Көркем мінездің белгілері

Көркем мінездің белгілері

 Біліп қой! Адам өз нәпсісінің кемшіліктерінен бейхабар. Егер ол нәпсісіне қарсы аз ғана күш сал­са, көптеген күнәлардан құтылады, бірақ адам сол сәтте: «Нәпсім тәрбиеленді, мінезім көркемделді. Енді нәпсіме қарсы күресудің қажеті жоқ», – деген қиялдың етегінде кетеді.

Негізінде «көркем мінез» деген не және оның қандай белгілері бар деп айтылған мәселе хаққында ой жүгірткеніміз жөн болар.

Көркем мінез – иман, жаман мінез – екіжүзділік. Алла тағала Құранда мүминдер мен мұнафықтардың сипатын баяндайды. Бұл сипаттар жақсы және жаман мінез жемістері:

«Олар бос нәрселерден аулақ болады. Олар зекеттерін береді. Олар ұятты жерлерін сақтай­ды, бірақ жұбайлары немесе меншіктілері бол­са, оларға сөгіс жоқ. Онда кім бұлардан басқа­ны іздесе, міне солар шектен шығушылар. Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушылар. Олар намаздарына ұқыптылар. Міне солар, мұрагерлер»(Мүминун: 2-10).

«(Ей, Мұхаммед (с.а.у.)!) тәубе етушілер, құлшылық қылушылар, мақтаушылар, ораза ұстаушылар, рукуғ қылушылар, сәжде етушілер, жақсылыққа бұйырушылар, жамандықтан тыюшылар және Алланың шектерін қорғаушылар, осы мүминдерді сүйіншілеңдер»(Тәубе: 112).

«Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де «Сәле­метшілік» деп дұрыс жауап береді»(Фурқан: 63).

«Сөзсіз мүминдер Алла еске алынса, жүрек­тері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, сенімдері артып, Раббыларына тәуе­кел қылады. Сондай-ақ олар намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Міне солар шынайы мү­миндер. Олар үшін Раббыларының қасында да дәрежелер және жарылқау әрі көркем несібе бар»(Әнфәл: 2-4).

islam.kz

Аяттарда баяндалған сипаттарды бойыңнан ізде. Егер табылса, онда сен көркем мінез иесісің, Кімде-кім бұл сипаттардан мақұрым болса, онда оның мінезі жаман болғаны. Егер осы қасиет­тердің бірлі жарымы сенде болса, оның қалғандарын да иеленуге әрекет ет.

Алланың елшісі (с.а.у.): «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қонағын құрмет­тесін»(Бұхари, Мүслим).

«Мүмин жақсы көрген нәрсесін, бауыры үшін де жақсы көреді»,– деп айтқан. (Анас)

Сол сияқты, пайғамбар (с.а.у.): «Аллаға және ақырет күнінен иман келтірген адам көршісін құрметтесін»(Бұхари, Мүслим).

«Кім Аллаға және ақырет күніне иман кел­тірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үнсіз тұр­сын»,– деген. (Бұхари, Мүслим)

Алланың елшісі (с.а.у.) мүминдердің сипаты көркем мінез екенін байқатып: «Мүминнің има­ны неғұрлым кемел болса, соғұрлым оның мінезі көркем болмақ» және «Егер аз сөзді және бай­салды мүминді көрсеңдер, оған жақындаңдар. Себебі ол даналық таратады», – деп айтқан (Ибн Мәжаһ).

Келесі хадисте: «Кім жақсы амалына қуанып, жаман амалынан қорықса, сол – мүмин», – де­ген (Ахмад, Табарани).

Кейін: «Бауырына азар беретін назармен иша­рат қылу мүминге харам», – деп айтқан (Ибн Мубарак. Әлсіз тізбекпен келген).

Пенде осы айтылған сипаттардың барлығына емес, кейбіріне ие болған күнде де бұл қасиетттер көркем мінездің белгілеріне жатады. Сөйтіп, кей­біреулер көркем мінездің белгілерін топтап, көр­кем мінезге: ұяты басым, зияны кем, амалы көп, сөзі аз, игілікке жақын, ұстамды, шүкірге мол, қанағатшыл, жұмсақ, ұяң, мейірімді, байсалды, лағынет айтпайтын, былапыт сөз сөйлемейтін, мазақ қылмайтын, арызқой емес, ғайбаттамай­тын, салмақты, кекшіл емес, сараң және іші тар емес. Ашық жүзді, күлімсіреп тұратын, Алланың жолын жақсы көретін, Алла үшін разы болатын, Алла үшін ашуланатын, Алла үшін жек көретін қасиеттер жатады деген.

Алланың елшісінен (с.а.у.) мұнафықтың бел­гілері жайында сұралған кезде Ол (с.а.у.): «Мү­миннің уайымы намаз, ораза және құлшылықта болса, мұнафықтың уайымы төрт аяқты жануар сияқты, ішіп-жеудің қамында болады», – деп жау­ап береді.

Хатим әл-Асам: «Мүмин ой-жүгірту және құл­шылықпен әлек, мұнафық Алладан басқасының барлығымен әлек. Мүмин Алладан үміт етеді, мұнафық Алладан басқа нәрсенің барлығынан үміт етеді. Мүмин малын беріп, дінін қалдырады. Мұнафық дінін сатып, малын қалдырады. Мүмин жақсылық қылады, сөйте тұрып жылайды. Мұна­фық жамандық жасайды, сонысына мәз болады. Мүмин оқшауланғанды және жалғыз қалып (Ал­ланы зікір қылған-ды) жақсы көреді. Мұнафық у-шуды және жиындарды жақсы көреді. Мүмін жақсылықты егеді, бұзықшылықтан қорқады. Мұнафық егінді жұлады, дайынды алғанды жақ­сы көреді. Мүмин қарым-қатынастың жақсаруы үшін жақсылыққа бұйырады, жамандықтан қай­тарады, түзетеді. Мұнафық басшылықты қолға алу үшін әмір қылады, қайтарады бірақ, жағдай­ды ушықтырады, қиратады», – деген екен.

Көркем мінез қорлықтарға сабыр қылуы мен қиындықтарды көтере білуі арқылы сыналады. Кім басқа біреудің жаман мінезіне арызданса, бұл өз мінезінің жаман болғанына дәлел. Расында, көр­кем мінез деген қиындықтар мен машақатқа төзу.

Әнас ибн Мәликтен (р.а.): «Бірде Алланың елшісі (с.а.у.) мен Әнас ибн Мәлик (р.а.) екеуі бірге келе жата­ды. Бір бәдәуи жетіп келіп, Алла елшісінің жаға­сынан ұстап, мойнынан қысады. Алла елшісінің (с.а.у.) үстінде қатты матадан тігілген шапан болатын. Әнас ибн Мәлик: «Мен Алла елшісінің (с.а.у.) мойнынан қып-қызыл дақты көрдім», – дейді.

Әлгі бәдәуи: «Ей, Мұхаммед (с.а.у.)! Алланың саған берген малынан маған да бер!» – деп бұйы­ра айтады. Алланың елшісі (с.а.у.) оған күлімсіреп қарайды. Кейін оған қайырымдылық жасауларын бұйырады» – деген хадис риуаят қылынады. (Бұ­хари, Мүслим)

Құрайыш мүшриктері Алланың елшісіне (с.а.у.) қанша қатты азар берсе де, ол: «Ей, Аллаһым! Қауымымды кешіре гөр! Себебі олар білместікпен жасап жатыр», – деп мінажат қылар еді (Бай­һақий).

Бір күні Ибраһим ибн Адһам сахараға шығады. Оған бір әскер кездесіп: «Сен құлмысың?» – деп сұрайды. Ибраһим: «Ия» – дейді. Әскер: «Сенің елің қайда?» – дейді. Ибраһим мазаратқа сілтей­ді. Әскер тағы: “Тұрғылықты жерің қайда?” – деп сұрайды. Ибраһим: «Мазаратта», – деп жауап бе­реді. Сонда әскер ашуланып, Ибраһимді қамшы­сымен тартып жібереді. Ибраһим Адһамның басы жарылады.

Әскер Ибраһимді қайта шаһарға алып келеді. Қалаға кіріп келе жатқан әскерге достары: «Қан­дай хабар әкелдің?» – деп сұрайды. Ол жолда болған оқиғаны айтып береді. Сонда достары: «Сен соққан мына адам, Ибраһим Адһам ғой», – десті. Әскер атынан секіріп түсіп, Ибраһимнің қол-аяғын сүйеді, одан кешірім сұрайды.

Кейін Ибраһимнен: «Неге бұл әскерге “құлмын” деп айттыңыз?» – деп сұрайды. Ибраһим: «Ол ме­нен: Ей, құл! Сен кімсің?» деп сұрамады бәлкім, «Сен құлмысың?» – деді. Мен: «Иә» – деп жауап бердім. Расында, барлығымыз Алланың құлымыз. Ол басымды ұрып жарғанда, Алладан оған жән­нат нәсіп қылуын сұрадым», – дейді. Адамдар: «Неге. Ол сізге зұлымдық жасады емес пе?», – десті. Ибраһим: «Білместікпен алған жарақатым маған сауап боларын білдім. Алайда менің несібем жақсылық болып, ол әскердің несі­бесінің жаман болуын қаламадым», – деп айтады.

Әбу Усман әл-Хира бір үйге шақырылады. Үй­дің иесі Әбу Усманның төзімділігін сынап көруді қалайды. Сөйтіп, Әбу Усман айтылған үйге келген кезде, үйдің иесі оған: «Мен сізді танымаймын. Менің сізде шаруам жоқ», – деп оны кері қайта­рады. Әбу Усман бұрылып, үйіне қайтады. Ол ұзап кетпей тұрғанда әлгі адам: «Ей, Ұстаз! Қайта оралыңыз!» – деп оны үйге шақырады. Әбу Ус­ман оның алдына екінші мәрте келеді. Үйдің иесі қайтадан бұрын айтқан сөзін қайталайды. Осылай төрттен көп мәрте қайталанады, бірақ Әбу Усман­ның жүзінде ешқандай өзгеріс байқалмайды.Мұны көрген әлгі адам Әбу Усманның алдына жығылып: «Уа, ұстаз! Мен сізді сынамақшы бол­дым. Мінезіңіз неткен керемет еді!», – деп ағынан жарылады. Сонда Әбу Усман: «Менен көрген бұл мінез итте де бар. Шақырсаң келеді, қусаң ке­теді», – дейді.

Келесі риуаятта: «Бір күні Әбу Усман көшеде келе жатса, біреулер үстіне күл шашып жібереді. Ол ақырын көлігінен түседі де, шүкірлік сәждесін жасайды. Кейін ешкімге сөз қатпастан, үстінде­гі күлін қағады. Адамдар: «Мұны істегендерді сөкпейсіз бе» – дейді. Бұған Ибраһим: «Егер отқа лайық адам, күлмен түзетілер болса, онда бұл үшін ашулану орынсыз», – деп жауап береді»,– деп келеді.

Тігінші Әбу Абдуллаһ өз дүкенінде тапсырыс қабылдайтын еді. Оның бір мәжуси тұтынушы­сы болатын. Ол үнемі Әбу Абдуллаһқа киім тік­тірткен сайын ақысына жасанды дирһам беретін. Әбу Абдуллаһ оның өтірік дирһам екенін білсе де, оған айтпайтын және қайтарып бермейтін. Бір күні Әбу Абдуллаһ дүкенін шәкіртіне тапсырып, бір шаруаларымен сыртқа шығып кетеді.

Мәжуси дүкенге келіп, Әбу Абдуллаһты көре ал­мады. Тапсырыс берген киімдерін алып, дирһам­ды әлгі шәкіртке берді. Шәкірт дирһамның өтірік екенін біліп, мәжусиге қайтарып береді.

Әбу Абдуллаһ келген соң шәкірті оған болған уақиғаны айтады. Сонда Әбу Абдуллаһ: «Өте жаман іс қылыпсың. Бұл мәжуси бір жылдан бері маған осылай жасап келеді. Мен оған сабыр қылушы едім. Одан дирһамдарын алып, басқа мұсылмандар алданып қалмасын деп оларды құ­дыққа тастар едім», – деп айтады» деген риуаят бар.

Жүсіп ибн Абсат: «Көркем мінездің он белгісі бар: қырсық мінез танытпайды, ынсапты, басқа­ның кемшілігін іздемейді, жаман іске бармайды немесе бұзық әрекетті сезген сәтте оны түзету­ге ұмтылады, кешірімді, машақатқа шыдайды, нәпсіге лайық қатынас жасайды, өзгенің кемшілі­гін іздемейді, өзінің кемшілігімен шұғылданады, кішіге ашық жүзді, өзінен төмендерге жылы сөй­лейді» – деген.

Саһл ибн Тустариден көркем мінез хақында сұраған кезде, ол: «Көркем мінездің ең төменгі мәртебесі, азар бергенге шыдау, залымға мейірімді болу, оған жарылқау мен кешірім тілеу», – деп жауап берген.

Ал енді Ахнаф ибн Қайсдан: «Мейірімділікті кімнен үйрендіңіз?» – деп сұраған уақытта. Ол: «Қайс ибн Асимнен», – дейді. Әлгі адам: «Қайс ибн Асимнен жұмсақ мінезді­гі қандай еді?» – деп сұрайды. Сонда Ахнаф мына оқиғаны аятты: «Қайс ауласында отырған болатын. Қызметші оған пісірілген бір ұршық кәуап әкеледі. Кәуап қадалған шанышқы жазатайым қызметшінің қо­лынан түсіп кетіп, төменде ұйықтап жатқан сә­биінің көкірегіне қадалады. Сәбидің жаны сол жерде тәсілім болады. Қызметші тосынан болған уақиғадан қатты қорқып кетті.Ахнаф ибн Қайс: «Қорықпа, сені Алланың ри­залығы үшін азат қылдым», – деп оған бостандық береді» – дейді.

«Бір адам Ахнаф ибн Қаисты қатты сөкті. Ахнаф бұған сөз қатпады, сөйте тұра оның соңынан ереді. Әлгі адам ауылға жақындаған кезде Ахнаф: «Егер ішінде айтылмай қалған нәрсең болса, қазір айтып ал. Ауылдағы кейбір мақаулар маған айтатын сөздеріңді естіп, саған азар беріп жүрмесін» – дейді», – деген хабар келеді.

Келесі риуаятта: «Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) бір қызметшісін шақырады. Қызметші оған жауап бермейді. Әли оны екінші, үшінші мәрте шақырады, жауап жоқ. Әли орнынан тұрып қараса, қызметші төсекте жатыр екен. Әли: «Қызметші, менің дауысымды естімедің бе?» – деп сұрайды. Қызметші: «Иә, есіттім», – дейді. Әли: «Олай болса, неге жауап бермейсің?» – деп сұрады. Қызметші: «Сіздің жазаламайтыныңызды біліп, жалқаулығым ұстап жатты», – деп жауап қатады. Әли: «Олай болса бар! Мен сені Алла үшін азат еттім!» – дейді», – деген хабар бар.

Яхия ибн Зияд әл-Харисидің құлы болған. Оның мінезі нашар еді. Адамдар Яхия ибн Зиядқа: «Он­дай құлды неге ұстап отырсыз?» – деп сұрайды. Яхия ибн Зияд: «Оның мінезіне қарап, мейірімнің не екенін үйрену үшін ұстаймын», – деп жауап береді.

Нәпсі дегеніміз осындай жаттығулардың арқа­сында тәрбиеленеді, ал мінездер көркемделеді. Ішкі өтіріктен, жалғандықтан, кектен тазарады. Сонда барып, нәпсі көркем мінездің жоғарғы мәр­тебесіне жетеді – Алла тағдыр қылған барлық нәрсеге разы болудың сипатын иеленеді. Алла­ның тағдырына наразы болу өте жаман қасиет. Жоғарыда айтқанымыздай, мұның белгісі сырт­тан сезіліп тұрады.

Мұндай белгілерден аман нәпсі «менің мінезім көркем» деп алданып қалмасын. Керісінше, ыждиһадпен жаттығу арқылы көркем мінездің ке­меліне жетуге ұмтылсын. Бұл асқақ дәрежеге тек Аллаға жақын және шыншыл сипаттармен жету мүмкін.

 

Аударған Жалғас СӘДУАҚАСҰЛЫ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста