айтылғандай сезілді. Өзімнен өзім ұялып, төмен қарай бердім.

- Алланың жіберген бір сынағын көтере алмай, әлсіз пенденің қатарында болғаным ба, “егер” деген сөзді қайта-қайта айтып, жүрегімнің төріне шайтанға жол салғаным ба, бұл не істегенім? Мен бұлай болсам бала-шағам не күйде болмақ? Аллаға тәуекел етудің орнына боркемік болып, ойсырай жеңілгенім қайткенім?! Осыларды ойлағанымда тұла бойыма тыңнан, ғайыптан күш келіп енгендей әлденіп, көзімнің нұры жанып, жүрегіме үміт ұялап, сенімім серпіліп сала берді. Ертесі әйелім босанып жатқандай аршындай басып емханаға жеттім. Қызымды көрдім, көтеріп құшағыма алдым, көзімнен жасып тамып кетті.

- Әке жылама, мені сағындың ба? Мені алып кетші, - деді баланың балдай тілімен. Сол емханада қызым бір ай шамасы жатып, сауығып шықты. Алайда, біраз жылдар үздіксіз емдеттік, қазір Аллаға мың сан шүкір, мектепте үздік оқып жүр.

“Қуансаң бар әлем сенімен бірге қуанады, мұңайсаң жалғыз өзің ғана қайғырасың”- деген сөздің де белгілі ақиқаты бар-ау сірә, сол қыстың қытымыр қаңтарында басқаны қайдам, өзім қатты қиналғаным өзіме аян. Одан бері де талай жадыраған жаз, жайқалған көктем өтті. Бұл кешірмем сүркейлі, үрейлі бір кітаптай кітап текшемде өзге кітаптардың арасында тұрғандай сезіледі. Бірақ қолыма алып, оқуға дәтім жете бермейді. Әлде-қалай бір жағдайлар туындай қалса, көз қырымды салам да тәубама келе қоямын. Бүгін тек Сіздер үшін, менің қымбатты бауырларым, осы шаң басқан “кітапты” соңғы рет оқыдым. Отбасыларыңыз аман болсын.

Қастер Сарқытқан, Абай атындағы ҚазҰПУ, Елтану және туризм кафедрасының доценті

 islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста