Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бізге үлгі көркем әдеттері

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бізге үлгі көркем әдеттері

1-желтоқсан күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеге келген Мәуліт айы келіп кірді. Бұл айда Оның (с.а.у.) көптеген сүннет істерін жаңғыртып, жиі салауат айтуымыз керек. Сонымен қатар, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үлгі-өнегеге толы өмірбаянына да жиі үңіліп отырайық.

Бүгінгі жазбамызда "Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабалардың мінез-құлқы, тіршілік-тынысы қандай еді? Сахабалардың қоғамдық өмірі қандай болатын? Олардың бір-біріне және былайғы жұртқа, ең бастысы, Аллаға сүйіспеншілігі, құрмет-ізеті, мейірімі және қарапайымдылығы, жанға жайлы, тәнге рахат игіліктерден өз еркімен бас тартқан жанкештілігі, сондай-ақ жомарттығы, шындықты мойындай білген қаһармандығы, сабырлылығы, тәуекелшілдігі, әзіл- қалжыңы, көңіл-күйі, ас-ауқаты мен киім-кешегі, парасат-пайымы, жыныстық әрі жас ерекшеліктеріне қарай өзара қатынасы қандай еді?" деген сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.

 

Расулаллаһтың мінез-құлқы
Алла елшісінің мінезі туралы хазірет Айшаның айтқандары

Сағыд ибн Хишам (р.а.) былай әңгімелейді: «Мүміндердің анасы хазірет Айшаға: «Маған Пайғамбарымыздың мінезі туралы айтып бересіз бе?» – дедім. Ол: «Сен Құран оқымайсың ба?» – деп жауап берді. Мен: «Әрине, оқимын», – дедім. Сонда Айша (р.а.): «Ендеше, оның мінезі – Құранның нақ өзі», – деді».

Осы тақырыпқа байланысты Зәйд ибн Сәбиттің айтқандары

Харижа ибн Зәйд былай әңгімелейді: «Он шақты адамнан тұратын үркердей топ әкем Зәйд ибн Сәбитке (р.а.) келіп: «Бізге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мінезі туралы айтып берсеңіз», – деп, жатып кеп қолқа салды. Әкем: «Мен Расулаллаһтың үйі іргелес, қойы қоралас көршісі едім. Уахи түскенде, маған хабар жіберіп, шақыртып алатын. Мен оған келген уахиді хатқа түсіретінмін. Біз осы дүниеге қатысты сөз қозғағанымызда, ол да біздің әңгімемізге қосылатын. Біз ақырет жайында сөйлессек, ол да ақыретті еске алатын. Қысқасы, не туралы әңгімелессек, ол да соны сөз ететін. Бұл оның мінезінің бір қыры ғана. Десе де, осы мінезінің бір ғана қырынан оның былайғы елмен санасатын елгезектігі мен кішіпейілділігін, қағылездігін және т.б. асыл қасиеттерін аңғаруға болады», – деді».

Осы тақырыпқа байланысты хазірет Әнәстің көзқарасы

Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Алланың елшісі (с.а.у.) адамдардың ішінде ең ізеттісі еді. Күн суытып кеткенде, қызметші әкелген мұздай сумен дәрет алатын. Суды жылытпай әкелген қызметшісіне өмірі бір қабақ шытқан емес. Өзіне қандай да бір шаруамен келген адамды зейін қойып тыңдайтын. Қасына келген адам өзі кетпейінше, оны тастап кетпейтін. Қасындағысы Оның қолынан ұстаса, ол өзі жібермейінше өздігінен босатпайтын».

Әнәс (р.а.) әңгімесін былай жалғастырады: «Алланың елшісіне 10 жыл қызмет еттім. Тапсырған шаруасын дер кезінде орындай алмай қалсам да, мені ешқашан жазғырып, сөккен емес. Егер оның отбасынан маған біреу-міреу дауыс көтерер болса, Пайғамбарымыз: «Оған тиіспеңдер. Әрбір іс Алланың қалауымен жүзеге асады. Егер оған тапсырған шаруа ойдағыдай орындалуы нәсіп болса, ол сендердің айғайларыңсыз-ақ орындалады», – деп тыйып тастайтын.

Хазірет Әнәстің (р.а.) тағы бір әңгімесі былайша өрбиді: «Таң намазы кезінде Мәдинадағы қызметшілер шелектерін суға толтырып, Пайғамбарымыздың алдына әкелетін де судың берекесі кіріп, ырысы артсын деген ниетпен одан осы суға қолын малып алуын өтінетін. Алла елшісі қақаған суық күндердің өзінде олардың көңілін қалдырмай, тастай суға қолын малатын».

Осы тақырыпқа байланысты Әбу Һұрайраның (р.а.) көзқарасы

Әбу Һұрайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Алланың елшісі біреумен қол алысып амандасқан кезде, сәлемдескен адамы қолын алдымен тартпайынша, ол өзі бірінші болып жібермейтін. Аса бір қажет жағдайда болмаса, былайғы елден іргесін аулақ салып, бөлініп-жарылған кезі жоқ. Біреумен амандасқанда, бүкіл денесімен бұрылатын, біреумен тілдессе немесе біреу өзіне тіл қатса, оның сөзін асқан ыждаһаттылықпен тыңдайтын».

Пайғамбарымыздың таңдау мүмкіндігі бар кез келген істің қолайлы жағын таңдауы

Хазірет Айша (р.а.) былай әңгімелейді: «Пайғамбарымыз таңдау мүмкіндігі бар қандай да бір істің, күнәға итермелемейтін әрі ең қолайлы жағын таңдайтын. Ал күнәға итермелейтін іс болса, Пайғамбарымыз басқаларына қарағанда былық пен былғаныштан алыс тұратын. Расулаллаһ ешқашан өз мүдесін көздеп немесе қара басының қамын күйттеп, бірде-бір адаммен жауласқан емес. Ал шариғат заңдары аяққа тапталса, онда Алла үшін қаһарына мініп, қайрат көрсететін».

Айша (р.а.) басқа риуаяттарда былай деген: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бейбіт уақытта қызметшісіне, әйел, бала-шағасына қол жұмсап көрген емес. Кез-келген істің, егер күнәға итермелемесе, ең қолайлы жағын таңдайтын. Күпірлікке бастауы мүмкін істі орындауға мәжбүр болған жағдайда адамдардың ішінде сол күнәдан алыс тұратын адам Пайғамбарымыз болатын».

Пайғамбарымыздың көркем мінезі туралы басқа бір риуаят

Әбу Абдуллаһ әл-Жәдали былай әңгімелейді: «Хазірет Айшадан (р.а.) Алла елшісінің мінезі туралы сұрағанымда, мынадай жауап алдым: «Расулаллаһ (сс.а.у.) еш уақытта жаман сөз айтпайтын. Еш уақытта айғайға аттан қосып, көшені басына көтеріп, жамандыққа жамандықпен жауап бермейтін. Керісінше, жамандықты кешіріп, жамандық істеген адамға мейіріммен қарайтын».

Сахабалардың мінездері
Хазірет Омардың көркем мінезі

Ибн Омар (р.а.) былай әңгімелейді: «Хазірет Омар ашуланғанда, қасында Алланың аты айтылып, Алланың азабы еске түсірілсе немесе біреу Құраннан бір аят оқыса, ашуын ақылға жеңдіріп, бірден сабасына түсетін».

Мұсғаб ибн Үмәйрдің (р.а.) көркем мінезі

Амр ибн Рәбиа былай әңгімелейді: «Мұсғаб ибн Үмәйр Ислам дінін қабылдаған күннен бастап Ұхұдта шейіт болған күнге дейін менің жақын досым болды. Екі һижретта (Эфиопия мен Мәдина) бізбен бірге болып, екеуінде де менің жолсерігім болды. Өмірімде ондай көркем мінезді және адамдармен өте тез тіл табысатын әрі олармен тонның ішкі бауындай араласып кететін адамды көрген емеспін».

Абдуллаһ ибн Мәсғудтың көркем мінезі

Хабба ибн Жуәйн былай әңгімелейді: «Бір күні Әлидің (р.а.) қасында отырғанымызда, оған Абдуллаһ ибн Мәсғудтың (р.а.) сөздерін жеткіздік. Отырғандар Ибн Мәсғудты мақтап, хазірет Әлиге: «Уа, мүміндердің әміршісі! Біз Ибн Мәсғудтан артық көркем мінезді, мейлінше биязы, досына адал тақуа адамды көрген емеспіз», – деді. Хазірет Әли: «Алла үшін расын айтыңдар, осы сөздеріңді шын жүректен айтып тұрсыңдар ма?» – деп сұрады. Олар: «Иә», – деді. Хазірет Әли: «Аллаһым, сен куә бол! Аллаһым, бұлардың Ибн Мәсғуд туралы айтқандарында зәредей де жалған жоқ. Ибн Мәсғудтың нағыз тақуа екенін мен де артығымен мойындаймын», – деді».

Аллаһ елшісі мен сахабаларының биязылығы және мейірімділігі
Расулаллаһтың мейірімді және кешірімді болуы

Абдуллаһ былай әңгімелейді: «Хунәйн шайқасы жеңіспен аяқталды. Алла елшісі (с.а.у.) кейбір адамдарға жау қосынынан түскен олжадан молырақ бөліп берді. Мәселен, Ақра ибн Хабиске де, Уәйнаға да жүз түйе бөлді. Басқаларын да ұмыт қалдырған жоқ. Оларға олжаны мәртебесіне қарай теңдей бөліп таратты. Пайғамбарымыздың бұл әрекетіне көңілі толмаған бір адам: «Бұл бөліс Алла разы болатын бөліс емес», – деді. Сонда мен: «Сенің осы айтқандарыңды Алла елшісіне айтамын», – дедім де, Пайғамбарымызға жеткізіп бардым. Ол: «Алла Мұсаға мейірімін төксін. Ол бұдан да жаман жапа шегіп, қиындық көрген, бірақ сонда да сабырлы болды», – деді».

Алла елшісінің Зүлхуәйсираға айтқандары

Әбу Саид былай әңгімелейді: «Бір күні Алла елшісі қолға түскен олжаны үлестіріп жатқан еді. Қасында біз де бармыз. Дәл сол кезде Тәмимұлдарынан шыққан Зүлхуәйсира деген біреу: «Уа, Алланың елшісі, әділетті бол!» – деді. Пайғамбарымыз: «Апыр-ай, мен әділетті болмасам, кім әділетті болады? Мен әділетті болмасам, онда ісімнің біткені де!» – деді кейіп. Сонда хазірет Омар (р.а.) әлгі адамға ашуланып: «Рұқсат ет, Алланың елшісі, мынаның басын шауып тастайын!» – деді. Мейірім жаршысы: «Тиіспей-ақ қой, қайсыбірінің басын шаба бересің? Дәл осы секілді Исламның рухын шынайы түсіне алмаған бірқатар адамдар бар. Олардың оқыған намаздары мен ұстаған оразаларын көрсеңдер, өздеріңнің намаздарың мен оразаларыңды азсынып, қомсынар едіңдер. Ол ол ма, олар Құран да оқиды. Бірақ оқыған Құрандары кеңірдектерінен ары өтпейді. Яғни, оқығанын іс жүзінде орындамайтын болады. Бұлар уақыты келгенде, тиген жерін тесіп шыққан оқтай Ислам дінінен шығып қалады», – деді».

Алла елшісінің Ибн Үбәй қайтыс болғанда көрсеткен жұмсақтығы
Абдуллаһ ибн Омар былай әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Үбәй ибн Сәлул дүниеден озғанда, баласы Расулаллаһты арнайы іздеп келіп: «Маған көйлегіңізді берсеңіз, Алланың елшісі! Әкемді сіздің көйлегіңізбен кебіндегім келеді. Сосын оның жаназа намазын оқытып, ол үшін Алладан кешірім сұрауыңызды өтінемін», – деді. Алланың елшісі: «Маған хабар жіберіңдер, намазын өзім оқытамын», – деді. Хабар келген уақытта хазірет Омар: «Алла саған екіжүзділердің жаназа намазын оқытуға тыйым салды ғой», – деп Расулаллаһтың оның жаназасын шығаруына қарсылығын білдірді. Алла елшісі сонда: «Маған таңдау еркі берілді», – деді де «Олар үшін қаласаң Алладан кешірім сұра, қаламасаң, кешірім сұрама» (Тәубе, 80) деген аятты оқыды. Сөйтіп, Абдуллаһ ибн Үбәйдің жаназасын өзі шығарды. Бірақ сол намаздан кейін, «Олар өлсе, жаназа намазын оқыма, қабірінің басына барып дұға қылма! Өйткені олар Алла пен Оның елшісін мойындамады және ақиқаттан теріс айналып, азғын жолда қайтыс болды» (Тәубе, 84) деген аят түсті».

Алла елшісінің өзін дуалаған адамға ашу шақырмауы

Зәйд ибн Әрқам былай әңгімелейді: «Бір яһуди Алла елшісін сыртынан дуалатып, соның әсерінен Расулаллаһтың мазасы қашқан болатын. Сонда Алланың қалауымен Жәбірейіл періште келіп: «Яһудилердің біреуі сені сыртыңнан дуалап тастады. Ол дуаларын жіпке оқып түйіндеп, пәлен деген жердегі құдыққа жасырып қойды. Біреуді жіберіп, сол түйінді алдыр», – деді. Пайғамбарымыз мұны Әлиге (р.а.) тапсырады. Хазірет Әли түйінді құдықтан тауып алып келгеннен кейін, Пайғамбарымыз оны өз қолымен шешті. Түйін шешіліп жатқанда, Пайғамбарымыз өзін шырмаудан босап жатқандай сезінген еді. Алайда Алла елшісі өзін дуалаған яһудиге ләм-мим деп тіл қатпады. Тіпті Алла елшісі бұл жайында оған сол күйі сездірмей кетті».

Алла елшісінің өзіне уланған қойдың етін берген әйелге ашу шақырмауы

Әбу Һұрайра былай әңгімелейді: «Бір күні Хайбардан келген бір яһуди әйел қуырылған қойдың етіне у қосып, Алла елшісінің алдына алып келеді. Аллаһ елшісі еттен ауыз тиіп, сахабаларына: «Табақтан қолдарыңды тартыңдар!» – деді. Дереу табақ тартқан әйелге хабар жіберіп, шақыртып алды. Пайғамбарымыз «Мына қойдың етіне у қосқан сен бе?» – деп сұрады. Әйел: «Саған у туралы кім айтты?» – деді, Пайғамбарымыз: «Мына еттің өзі айтты, неге бұлай істедің?» – деп сұрады. Әйел: «Сенің шын пайғамбар екеніңе көз жеткізу үшін істедім. Егер шын пайғамбар болсаң, у саған зиянын тигізе алмайды. Ал жалған пайғамбар болсаң, адамдарды сенің құйтырқылығыңнан құтқарамын деп ойладым», – деді. Мейірім жаршысы Расулаллаһ (с.а.у.) әйелдің бұл әрекетін кешіріп, жөніне жіберді».

Расулаллаһтың Һудайбия күні өзіне шабуылдағысы келген Құрайыштарды кешіруі

Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Һудайбия күні қару асынған Меккелік сексен адам Тәнғим тауынан Расулаллаһқа шабуылдағысы келгені үшін Алланың елшісі оларға қарғыс айтқан еді. Кейін сол адамдар қолға түскенде, Пайғамбарымыз оларды кешіреді. Осыдан кейін мынадай аяттар түсті: «Мекке алқабында кәпірлерге қарсы сендерге жеңіс нәсіп еткеннен кейін, олардың қолдарын сендерден, сендердің қолдарыңды олардан тартқызған Сол болатын. Алла барлық істегендеріңді көреді» (Фәтіх, 48/24).

islam.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста