Нарық

Бұғатталған Ресей Қазақстанға жалтақтап отыр

  • ©kapital.kz

    ©kapital.kz

Франция президенті Франсуа Олланд Ресейді экономикалық бұғаттаудан босату қажеттігін, Ресей тарапына салынған санкциялардың салқыны Батысқа да оңай тимей жатқанын бұған дейін де бірнеше мәрте айтқан болатын. Ал кешелі бері Олланд «15 қаңтарда Қазақстанның Астанасында өтетін кездесуде бұл мәселе шешімін табады» деп сенетінін айтты.

«Егер Ресей құрдымға кететін болса бұл Батыс елдері үшін де тиімді емес. Сондықтан өз басым қазір санкцияларды тоқтату керек деп есептеймін. Украинадағы жағдайға байланысты қандайда бір ілгерлеу, оң көзқарасқа келу орнаған жағдайда санкциялар алынуы керек. Ал Ресейдің Украинаға деген көзқарасы өзгермеген болса, онда санкциялар сол қалпында қалады. Дегенмен, өз басым бұл мәселе Қазақстанда өтетін кездесуде шешімін табады деп есептеймін» дейді Франсуа Олланд.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Президенті желтоқсан айында Киев пен Мәскеуге барған сапарында Украина дағдарысынан шығудың ықтимал жолдарын талқылаған болатын. Сол кездесулерден соң Украина Президенті П.Порошенкомен, Ресей Президенті В.Путинмен, ГФР канцлері А.Меркельмен және Франция президенті Франсуа Олландпен 15 қаңтар күні Астанада кездесу өткізу жайы келісілген еді. Осылайша Қазақстанда кездесу арқылы аталмыш елдің басшылары Ресейді бұғаттаудан шығарудың амалдарын кеңеске салмақ. Сонымен Ресейді бұғаттаудан Қазақстандағы кездесу құтқара ма?

Жалпы, «Алаш айнасы» Ресейге салынған санкциялар Батысқа да Ресейдің өзіне де жайлы тимейтінін бұған дейін де бірнеше мәрте жазды. Мәселен, Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциялары оған Мәскеудің қарымта жауап қайтаруы Еуропа елдеріне кері ықпалын тигізбей қоймайтынына қатысты Финляндияның үкімет басшысы Александр Стубб бұл санкциялардың осы елдің экономикасына ауыр соққы болатынын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Бұл ретте ол «біздің елімізге 2015 жылға дейін созылатын құлдыраудың қаупі төніп тұр. Ал мұндай құлдыраудан кейін жалпы ішкі өнім деңгейін 2008 жылы көрсетілген өсімге дейін көтеру үшін бізге ең кемі 10 жыл керек болады. Бізді тағы бір рецессия күтіп тұр» деген еді.

Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, бұл бір Финляндияның айналасында ғана жайт емес, Еуроодақ пен Ресей Федерациясының арасындағы «санкциялар соғысы» салдарынан қазір Батыс тым алаңдап отыр. Себебі бұдан тек қана фин елі зардап шегіп отырған жоқ, бұл мәселенің өзге әлем елдеріне де кері ықпал ете бастағанын сарапшылар алға тартуда.

Сөйтіп, Ресейге салынған санкиялар Батыс үшін де, Ресей үшін де аса жайлы болып тұрған жоқ. Осыдан болар біраз елдің басшылары Ресейдің сенімді сауда әріптесі Қазақстан екенін, 15 қаңтар күні Астанада болатын кездесуде біршама жайттар оң шешімін табатынына үміттенетінін алға тартуда.


Қазақстан сәтті ұтымды пайлана ала ма?

Марал Төртенова, сарапшы-маман:


- Расымен де 15 қаңтарда Астанада өтетін кездесуге біраз елдер үлкен үміт артып отыр. Астанада Ангеле Меркельдің, Франсуа Олландтың, Прошенко мен Путиннің кездесуі көп жайтқа ықпал етеді делінуде. Тіпті қазір Ресей экономистері бұғатталған Ресей енді Қазақстанға үміт артып отыр деген пікірлерді де айтып қалуда. Ресейге тұс-тұстан салынған санкциялардың салқыны енді мықтап сезіле бастады. Міне, осы сәтті Үкімет сауатты пайдалана білуі керек. Сондықтан бұл санкциялар салқыны бізге тимесін десек, жалпы, бұғатталған Ресейді де, өзімізді де дағдарыстан құтқарғымыз келсе, біз мынаны ескеруіміз керек. Ол үшін біздің экономикалық әлеуетіміз жоғарылауы тиіс. Отандық өндіріске күш салғанымыз жөн. Қазір Ресейден инвесторлар қашып жатыр. Осы сәтті Қазақстан үкіметі пайдалануы тиіс. Ресейге қарағанда Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Біздің елде бүгінде инвесторлар он жылға дейін корпоративтік салықтан босатылып отыр. Елге ірі көлемді инвестиция салатындарға барынша жағдай жасалып отыр. Міне, нақ осыны пайдаланып отандық өндіріс орындарының жұмысын жолға қоюға күш жұмылдыру керек. Модернизация деген терминді өте жақсы ойлап шығардық. Бірақ соны әрі қарай тереңдету жоқ. Осы жағын қолға алып кез келген ірілі-кішілі өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз әлдеқашан еңсе тіктер едік. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Өкініштісі бізде осы жағына мән берілмей отыр. Бұл жайт ауыл шаруашылығы саласына жан бітіруі тиіс. Негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек. Бұған қоса ауылдың шаруашылығын дамытуды бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс болмады. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек. Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала - ауыл шаруашылығы. Сондықтан меніңше, Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келген сияқты.


 

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 1908    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 12.01.2015, 11:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30