Ислам діні

Шалбардың балағын тобыққа дейін қысқарту уәжіп пе?

  • Шалбардың балағын тобыққа дейін қысқарту уәжіп пе?

    Шалбардың балағын тобыққа дейін қысқарту уәжіп пе?

Қайрат Жолдыбайұлы

"Джинсидің немесе шалбардың ұзындығын қысқартпасаң, тобықтан төмен түссе тозаққа кіресің" деген мағынада келетін хадисті қалай түсінуге болады?


Сахих Әл-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында "Изардың (шалбар секілді киімдер) тобықтан төмен түскені тозақта" деп ескерткен пайғамбарымыздың сахих хадистері риуаят етілген. Осынау хадиске сүйенген кейбір мұсылмандар "шалбар балағының тобықтан асып тұруын" күнә санағандықтан, шалбарларының балағын қысқа етіп киіп жүр.


Пайғамбарымыздың кез келген хадисін оқығанда оның тікелей мағынасынан гөрі оның қандай мақсатпен айтылғанына көбірек көңіл аударуымыз қажет. Көбіне көп бір ғана хадис мағынасының мақсатын айқындау үшін пайғамбарымыздың сол мәселеге байланысты басқа да хадистерін зерделеп, зерттеуге тура келеді.


Ал енді сұрақта келтірілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыдағы "Изардың тобықтан төмен түскені тозақта" делінген хадисін оқыған уақытта: "Пайғамбарымыз неліктен киімінің балағын бірнеше сантиметр төмен түсірген кісіні тозақтың азабымен ескерткен екен? Неліктен мұндай кішігірім мәселеге байланысты үлкен азап болуға тиіс? Жоқ әлде, бұл хадистегі тыйылған нәрсе киімнің ұзындық мөлшері емес, киімнің ұзындығына байланысты тозаққа апарар басқа бір іс пе?" деген ойымызға орынды ой оралары сөзсіз.


Ендеше, бұл сұрақтың жауабын айқындау үшін бұл мәселеге қатысты пайғамбарымыздың басқа да хадистерін саралап көрелік:


وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :مَنْ جَرَّ ثَوْبَهُ خُيَلَاءَ لَمْ يَنْظُرْ اللَّهُ إلَيْهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، فَقَالَ أَبُو بَكْرٍ : إنَّ أَحَدَ شِقَّيْ إزَارِي يَسْتَرْخِي إلَّا أَنْ أَتَعَاهَدَ ذَلِكَ مِنْهُ ، فَقَالَ : إنَّك لَسْت مِمَّنْ يَفْعَلُ ذَلِكَ خُيَلَاءَ



Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): " Аллаһ Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)" деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады" деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой" деп жауап берді. (әл-Бухари)

Пайғамбарымыздың Әбу Бәкірге берген жауабынан хадистегі шалбардың ұзындығын тобықтан асыруға қатысты тыйымның жалпы тыйым емес, тәкаппарлыққа қатысты екенін түсінеміз. Себебі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында және сол кездегі араб ғұрпында дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киімдер тобыққа жетпейтіндей қысқа болатын. Ал тобықтан асырып, етегін жерге сүйретіп киетіндер көбіне өздерін өзге адамдардан жоғары санайтын тәкаппар адамдар болатын. Сондықтан пайғамбарымыз тобықтан асырып киюге тыйым салған. Яғни, бұл жердегі негізгі тыйылған нәрсе киімнің ұзындығының мөлшері емес, кісінің ұзын кию арқылы өзінің өзге жандардан жоғарғы екендігін көрсеткісі келген тәкаппарлық ниеті екенін түсінуге болады.


Кейбір жандар пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Бәкірге ғана рұқсат берген. Ендеше біз бұл рұқсаттан пайдалана алмаймыз деген уәж айтады. Алайда олардың бұл уәждері тіптім орынсыз. Себебі пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Бәкірге (р.а.) "Саған ғана рұқсат" деп үкімді жекешелемеген. Керісінше, "(Уа, Әбу Бәкір) Сен тәкаппарланып киетіндерден емессің" деп оның киімінің төмен түсіп тұруының тәкаппарлық мақсатында емес екенін анық ашып көрсеткен. Яғни, бұл жерден Әбу Бәкір секілді тәкаппарлану ниетінсіз киімнің балағын тобықтан төмен түсіріп киюдің жоғарыда келтірілген "Изардың тобықтан төмен түскені тозақта" деген Пайғамбар (с.а.у.) тыйымынан тыс екенін түсіну қиын емес.


Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Һурайрадан риуаят етілген басқа бір хадисінде:


عن أبي هريرة رضي اللَّه عنه أَنَّ رسول اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم قال :«لا ينْظُرُ اللَّه يَوْم القِيَامة إِلى مَنْ جَرَّ إِزَارَهُ بَطراً » متفقٌ عليه

"Тәкаппарланып изарын (дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киім) сүйреткен кісіге Аллаһ Тағала қиямет күні (рақымдылықпен) қарамайды" деп жалпы ұзын киюді емес, тек тәкаппарлану мақсатында ұзын етіп киюдің күнә екенін нақты түсіндірген. (Бұл хадис Бухаи мен Муслимде риуаят етілген)


Иә, тәкаппарлық – дінімізде кісіні тозаққа лайық ететін қатерлі рухани ауру. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.):


لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ قَالَ رَجُلٌ إِنَّ الرَّجُلَ يُحِبُّ أَنْ يَكُونَ ثَوْبُهُ حَسَنًا وَنَعْلُهُ حَسَنَةً قَالَ إِنَّ اللَّهَ جَمِيلٌ يُحِبُّ الْجَمَالَ الْكِبْرُ بَطَرُ الْحَقِّ وَغَمْطُ النَّاسِ

«Кім де-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді"- деді. Сонда бір адам: Кісі өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды. (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)"-деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "Аллаһ Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу" деп жауап қайырды (Әл-имам Мухиддин ән-науауий, Шарх Сахихи Муслим, 1-2-том, 275-бет. Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут, 2007 ж.).


Киім киюдегі негізгі өлшемді пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа бір хадистінде былай деп түсіндірген: "Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер!" деген. Бұл хадис әл-Бухариде келген. Ибн Мәсғуд бұл хадиске "қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды киін. Тек екі нәрсе сені жаңылтпасын. Олар мыналар: ысырап және паңданып, тәкаппаралану" деп түсіндірме берген (Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари би шархил-Бухари, 11-том, 423-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.).


Демек, киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді. Тек шариғат белгілеген әурет жерлердің жабылуы шарт.


عَنْ أَبِي ذَرٍّ عَنْ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ ثَلَاثَةٌ لَا يُكَلِّمُهُمْ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ الْمَنَّانُ الَّذِي لَا يُعْطِي شَيْئًا إِلَّا مَنَّهُ وَالْمُنَفِّقُ سِلْعَتَهُ بِالْحَلِفِ الْفَاجِرِ وَالْمُسْبِلُ إِزَارَهُ

Әбу Зәрдан риуаят етілген басқа бір хадисте Аллаһ Елшісі: "Үш кісіге қиямет күні Аллаһ Тағала қарамайды. Біріншісі, не нәрсе берсе де сонысын міндетситін кісі, екіншісі, сауда затын өтірік антпен өткізген адам, ал үшіншісі, киімінің етегін төмен түсіріп (сүйретіп) киген кісі" -деген.


Ал пайғамбарымыздың «изарыңның балағын көтер, изарды төмен түсіру – тәкаппарлықтан», немесе «Аллаһ Тағала изарын түсіріп кигендерді, сүйретіп жүргендерді жақсы көрмейді» секілді тәкаппарлану шартын қоспастан, тобықтан түсіріп жалпы ұзын киюді тыйған көптеген сахих хадистерін пайғамбарымыздың заманына байланыстыра отырып, түсінгеніміз жөн. Жоғарыда келтіргеніміздей пайғамбарымыздың заманындағы қоғам әдеті бойынша адамдар изарларының балағын қысқа киетін еді. Ал ұзын етіп жерге сүйретіп киетіндер көбіне өздерін өзгелерден жоғары санайтын тәкаппар жандар еді. Міне, пайғамбарымыз осы жағдайды ескере отырып кей хадистерінде «тәкаппарлану ниетімен ұзын киетіндер тозақта» деп ашып түсіндерместен «жалпы ұзын киюді – тәкаппарлық» деген. Ал енді қазіргі таңда араб елдерінің өзінде бұл әдет өзгерген. Ал бізде мұндай шалбардың балағын ұзын етіп киіп, өзгелерден оқ бойы озық жүрейін секілді тәкаппарлық ниетті білдіретін әдет атазаманнан болған емес. Қазіргі таңда балағын тобықтан төмен түсіріп кигендерді көргенде «анау тәкаппарлану үшін осылай ұзын етіп киіп алған» деген пікір ешкімнің ойына да келмейді. Тіпті қазіргі таңда керісінше балағын балтырына дейін қайырып, адымын алшақ басқан жандарды көрген кей адамдар олардың бұл ісін тәккаппарлыққа да балауы ғажап емес. Бұл жайлы Абдур-Раззақтың мусаннафында және Бәйһақидың «Шуғабул-иман» атты кітабында Әюбтың (р.а.): «Өткен замандарда киімді ұзын етіп кию мақтан балатын. Ал күнімізде киімді қысқа ету мақтан болды» дегені риуаят етілді. Ендеше, әдеттер жерден жерге, елден елге, заманнан заманға қарай өзгеретінін ескергеніміз жөн.


Егер жалпы ұзын кию тозаққа кіруге себепкер үлкен күнә болғанда, пайғамбарымыз ең жақын досы Әбу Бәкірдің ұзын киюіне мүлдем рұқсат бермес еді.


Ал «изарының балағы ұзын күйде намаз оқығанның намазы қабыл болмайды» деген мына хадистің дәрежесінің «әлсіз» екенін ескергеніміз жөн.


وعن أبي هريرة رضي الله عنه قال بينما رجل يصلي مسبلا إزاره فقال له رسول الله صلى الله عليه وسلم اذهب فتوضأ فذهب فتوضأ ثم جاء ثم قال له اذهب فتوضأ فقال له رجل آخر يا رسول الله ما لك أمرته أن يتوضأ ثم سكت عنه قال إنه كان يصلي وهو مسبل إزاره وإن الله لا يقبل صلاة رجل مسبل

Әбу Һурайрадан риуаят етілді. Ол былай деді: «Бір кісі изарының етегін төмен салбыратқан күйде намаз оқып жатыр еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған «барып дәрет алып кел» деп бұйырды. Ол кісі біраздан кейін дәрет алып келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған тағы да барып дәрет алып кел деді. Пайғамбарымызға басқа бір кісі: «Уа, Аллаһтың Елшісі, сіз неліктен оған дәрет алуды бұйырдыңыз да оған ештеңе айтпадыңыз» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол изарын жерге сүйреткен күйде намаз оқып жатыр еді. Ал, Аллаһ Тағала киімінің етегін төмен салбыратып, жерге сүйреткен кісінің намазын қабыл алмайды» деп жауап берді" (әш-Шаукани, Нәйлул-әутар. 1-том, 312-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут, 2002 ж.). Мағына жағынан да, жеткізген кісілердің сенімділігі жағынан да бұл хадистің «әлсіз» екенін ескергеніміз жөн. Мағына жағынан әлсіздігі – егер ол кісінің шалбарының етегінің төмен түсіп тұрғандығы үшін намазы қабыл болмайтын болғанда, пайғамбарымыз ол кісіні дәрет алып әуре қылмай-ақ, киімінің балағының ұзындығының дұрыс еместігін тікелей айтып ескертер еді. Ал хадисті жеткізушілердің тізбегіндегі әлсіздігіне келер болсақ, Имам әш-Шаукани бұл хадисті жеткізушілердің арасындағы Әбу Жағфар делінген кісінің – белгісіз кісі екенін айтады (Хадистің әлсіздігін көптеген хадис ғалымдары білдірген. Насруддин Албани «әлсіз» деп бағалаған.). Ал хадис ілімінде белгісіз кісінің риуаятына сақтықпен қаралады.


Имам әш-Шаукани өзінің «Нәйлул-әутар» атты кітабында: «Тәкаппарлану ниетінсіз киімнің балағын тобықтан асырып кию – харам емес» деген (әш-Шаукани, Нәйлул-әутар. 1-том, 312-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут, 2002 ж.). Ал имам ән-Нәуауий өзінің «әл-мәнсурат фи ъунил-мәсаайлил-муһиммат» атты пәтуалар жинақ кітабында былай дейді: «Шалбар, изар секілді ер азаматтардың киімдерінің балағы тәкаппарлану мақсатында тобықтан төмен түсірілсе – харам. Ал тәкаппарлану ниеті болмаса онда – мәкрүһ» (Имам ән-Нәуауи, әл-мәнсурат фи ъунил-мәсаайлил-муһиммат, 102-бет. «Дарул-ишрақ» баспасы», Қатар, 2007 ж.) деген. Балақтың тобықтан асып тұруы жайлы ғасырымыздың фақиһ ғалымдарынан Уәһбатуз-Зухайли де Имам ән-Нәуауийдің жоғарыдағы пікірін білдірген (Уәһбатуз-Зухайли, Фәтауаа Муғасира, 312-бет. «Дарул-фикр» баспасы, 2003 ж.).


Иә, тәкаппарлану мақсатында балақты тобықтан төмен түсіру – харам. Ал басқа жағдайда – мәкрүһ. Ал бұл мәкрүһтіктің өзі жалпы үкім емес. Тек қоғамның ғұрпында киімді тобықтан төмен түсіріп кию әдеті жоқ болса, және киген жағдайда халық арасында басқаша түсініктерге себеп болып жатса ғана мәкрүһ. Ал керісінше қоғамның ғұрпында шалбар балағын тобықтан төмен түсіріп кию – әдет болса әрі ұзын кию арқылы ешкімнің ойына тәкаппарлану, паңдану секілді сезім ұяламайтын болса, онда мәкрүһ емес. Бұл жайлы Хафиз Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари би шархил-Бухари» деп аталатын әл-Бухаридің хадис жинағына жасаған түсіндірмесінде былай дейді: «...Адамдардың әдеті бойынша балақты ұзын етіп кию харам емес. Тек тыйым салынған етекті, балақты жерге сүйретуге дейін жетпесе болғаны. Ғалым Ғиад: киімнің ұзындығы мен кеңдігіне байланысты адамдардың әдет еткен мөлшерінен артығының мәкрүһ екендігінде ғұламалардың бір пікірде екенін жеткізді...» (Ахмад Ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари би шархил-Бухари, 11-том, 435-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.)


Бұған қоса тәкаппарлық ниеті болмаса да киімді жерге тиетіндей етіп ұзын кию – тазалық әрі киістілік тұрғысынан да мәкрүһ. Себебі, онда киімнің былғану әрі тез тозу қаупі бар. Пайғамбарымыз бір хадисінде:


اِرْفَعْ ثَوْبك فَإِنَّهُ أَنْقَى وَأَبْقَى

«Киіміңді жоғары көтер. Себебі, жоғары көтеріп кию – тазарақ әрі киістірек» (Әш-шамаайлул-Мухаммадия лит-Тирмизи. Қосымша қараңыз: Атия Сақр, Ахсанул-кәлам фил-фәтаауаа уал-әхкам, 249-бет. «уәһба» баспасы, Каир қаласы, 2006 ж. Ибн Хажар әл-Асқалани, Фатхул-Бари, 11-том, 437-бет. «Дарул-фикр» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.) деген.


Имам Ахмадтың: «Тәкаппарлық ниеті болмаса, киімді ұзын кию – харам емес» дегені риуаят етілді.


Ибн Тәймия кісінің амалды атқарудағы ниетіне қарай күнә яки сауап алатындығын: «Кімде-кім көрікті киімді сараңдық ниетімен кимейтін болса оған сауап жазылмайды. Ал кім де-кім көрікті киімді харам санап кимейтін болса күнәһар болады. Ал кімде-кім оны Аллаһ Тағаланың өзіне берген жақсылығы мен нығметін көрсету әрі тағат-ғибадатқа қолдану мақсатында кисе сауапқа бөленеді. Ал енді кімде-кім оны мақтану мен тәкаппарлық үшін кисе күнәһар болады. Себебі, Аллаһ Тағала мақтаншақтар мен тәкаппарларды жақсы көрмейді. Міне, сол себепті Аллаһ Тағала осындай ниетпен киімді ұзын киюді харам етті»-деп ашып түсіндіргенннен кейін жоғарыдағы Әбу Бәкірдің «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем төмен түсіп тұрады" деген сауалына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой" деген жауабын дәлел ретінде келтіреді» (Ибн Тәймия, Мәжмуғату фәтаауаа, 11-том, 442-бет. «мәктабатул-ъабикан» баспасы, Риад қаласы, 1998 ж.).


Сөз соңы мұндай ұсақ мәселелерде байып сақтап, пәтуа айтарда не бір пәтуаға жүгінерде елдің, жердің ерекшеліктерін ескеріп, әрдайым Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Аллаһ Тағала сендердің келбеттерің мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды», (Муслим) «Барлық амалдар ниетке қарай бағаланады...» (Сахих әл-Бухари, Муслим) делінген хадистеріндегі өміршең әрі ғаламдық қағидаларды ұмытпасақ игі.


 




Көрілген: 745    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 16.09.2017, 18:23

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Қараша, 12:11
    Өтіріктен ауыр күнә
    6 Қараша, 12:20
    Құдайдың құдіреті
    1 Қараша, 12:15
    Дертке шипа аяттар
    27 Қазан, 12:28
    Әзілдесудің 5 әдебі
    6 Қазан, 15:20
    Қоянның еті адал ма?
    24 Қыркүйек, 18:01
    Кедейді байытқан дұға
    18 Қыркүйек, 11:49
    Дүниедегі ең қайырлы іс

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30