Қазақтар қалай алданып жүр?

Қазақтар қалай алданып жүр?

 Адамдар неге теріс діни ағымдар қатарына өтіп кетеді? Жап-жақсы жүрген азамат аз уақыттың ішінде қалайша өзгереді? Біреулер ең қымбат байлығы саналатын еркіндіктен айырылып тұрса да, деструктивті діни ағымдардың қатарына қосылып бақыт таптым дейтіні несі? Өз бетінше ойлаудан, өз еркімен шешім қабылдаудан мақұрым қалғанымен қоймай, жат діни ағымның құрсауында жүріп өзін азат санауының себебі не? Бүгінгі біздің жастардың тез алданғыш, еліктегіш, ергіш, әр айтқан сөзге сене қалатын аңқау болып келетіні қалай? Міне, бүгінде осы сұрақтар туралы ойланбайтын жандар кемде кем болса керек.
Шынында да, бүгінгі қоғамда тәлкекке түскен тағдырлар, ойнап жүріп от басқандар, психикалық, моралдық дағдарыстың себебімен отбасынан, жұмысынан, оқуынан, ең қымбат құндылықтарынан айырылғандар, жанына жазылмас жара түсіргендер, ең ақыры бақытты өмір іздеп шетелдерге соғысқа аттанғандар бой көрсете бастады. Нағыз ақиқат дін адамды жаманшылыққа шақырмайтынын бәріміз білеміз. Бірақ осынша бақытсыздық қайдан шығып жатыр? Неліктен шығып жатыр? Дін адамдарды осындай күйге душар етуі мүмкін бе? Халықтың арасында жат діни ағымға өтіп кеткен адамдар туралы неше түрлі әңгімелер, аңыздар да айтылып жатады. Бірақ бұл айтылғандар бүгін немесе кеше ғана пайда бола салған мәселелер емес. Әсіресе, батыс елдерінде өткен ғасырдың бас кезінде діни ұйымдарға қосылып кету тақырыбында 500-ден астам ғылыми еңбектер жазылған (Қараңыз, В.А. Мартинович. Портрет потенциального адепта секты). Демек, бұл тақырыпты зерттеу сол кездің өзінде ауадай қажет болған.
Біз кейде теріс діни ағымдардың өкілдері айдалада жүрген адамды қалай арбап алады деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, теріс ағымға өтудің бірінші қадамын адасатын адамның өзі басады. Мысалы, теріс діни ағымға шақыру көшеде немесе ғибадатханың алдында, пәтердің ауласында я болмаса біреудің жеке үйінде жүргізіледі делік. Бірақ оған жеткенге дейінгі байланыстың бәрі нысанға алынған адамның өз еркімен, қалауымен іске асады. Көшеде біреудің «Кешіріңіз, сізбен өмірлік маңызы бар сұрақ туралы сөйлесуге бола ма?» деген сөзіне жауап бермеуге, теріс айналып кетіп қалуға да болады. «Жүр, мен саған құлшылық жасаудың тәртібін үйретемін» деген шақыруды қабылдамауға да болады. Біреулердің жұмыс беремін, жалақы беремін деген жарнамасына да құлақ аспауға болар еді. Алайда кей азаматтар осы шақыруларға жауап беріп, құлақ асады. Мұның бәрі теріс діни ағымға қарай басылған алғашқы қадамдар.
Содан кейін ғана екінші қадам, өз аяғымен келгендерді сұрыптау кезеңі басталады. Әр түрлі жарнама сөздермен, қызықтыратын әңгімелермен, қателесумен, білмей қалып бір жерге жиналған адамдардың барлығы бірдей сол күннен бастап теріс діни ұйымдардың мүшесі болып кетпейді. Ол жиында айтылған бірінші сұхбаттың (лекцияның) өзінен көп адам есін жинап, елін тауып жатады. Екінші рет бұл жерге аяқ баспаспын деп бір-ақ кетеді. Ал бұл жиында кімдер қалады? Басында әр түрлі қиыншылығы бар адамдар, тұрмыстық қажеттілігін өтей алмай жүргендер, қысқасы өмірден өз орнын таба алмағандар қалады. Міне, осы адамдарды түрлі деструктивті діни ағымдардың потенциалды мүшесі болуға дайын адамдар деп қарасақ болады. Алайда бұл азаматтарды екінші іріктеуде қалғаны үшін ғана осылай болды дей алмаймыз. Себебі, себеп-салдарлық байланыс басқа мәселеде. Бұл жерде адамның сол ағымға алғашқы рет келген кезін ғана емес, оған дейінгі рухани, әлеуметтік, тұрмыстық хал-ахуалын егжей-тегжейлі зерттеуіміз қажет. Өйткені оның бойында теріс діни ағымға шақырушы адаммен сөйлесудің ең алғашқы минутында-ақ оны қабылдап, қолдай кететін өзіндік себептер бар еді. Ол отбасындағы кикілжіңдер, тұрмыстың нашарлығы, жұмыстың жоқтығы, жалғызбастылық, мақсатсыздық, т.б. Осындай жай-күйлерді басынан кешіріп жүрген адамға діни ұйымға арбаушының сөздері майдай жағып, жүрекке жылы тиері даусыз. Көріп отырғанымыздай, бұл жерде мәселе арбаушының сөзінде немесе ісінде емес, соған душар болған адамның соған ыңғай беріп тұрғанында болып тұр. Тіпті сонау Таяу Шығысқа соғысқа аттанған адамдар мәңгілік жұмақты аңсап емес, өз елінде біреулермен ұрыс-керістің себебімен кеткені туралы деректер бар. Осы тұстан бір түйін түйер болсақ, жат пиғылды діни ағымдарға қосылып кеткен адамдардың өткен өмір жолы мен биографиясы өте маңызды рөл ойнайды.
Екіншіден, айтылған әдемі әңгімелерге, өмірде кездесетін әр алуан жағдайларға, қиыншылықтарға сын көзбен қарай алмау да теріс ағымға жетелейтін бір факторға жатады. Бұл тұста нысанға алынған адамның жоғары білімді, тәжірибелі немесе ес тоқтатқан ересек болуы теріс діни сенімдерге кіріп кетуден сақтай алмайды. Тіпті, діни ұйымдардың қатерлі екенін біліп тұрса да, берілген ақпаратты талдап, оған сын көзбен қарай алмаған, діни мәліметтердің түп негізі қайдан келіп жатқанын тексермеген адамның жаңсақ жолға түсіп кетуі әбден мүмкін. Мемлекеттің жауапты қызметтерінде жүрген адамдардың өзі абайсызда теріс діни ағым шырмауына түсіп кетуі ықтимал. Мысалы, мұсылман дінінің өкілдері қасиетті Құранды, Мұхаммед пайғамбардың хадис, сүннеттерін аса қатты қастерлеп, қадірлейді. Осы қасиетті сөздердің бас-аяғын кесіп, монтаждап, керағар діни ұйымның саяси мүддесіне қарай пайдаланып, сол арқылы азаматтарды арбайтындар бар.
Үшіншіден, өз алдына шешім қабылдай алмайтын, Абай атамыз айтқандай, жұрт айтса болды, көп айтса көнді деп, діни ағымның өзге мүшелерінің айтқан сөздерінен шыға алмай, ішкі сұрақтарын ешкімге қоя алмай іштей тынып жүрген адамдар да ұшырасады. Діни ағымның құрамында жүргені үшін алып отырған «нанына» мәз болып, өз еркіндігі мен бақытын өз қолымен сату осыдан келіп шығады.
Төртіншіден, ғасырлар бойы тыныштық пен бейбітшіліктің, бірлік пен ынтымақтың қайнар көзі болып келген дәстүрлі діннің негіздерін дұрыс білмеу де кейде адамның қате шешім қабылдауына себеп болады. Бүгінгі қазақ қоғамында дін деген қасиетті ұғым екенін, ол туралы сыни ойлауға жол жоқ екенін алға тартатын уағызшылар бар. Ал, шындығында, қасиетті Құранның көптеген аяттарында ақылға салу, ойлану, пікір етудің маңызы туралы аяттар бар. Тіпті, «Ойланбайсыңдар ма?», «ақылға салмайсыңдар ма?» деп жасап жатқан ісімізге сын көзбен қарауға, ойлануға қатаң түрде шақыратын мәтіндер де кездеседі.
Енді деструктивті діни ағымдар қатарына тез қосылып кетуге, теріс жолға арбаушының сөзіне тез сене қоюға себеп болатын жағдайларға тереңдеу тоқталайық.
Отбасылық кикілжіңдер. Ешбір адам жападан жалғыз вакуумда өмір сүрмейді. Оның күнделікті тіршілігіне, жүріс-тұрысына ең жақын адамдары, әсіресе, отбасы әсер етеді. Кісінің ілгері басуына да, кері кетуіне де көбінесе отбасы себеп болады. Жеке адамның мінез-құлқы да отбасында қалыптасады. Ал енді осындай маңызды жерде күн сайын ұрыс-керіс, айқай-шу көбейіп, жүйке жұқартатын істер күн тәртібіне еніп кетсе, ондай отбасының мүшелері теріс діни ағымдардың жетегінде кетуге бейім тұрады. Өйткені ондай жандар отбасынан таппаған жылуды өзгелерден іздей бастайды. Өсіп келе жатқан бала-шаға былай тұрсын, үй шаруасындағы әйелдің өзі күйеуінен тиісті жылы қарым-қатынас көре алмаса, оның да «бақытты» сырттан іздеуі ғажап емес.
Ата-аналар мен балалар арасында қарапайым сөйлесулер азайып жатыр. Күйбең тіршілік, жұмысбастылық, одан қалған уақытта интернетке тәуелділік отбасылық қарым-қатынасқа өз зардабын тигізбей қоймайды. Жас балаларға мейірім мен жылылық жетпейді. Жас жемістер су мен күн көзін қалай қажет етсе, жас жеткіншектерге шынайы сүйіспеншілк те солай қажет. Әсіресе, жастар діни сенімін анықтап алуға қатты құмартатын шағында ата-ана олардың қасынан табылуы тиіс. Әйтпесе, әкенің ашпаған құшағын балалар жат пиғылды діни ағымдардың өкілдерінен күте бастайды.
Сондай-ақ жас жеткіншектердің өмірінде кездесетін сеперация кезеңі деген ұғым бар. Шамамен 18-20 жастарға сай келетін бұл кезеңде жастар ата-анасынан барынша тәуелсіз өмір сүруге тырысады. Әйгілі Шал ақын Құлекұлы «Қыз он беске келгенде мау тартады, Ата менен енеге жау тартады» немесе «Ерімнің бір тұрманы үзеңгісі, Қыз он бесте келеді түзелгісі» деген ойларымен дәл осы кезеңді бір қырынан сипаттаған. Бұл кезеңде жастар ата-анасының ақыл-кеңестері мен сөздеріне, олардың қойған талаптарына күмәнмен қарай бастайды. Өз алдына шешімдер қабылдағысы келіп тұрады. Міне, осы кезеңде жастар жат пиғылды ағымдарға қосылып кетуге бейім тұрады. Ендеше, әркім отбасына үлкен жауапкершілікпен қарап, оның ішін жылы сөзге, жақсы көңіл-күйге, тазалық пен адалдыққа толтыруға тырысқаны жөн.
Әділдік сататындар. Адам өмірінде алуан түрлі оқиғалар, ауыр жағдайлар, қиын сәттер орын алады. Сондай кездерде ол сенетін, сенім артатын, іштегі шерін түп-түгел ақтарып тастайтын бір мекен іздейді. Кейде өмірден шарқ ұрып әділдік іздейтін, адамгершілік қасиеттерге шөліркейтін, бір ауыз жылы сөзге зар болатын шақтар да ұшырасып жатады. Осы кезде оның айналасында әділдік сататын, жылы сөз сыйлайтын, адамгершілікке қарық қылатын, арқасынан қағып, маңдайынан сипайтын «біреулер» пайда болады. Бірақ бұл «біреулер» көрсеткен жақсылықтары үшін әлгі адамнан бір ғана ақы сұрайды: теріс бағыттағы діни ұйымға мүше болу! Міне, кісінің теріс ағымға еніп кетуінің бір себебі осында жатыр.
Атақ, абырой, беделге құмарту. Жат пиғылды діни ағымдардың құрығына ең жылдам ілінетін тағы бір топ атақ, абыройға, ел ішінде беделді болуға өзгелердің күшімен қол жеткісі келетіндер. Мұндай «құрыққа»түсетін адамдарға айтылатын мақтау сөздер, мадақтама, алғыс хаттар көбейе бастайды. Біртіндеп оларға «ұйымның» мақсаттары таныстырылып, топтың өз ішінен жауапкершілік жүктеле бастайды. Белгілі бір қызметтерге тартыла бастайды.
Мақтау сөздер мен жылы көңіл. Деструктивті діни ағымдар қатарына қосылғандар бәрінен бұрын көңілге жағымды атмосферамен қауышады. Өз жақындарынан естімеген жылы сөздерді осы ортадан еститін болады. «Сен – ең таңдаулысың, ақылдысың, білімдісің, шеберсің, өнерпазсың, сен біздің миссияны соңына дейін жеткізу үшін өте қажетсің» деген секілді марапат сөздер мұндай ұйымдарда жиі айтылады. Бұл кезеңде бұрын өзін ешкімге қажетсіз сезінетін адам үшін жаңа ұйымның жанға жылы сөздері ерекше әсер етеді. Осындай жағымды ахуалдың құшағында шалқып жүріп, бір ұйымның құлақкесті құлы болғанын сезбей қалатындар кездеседі.
Күмән, күдік, өзіне сенімсіздік. Жат ағымдарға тез еніп кетуге себеп болатын психологиялық күйлерге күмән, күдікті жатқызуға болады. Қоғамда өзіне өзі сенбейтін, үнемі үрейленіп, қорқып жүретін, «жұрт маған күледі» деп елден қымсынып жүретін азаматтар да ұшырасады. Бұл да теріс бағыттағы ұйымдардың «оң жамбасына» келетін жағдай. Мұндай кісілер үнемі өзгеден ақыл сұрап, әр ісін «біреулердің» талқысына салып отырады. Сөйтіп жүргенде олар өзгелердің ақылына тәуелді болып қалғанын да сезбей қалады. Өз қадірін білмей, ылғи өзін төмен санай беретін жандарды да осы топқа қосуға болады.
Мақсатсыздық. Өмірдегі үлкен, кіші мақсаттарын анықтай алмаған немесе белгілеп үлгермеген жастар да кейбір деструктивті діни ұйымдардың құрбаны болып кетуі мүмкін. Өзіндік арман-мүддесі, құндылықтары жоқ адам түбі солқылдақ ағашқа ұқсайды. Жел қалай соқса, солай қарай иіліп кетуі мүмкін.
Өз орнын таба алмау. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп тегін айтпаған ғой. Псевдодіни ұйымдарға көбінесе осындай «өз кетігін таба алмағандар» тартылады. Мектепті дұрыс аяқтамаған, жоғарғы оқу орнына түспеген, тұрақты жұмыс таба алмаған, немен айналысып, қаражатты қайдан табарын біле алмай жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан дәстүрлі діни саланың қызметкерлері тарапынан қолдау ауадай қажет. Өйткені жұмыс іздеп жүріп, аяқтарын шалыс басқандар да бүгінгі қоғамда жоқ емес.
Студенттік шақ. Теріс діни ағымдардарға тарту жолдары қозғалғанда, студенттер деген айрықша бір әлеуметтік топты да атай кеткен дұрыс. Олар бұл кезеңде өмірлік мақсаттарын белгілеу, өз келешектеріне қатысты мамандықтарын таңдау, қоғамдағы орнын табу, араласатын ортасы мен достарының шеңберін айқындау секілді терең рухани ізденіс үстінде болатыны белгілі. Одан бөлек, олар өздерінің ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін дүйім жұртқа паш еткісі келіп тұрады. Міне, осынша рухани әрекеттердің арасында олардың әр түрлі теріс діни идеологиялардың құрбаны болып кету қаупін де жоққа шығара алмаймыз.
Өйткені бұл жаста адамдардың жан жүрегінде, алпыс екі тамырында діни сенімге деген қажеттілік бүлкілдеп ойнап тұрады. Өз айналасындағы жастармен бірге жұма намазға бару, ораза ұстау, дін туралы, Құдайдың құдіретін көрсететін өмірлік жағдайлар туралы әңгімелесу олардың арасында көп жүреді. Дүниені тануға деген құштарлық, әр нәрсеге эмоциялық көзқараспен қарау да осы студенттік кезеңнің бір белгісі. Аталған үдерістермен қатар осы шақта психологиялық тұрақсыздық сипаты да арта түседі. Кейде жастар айналада болып жатқан оқиғаларды жақтырмай, олардан өзін жоғары ұстағысы келеді.
Ақпараттың құрбандары. Бүгінгі таңда ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі ақпараттың адам мен қоғам санасына әсер етуші күші өткен ғасырдың аяқ кезімен салыстырғанда айрықша үлкен. Бұрын бұқаралық ақпарат тек халыққа жаңалықтарды жеткізу құралы болып келсе, қазір үгіт-насихаттың, адам санасын жаулаудың алпауыт құралына айналған. Ақпарат көздерінде насихатталатын құндылықтар, көзқарастар, идеялар арқылы әлеуметтік әлемнің бүгінгі ахуалы қалыптасуда. Мұны цифрлық революция десек те, жаңа коммуникациялық технологиялар деп атасақ та, түптеп келгенде, бұл аталғандар жаһандану дәуірінің ең маңызды ерекшелігі саналады. Қазіргі ақапарттар тек көзқарастар мен құндылықтарды өзгертіп қана қоймайды, адамға белгілі бір әрекетті мәжбүрлеп жасатуға дейін әсер ете алады. Ең қиыны қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарды, олардың түп негіздерін, дәстүрлі ереже, қағидаларды өзгертуге, тіпті мемлекеттік жүйені де бұзуға итермелейтін ақпараттық технологиялар бар. Міне, осының әсері Қазақстанға да тимейді деп айта алмаймыз. Туған ата-анасына кәпірсің, шайтансың деп жүргендер, ата-бабасының мазарын қирататындар, домбыраның қоңыр үнінен қашатындар, өз үйінен безіп, ағайын-туысымен байланыс үзетіндер, бүгін қаршадай қызды қатын қылып, ертең талақ ететіндер, өзегінен жаралған баласын туа салып қоқысқа лақтыратындар осындай ақпараттық технологиялардың құрбандары деп атауға болады. Қолына қару алып, өз бақытын соғыс болып жатқан шетелдерден іздейтіндер өз алдына бөлек әңгіме.
Енді бізге осы технологияны, адам психикасының құрылысын, ақ пен қараны ажырату тетіктерін, қысқасы, ақпаратпен жұмыс жасаудың әдіснамасын игеріп, мәселені осы тұрғыдан шешу жолдарын қарастыру керек.
Жинақтай келгенде, осы аталған себептер бүгінде талай отбасылардың тамырына балта шауып, шаңырақтың берекесін қашырып жүр. Тіпті бір жанұяда діни сенім бойынша бір ымыраға келе алмай жүргендер бар. Бәрінен бұрын ешкімнің ала жібін аттамай, моп-момын тіршілік етіп жүрген қазақтың қаракөз жастары осы себептермен алданып жүр. Сондай жағдайды болдырмау үшін аталмыш әлеуметтік-психологиялық жағдайлардың алдын алуға тырысқан дұрыс. Өйткені теріс діни ағымға бір кіріп кеткен адамды ол жақтан қайта шығару қиынның қиыны болары даусыз.


Асылбек Әуезханұлы
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста