Алаш баласы, айнаңа қара!

бейсенбі, 29.09.2016



Нарық

Жанар-жағармай бағамы 180 теңге болуы мүмкін бе?

  • Алаш айнасы иллюстрациясы

    Алаш айнасы иллюстрациясы

Кешелі бері еліміздің Энергетика министрлігі елдегі жанармай тапшылығын толық жоюға шамаларының келмей жатқанын мойындады. Бұған дейін «жанар-жағармай бағасын тұрақты ұстап өсірмейміз, тапшылықтың орнын толтырамыз» деп келген Энергетика министрінің орынбасары, Ұзақбай Қарабалин кеше «өнімді Ресейден алатын жеріміздегі бағалары өте жоғары. Бізде 128 теңге болса, біз ол өнімді Ресейден 160 теңгеден аламыз. Дизель отынының жағдайы да сондай. Бізде 115 теңгеден сатамыз, ал бұл өнім Ресейде 170 теңгенің айналасында» деп ағынан жарылды. Қазір елдегі жанармай тасымалдаушы ірі компания саналатын «Қазмұнайгаз» ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау мақсатында шығын көріп отырса да Ресейдің жанармайын қымбат бағаға тонналап сатып алуға мәжбүр. Десек те, мамандарымыз болашақта халық тұтынатын АИ-92 өнімінің тапшылығы одан әрі ушыға түсетінін, бұл тікелей өнім бағасына әсер ететінін алға тартып отыр. «Алаш айнасы» мәселенің мәнін тарқатып көруді жөн көрді.

Отандық мамандардың пайымдауынша, қазірде Еуропаның Ресейге салған санкцияларының салдарынан көрші елде жанармай өндіру саласында үлкен қиындық туындап отыр. Жуырда «Роснефть» компаниясына қарасты Ачинск мұнай өңдеу зауытында үлкен апат орын алған болатын. Сонымен қатар, тағы бірнеше ресейлік зауыттар өз жұмысын тоқтатқан. Ал бұдан барып біздің Ресейден алатын өнім бағасы қымбаттап кетті. Отандық сарапшыларымыз бұл ретте қазір елдегі жанармай тасымалдаушы компаниялардың расымен де тығырыққа тіреліп отырғанын жасырмайды.

Марал Төртенова, сарапшы-маман:

– Қазірде жанармай тасымалдаушы компаниялардың өнім бағасын өсіруге рұқсат сұрап отырғаны мәлім болды. Бірақ біздегі құзырлы орындар оларға рұқсатын бермейтінін де айтып отыр. Бірақ нарықтың заңына сай бағаны тежеп ұстауға кейде мүмкін болмай қалады. Себебі өзіңіз ойлаңыз, кеше елдегі мұнай өнімін тасымалдаушы компаниялар Ресейден АИ-92 бензинін 160 теңгеге алып, елге әкеліп оны 128 теңгеден сатып отырғандарын, дизелді отынды 170 теңгеден алып, елге әкеліп 115 теңгеден сатылымға шығаратындарын айтты. Ресейден 160 теңгеге сатып алып, бізге 128 теңгеден сата беретін олар Қожанасыр емес. Олар нарықтың заңын білетін кәсіп иелері. Бұл енді өзінен өзі ешқандай түсім түсірмейтін әрекет. Сондықтан болашақта жанар-жағармайдың бағамы 180 теңгенің айналасын құрауы әбден мүмкін. Бұл ретте бағаны қанша жерден қолдан тежеп ұстағанымызбен нарық өз дегенін істейді. Ендеше мұны жасырудың еш қажеттілігі жоқ. Үкімет күзгі жиын-терім аяқталғанша бағаны уақытша ұстап тұра алар. Бірақ келер жылдың басынан бастап баға тағы да өсім береді.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Ресейге бұдан былай мұнай өндіруші мемлекеттік компанияларын қаржыландыру қиындай түседі. «Ресейдің өз ішінде компанияларының қаржыға және бір-бірімен жобаға таласуы басталмақ. Ал мұның арты тағы да сол дағдаруға апарады» дейді мамандар.

Атамұрат Шәменов, экономист-ғалым:

– Ресейдегі бензиннің бағасы біздегі бензиннің бағасынан қымбат. Ресейде 1 литр бензин 1 доллар тұрады. Сондықтан болашақта Кеден Одағының айналысында тұрғаннан кейін біздегі баға Ресеймен теңеспесе болмайды. Біз қанша жерден жанармай бағасын тежегенмен болашақта жанармай қымбаттайды. Оны тежеп тұру мүмкін емес. Білесіздер, өткенде бір литр АИ-92 бағамын 128 теңгеге көтергеннен кейін, «бензин 150 теңгеге дейін көтеріледі» деген қауесет шықты. Сол уақытта біздегі жанармай бекеттерінің қайсыбірі «өнім жоқ» деп бекеттерді жауып та тастады. Осы тұста Үкімет жылдың аяғына дейін «жанармай бағасы өспейді» деп еді. Жаңағы бекеттерін жауып, қолдан тапшылық жасаған кәсіп иелері бекеттерді қайта ашып, өнімдерін сата бастады. Үкімет қанша жерден «өнім бағасын тежеңдер» дегенмен осы уақытқа дейін инфляция орын алып келді. Қолдан уақытша тежеп тұра алармыз. Бірақ «тұрақты түрде жанармай бағасы осы бағамен қалады» деп сенімді түрде айта алмаймыз. Үкімет қазірдің өзінде жанармай тасымалдаушы және өндіруші компанияларға субсидиялар қарастырмаса кәсіп иелері қазірдің өзінде Ресейден 160 теңгеге өнімді сатып алып, елге әкеліп 128 теңгеге сатуға мәжбүр. Ал бұл нарықтың заңына қайшы күлкілі әрекет. Қазір Үкімет Түркменстан мен Әзірбайжаннан жанармай сұрап отыр. Мұның өзі уақытша әрекет. Біздің жанармайды ең мол тасымалдайтын еліміз Ресей. Ал Ресейден өнім тасымалдаудың тиімсіз бола бастағанын, қымбатшылық орын алатынын уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан болашақта біз сауатты әрі нақты шешімдер қабылдамасақ, өнім өндірушілер мен тасымалдаушылар тығырыққа тіреледі. Ал мұның соңы өнім бағасының қымбаттайтынын өзінен-өзі көрсетуде.

Осылайша мамандар «біздің нарықтағы баға да бұғаудан босайды» деп отыр. Себебі біз нарықтағы өнім тапшылығының 40-50 пайызын Ресей арқылы толықтырып отырмыз. Есептеп көрсек, жылына Ресейден елдегі ең ірі деген Павлодар мұнай өңдеу зауытына 6 млн тонна мұнай, 1,5 млн тонна мұнай өнімдері тасымалданады. Бұл жоғарыда сөз еткеніміздей ішкі нарықтағы тапшылықтың 40 пайыздан астамын қамтып отыр. Осы уақытқа дейін Ресей өнімдері елге бұлайша молынан енсе де, отандық нарықтағы жанармай бағасы жыл сайын өсім беріп келді. Ал енді Ресей жанармай тапшылығын көріп, өз еліндегі жанармай өндірушілері абдырап жатқан тұста бізді арзан жанармаймен жарылқай қоймасы тағы анық. Негізінен қазір елдегі жанар-жағармай тапшылығы ірі зауыттарымыз – Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары толыққанды модернизациялау ісіне көшкенде ғана жойылатыны айтылып жүр. Ал бұл ірі зауыттардың нақты модернизациялау жүйесін меңгеретін тұсы 2019-2020 жылдардың аралығын қамтиды. Сондықтан бізге әлі де бұл салада біраз қиындықтарды меңгеруге тура келетін тәрізді...

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 916    Пікірлер: 6
Пікірлерді оқу (6) preloader

сәрсенбі, 17.09.2014, 11:00

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 22:53
Оқытушы және қоғам
15 Қыркүйек, 22:18
Жолдар жаңаруда

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2016
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
қыркүйек
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30