Мәтуриди мәзхабы бойынша «иман» түсінігі

Мәтуриди мәзхабы бойынша «иман» түсінігі

Нуриддин ас-Сабуни (Алла рахымына бөлесін) миләди жыл санауы бойынша, ХІІ-ғасырда Бұхара өлкесінде өмір кешкен Ханафи-Мәтуриди мәзхабының әйгілі кәләм (теология) ғалымдарының бірі. Оның толық аты: Әбу Мұхаммед Ахмад ибн Мұхаммәд ибн Әбу Бәкір ас-Сабуни. Табақат (автобиография) кітаптарында көбіне «Нуруддин ас-Сабуни» есімімен белгілі. «әл-Мүнтақа мин ъасаматиль әнбия», «әл-Кифая филь Һидая», «әл-Бидая фи Усулиддин» т.б. осы сияқты Ислам ақидасына қатысты жазылған бірнеше еңбектердің авторы. Соның ішінде ең көп танымалы «әл-Бидая фи Усулиддин» (Ақида негіздеріне кіріспе) атты ақида кітабы болып есептелінеді. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған "иман" тақырыбы аталмыш кітаптан аударылып беріліп отыр.

Ескерте кетелік: кітаптың көлеміне қарай автор барынша қысқа әрі нұсқа жазуға талпынған. Сондықтан да, оқырманға ұғыныңқы болуы үшін кейбір сөйлемдер арасына қысқаша түсініктемелер беріліп, мақала соңында қосымша қорытынды жазылды.

«Иман» деген не?

Хадис ғалымдары «иман» сөзін: тілмен айту, жүрекпен растау және амал ету деп түсіндірген.

Мәтуриди ғалымдарының көпшілігі: «Иман – тілмен айту, жүрекпен растау», - деді (анықтамаға «амал етуді» қоспаған).

Кәррәмия ағымындағылар[1] иманды тек тілмен айту деп есептесе, Жәһм ибн Сафуан мен Қадария[2] ағымынан Хусейн әс-Сәлиһи: «Иман тек білуден тұрады» деді (яғни, Исламның ақиқаттығын білуі жеткілікті, оны жүрекпен нанып, ақиқаттығын растауы шарт емес деді).

Ал енді, Мәтуриди ғалымдарының арасынан ақиқатты зерттеушілер иманды былай деп түсіндірді:

«Иман – шын мәнісінде, жүрекпен растау болып табылады. Дегенмен, жүректегі сенімін тілмен айтуы осы дүниеде оған қатысты шариғи үкімдердің орындалуы үшін қажет».

Бұны Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын) «Алим уәл мүтәъаллим» атты кітабында айтқан. Және осы анықтаманы ғұлама Әбу Мәнсүр әл-Мәтуриди (м.870-944 ж.) және Хұсейн ибн Фазл әл-Бәлһи де (ө.х. 319 ж) құп көрген. Имам Әбуль-Хасан әл-Әшғариден[3] (м.873-936 ж.) жеткен екі түрлі мәліметтің ең сенімдісінде иманға осылай анықтама берілген.

Өйткені, «иман» сөзі тілдік мағынада «растау» дегенді білдіреді. Бұған дәлел ретінде, Алла Тағала Құранда Юсуф пайғамбардың бауырларының айтқан сөзін баяндай келе былай дейді: «Сен біздің айтқандарымызға иман етуші емессің». Яғни: «біздің сөзімізді растаушы емессің» деген мағынада. Осы аятта «иман» сөзі «растау» мағынасында қолданылған.

Тілмен айту (иқрар)

Әйтсе де, жүрекпен растау ісі адамның ішкі-жан дүниесіндегі құбылыс болғандықтан, сырт көзге беймәлім. Оған сүйеніп әлдебір шариғи үкімді жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да, Ислам діні жүректегі сенімін тілмен айтуды бұйырды. Жүректегі сенімін тілмен айтуды осы дүниеде адамға қатысты шариғат үкімдерінің орындаулуы үшін қажет деп бекітті. Жүректегі сенімдерін өмірде бір рет тілмен айтулары жеткілікті.

(Яғни, иманның негізі – жүрекпен растау болып табылады. Алайда, адамның ішкі жан-дүниесі Аллаға ғана мәлім екені белгілі. Сондықтан, біреуді мұсылман ретінде санау және оған мұсылманша мәміле жасау үшін іштегі сенімін сыртқа білдіруі қажет (мәселен, мұсылман қызбен некелесу, қайтыс болғанда мұсылманша жерлеу т.б.). Ол нәрсе тілмен айту арқылы жүзеге асады).

Осыған байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Мен адамдардың (кәпірлердің) «Алладан басқа құдай жоқ» деп айтқандарынша олармен соғысуға бұйырылдым. Егер, кәлима келтірер болса, олардың жандары да, малдары да амандықта (менен еш зарар көрмейді). Бірақ, хақ-құқықтары және олардың (ішкі жан-дүниесіндегі) есеп-қисаптары Аллаға тән». («Сахих Бұхари», №25).
Амал мен иман

Амал - иманнан емес (амал мен иман екі бөлек нәрсе). Себебі, Алла тағала мына бір аятында амалдарды иманға жалғастырып айтқан: «Шынында, иман еткендер мен ізгі іс жасағандар...». (Бақара сүресі, 277 аят).

Ал, ереже бойынша жалғаулық шылау арқылы бір-біріне жалғанып айтылған екі нәрсе екеуі екі бөлек ұғым («маътуф» және «маътуф алейһ»). (Осыдан келіп шығады: амал мен иман бір емес. Амал мен иман бір десек, шариғат бұйрығын орындамаған жағдайда немесе күнә жасаған жағдайда иманнан шығады деу керек болады).

Сондай-ақ, мына бір аятта жасалған амалдардың қабыл етілуі үшін иман келтірген болуы шарт екендігі айтылып отыр: «Кім иман келтірген күйі ізгі амалдар істесе, ол жамандықтарының артуынан, жақсылықтарының кемуінен қорықпайды». (Таха сүресі, 112 аят). Осы аятта ізгі амалдардың қабыл етілуі үшін мүмин-мұсылман болуы керектігі шарт екендігі айтылып отыр. Ал, қағида бойынша, шартты рай түрінде келген шартты бағыныңқы мен басыңқының екеуі екі бөлек дүние. (Осыдан келіп, амал мен иман бір емес, екеуі екі бөлек деген тұжырым шығады)[3].

(Демек, хадисшы ғалымдардың иманға берген анықтамаларындағы «иман – тілмен айтып, жүрекпен растау және амал ету» дей келе, амал етуді иманның бір бөлігі етіп көрсетулері Мәтуриди мәзхабы бойынша, дұрыс емес).

Иман тек тілмен айту ғана ма?

Бұнымен қатар, тілмен айту – жүректегі сенімнің жаршысы. Ендеше, әлдекім «иман еттім» дегенімен, жүрегінде сенім (тасдиқ-растау) орын алмаса, оның құр тілмен мұсылмандығын жария етуі шындыққа жанаспайды. Осыған орай, Алла тағала мұнафиқтардың иманын жоққа шығарған, тілдерімен айтқан болса-дағы. Бұл жайында Алла былай дейді: «Бәдәуи арабтары «иман келтірдік» деді. Сен оларға айт: «Сендер иман етпедіңдер. Бірақ, бойұсындық деп айтыңдар» де».

(Демек, Кәррәмия ағымындағылардың «иман – тілмен айту ғана» деп айтқан анықтамалары дұрыс емес).

Ендеше, кімде-кім тілінде кәлимасы болып, бірақ, жүрегімен растап, нанбаған болса, біздің назарымызда ол мүмин-мұсылман. Алайда, Алланың алдында кәпір. Ал, кімде-кім жүрегінде иман болғанымен, онысын тілімен жария етіп айтпаса, ол - Алла алдында мүмин-мұсылман, ал осы дүниедегі шариғи үкімдерге келгенде кәпірге ұқсас.

Қорытынды:

Иман дегеніміз, Алла - бір, Мұхаммед ғалейһиссәләм - Оның елшісі екендігіне жүрекпен сеніп, оны тілмен айту. Бір сөзбен айтқанда: жүрекпен тасдиқ (растау), тілмен иқрар (айту).

Тек тілмен айтып қана қою – иман иесі болуы үшін жеткіліксіз. Өйткені, ондайларды «иманды» деп есептеген жағдайда, мұнафиқтардың бәрі мүмін, иманды болып саналатын еді.

Тура сол сияқты тек «білу» де (яғни, хабардар болып, бірақ сенбесе) «иман келтіру» болып саналмайды. Әйтпесе, кітап иелерінің (христиан, яһуди) барлығын мүмін-мұсылман дер едік. (Себебі, олар Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екенін біледі, бірақ мойындамайды, жүректерімен растамайды).

Амал иманнан, иман амалдан бөлек. Бұлай деуіміздің себебі, мүміннің уақытының көбі амалсыз өтеді (яғни, әр сәтінде жүзеге асыруы тиіс амалдар жүктелмеген. Міндеттелген амалдардың өздерінің белгілі уақыттары бар. Уақыты келмей тұрып, ол амалды орындамайды). Ендеше, (амалсыз өткен сәттерінде) иманы да болмайды дей алмаймыз.
Иман артпайды да, кемімейді де! Өйткені, иманның кемуі тек күпірліктің артуымен ғана жүзеге асады, ал иманның артуы күпірліктің азаюымен ғана болмақ.

[1] Кәррамия-Мужәссимә – хижри ІІІ-ғасырларда Ислам әлемінде бой көрсеткен теріс ағымдардың бірі. Негізін қалаушы: Мұхаммед ибн Кәррам әс-Сижистәни. Хижри 255 жылы қайтыс болған. Жаратушы Алланы жаратылғандарға ұқсатқан адасушы ағым.

[2]Қадария ағымы. Исламдағы тағдыр түсінігін жоққа шығарған теріс ағым. Адамның тағдыры түбегейлі өз қолында деп сендірді. Қадария ағымын құрушылар: Маъбад әл-Жухани (ө.м. 700 ж.) және Ғайлан ад-Димашқи (ө.м. 742 ж.).

[3] Әһли сүннә уәл жамағат жолындағы «Әшғария» ақида мектебінің негізін салушы. Сахаба Әбу Муса Әшғаридің (р.а.) ұрпағы.

Мақаланы қазақшаға аударып, қосымша түсініктемелер жазған: Абдусамат Қасым. 

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста