Хиджаб кию қазаққа қисынды ма?

Хиджаб кию қазаққа қисынды ма?

«Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» дейді халқымыз. «Танымас жерде тон сыйлы» деген мақал тағы бар. Қалай десек те, бірінші рет көріп тұрған адамның сен жайлы алғашқы пікірі сыртқы келбетіңе орай туындайтыны сөзсіз. Өйткені, адамның киім киісі – оның ішкі әлемінің айнасы.
Сонымен қатар, әрбір киімнің киетін орны бар. Жалпы, киім кию үрдісінің тек сән емес, тәрбие құралы, белгілі мақсатты жүзеге асырудың тиімді тетігі екенін аңғару қиын емес. Олай болса, елімізде соңғы кезде қоғамдық пікір көрігін қыздырып тұрған «хиджаб» кию мәселесіне бей-жай қарамау қажет. Өйткені, басқасын былай қойғанда, осы жай қалың қауымды екіге жарып, елдің ымыра-бірлігіне қауіп төндіріп отыр. Атам қазақ қашан да ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамаған. Соның ішінде қыз балаға болашақ келін, аяулы жар, асыл ана деп тәлім-тәрбие берген.
«Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек», «иықтан шашы қос өрім боп жерге төгілген», «ашық маңдай, қиғаш қас, ботадай мөлдіреген көз, оймақ ауыз, қыпша бел», – деп кезінде ақын ағаларымыз жырға қосқан қазақ арулары қазір сол бейнені жоғалтып алып жүрген жоқ па?
Хиджаб киюге құмар
Бүгінгінің сылқымдары жаңа «сәнге», яғни, “хиджаб”киюге құмар. Ол қандай киім үлгісі?
«Хиджаб («Қалқан», «шымылдық») – ақпарат көздеріне сүйенсек, бұл мұсылман әйелдерінің көшеге шыққанда денесін жасыру үшін киетін киімі. «Желбегей, жамылғы» дегенді білдіреді. Бірақ кей деректерде ол араб елінің ұлттық нақышты киімі делінген. Сонда араб елінің мәдениетін неге қазақ қыздары ұстануы тиіс? Неге қазақтың қара домалақ қыздары бөгде елдің ұлттық киімін киюге міндетті. Қазақтың кереметтей етегі желбіреген қазақ көйлектері мен сәукелесі Ислам өркениетіне қайшы келгені ме? «Қазақ халқының тарихында, біздің дінімізде ешуақытта мұндай дәстүр болған емес. Шын дінді, оған таңылған басқа діннен ажырата білуіміз керек». Олай болса, біздің ықылым заманнан келе жатқан діни дәстүріміз не айтады? Сол үрдістерді зерделеп, өлшемге айналдыруымыз керектігі ақиқат. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры Ағила Нұрғалиевамен пікірлескен едік.
– Классикалық исламда хиджаб кию міндеттелмеген. Құранда хиджаб жайлы нақты көрсетпегенімен, жалпы мұсылман әйелдері өзге ер адамдар назарын өздеріне аудармауы қажеттігі айтылады. Яғни әйелдің дене бітімі жабық болуы керек. Ал қазіргі бойларын тұмшалап, ел назарын аударып жүргендер классикалық исламның ұстанымына қайшы келеді. Бұл сәләфидтер немесе ислам діні туралы жетік білмейтін сауатсыздардың әрекеті. Мәселен, тұла бойларын қара түсті киіммен тұмшалағандар бала тұрмақ, ересектердің де қорқыныш сезімін оятады. Олар өздерінше, мен тек ерімнің құлымын деп ойлайды. Олар ешқашан өздігінен шешім қабылдай алмайды. Ал қазіргі ұзын етек, орамал тағып жүргендердің дені – сән қуып жүргендер. Олар қоғамнан өздерінше ерекшеленушілер. Керісінше, тұлғаларын киген киімдері арқылы көрсетіп, ел назарын еріксіз қаратады. Яғни мұсылмандық міндетті дұрыс орындамаушылар. Қазақ әйелдері ешқашан мұндай киім кимеген, Кеңес үкіметіне дейін де, одан кейінгі кезеңде де. Біздің аға-апаларымыз ермен тең ұрыстарға қатысып, атқа мініп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Ал мұндай киім өзбек, әзербайжан, түрік т.б елдердің әйелдерін бір ұлттың адамдарындай көрсетеді. Тарихи деректер бойынша, ислам діні пайда болғанға дейін, араб әйелдерінің өздері хиджаб кимеген. Бұл киім Византия мемлекетінде әйелдер киген «Мафорри» деп аталатын бас киім ғана. Қазір әркім өз қалауынша киінеді. Дегенмен де, «қазақ – қазақ боп қалуы керек!».
Бұл орайда исламтанушы «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының маманы Арман Нұрахметұлы былай дейді:
– Құран Кәрімде кез келген мұсылман әйелінің хиджаб киюі – парыз, өйткені Алла Тағала Нұр сүресінің 31-ші аятында: «Ей, Мұхаммед! Мүмін әйелдерге айт: бөгде ерлерден көздерін сақтасын, әрі ұятты жерлерін зинадан қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінетін беті, қол-аяқтарынан басқа. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Ал оның мөлшеріне келетін болсақ, Алланың елшісінің с.ғ.с. көрсетіп кеткен мөлшері жүзі мен білектен басқа бүкіл денесі жабық болуы тиіс. Киімнің түсіне келетін болсақ, мұсылман әйеліне өз талғамы бойынша киінуге рұқсат етіледі».
Хиджабқа сұраныс жоғары
Шаһардың көптеген сауда үйлерінде хиджаб сатылатын арнайы қосындар бар. Мәселен, «Колос» сауда үйінің екінші қабаты мен «Азизаның» үшінші қабатында, Венера дүкені және «Мир электроники» СҮ т.б. хиджаб саттықта тұр. Солардың бірін жалға алып отырған (әрине, хиджаб киген) кәсіпкер әйелмен тілдестік (есімін айтудан бас тартты). Оның айтуынша, хиджабқа 70 пайыздай сұраныс бар. Тауар Түркиядан әкелінеді. Бағалары да әртүрлі. Ал өзі хиджабты он екі жылдан бері киіп келеді екен. Жалындап, жанып тұрған жастарға алуан түрлі діни ағымдардың ықпалы зор. Айта кетерлік жайт, жастардың имандылығы артуда, көпшілігі намаз оқып өз құлшылықтарын жасап, мұсылмандық парыздарын өтеуде. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Бірақ жастар арасында заман ағымына сай көптеген ұғымдар мен түсініктер қалыптаса бастады. Соның ішінде өзге елдің менталитетіне еріп, еліктеу сәнге айналған сияқты. Біз тақырыпқа арқау қылып отырған хиджаб кию де сол еліктеушіліктен туған әрекет тәрізді. Десек те, Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінің 1-ші курс студенті Гүлім (аты өзгертілді) бұл киімнің өте ыңғайлы екенін айтады.
– Мен хиджабты сегізінші сыныптан бері киемін. Ешкім менің бұл түріме қарап таңқалмайды. Өйткені, мен мұны мұсылмандық парызым деп санаймын. Өзім студентпін. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Бос уақытымды тиімді пайдаланамын. Өзімнің жүрегіме жақын киімді тастайтын ойым жоқ, – дейді ол. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Біржан Хайруллиннің ойы Гүлімнің бұл пікіріне кереғар.
– Қазіргі таңда көптеген жастарымыз кей теріс ағымға еліктеп беттерін қара маталармен тұмшалап алып жүреді. Бұл өз кезегінде қоғам тарапынан көптеген наразылықтар туғызуда. Өйткені, сауда және қоғамдық демалыс орындарында үстеріне қап-қара киім киіп жүргендерді көргенде, жасыратыны жоқ, сескенесің. «Нұр Отан» партия-сы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз – мұсылманбыз. Бірақ исламда түрлі ағымдар бар. Және сендер – «жасотандықтар» осы ағымдарға кірген жастарды жаман әрекеттерден тежеуге тиіссіңдер. Оларды тәрбиелеулерің керек. Біз өзімізді мұсылманбыз дегенде халықты орта ғасырға қарай тартпауға тиіспіз. Бізге әр адамның пікірі маңызды. Бірақ біздің қыздарымыз бен әйелдер киіп жүрген араб киімі хиджаб біздің жол емес. Қазақ көшпенді халық болған, біздің ертеден келе жатқан өз жолымыз бар». Осыған орай, жастарымыз дін жолын ұстанса да, бүгінгі заман талабына сай киінген жөн. Сәйкесінше, ашық-шашық киімдер емес, қарағанда адам ұялмайтын, халқымыздың әдет-ғұрпынан аттамайтын болған дұрыс, – дейді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Әскен Мұханбетқалиев те осыған үндес пікір айтады.
– Жалпы, хиджаб мәселесі бүгінгі таңда қоғам ішінде алуан пікір туғызып отыр. Бұл жерде осы бағыттағы пікірлерді екі тарапқа бөлуге болады: бірінші тарап өкілдері хиджаб киюді мұсылмандық дәстүрдің бір ажырамас бөлігі деп қарап, оны насихаттаса, екінші тарап өкілдері бұған қарсы пікір айтуда. Жалпы, менің ойымша, бұл жерде дау-дамай туғызатындай дәнеңе жоқ. Себебі, Біздің Ата Заңымыздың өзінде-ақ Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет екендігі анық жазылған. Ал алуан саладағы қоғамдық орындар осы мемлекеттің құрылымдық бөлшегі, яғни елдің тұрақты дамуына қызмет ететін инфрақұрылымдық бөлігі. Сондықтан да, осындай қоғамдық орындарда хиджаб киюге бола ма, жоқ па деген сұрақтың өзі туындамауы тиіс деп санаймын.
Жағдай, әсіресе, білім мекемелеріндегі студенттер мен оқушылардың хиджаб киюіне орай шиеленісіп бара жатқандай. Бұл, әсіресе, Білім және ғылым министрлігі тарапынан жасалған арнайы нұсқауға сәйкес оқу орындарында хиджаб киюге шектеу қойған болатын. Соның салдарынан кей жерлерде бұған наразылық оқиғалары қылаң бергені де жасырын емес. Объективті болу үшін, яғни, қай бір жақты қолдап бұра тартпау мақсатында құзырлы ұйым иек артып отырған осы заң талаптарына назар аударып көрелік. Мәселен, «Білім туралы» Заңның 41-бабында «заңды тұлға ретінде білім беру ұйымдарының қызметі білім беру ұйымының білім алушылармен, тәрбиеленушілермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкілдерімен қарым-қатынастарын ресімдеу тәртібі анықталған жарғының негізінде және оған сәйкес жүзеге асырылатындығы» айтылады. Ал, оның 43-47-баптарында «білім беру ұйымдарында білім алушыларды тәрбиелеу мақсатында тәртіптік ықпал ету және өзге де шаралар қолдану ретінде білім беру ұйымдары дербес бекіткен ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес, бірыңғай киім үлгісі белгіленетіні және Білім беру ұйымдарында ішкі тәртіп ережелерін сақтау білім алушы мен тәрбиеленушінің міндеті ретінде дәйектелген.
Сонда қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Алайда, бұл жөнінде нақты кесіп-пішіп айту өте қиын. Шын мәнінде хиджаб, бізше, кимешек. Оны осылай атау керек. Былай тартса өгіз өлетін, былай тартса арба сынатын бұл мәселенің саяси да астары барын айтады, кейбір сарапшылар. Бүгінде Еуропа елдерінің бірқатарында да қоғамдық орындарда хиджаб киюге шектеу қойылып жатыр. Сондықтан, бұл мәселеде, барынша байсалды, сарабдал ұстаным қажет. Әзірге Заң ешкімге хиджаб киюге нақты ты-йым сала алмайды. Дейтұрғанмен, оның өзге ұлттың дәстүрі екенін халық санасына сіңіру – Дін істері агенттігінің басты ұстанымдарының біріне айналмақ. Хиджаб кию міндет екен деп еліктемей, адами қасиеттерімізді де ұмытпайық! Санамызды улаған жат ағымдарға жол бермей, «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» демекші, табиғи байлығымыз бен көлемді жерімізге көз алартқандар алдында Егемендігіміздің еңсесін түсірмейтін, Әлия мен Мәншүктей қайсар елдің ұрпағы болайық, арулар!
Адасқанға жол сілтеу – парыз
«Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы мамандарының мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың тоғыз айында орталық мамандары 72 зардап шегушіге көмек берген. Аталмыш азаматтарға теологтар мен орталықтың психологтары толыққанды кеңес берді. Олар қазіргі таңда орталықтың жіті назарында. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен Қазақстан Республикасының дін туралы заңын түсіндіру, еліміздегі діни ахуалға сараптама жасау, жастарға, халыққа теріс ағымдар туралы баяндау мақсатында Ақжайық, Шыңғырлау аудандары мен қаладағы оқу орындарында болып, ақпараттық-түсіндірмелі жұмыстар жүргізген. Мұндай шаралар үнемі өткізіліп тұрмақ.
Рауан Ғайдар, қала тұрғыны:
– Соңғы кездері теріс діни ағымдардың артуы, тұла бойын тұмшалаған қыздарымыздың көбеюі хиджабқа қатысты көп әңгіменің туындауына әкелді. Бір қызығы әйелдердің киіміне қарсы шығып, өре түрегелгендердің дені – ерлер. Көпшілігі мұндай киім үлгісі қазақ қоғамына жат деумен шектеледі. Алайда, біз – мұсылман халқымыз. Яғни ислам қағидаттарын сақтайтын болсақ, әрбір әйел хиджаб кию-ге міндетті. Бұл жерде діннен хабары жоқ қайраткерсымақтар бетін бүркеуді, яғни никаб тартуды хиджаб кию деп шатастырады. Хиджаб, бұл – басына орамал тартып, тобығына дейін жабатын көйлек кию. Мұның несі ерсі.
Жалпы, хибджаб қыздың ибалы, ұятты, ең бастысы иманды екенін білдіреді. Ал көшеде ашық-шашық жүрген қызды көріп не ойлайсыз. Мәселен, еркектердің ойы жақсыдан көрі, жаманға жүгіретіні даусыз. Бұл, әрине, менің пікірім.
Дариға Әубәкірқызы, ардагер ұстаз:
– Мен қазіргі хиджаб киіп жүрген қазақ қыздарына қараймын да, қайран қалам. Өйткені, жаман мен жақсының аражігін ажырата алмайтын жастық шақтарында тұла бойын тұмшалап, табиғат берген сұлу бейнені жасыруға не себеп. Жастық кезеңде белге түскен бұрымы мен талшыбықтай солқылдаған сұлулықты әлемге неге жар салып көрсетпеске? Қазақ елінің арулары мендей болсын деп, әлем назарын неге өзіне аудармасқа. Сол кимешекті елуден асқанда кисе де, үлгерер еді...
«Жайық үні – Жизнь города» газеті

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста