Пайғамбарымыз қайтыс болғанда сахабалар не деді?

Пайғамбарымыз қайтыс болғанда сахабалар не деді?

Пайғамбарымыздың дүниеден өтуі

Язид ибн Бабанус былай деп еске алады: «Бір досыммен бірге Хазіреті Айшаның (р.а.) жағдайын біліп, көңілін сұрауға бардық. Ішке рұқсат сұрап кірдік. Астымызға көпшік қойып, бізге басынан өткен қайғылы оқиғаны еске алып, мұңын шақты: «Алла Расулы басқа әйелдеріне кетіп бара жатып есігімнің алдынан маған пайдалы кеңес айтпай өтпейтін еді. Бір күні бұл әдетін бұзып, маған ләм-мим демей өтіп кетті. Екінші рет өткенде де, ештеңе демеді, тіпті үшінші күні де солай болды. Сүйікті Елшінің ықылас-ілтипаты мен пайдалы кеңесіне үйреніп қалған жазған басым бұдан ары шыдай алмай қызметшіме: «Есіктің алдына бір жастық қой!» – дедім, сөйттім де, өзім басымды бір шүберекпен таңып алдым. Алланың расулы өтіп бара жатып, жағдайды көріп, менің күйімді сезген болуы керек: «Айша, саған не болды?» – деп сұрады. «Басым ауырып тұр!» – дедім. «Аһ, менің де басым ауырып тұр», – деді де, аялдамай кетіп қалды. Арада көп уақыт өтпей, Сүйікті Пайғамбарымызды (с.а.у.) матаға салып, жан-жағынан көтеріп менің бөлмеме алып келді. Сөйтсем, Алла Расулы өзге жұбайларына: «Ауырып жүрмін. Мен үшін қарға адым жердің өзі мұң. Рұқсат етсеңдер, Айшаның қасында болайын», –деп өтінген екен.

Бұрын-соңды науқас адамды бағып көрмесем де, сол сәттен бастап, Оның күтімін өз мойныма алдым. Сондай күндердің бірінде Ол мүбәрак басын менің иығыма қойып жатқан болатын, бір мезетте басын менің басыма тақады. Бір ойлағаны бар шығар деп түйгенімше болған жоқ, аузынан суық бір тамшы кеудеме тамып түсті. Денем тітіркеніп кетті. Сырқаты жанына батқан соң талып қалған шығар деп, үстін жаптым. Сол кезде Хазіреті Омар мен Мұғира ибн Шұғба ішке кіру үшін рұқсат сұрады. Олар Расулалланың ес-түссіз жатқанын көріп, Хазіреті Омар: «Алланың расулын дерт меңдеген екен. Оның жағдайы қандай қиын еді!» – деп ауыр күрсінді. Көп отырмай, орындарынан тұрды. Үйден шығып бара жатып, Мұғира: «Ей, Омар, Расулалла қайтыс болды!», – деді. Омар: «Жоқ, олай деме! Ол өлген жоқ, сен бүлік шығарғың келіп тұр! Алла екіжүзділерді тұқым-тұяғына дейін көзін құртпайынша Расулалла өлмейді!» – деді.

Олар кетісімен, әкем Әбу Бәкір келді. Жамылғыны аштым. Әкем Алла Расулының мүбәрак жүзіне мұңая қарап: «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиун, Алла Елшісі дүниеден өтіпті», – деді. Сосын бас жағына келіп иілді де, маңдайынан сүйіп: «Аһ! Пайғамбарымыз кетті!» – деп басын көтерді. Қайта иіліп маңдайын сүйіп егіле жылап тұрып: «Досым кетті!» – деді де, басын көтерді. Сосын қайта иіліп Расулалланың маңдайынан сүйіп: «Аһ! Жаным, досым, сүйіктім кетті, Алла Расулы дүниеден өтті!» – деді де, дереу мешітті бетке алды. Ал мешітте Хазіреті Омар сахабаларға: «Алла мұнафықтарды түп тамырымен жоймайынша, Пайғамбар өлмейді!» – деп жар салып тұр екен.

Сөздің реті келгенде, әкем алдымен Аллаға шүкіршілік білдірді, содан соң Құраннан: «Ей, Мұхаммед! Расында, сен де өлесің, олар да өледі» (Зүмәр, 39/30) аятын, «Али Имран» сүресінің «Мұхаммед тек бір пайғамбар ғана. Одан бұрын да пайғамбарлар өткен. Өлсе немесе өлтірілсе, қайтадан теріс айналасыңдар ма? Теріс айналғандар Аллақаешқандай зиян келтіреалмайды. Алла шүкіршілікеткендерге сый-сияпаттарын береді» (Зүмәр 39/144)деген аяттарды оқыды. Сосын зейін салып тыңдапотырған сахбаларға барлай қарап: «Кімде-кім АлланыРаб деп білсе, Алла Хаий, мәңгі тірі. Ал кімде-кімМұхаммедке табынған болса, Мұхаммедтің дүниеден озғанын білсін!», – деді. Құраннан оқылған аяттарды естіп, Хазіреті Омар: «Бұл аяттар Алланың кітабында бар ма еді?» – деп таңырқағаннан кейін: «Ей, адамдар! Бұл – Әбу Бәкір. Ең алғашқы мұсылман, сондықтан оның Пайғамбарымыздың халифасы екенін мойындап, оған серт беріңдер», – деді.

Пайғамбарымыздың жуындырылып кебінделуі

Хазіреті Әли (р.а.) әңгімелейді: Расулалланы арулап кебіндеу үшін есікті іштен бекітіп, ешкімді Пайғамбарымыздың асыл сүйегі жатқан бөлмеге кіргізбедік. Сөйтсе де, Пайғамбарды (с.а.у.) соңғы сапарына шығарып салу үшін есік алдына жиналған адамдардың қарасы мол еді. Солардың ішінен ансарлықтардың: «Біз оның нағашыларымыз! Біздің Исламдағы орнымыз белгілі!» – дегені сол еді, Құрайыш қауымы да өретүрегеліп: «Біз оның әкесінің жақындарымыз! Бізді де ішке кіргізіңдер!» – деп наразылықтарын білдірді. Бұны естіген Әбу Бәкір: «Ей, мұсылмандар! Пайғамбарымызды арулап, ақтық сапарына шығарып салу рәсімін ең алдымен ет жақындары атқаруы тиіс. Жаназаны шығару құқы ең алдымен жақын туыстарына тиесілі. Алла разылығы үшін әрірек тұруларыңызды өтінемін! Егер ішке кірсеңіздер, Расулалланы жақындарынан алыстатқан боласыздар. Сондықтан оның Әһл-бәйті (яғни, Әли мен Аббас) рұқсат еткендерден басқа ешкім ішке кірмесін!» – деді.

Бұл қайғылы оқиға жайында Ибн Аббас былай дейді: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жағдайы күрт нашарлаған кезде, оның қасында хазірет Айша мен хазірет Хафса болды. Осы кезде хазірет Әли табалдырықтан аттады. Пайғамбарымыз басын көтерді де: «Маған жақында, маған жақында», – деп, хазірет Әлиді өзіне шақырды. Хазірет Әли Расулалланың қасынан бақилық болғанға дейін бір елі ұзап кетпеді.

Расулалланың демі үзілгенде, әкем Аббас пен Әбдулмүттәліптің ұлдары көз жастарын ішіне үнсіз жұтып, аза тұтып есіктің алдында тұрған болатын. Хазірет Әли отырған орнынан екі ұмтылып әрең тұрды. Есікті жауып, таңғы шықтай мөп-мөлдір қайғы-мұңға толы жанарын төңкеріп: «Әкем саған құрбан болсын! Тірі кезіңде де әдемі едің, «ұйқыда» да арайлап атқан ақ таңдай ажарлысың!» – деді еріндері дірілдеп. Сол-ақ екен, қош иіс айналаға аңқып қоя берді. Әкем Аббас Әлиге: «Қой енді, әйелдер сияқты жылап-сықтамай, сүйекті жуындырып кебіндеуге кірісіңдер», – деді.

Аббастың осы сөзінен соң хазірет Әли: «Маған Фазыл ибн Аббасты шақырыңдар!» – деді. Сыртта ансарлықтар: «Алла үшін, ей, Әли! Бізді де ішке жібер!» – деп өтінді. Хазірет Әли олардың арасынан қолында құманы бар Әус ибн Хаулиді (р.а.) ішке кіргізді. Сол сәтте іштен: «Расулалланың киімін шешпеңдер, оны сол киімшең күйде жуындырыңдар», – деген дауыс естілді.

Расулалланың (с.а.у.) киімдерін шешпей арулады. Фазыл көйлегін көтеріп тұрды. Ал хазірет Әли қолына шүберек алып, Расулалланың денесін жуды. Әус су құйып, қызмет көрсетті.

Алла Расулының жаназа намазы қалай оқылды?

Хазірет Әлиден жеткен риуаятқа қарағанда, Пайғамбарымызды (с.а.у.) жуындырып, аласалау келген бір төсекке қойғаннан кейін, хазірет Әли (р.а.) жамағатқа: «Расулалланың жаназа намазында ешкім имам бола алмайды. Ол қалайша өмірде имамдарыңыз болса, өлгенде де имамдарыңыз болып қала бермек!» – деді. Осыдан кейін халық топ-топқа бөлініп ішке кірді. Ішке кіргендер сымдай тартылып сапқа тұрды. Тәкбір алып, имамсыз намаз оқыды.

Хазірет Әли Алла Расулының алдына тұрып: «Сәлем саған, ей, Пайғамбар! Саған Алланың рақымы мен берекесі жаусын! Аллаһым, ол өзіне жіберілген міндетін толық атқарды, үмбетіне тура жолды көрсетті. Алла дінін үстем қылып, берген уәдесін іске асырғанға дейін ол Алла жолында күресті деп куәлік етеміз.

Аллаһым! Бізді Пайғамбарымызға түсірілген Құранға мойынсұнған құлдарыңның қатарынан қыл. Пайғамбарымыздан кейін де бізді Ислам дініне берік қыла гөр, махшарда бізді мұсылман етіп тірілт», – деген дұғасына барлығы бір ауыздан «әмин», – деп, хазірет Алиді қостап отырды. Осылайша алдымен еркектер, сонан соң әйелдер, одан кейін балалар РасулАлланың жаназа намазына қатысты.

 

Пайғамбарымыздың қазасына сахабалардың қайғыруы

Хазіреті Османның мұңайып, күйзелуі

Хазіреті Осман (р.а.) былай дейді: «Расулалла дүниеден өткеннен кейін сахабалардың күйзелгені соншалық – олардың кейбіреулері еңсесін езген қайғының қара бұлтынан айналасын ажыратудан қалып, мең-зең, дел-сал күйге түсті. Солардың біреуі мен едім. Халифалығын мойындап, Әбу Бәкірге (р.а.) серт берген күні Мәдинадағы биіктеу бір үйдің көлеңкесінде отырғанымда, Омар тұсымнан өтіп бара жатып маған сәлем беріпті. Үлкен толғаныс, тұңғиық ой үстінде отырған мен оның сәлемін де алмаппын, тіпті қасымнан өткенін де байқамаппын. Менің бұл күйіме таңғалған Хазіреті Омар (р.а.) Хазіреті Әбу Бәкірге (р.а.) жолыққанында: «Уа, Алла Расулының халифасы! Османға не болған өзі? Қасынан өтіп бара жатып сәлем беріп едім, сәлемімді алмады?!» – депті».

 

Үммі Сәләма анамыздың қайғысы

Үммі Сәләма (р.а.) әңгімелейді: Пайғамбарымыздан айырылып қалған күні барлығымыз егіле жыладық. Қайғының қайыс ноқтасы бәрімізді қамап ұстағандықтан, ешқайсымыз ұйықтамадық. Алла Расулының сүйегі әлі шығарылмағандықтан, Оның мүбәрак мәйітіне ғана медет тұтып, өз-өзімізді жұбатып отырғанбыз. Бір кезде таң атты. Сырттан жер қазған күрек даусы естілді. Екі әлем Сардарының (с.а.у.) денесін жер қойнына тапсыратын уақыттың тақау қалғанын ойлағанда, төбе құйқамыз шымырлап, күңіреніп кеттік. Мешіттегілер де азан-қазан шулап, дауыстары зорайып, жылай бастады. Мәдина қаласы адамдардың дауыс салып, жоқтау айтқан дауысынан сілкінгендей болды! Әсіресе, Біләлдің (р.а.) азан шақырып, «Әшһәду әннә Мұхаммәдәр-РасулАлла», – деп РасулАлланың атын атағанда еңіреп жылағаны қалың жұрттың қабырғасын қарадай қайыстырды.

Халық Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мәйітін көру үшін жапа-тармағай есікке ұмтылса да, іштегілер үйдің есігін бекітіп алды. Төбемізге тау қопарылғандай осынау ауыр қайғыдан кейін басымызға қандай бәле-жала, қауіп-қатер келсе де, көрген қиындығымыздың Расулалланың дүниеден өтуімен салыстырғанда түкке тұрмайтынын ойлап, жұбаныш табатынбыз».

Сүйікті Пайғамбарымыздың қазасы туралы хабарды естіген Меккедегі сахабалардың халі

Ұбайдуллаһ ибн Үмәйрдің (р.а.) толғанысы: «Пайғамбарымыз дүниеден өткен кезде, Меккенің әкімі Аттаб ибн Әсид (р.а) болатын. Алла Расулының қазасы туралы қаралы хабар жеткенде, Харам мешітінде отырғандар дауыс салып, көз жастарына ерік берді. Аттаб шаһардан аулаққа кетіп қалды. Сүһәйл ибн Амр (р.а.) артынан қуып жетіп: «Қайда барасың? Кері қайт.

Қиын-қыстау сәтте халқыңды жұбатып, басу айт!» – деді. Аттаб: «Халықтың алдына шығып сөйлейтін шамам да, күйім де жоқ», – деді. Сүһәйл: «Олай болса, менімен бірге жүр. Сенің орныңа мен сөйлеймін», – деді.

Ақыры, Сүһәйл Аттабты көндіріп, Мәсжид-Харамға бірге келеді. Сүһәйл Аллаға шүкіршілік білдіргеннен кейін, Әбу Бәкірдің Мәдинада айтқан құтбасын дәл сол күйінде қайталап айтып берді».

Рәуй былай дейді: «Сүһәйл ибн Амр Бәдір соғысында ұсталған тұтқындардың бірі еді. Хазіреті Омар жағасынан алып, тісін сындырмақ болғанда, Расулулла (с.а.у.): «Оған тиіспе! Бәлкім, Алла оны сені қуантатын бір мәртебеге жеткізер», – дейді, жұмбақтай сөйлеп. Міне, Алла Расулының айтқаны айдай келіп, Сүһәйл осындай үлкен дәрежеге жетті. РасулАлла сол кезде Меккелік мұсылмандарды жұбату мәртебесін меңзеген екен ғой».

Пайғамбарымыз қайтыс болғанда,сахабалар не деді?

Хазірет Әбу Бәкір

Мұхаммед ибн Ысқақ әкесінің сөздерін былай жеткізеді: «Алланың расулы (с.а.у.) дүниеден өткенде, Әбу Бәкір (р.а.): «Міне, бүгін уахидан, Алладан келетін сөзден айырылдық! Енді ол келмейді», – деді».

Хазірет Үммі Айман

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Расулалланың өмірден озғанына біраз уақыт өткенде, хазірет Әбу Бәкір хазірет Омарға: «Жүр, азат еткен Үммі Айманға барып, жағдайын білейік. Алла Елшісі де көзі тірісінде оның жағдайын сұрап тұрушы еді», – деді. Екі жаһан Сардарының (с.а.у.) ең жақын екі досын көрген Үммі Айман өз-өзіне ие бола алмай, көңілі босап, жанарынан жас парлап қоя берді. Оған: «Неге жылайсың? Мына дүниеге қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) үшін Алла құзырындағы сый-сияпХазірет Үммі Айманат қайырлы екенін сен білмейсің бе?» – дегенде, Үммі Айман: «Мен Алланың құзырындағы сый-сияпаттың Пайғамбарымыз үшін қайырлы екенін білмегендіктен емес, бұдан былай уахи келмейтіндігін ойлап жылап отырмын», – деген еді. Үммі Айманның риясыз көңілмен айтқан бұл сөзі Омар мен Әбу Бәкірді (р.а.) де толқытты, мәңгі-бақи орыны үңірейіп қалған үлкен нығметтің енді қайтып келмейтінін ойлап, олардың да көздері жасқа толды».

Сондай-ақ, хазірет Әнәстің (р.а.) былай дегені де бар еді: «Расулалланың (с.а.у.) қазасына хазірет Фатима былайша жоқтау айтты: «Ей, Раббымның шақыруына көнген әкем! Ей, мәртебесі Фирдәус жаннаты болған әкем!»

Пайғамбарымыз жерленгеннен кейін, хазірет Фатима: «Ей, Әнәс! Алла Расулының үстіне топырақ тастауға қалай дәтің барды?» – деп мұңын шағып, назын білдірген еді».

Пайғамбарымыздың немере апасы Сәфияның жоқтауы
Уруа былай деп еске алады: «Сәфия бинти Әбдулмүттәліп (р.а.) Пайғамбарымыз қайтыс болғанда мынадай жоқтау айтқан: «Аза тұтып, күйзелгенімді-ай! Қайғыдан қан жұтып, ұйқым қашты. Ажал оғы саған тимей, мені тапса етті. Жиған-терген мал-мүлкінен айырылған пақырдың күйін кештім, жалған-ай! Жан-дүнием алай-дүлей боп бұ дүниеден баз кешкендеймін, әттең-ай! Ей, Алланың расулы! Сен біздің үмітіміз және қамқоршымыз едің. Өміріңде бір зекігеніңді естіген жоқпыз.

Ей, Пайғамбарымыз, бізге сенің шапағатың және мейірімің мол болатын. Сені жоқтағысы келгендер бүгін жыласын! Қалған өміріммен ант етемін, Пайғамбардың өліміне жылап отырған жоқпын. Мен Сенен кейін болатын қиян-кескі бүліктерді ойлап жылаймын. Мұхаммедтің дүниеден өтуі менің жүрегіме жазылмас жара салып, мұздай қариды.

Ей, Фатима! Раббым Мұхаммедтің Мәдина топырағында жатқан сүйегіне мейірімін төксін.

Ей, РасулАлла! Атасынан айырылған, жетім қалған Хасанның өзі қайғыдан қабырғасы сөгіліп, белі бүгіліп отыр. Анам, апа-әпкелерім, менің жаным, жақын-жуық туыстарым Алла Расулының жолында құрбан болсын. Небір түрлі жаланың бәріне қара нардай шыдас беріп, міндетіңді мінсіз атқардың. Ислам дінін саф күйінде адамзатқа қалдырып, ақыретке көштің. Егер Арштың Раббы сені арамызда қалдырғанда, біз бақытты болар едік. Амалың жоқ, Алланың бұйрығы орындалуға тиіс. Алланың сәлемін алып, Адн жәнна-тынан орын ал!»

islam.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста