Ислам діні

Уахабшылық ұлттық дәстүрмен мүлде үйлеспейді

  • Уахабшылық ұлттық дәстүрмен мүлде үйлеспейді

    Уахабшылық ұлттық дәстүрмен мүлде үйлеспейді

Уахабшылар бидғат мәселесінде Ахмед ибн Ханбалдың және Ибн Таймияның жолымен жүргендіктерін қанша алға тартқандарымен, көптеген жағдайда олардан да қатты кетіп, фанатизмге, шектен шығушылыққа бой алдырып отыратыны баршамызға мәлім. Мұны біз уахабшылдықтың ықпалына түсіп, санасы сонымен уланған кейбір жастардың сөздерінен, қылығы мен амалдарынан байқаймыз. Олардың кейбір «көсемдері» мұсылмандардың өмірлерін жеңілдететін соңғы жаңалықтарға немесе ғылыми жетістіктерге «бидғат» деп қарсы шыққан кездері де болды.

Жалпы алғанда, уахабшылар қай кезде болмасын мәзһаб ұстанған мұсылман қауымымен салыстырғанда дінде әсірелікке бой алдырып жатады. Өзге дін өкілдерін былай қойғанда, уахабшылдық жолды ұстанбаған немесе қолдамайтын қарапайым мұсылманның өзіне төзімділік таныта бермейді. Олардың қай-қайсысы да бір ауыздан ұлттық дәстүрді жоққа шығарады. Уахабшылардың сөзімен айтсақ, мұның барлығы – «бидғат».

Уахабшылар, шамасы Ислам діні – ғаламдық мәдениет пен өркениет діні екенін естен шығарса керек. Олар үшін дін адамдар арасындағы достық пен татулық қарым-қатынасқа толы өмір емес, тек қатып қалған шектеулер ғана сияқты. Негізінде, ислам қандай ұлтқа да, дін өкілдеріне де қарсы шықпайды және басқаларды бірлікке шақырады. Қайта олармен әлеуметтік деңгейде жақсы қарым-қатынаста болуға үндейді. Себебі, Ислам ұлтқа және ұлттық мәселеге қатысты анық әрі берік ұстанымға сүйенеді. Бұл ұстанымның түсіндірмесі – тағдыр тұжырымдамасы. Құдай Тағала бізді осылай түрлі нәсілдерге бөліп жаратты.

«Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың», деп ескертеді Жаратушы Құран Кәрімде. Осы аятта айтылғандай, Алланың Өзі адам баласын ұлттар, ұлыстар, тайпалар етіп жаратты. Демек, адам оны өзгерте алмайды. Оны өзгертуге жаратылушының құқығы жоқ, қауқары да жетпейді. Сондықтан мұсылман ғалымдары осы қағидаттарды басшылыққа алып, адамдардың ұлттарға, тайпаларға бөлінуі ақыр заманға дейін жалғаспақ деп сенеді.

Әрбір ұлт пен ұлыстың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері бар. Олардың көбісінің дінмен мүлде байланысы да, қатысы да жоқ болуы мүмкін. Олар негізінен ұлттың өз ерекшелігіне, өмір салтына байланысты әдептілік ережелері де болуы ықтимал. Бірақ ұлттық мәдениет білімінен мақұрым, дінде де терең білімі жоқ уахабшылар бұлардың барлығын дінге әкеліп тақап қояды. Мысалы, дастарханды баспау, асты қадірлеу, нанды құрметтеу, малды теппеу сияқты ырымдарды уахабшылар ширк, харам немесе бидғат сынды өлшемдерге салып қояды.

Алайда, олардың бірқатары нәпсі қалауының жетегіне еріп, діннен хабары жоқ қыз-келіншектерді алдап-арбап, уақытша қалындық етіп алуы, жатырындағы шаранасымен жалғыз басты ана күйінде «талақ» беріп тастап кетулері харам емес, обал да емес. Сөйтіп қазақтың қасиетті ақ некесін аяқасты қылып бітті. Бүгінгі қоғамда дінді бұрмалап, бейшара қыздарға қалың малсыз үйленудің «сауабын» уағыздап, «Алланың разылығы» туралы айтып, уақытша шаңырақ құрып, тастап кетіп жатқан қаншама жағдайға куә болдық. Мәселен, қызды бір түнге ғана некелеп, таң атқанда «Саған талақ» деп ажырасқандар да бар. Бұл оқиғаны мешіттегі ұстазға осы оқиғаны басынан өткерген қыздың өзі жылап отырып айтып берген. Олар діни некелерін мешітте емес, өздері қиған көрінеді. Некелесу рәсіміне ағайын-туыстары шақырылмаған, қыз тараптан жанашыр уәкіл де болмаған, тек «ахилар» болған. Әрине, уахабшыл күйеуді қыздың ағайын-туысы танымайды, ол некесін АХАЖ-да тіркемегендіктен, заң алдында да жауапты емес. Ал дінді жамылып талақ беруді сәнге айналдырғандардың дені теріс ағым өкілдері екені айдан анық.

Сол сияқты тағы бір оқиға ойға оралады. Қолында төрт бөлек «ахидан» туып алған балалары бар жалғыз басты жас ана. Ол да өзінің дінді жамылған қуларға алданып қалғанын айтып, басқаларға сабақ болсын деп тағдырымен бөліскен. Күйеуі телефон арқылы талақ берген соң, көп ұзамай басқа ахи келіп уәдені үйіп-төгіп, үйленіп алғанын айтады. Жағдай осылайша жалғасып, нәтижесінде жалғыз өзі төрт азаматтан туған төрт баласын құшақтап қалған. Олардың ешбірі артында қалған тұяғының жәй-күйін сұрамаған, қамқорлық та жасамаған. Өкінішке орай, мұндай оқиғалар ел ішінде көптеп кездеседі.

Олар өздерінің адасушылық әрекеттерін қасиетті дінмен ақтап алғылары келеді. Сөйтіп өздерін «ахли сунна уәл жамаға» деп атайды, «Брат, біз сәлафтардың жолымен жүреміз» дейді. Өздері мәзһабты мойындамайды, дәстүрді теріске шығарады. Діндар болып көрінген осындай адамның қылығынан дін исламды білмейтін қарапайым адам дін туралы не ойлайды? Қоғамдағы исламофобия осындай теріс қылықтардан туады.

Бүгінде біз дін исламды халқымыздың дәстүрін мойындамайтын жат елдерден емес, өз Отанымызда үйренетін жағдайға жеттік. Діни ғалымдарымыздың қатары да, сапалы діни оқу орындарымыз да артып келеді. Біз дәстүріміздің тілімізбен, ділімізбен және дінімізбен біте қайнасқанын естен шығармауымыз керек. Исламдағы әдептілік қағидалары, жақсылық пен ізгілік, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, ата-ана қадірі, сауап пен обал сияқты көптеген құндылықтар – қазақ халқы ділінің, салты мен дәстүрінің ажырамас бөлігі.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 




Көрілген: 250    Пікірлер: 0

бейсенбі, 06.12.2018, 13:40

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Желтоқсан, 14:17
    Ислам түсіністіктің тілі
    6 Желтоқсан, 12:49
    Ібілістің 3 кеңесі
    2 Желтоқсан, 21:11
    Ырымға сенуге бола ма?
    2 Желтоқсан, 13:50
    Арақты қойғызған көрші
    18 Қараша, 18:16
    Біз неге ұрсысамыз?
    24 Қазан, 11:23
    Рия деген не?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31