Ислам діні

Оразаның қадірін түсініп, сауабын білсек...

  • Оразаның қадірін түсініп, сауабын білсек...

    Оразаның қадірін түсініп, сауабын білсек...

Жақып (а.с.) пайғамбардың он екі баласы бар еді. Жүсіп деген баласы жоғалып кеткен кезде: «Ай, байғұс балам-ай», - деп жылап-жылап, көзі соқыр боп қалады. Алдында он бір баласы қызметін жасап, көңіліне қарап, ұшып-талып жүрсе де Жүсіптің орнын толтыра алмайды. Көп жылдардан соң он екінші баласы Жүсіп табылып, қасына жақындап, көйлегін әкесіне берді. Тері сіңген көйлекті әкесі көзіне сүртіп еді, жарық әлемді қайта көре бастады. Бұл да болса Жүсіп пайғамбардың өзіне тән пайғамбарлық қасиетінің арқасында. Біз мұны неге айтып отырмыз?! Өйткені адам баласының жүрегі он бір ай бойы соқыр болады, көңілдің көзі ластанады. Ал «Рамазан» айы болса Жүсіп пайғамбардың көйлегі іспетті. Келсе болды көңіл көзіміз ашылып, жүрегіміз нұрға тола бастайды. Міне, сондай ұлы бұл ай!


Бұл айдың ұлылығы жайлы Құран және хадисте өте көп айтылған. Тіпті бұл айды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бастаған сахабалар (р.а.) аса бір ынтызарлықпен күтетін болған. Бұл ай есік қағып кіріп келген кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай айтқаны бар: «Сіздерге Рамазан айы келді, берекелі ай келді! Алла Тағала бұл айдың оразасын (ораза тұтуды) сіздерге парыз еткен. Бұл айда жәннат есіктері ашылады, тозақ есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді. Бұл айда (сондай) бір түн бар, (ол түнде жасалынған құлшылық) мың айдан (жасалынатын құлшылықтардан) жақсырақ. Кімде-кім бұл айдың жақсылығынан құр қалса, (барша жақсылықтардан) құр қалады»[1].Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі берекелі, қасиетті ай деген болса, оның берекетінен құр қалу біздей үмбеттерге жараса ма? Тозақ есіктері жабылып, жәннат есіктері ашылып, біздерге осы айда құлшылық жасау арқылы жәннатқа кіріңдер деп шақырып тұрса, қалайша бас тартамыз. Не болмаса бізді азғырып жүрген шайтандардың барлығы кісенделіп, олар бізді азғырарға күш таба алмай жатқан уақытта бір түн үш не төрт сағат көз ілместен құлшылық етсек, сол арқылы өзгелердің мың ай 83 жыл жасайтын құлшылығынан да молырақ сауапқа кенеліп жатсақ, одан асқан бақыт, береке, қасиеттілік, артықшылық бола ма? Енді айтыңызшы, осы жақсылықтардан құр қалған жан бүкіл жақсылықтан құр қалған болмай ма?


Егер сізге бір жақсылық жасағаныңыз үшін бір аудан әкімі: «Сенің сыйыңды, өзім деремін» десе, қанша сомадағы қаржыны, не сыйлықты көз алдыңызға елестетесіз? Ал егер уәде беруші обылыс әкімі болса ше? Не болмаса пример минстр болсын? Қанша соманы елестетер едіңіз, не қандай сый күтетін едіңіз? Ал, мемлекет басшысы: «Саған сыйыңды өзім беремін», - десе ол кезде не елестетесіз? Айтпағым әр адамның өзінің лауазымына қарап, оның сыйлау деңгейі де жоғарылай беретіні айдан анық қой! Енді көз алдыңызға елестетіңіз, Аспандар мен Жерді, ең кіші жұлдыз болған Күнді, сол Күннен бірнеше есе үлкен екі жүз елу миллиардтан аса жұлдыздарды жаратқан, солардың барлығын игеріп тұрушы Алла Тағала: «Ей, пендем, саған сыйыңды өзім беремін», - десе не түсінесіз? Қалай сыйлауы мүмкін? Не сый беруі мүмкін? Иә, Алла Тағала хадис құдсиде айтады (Хадис екі түрлі болады: бірі хадис нәбауи: ол сөзі де лебізі де Пайғамбардікі, екіншісі: хадис құдси, оның лебізі Пайғамбардікі болса да, сөзі Алла Тағаланыкі): «Пенденің бар амалы өзі үшін, тек ораза олай емес. Өйткені ол мен үшін ораза ұстады. Мен оған (ораза тұтқан жанға) сыйын өзім беремін»[2]. Уа, әлемдердің Раббысының сыйына лайықты жандар! Ендеше асығыңыздар!


Қиямет күні сондай ауыр күн! Ол күнде адамдардың барлығы мас болып жүргенін көресіз. Ол адамдар спиртті ішімдікке тойып алған мастар емес, бәлкім Алла Тағаланың азабын өз көздерімен көрген сәттерінде тентіреп, естері кірді-шықты болып қалған жандар. Ол күнде Пайғамбарлардың өздері менің жағдайым не болар екен деп, өзінің күйін күйттеп отыратын күн. Ол күнде әке баласынан, бала әкесінен қашатын күн. Ол күнде бір сауап үшін жаға жыртысатын, ауыздар мөрленіп, қол және аяқтар істеген күнәлардың хабарын беретін күн. Ол күннің қорқынышын сипаттарға тіл әлсіз, сөзіміз жетпейді! Міне, сол күнде бар күнәдан айыққан хәлде, жарық жүзбен тұрғыңыз келеді ме? Ендеше Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисіне құлақ түріңіз: «Кімде-кім Рамазан айында (Алла Тағаланың сөздеріне) иман келтірген, (және сауаптарынан) үміт еткен хәлде ораза тұтатын болса, оның сол уақытқа дейінгі бар күнәсі кешіріледі»[3] - деген. Ал біз күнәларымыздың кешірілуіне аз ғана құлшынып, ораза ұстайтын болсақ, біздердің Алла Тағала бұрын өткен бар күнәмізді жарылқауға уәде етіп жатыр. Біле білген, көзі ашық-көкірегі ояу жанға ұлы сый! Ұлы жетістік! Әйтсе де бұл айдың қадірін білместен, оразасын тұтпастан, Алладан ұялмастан күні бойы ішіп-жеуден тыйылмайтындар бар. Пайғамбарымыз былай дейді: «Жәбірейіл періште келіп: «Кімде-кім Рамазан айына кіре тұра, күнәлары кешірілмесе, мұрны жерге сүрінсін, - деді. Мен: «Әмин», - дедім». Сондықтан, Рамазанды бейқам өткізіп, мұрны жерген сүрінгендерден болып қалмайық.


Міне, көрдіңіз бе? Біз қашан Рамазан оразасын тұтады екенбіз, Алла Тағала біздерің күнәларымызды жарылқап, өзімізді жәннатқа кіргізбек. Сондықтан, оразаның қадірін түсініп, сауабын білсек...


[1] Нәсаий (2091)/сахих хадис


[2] Бухари (1761) Муслим (1946)


[3] Бухари (38) Муслим (760)




Көрілген: 1525    Пікірлер: 0

жексенбі, 03.06.2018, 12:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Қазан, 00:45
    Менің әйелім
    18 Қыркүйек, 15:39
    Бұл қалай жұмыс істейді?
    18 Қыркүйек, 12:18
    Алла кешірмейтін күнә
    15 Қыркүйек, 10:24
    Ит сатуға бола ма?
    28 Шілде, 19:12
    Аборттың үкімі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31