Алаш баласы, айнаңа қара!

сейсенбі, 30.08.2016



Нарық

Бензин тағы қымбаттай ма?

  • Бензин тағы қымбаттай ма?

    Бензин тағы қымбаттай ма?

Мұнайлы Қазақстандағы «бензин безгегі» мәселесі бүгінде тек көлігі бар жүргізушілерді ғана емес, қаражаяу қалың жұртшылықты да қатты мазалап жүр. Себеп белгілі: жанармай бағасы көтерілсе, азық-түлік тауарларының ілесе қымбаттайтын әдеті бар. «Тамызда тұрақты болады» деп әу баста болжам жасап, кейіннен сол болжамға бола аузы күйген энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин жанар-жағармайдың қазіргі құны бензин тапшылығын еңсеруге мүмкіндік береді деп отыр. Алайда бұған дейін де әлемдік ахуалға, Қазақстанның айналасына сілтеме жасап үйренген шенеуніктер бағаның қайта өспейтініне кепілдік бере алмай келеді. Бере алмайды да. Сонда мұнайлы елдің халқы сол мұнайдан туатын проблемадан қашанға жапа шеге беруі керек?

Әрине, дәл қазір «бензиннің бағасы одан сайын көтеріледі!», - деп жар салсақ, халық дүрбелеңге түсіп, жанар-жағармай бекеттеріне жаппай беттеп, бензинді көбірек сатып алуға тырысатыны белгілі. Осының нәтижесінде жоспардан тыс тапшылықтың болатынын да білеміз. Тапшылықтың төркіні қайда соғатынын да түсінеміз. Өткен айдың соңында «Тамыздың бірінде бензин мен дизельді отынның бағасы өзгермей, айдың соңына дейін бекіткен күйде сақталады. Анық солай болады», – деп мәлімдеме жасаған Ұзақбай Қарабалин де осыны ойлаған шығар. Алайда сол кездегі мұнай және газ министрінің болжамына қарамастан, бензин тапшылығы аяқ астынан бұрқ ете түсті. Бақсақ, бензин бағасының бұғаусыз кетуіне себептер көп дейді. Ресейдің бағалары көтеріліпті, ол жақтағы мұнай өңдеу зауыттарының біреуі тоқтап қалған көрінеді. Сол себепті Қазақстанға экпортталатын мұнай өнімдерінің көлемі күрт азайған. Дегенмен «бұны әдейі бензин бағасын көтеру үшін жасап жатыр» деген пікірлер халық арасында, оның ішінде осы жанармай нарығын жағалайтын «ойыншылар» әңгімесінде әу баста-ақ айтылған. «Қазір бензин тапшылығы қолдан жасалса, халық әбден әбігерге түседі. Сөйте-сөйте, бағасы құрысын бензиннің өзі болса болды деп оның құнына да қарамайтын кез жетеді», – дейді көпшілігі.

Шындығында, бұл шенеуніктердің біраздан бері шарғыға айналдырып алған «шеберлігі» сықылды. Осы жолы да дәл солай болды. Артынан бензин тапшылығы қолдан жасалды деген жорамалды Қазақстанның отын қауымдастығы да жариялады. «Біздіңше, бұрынғы салалық министрліктер мен ведомстволар (мұнай және газ министрлігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі және табиғи монополияларды реттеу агенттігі) «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен, сондай-ақ бағамен сататын операторлармен бірлесе отырып, тікелей және жанама түрде мұнай өнімдерінің тапшылығын туғызды», – деп мәлімдеді олар күні кеше. Сценарий де бұрынғыдан айныған жоқ, алдымен бензин тапшылығы орын алды, сосын бағасы көтерілді.

Екінші бір мәселе – бензин бағасының атқарушы биліктегі жаңа құрам бойынша құрылымдалу барысында бұрқ ете қалуы. Өйткені бұрын бензинге шекті баға бекітіліп, осыны ұстап тұрамыз дейтін мүдделі мемлекеттік органдар қазір қайта құрылып жатыр. Ендеше, өстіп жүріп «қаперімде бағаны байқамадық» деген сылтау дайын деген сөз. Ал мұндайда «жау кеткеннен кейін қылышыңды тасқа шап» деген кеңестен басқа ештеңе айта алмайсыз. Сосын «тамызда бензиннің бағасы көтерілмейді», – деп сөз берген министрдің өзіне де айып таға алмайсыз.

Сонымен, бензин бағасының көтерілуін жұртшылық кезекті рет «болары болып, бояуы сіңді» деп қабылдай бастайтындай. Басқа амал да жоқ. Алайда тапшылық туралы әңгіменің өзі әлі «таусылған» жоқ. Бүгінде Орал, Павлодар, Қостанай, Алматы сияқты қалаларда бензинге тұрған көліктердің кезегі бірнеше шақырымға дейін созылады. Неге? Халық бензиннің бағасы тағы көтеріліп кетеді деп қорқа ма? Ол да бар. Жанар-жағармай құю стансыларының қызметкерлері халықтың бензинді толтырып тұрып, алғанынша алып кететіні туралы айта бастады. Қазіргі энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалиннің АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 128 теңге болып тұрса, уақыт өте келе, тапшылық мәселесін шешуге болады деген сөзіне де жұрт сенуден қалғандай. Ұзын сонар кезектерге қарағанда, Қарабалиннің сөзіне ешкім құлақ аспайды. Оған негіз де жоқ емес. Әлгіндегі девальвациядан, сосын оның артынан жуып-шаю үшін айтылған әңгімелерден кейін кім-кімге сенуші еді?

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, бүгінде Ресейден келетін мұнай өнімдерінің көлемі азайған. Оған техникалық себептермен қатар, бағаның күрт шарықтап кетуі әсер еткен тәрізді. Содан бензин тапшылығы басталды деп отырмыз. Дегенмен тасымалдап «тиын» тауып жүргендер көтерме және бөлшек сауда арасындағы айырмашылықты алға тартатыны тағы бар. Кәсіпкерлерге бензин тасымалдау тиімсіз болып отыр. Сондықтан тапшылық мәселесін шешудің бірден-бір жолы – бағаны көтеруге тірелген. Ал мәселені баға көтерумен шешу дұрыс па? Тіпті тасымалдап жүрген «ойыншылар» 128-дің өзін азсынып отыр емес пе?

Сергей СМИРНОВ, мұнай-газ саласының шолушысы:

– Негізі, АИ-92 маркалы бензиннің бағасын литріне 128 теңгеге дейін көтеру арқылы ресейлік импорт мәселесін шешу мүмкін емес. Бүгінде ол жақтан мұнай өнімдерінің 40 пайызы келеді. Ақпанда болған девальвацияға дейін Ресейден бензин тасымалдау тиімді болды. Қазір оның шығыны көп. Қазақстан-Ресей шекарасында бір литр бензиннің бағасы – 125 теңге. Оған тасымалдау, сақтау және күнделікті шығындарды қоссақ, АИ-92-нің құны 150 теңгеге дейін шығып кетеді.

Мінеки, мұнайлы елдегі бензинге баға мәселесі еш ырыққа көнбейтін, көрінгеннің жетегінде кететін құбылысқа айналып отыр. Бас мұнайшы Ұзақбай Қарабалин де бензин бағасы көтерілетінін жоққа шығарып отырған жоқ. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың құрамында болғаннан кейін баға тепе-теңдігін орнату қажет. Мемлекеттің бүгінгі саясаты да соған саяды. «Біз бағаларымызды теңестіруге тырысуымыз қажет. Әрине, оны бірден жасау мүмкін емес. Біз оған бірте-бірте келеміз», – дейді энергетика вице-министрі. Бүгінде Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 165 теңге тұрса, Беларусьта оның бағасы 180 теңгеден асады. Демек, бізде бензиннің бағасы әлдеқайда төмен. Осы орайда бір сұрақ туындайды: Қазақстанда бензиннің бағасы сыртқа тәуелді болғандықтан, тағы көтерілмей қоймайды екен, ал жұртшылыққа берілетін жалақының, жәрдемақының, ең ақыр аяғы халықтың жағдайы көтеріле ме? Әлде біз өзімізді тағы да сол кейбір елдерге (әсіресе мұнайы жоқ) қарағанда «озып» келеміз деп алдауқаратқаннан басқа ештеңе бітіре алмаймыз ба? Ендеше, «мұнай қазақтың бағы емес, соры» деп жүргендердің сөзінде жан бар-ау...

Автор: Арман Асқар




Көрілген: 1020    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

жұма, 29.08.2014, 12:23

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
22 Тамыз, 14:17
Оңтүстік кедей емес

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2016
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
тамыз
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31