Көкек анадан алған аманатыма алаңдаймын...

Көкек анадан алған аманатыма алаңдаймын...

Islam.kz сайтының хат қоржынына оқырмандарымыздың бірінен кеңес сұраған хат келді. Басынан кешкен оқиғаны бастан-аяқ баяндаған бұл қарындасымыздың ерлігі өзгелерге үлгі, ғұмыры ғибрат болсын деп, хатты оқырманымыздан рұқсат сұрап, өздеріңізге жариялап отырмыз. Хат иесінің өтініші бойынша, хат иесінің есімі мен хатта кездесетін өзге де есімдер шартты түрде берілді.
Ассалаумағалейкум!
Мен сіздерден кеңес сұрау үшін басымнан кешкен осы оқиғаны жазып отырмын.
2007 жылы бір таныс қызым маған келіп, біреуден аяғы ауыр екенін айтып, түсік жасатуға менен қарызға ақша сұрады. Ол кезде бойына біткен бала 4 айлық екен. Бірақ дәл сол уақытта оған бере салатын менде ақша болмады. Одан кейін ол қызды көрмедім. Мен жұмыс бабымен басқа қалаға кеттім.
Арада үш ай уақыт өткеннен кейін сол таныс қызым телефон соқты. Сөйтсе, әлі күнге дейін ақшасының жоқтығынан түсік жасатпаған. Енді жасатуға 40 мың теңге ақша керек екен. Маған осындай соманы жылап тұрып тауып беруді өтінді. Бұл жолы өтінішін кері қайтара алмай, сұраған ақшасын жолсеріктер арқылы беріп жіберетін болып, кешке вокзалға барып тұрғанымда әлгі таныс қызым тағы да жылап телефон соқты: «УЗИ-ға түсіп едім, дәрігерлер «енді түсік жасатуға болмайды, өзіңнің өміріңе қауіп төніп тұр, тек 9 айға толғанда ғана операциямен баланы алуға болады, басқа жолы жоқ» деді. Енді не істеймін. Көмектесші... Үйдегілерге айтуға қорқамын», – деп жылады. Мен әрі ойланып, бері ойланып, ақыры оны өзім тұрып жатқан қалаға алып келдім.
Қызды перзентханаға апарып, дәрігерлерге көрсеттім. Олар уақыты келгенше дәрігерлердің бақылауында болу керек деп, перзентханаға жатқызды. Бір жағы өзі де екі ай бойы менің үйімде жатуға ыңғайсызданып, перзентханада қалатынын айтты. Екі ай бойы қызды үй іші іздейтін болғаннан соң қыз менен анасымен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіруді өтінді. Мен ауылдағы анасына телефон соғып, жайлап отырып қызының жағдайын жеткіздім. Анасы жылап: «Өзіңе сенемін, бұл жақсылығыңды ұмытпаспын», - деп қызын маған аманаттады. Мен екі ай бойы қызға күнде, кейде күнара тамақ апарып отырдым. Себебі, қалада ол қыздың менен басқа танысы жоқ еді.
Сөйтіп жүргенде көптен күткен толғақ уақыты да жетті. Кешкі сағат 8-ден 15 минут кеткенде қыз дүниеге салмағы 3,45 кило, бойы 51 сантиметр болған бір ер бала әкелді. Мен қатты қуандым. «Байғұс баланың көрер жарығы бар екен ғой», – деп үйде жылап та алдым.
Содан үш күн өткен соң таныс қызыма балаға қандай заттар керектігін білейін деп бардым. Әңгімелесіп отырып: «Ұлыңның бауы берік болсын! Өз балаңды құшағыңа алып, көкірегіңе салып емізген ғажап шығар, иә?» – деп тұрсам: «Мен ол баланы емізбеймін де, алмаймын да! Бас тарту қолхатын жазып, перзентханаға тастап кетемін» дегенінде аспан айналып жерге түскендей болды. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей мең-зең болдым да қалдым.
Қызға өлердей жалынып: «Тастамашы баланы», - деп өтіндім. Қыз болса, қырсықты да қалды. Бір жібімеді. «Ертең үйге барғанымда шешем өлтірмей ме мені? Шешем: «Әкелме баланы» деді», – деп шешімінің нақты екенін білдірді. Мен шырылдап жүріп қыздың шешесіне де телефон шалдым. Шешесіне жалындым да, өтіндім де, қатты да айттым, батырып та айттып. Бірақ шешесі бәрібір көнбеді. Сондағы айтқан сөзі: «Әркімнің көрдемшесі керек жоқ маған. Тастасын да кетсін!» Мен жағамды ұстадым. Не істерімді білмей дал болдым. «Жарайды, өз баласы ғой. Тастаса, өз күнәсі өзіне», - деп көз жұма салайын десем, Алладан қорықтым. Жаутаңдап перзентханада, содан соң жетімдер үйіне кететінін ойласам, жүрегім қан жылайды. Ертең болашағы қалай болады, көшеде тіленіп, алақан жайып, нан сұрап жүргенін елестетемін де, жүрегім сыздайды.
Ақыры бір тоқтамға келдім. "Бұл іске өзім де о бастан араласқандықтан бұны бұлай қалдырмаймын. Баланы перзентханада қалдырмауым керек", - деп шешім қабылдадым. Үйге шығарған соң: «Не дегенмен ана ғой, бауырына басқан соң жүрегі жібіп, өзімен бірге алып кетер» деген үмітпен таныс қызыма өтірік айтуға тура келді. Бардым да: «Өтінемін, баланы перзентханаға тастамашы, егер сен қаламасаң, осы баланы мен асырап алайын, тек тастамашы», – дедім. Қыздың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Менен мұндай сөзді күтпеп еді. «Сенің басың жұмыс істей ма өзі? Не айтып отырсың? Өзің әлі кіп-кішкентайсың? Ол баланы қалай алып қаласың? Үйіңдегі әке-шешеңе не айтасың?» – деп бұл ұсынысыма да қарсы болды. Ол кезде жасым әлі 22-де ғана еді. Тұрмысқа да шықпаған едім. Сөйтіп мен ол қызды ақыры «асырап аламын» деп көндірдім. Бірақ «үйге келген соң жібитін шығар» деген үмітімді әлі де үзбедім.
Босанғаннан соң 9 күн өткеннен кейін перзентханаға шығарып алуға бардым. Кіп-кішкентай сәбиді медбике «кіндік шешесі, көрімдігіңізді беріңіз» деп қолыма ұстатқан кезде жүрегім көкірегімді жарып шығардай қатты дүрсілдеп, қол-аяғым дірілдеп сала берді. Сәбидің жүзін ашып қарап едім, өзі сондай тәп-тәтті, сүп-сүйкімді, бейкүнә боп жатыр екен. Өз-өзімді ұстай алмадым, көз жасыма ерік бердім.
Үйге әкеліп баланы шомылдырдым. Денесі ширасын деп жеңгелерімнен көрген жаттығуларын жасадым. Сосын баланы шешесіне беріп, «қарны ашты ғой, емізсеңші» дедім. Ол шімірікпестен: «Жоқ, емізбеймін, емізсем, төсім ии береді. Мен төсімді тартып тастадым», – деді. Мен не айтарымды білмей, амалсыздан астындағы дәріханаға барып, еміздік пен сүт қоспасын алып келіп, балаға сүт бердім. Сол түні бала менің жанымда түнеді. Себебі, анасы жыласа да қарамады. Сондықтан, қасыма алып жаттым.
Таңертең баланың шешесі нотариусқа барып, «баладан бас тартамын, осы адамға асырап-бағуға беремін» деп бас тарту қолхатын жазып беріп, өзі кешкі пойызбен еліне кете барды. Мен жаңа туған сәбимен қала бердім.
Не істерімді де білмедім. Кімге не айтамын, қалай бағамын? Не боп кетті өзі? Адамдар осыншама қатігез бе еді? Осы секілді сұрақтар көкейімнен төгіліп жатты. Ақыры баланы бауырыма басуға, өз баламдай көруге бел будым. Мешіттен имам әкеліп, баланың атын азан шақырып «Әли» деп қойдым.
Перзентханадан шыққаннан соң бір аптадан кейін ұлымның мұрнынан су ағып, бітіп, мазасы кете бастады. Учаскелік дәрігерді шақырдым. Ол мұрнына қызыл май тамыз деді. Айтқанындай істедім, бірақ болмады, екі-үш күннен кейін қолды-аяққа тұрмай, шырылдап кетті. Мен жұбата алмай әлекпін. Біраздан соң тыныс алуы нашарлап, тұншығып қызарып кетті. Қорыққаннан қол-аяғым дірілдеп, жедел-жәрдем шақырдым. Сөйтсем, тұмау тиіп, ол асқынып «обструктивті бронхитқа» ұласыпты. Дем ала алмай, тұншығып жатқаны өкпесінің қысылып жатқаны екен ғой. Өзім жас болғандықтан бала ауырады-ау деген ойыма да кіріп шықпапты.
Бала әне-міне дегенде өліп қалатындай болып, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Сөйтіп ұлым жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. «Сіз осында боласыз, емізетін кезде шақырамыз» деді. Мен үндемедім. Ұлымның туған анасы мен емес деп айтуға аузым бармады. Біраз уақыттан кейін мені баланы емізуге жан сақтау бөліміне шақырды. Мен не айтарымды білмей, сасқанымнан «апай, менің балам қолдан тамақтандырылады, емізбеймін» дедім. Сол-ақ екен, дәрігер мені жерден алып, жерге салды. «Қазіргі келіншектер ардан безген! Бір айға толмаған баланы «искусственник» деп айтуға қалай аузың барып отыр! Емшек сүтін ембеген бала аурушаң болады. Фигураң артық па, әлде баланың денсаулығы артық па саған?!», – деп ұрсып-ұрсып, мені жан сақтау бөлмесіне кіргізбейтін болды. Маған баламды әйнектің артынан бір-ақ рет қана көрсетті. Қарасам, система үшін катетерді маңдайынан салып қойыпты. Мен «неге басқа жерінен салмайсыңдар!» деп айқайлап жібердім. Олар тамырының жоғалып кеткенін айтып, «амалсыз маңдайынан салуға мәжбүр болдық» деді.
Мен ұлымның мұндай күйін көріп, «ұлымнан айрылдым-ау, біттім-ау» дедім. Ұлымды көрсетпесе де, палатама бармай, жан сақтау бөлімінің алдында отырдым. Дәрігерлер кіруіме тыйым салды. Күн батты. Кеш болды. Жан сақтау бөлімінің есігін күзетіп, түнге дейін отырдым. Кезекші дәрігер кеткен кезде медбике, аяған болу керек, ұлымның жанына 1-2 минутқа кіргізіп шығарды. Баламды иіскеп, мауқымды бастым.
Бұлай отыра берсем, баламды мүлдем көрсетпейтін түрлері бар. Сондықтан бар күш-жігерімді жинап, ординаторскийге бардым. Лор бөлімінің меңгерушісі отыр екен. Ол кісіге ұлым туралы барлық шындықты айттым. Айтқандарымның бәрін тыңдап, менен көз алмай тесіле қарап, «қанша жастасың өзің?» деді. Мен 22-де екенімді айттым. «Тәуекел еткен екенсің. Жарайсың! Уайымдама, жылама, қызым! Мен сендейлерді құрмет тұтамын. Шынымды айтсам, айтқандарыңа әрең сеніп отырмын», – деп басымнан сипады. Сол сәттен бастап сол дәрігер менің екінші анамдай болып кетті. Ұлыма бар көмегін аямады. Кеңес керек болса, сол кісіге хабарласам. Ол маған барынша ақыл-кеңесін айтып, баламның өсіп-жетіліп кетуіне көп көмегін тигізді.
Осылайша күндерім өтіп жатты. Бейкүнә сәби менің қойнымда ештеңеден бейхабар жайлап өсе берді. Бірақ, өзімнің ата-анама, аға-бауырларыма не айтарымды да білмедім. Ауылдан анам күнде телефон соғып, қал-жағдайымды біліп тұратын еді. Онымен сөйлесерде баланы басқа бөлмеге кіргізіп, есігін жауып, өзім басқа бөлмеде сөйлесемін. Сөйлесіп жатқанда бала жылап қала ма деп телефон тұтқасын қоюға асығамын. Бірақ қашанғы бұлай жүре беремін. Кейде «мен өзі не істеп жүрмін» деп те ойлап қоямын. Кейде өзімді «Ештеңе етпейді. Бұл күнді де ертең ұмытып кетерміз. Бәрі жақсы болады. «Жерде жетім жыласа, аспанда періште жылайды» деген ғой, мен сені жылатпаймын, сен үшін бәрінен бас тарту керек болса, оған да барамын» деп жалғыздан жалғыз үйде отырып, сәбиімді құшақтап жылап аламын.
Сөйтіп жүргенде наурыздың 25-і күні анам таң атар атпастан телефон соқты. Сол кезде анама бәрін айтуым керек деп шештім де: «Мама, мен саған бірдеңе айтайын, мені соңына дейін тыңдашы. Бірақ, қарсы келмеймін, әкемді де көндіремін деп сөз берші», – дедім. Анам қорқып кетті. «Не боп қалды?» деді. Мен неше күннен бергі ойлап тапқан өтірігімді айттым. «Мама, 22-ші наурыз күні таңғы сағат 5-6-лар шамасында ұйықтап жатсам, подъезден бір баланың жылаған дауысын естідім. Қоймаған соң, барып қарасам, біздің қабатқа біреу бала тастап кетіпті. Ер бала. Өзі сондай тәтті, сүп-сүйкімді. Бір айлық бала секілді. Маған Алла Тағаланың әдейі жіберіп отырған баласы шығар, мен осы баланы бауырыма басамын», – деп бір-ақ кестім. Үйдегілер байбалам салды. «Сонда қалай болады? Өзің әлі жап-жассың. Өмірің әлі алда. Ойлансаңшы жақсылап. Ертең өкініп қалмасыңа кім кепіл» деген сөздерді үйіп-төгіп жатыр. Бірақ ешкім қарсы болмады. «Тек дұрыстап ойланып барып шешім қабылда» деді. «Мен бұл жетім баланы далаға тастамаймын. Керек болса, атыма да жаздырып аламын» деп турасын айттым. Олар ақыры келісімін берді. Әкем де басқаларына «егер өзі солай шешім қабылдап отырса, қарсы келмеңдер» депті.
Міне, сол баланы өз бауырыма басып, өз ұлымдай бағып-қақтым. Арада 5 жыл өтті. Мен бұл уақытта ұлым үшін бәрін тастап, әке-шешемнің жанына оралған едім. Бір күні ұлым екеуміз ойнап отырсақ, анам жаныма келіп: «Қызым, сенен бірдеңе сұрайын, тек шыныңды айтшы», – деді. Менің ойымда ештеңе жоқ «иә, мама, не сұрағың келді, сұра. Мен сені неше рет алдап едім» дедім. Сонда мамам маған ұлымның атын айтып «пәленшенің баласы екен ғой. Қағаздарыңның ішінен бірдеңе іздеп жатып, бас тарту қағазын көріп қалдым» деген кезде денем мұздап кетті. Баяғы өткен күндерімнің бәрі көз алдымнан зулап өтіп жатты. Жылап жібердім. «Мама, иә, солай. Бірақ енді не істе дейсің? Апарып таста деп айта көрмеші, мен ұлымсыз өмір сүре алмаймын. Бұны ешкімге айта көрмеші. Ұлымды жек көріп кетпеші» деп жыладым. Сол кезде анама қатты риза болғаным: «Жоқ, қызым! Мен қайта сендей қызымды мақтан тұтамын. Сендей қызымның барына мақтанамын. Ұлыңның әлі күнге дейін құжаттары жоқ. Ертең қалай болады екен. Құжаттарын қалай жасатсақ екен деп жүрген едім. Сөйтсе, туу туралы куәлігі де, бас тарту туралы қолхаты да бар екен ғой», – деп, мен саған ұлыңды өз атыңа аударып алуға көмектесемін деп айтқан кезінде төбем көкке бір елі жетпей қалған шығар. Анашымды құшақтап сүйе бердім, сүйе бердім. Сөйтіп ұлымды өз атыма аударып та алдым. Бұның бәрін Алланың жәрдемі ғой деп білемін. Аллаға мың да бір шүкір.
Енді міне қазір ұлым 8 жаста. 2-сыныпта оқиды. Күйеуге де шықтым. Күйге шығарда сөйлесіп жүрген жігітіме ашығын айттым: «Егер ұлымды шеттетсең, болмаса басқа көзбен қарайтын болсаң, осы жерден тоқтатайық. Егер маған үйлеңгің келсе, ең бірінші мені емес, менің ұлымды жақсы көруіңе тура келеді», – дедім. Басында бұл оқиғаны естігенде ол таңғалды. «Өмірде осындай да болады екен-ау» деп бас шайқады. Бірақ, бәріне келісті. Бәрі жақсы болатынына сөз берді.
Қазір, Аллаға шүкір, күйеуім ұлыма өз баласындай қарайды. Ұлым да «әке, әке!» деп алдынан жүгіріп шығады. Маған «анашым» дейді. Қазір 4 айлық тағы бір ұлым бар. Үлкенім кіші бауырын жанынан артық жақсы көреді. Ешкімге ұстатпайды. Қызғанады. Жыласа: «Жаным-ау, жаным-ау, сен жыламашы! Сен жыласаң, менің де жылағым келеді», – деп жүгіріп барады. Сабағы да жақсы, тәртібі де жақсы. Тек шамалы еркелеу.
Ал баланың анасын баланы маған тастап кеткеннен кейін 2 рет көрдім. Бірінші ретінде баланы ырымын жасап, қырқынан шығаратын болып, қонаққа шақырдым. Бәлкім, ісіне өкініп жүрген болар, баланы көрген соң өкінішін айтып, кері сұрайтын шығар деген үмітім болды. Ол шақыруыма келді. Сөйтсе, бұл оның бірінші туған баласы емес екен. Бұрыннан мен білмейтін үш жасар қызы бар екен. Қызын қоса ертіп келді. Бірақ мендегі баласына ешқандай аналық мейірімін төкпеді, еміренбеді де. Керісінше, балам үшін әке-шешем мен ағаларымның үйіп-төгіп беріп кеткен дүниелерін көріп, «Ұлың бақытты екен, не жоқтың бәрі бар. Менің қызымда бұлардың бірі де болған емес» деп қызғанышын білдіріп қалды. Мен: «Сен не айтып отырсың? Керісінше қуанбайсың ба, ұлыңның осындай молшылықта, жақсы жағдайда өмір сүріп жатқанына», – дедім.
Екінші ретінде менің шағын дәмханам болатын, ол сонда келді. Кіріп келгенінде не істерімді білмей, абдырап қалдым. Бірақ, суық қарсы алдым. Ол кезде ұлым үш жастарда еді. Келе салып, мұңын шағып, жылай бастады. Сөйтсе, күйеуге шыққан екен, бірақ балалары жоқ екен. Өзі де ауырып, жақында ғана операциядан шыққан көрінеді. Ұлымның жағдайын сұрады. Бірақ мен: «Енді бізді мазалама. Кезінде баланы тастамашы деп аяғыңа жығылардай болып жалынғанымда артыңа бір бұрылып та қарамай кетіп едің. Өз абыройыңды ойлап, өсек-аяңнан қашып, шімірікпестен баланы тастап кеткен болатынсың. Ал мен жұрт не десе де шыдап бақтым. Менің сыртымнан айтылмаған әңгіме қалмады. Бірақ уақыт өзі емші болып, ол қаңқу сөздердің бәрі артта қалды. Есесіне, жанымда ұлым бар. Ал егер ұлымды алып кетемін десең, қатты қателесесің. Мен ұлымды ешкімге бермеймін», – дедім. Ол да: «Алып кетпеймін. Мен оны қайда, кімім деп апарамын. Жай қалын білейін деп қана келдім», – деді. Бұдан кейін біздің жолымыз түйіспеді.
Енді мені мазалайтын бір ой бар: Ұлым күн сайын өсіп келеді. Ертең ер жетіп, жігіт болады. Өтірік бұл өмірде ашылмай тұрмайды. Ертеңгі күні ұлым біліп қалса, не істеймін. Әлде өз аузыммен айтқаным дұрыс па? Айтқаным дұрыс болса, қай жас шамасында сырымды ашқаным дұрыс. Болмаса, ештеңе айтпай-ақ, бұл шындықты өзіммен бірге алып кеткенім дұрыс па?
Расымды айтсам, баламның болашағынан, бұл шындықты қалай қабылдайтынынан, менен бас тартып, өз анасын іздеп кетіп қалмай ма деп қорқамын. Ұлым өскен сайын менің қорқынышым да өсіп келеді. Осыған қатысты маған ақыл-кеңес беріңіздерші. Не істесем болады? Сіздерден ақыл-кеңес күтемін. Алла разы болсын!
Islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста