Нарық

7-20-25: Ипотеканың басты жеңілдіктері қандай

  • © Tengrinews

    © Tengrinews

«Жаңа ипотекалық бағдарлама қабылданады» деген күннен бастап тұрғын үй саудасы бәсеңдеді. Қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы да түсіп кетті. Себебі «7-20-25»-тің ипотекасы тек жаңа пәтерлерге ғана таралады деді. Алайда күзге таман қайталама нарықтың баспанасына да арнайы шарттар әзірленетін болды.


ҚазАқпарат тілшісі жаңа ипотекалық бағдарламаға қатысты соңғы жаңалықтарды сараптап, ипотеканың кімге және қандай шарттармен берілетінін анықтады. Несие алатындарға кіріс салығы бойынша арнайы жеңілдіктер де берілетін көрінеді.


 Сонымен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Астана, Алматы, Ақтау мен Атырауда 25 миллион теңгенің баспанасын ипотекаға алуға болады. Аталған сома - үйдің шекті бағасы. Демек, 20 процент, яғни 5 млн теңге несие алған адамның алғашқы жарнасы болса, қалған 20 миллион теңге 25 жылға қарызға беріледі. Ал басқа аймақтарда ипотекаға берілетін баспананың шекті сомасы 15 миллион теңге (3 млн - алқашқы жарна, ал 12 млн - қарыз) деп белгіленді. Бағдарламаның қазіргі шарттары бойынша займды беру және қызмет көрсету бойынша ешқандай комиссия төленбейді. Кепілге қойылатын мүлікті сақтандырудың да қажеті жоқ. Алайда ондай талап қойылса, барлық шығындарды банктің өзі өтейтін болады. Кепілге несиеге берілген үйдің өзі қойылады. Әрине, жаңа ипотека тек баспанасы жоқ азаматтарға ғана беріледі. Олар үйдің бар-жоғын анықтама арқылы растайды.


Дегенмен, жатақханада тұратын отбасылар бағдарламаға қатыса алады. Апаттық үйлердің тұрғындарына да ондай мүмкіндік беріліп отыр.


"Себебі жатақxанада бір отбасының мүшесіне 15 шаршы метрден де келмейді. Ондайда өтініш берген адам баспананың иесі ретінде қарастырылмайды. Жатақxана бөлмесі пәтер емес қой. Сосын ескі және апаттық үйлердің тұрғындары жаңа бағдарламаға қатыса алады. Бірақ жергілікті атқарушы органнан үйдің қазіргі жағдайына қатысты анықтаманы алып келу керек», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.


7 проценттік ипотека әзірше тек жаңа пәтерлерге ғана беріледі. Ал күзге қарай қайталама нарыққа қатысты талаптар әзірленеді. Дегенмен, оның шарттары да, проценттік мөлшерлемесі де басқаша болады. О.Смоляковтың сөзіне қарағанда, алғашқы жарна 20 проценттен жоғары қойылады. Ал жылдық мөлшерлемесі нарықтық талаптарға жақын болуы әбден мүмкін. Бірақ банктердің қазіргі 14-15 процентінен төмен болады.


Шыны керек, «7-20-25»-тің тиімді шарттары қайталама нарыққа да тараса, спекулятивті сауда-саттық көбейіп кетеді. Мәселен, жағдайы бар адам өз пәтерін осы ипотекамен сатып жібереді де, үстінен ақша қосып, басқа жерден одан да жақсы үйді ала салады. Иә, үйсіз жүрген адам өз пәтеріне кіреді. Бірақ ондайда бағдарлама «әлеуметтік бастама» деген мәртебесінен айырылады. Өйткені баспанасыз жүрген азамататардың емес, үйі барлардың жағдайы жақсарады.


Осыған байланысты жаңа бағдарламада жаңа пәтерлер мен қайталама пәтерлердің ипотекасы екі бөлек шарттармен берілетін болып жатыр. Ал «Баспана» атты ипотекалық компания алдымен әлеуметтік маңызы бар бағытқа басымдық берсе, уақыт өте келе, қайталама нарыққа да қызмет көрсететін болады. Онсыз ескі үйлердің саудасы жүрмей қалуы әбден мүмкін.


Айтпақшы, «7-20-25»-тің келуімен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының ипотекалық заемдарды субсидиялау бағыты тоқтатылады. Дегенмен, Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы берілген заемдар жойылмайды. 10 проценттік мөлшерлемесі де, басқа шарттары да сақталады. Бұдан былай осы жұмысқа «Баспана» ипотекалық компаниясы жауапты болады. «Нұрлы жерге» енгізілген тағы бір маңызды өзгерістердің бірі - жұмыс берушінің өз қызметкерінің баспанасы үшін алғашқы жарнаны құю тетігі.


«Біз мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға өз қызметкерлеріне жәрдем жасауға рұқсат бердік. Мәселен, 20 проценттік алғашқы жарнаны құю керек деп отырмыз ғой. Соған көмектесуге болады. «Тұрғын үй жарнасы» дейміз ғой. Осындай тетіктерді енгізіп жатырмыз. Жақсы жұмыскер болса, сол қызметте көп жылдар жұмыс істесе, көмек беруге болады. Ауруxанада, басқа жерде, ауруxананың жағдайына қарай ақшасы болса, жұмыскерлерге ондай көмек жасауға болады», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.


Демек, алғашқы жарнаны жұмыс беруші де сала алады. Алайда аталған шешімді мемлекеттік орган болсын, жеке компания болсын, өз еркімен қабылдайды. Себебі бұл - міндетті шара емес. Алғашқы жарнаны кім құйса да, несие алған адамның төлем қабілеттіліне баса назар аударылады. Ол да - жаңа бағдарламаның басты шарты.


Ипотека тек ай сайынғы төлемдерді аудара алатын адамға ғана беріледі. Бірақ несиені төлеу мерзімін өткізіп алу жағдайлары да ескеріледі.


Осы орайда Ұлттық банк нақты себептер болса, келісімнің шарттарын өзгертуге кеңес беріп отыр. Бұдан бөлек, өсімақы, айыппұл мен сыйақыны өшіріп тастауға болады. Әрине, бұның барлығын екінші деңгейлі банктер қолға алуы қажет. Себебі ипотека солар арқылы беріледі, солар арқылы төленеді.


Ал «Баспана» ипотекалық компаниясы проценттік мөлшерлемені төмендетіп, банктерге тиісті комиссиясын төлеп отырады.


Алдағы уақытта Ұлттық банк бағдарламаға қатысатын банктердің толық тізмін өзінің ресми сайтында жариялайды. Ал алғашқы ипотекалар екінші жартыжылдықта, яғни шілде-желтқосан аралығында берілуі тиіс. Ұлттық банктің тағы бір ұтымды ұсынысы - ипотека үшін төлейтін ақшаға кіріс салығын салмау. Ондайда несиенің негізгі сомасына кететін қаржының кіріс салығы қайтарылады. Ол үшін қарыз алушы өзі жұмыс істейтін бухгалтерияға тиісті құжаттарды тапсырады. Соның негізінде ай сайын ипотекаға кеткен ақшаның кіріс салығы ұсталмайды.


Бүгінде аталған норма салық заңнамасында бар. Бірақ ол тек тұрғын үй жинақ жүйесіне ғана таралады. Ұлттық банк ондай жеңілдікті жаңа ипотекалық бағдарламаға қатысатын азаматтарға да беруді ұсынып отыр.


Шыны керек, соңғы жылдары халықтың басым бөлігі өз ақшасын тұрғын-үй жинақ жүйесіне көптеп сала бастады. Ипотекалық нарықтың әлсіреп қалғаны да содан. Оған қоса, үлескерлік құрылысқа қатысты заңнама да күшейтілді. Бұның барлығы стагнацияға әкеліп соқтырды.


Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысатындардың саны күрт өсті. Соңғы үш жылдың ішінде аталған жүйе нарықтың 77 процентін алып қойды. Енді, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының келуімен аталған көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де сезіп отыр. Содан болар, «5-20-15» шарттарын әзірлеуге кірісті. Ал екі жүйенің арасындағы бәсеке қыза берсе, одан да тиімді шарттардың болатыны анық.


 




Көрілген: 1122    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 02.07.2018, 10:13

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31