Нарық

Максим Божко:"Бизнесте ешнәрсеге ұсақ-түйек деп қарауға болмайды"

  • Максим Божко:

    Максим Божко:"Бизнесте ешнәрсеге ұсақ-түйек деп қарауға болмайды"

Президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті дамыту бағытында тиісті ведомстволарға бірнеше рет тапсырма беріп, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікке баулу-2020» бағдарламасын іске қосқанынан хабардармыз. Одан бөлек «Даму» қоры «Бастау Бизнес» курсын іске асырып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға ұмтылғандарға жол көрсетуде. Осы орайда, аяғынан тік тұрып, кәсібінің нәсібін көріп жүрген азаматтардың да кеңесі біз айтып отырған топтағыларға өте маңызды. Сондықтан да құс шаруашылығының білгірі Максим Божкомен аз-кем әңгімелесіп, бизнес төңірегінде ой бөліскен едік.

– Құс шаруашылығымен айналысқысы келетін ізбасарларыңызға қандай кеңес бересіз?

– Жаңадан ісін бастаған құс өсірушілерге айтар басты кеңесім – мұнда ұсақ-түйек деген дүние жоқ. Сондықтан бәрі алдын ала жан-жақты ойластырылғаны жөн. Егер электр жарығы десек, қосымша тоқ көзі дизельгенератордың болуы міндетті. Ол электр жүйелері істен шыққанда керек. Себебі онымен бәрі тығыз байланыста. Желдету де, жем беру де тоқты қажет етеді.

Су да дәл солай. Бір ғана біздің құс фабрикамыз тәулігіне 1000 текше метр су пайдаланады. Сәйкесінше «тіршілік көзінің» ең аз дегенде 2 тәулікке жететін қоры сақтаулы тұрғаны абзал. Мұнда еш нәрсеге ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Бәрі де маңызды. Мәселен, жем беруде құрамын тексеріп, сапалы талдау жасау қажет. Тағы да қайталап өтсем, ұсақ-түйек зат жоқ. Тіпті тауыққа не берілуі тиіс, тек соны берген дұрыс. Әйтпесе нәтижеге қол жеткізу қиын. Құс шаруашылығында салғырттық жасасаңыз, шығынға белшеңізден батуыңыз ықтимал.

– Максим, сіз мемлекет қамқорлығымен "Болашақ" бағдарламасы бойынша шет елде білім алып келдіңіз. Бизнесіңізге алған біліміңіздің əсері тиді ме?

– Енді білім алуға келсек. Мамандық таңдауда неге мен проджект-менеджментті таңдадым, себебі бұл өте әмбебап саналады. Оны құрылыста да, бизнесте де, бір сөзбен айтқанда, барлық салада қолдануға болады. Оқуға кетіп бара жатқанымда іштей «Кейін немен айналысамын?» деген үрей болды. Ал қазір жаңа жобалар жасау арқылы дәл сол проджект-менеджмент, яғни жоба менеджментімен айналысып жүр екенмін.

Фабрика салып немесе кәсіпорындарды қайта құру жұмыстарын жүргізгенде, мысалға ұяшықтар немесе суаруға байланысты да жаңа инвестициялық жобаларды бастасақ, бұл жоба болып табылады. Алған білімімнің бәрі маған көмегін тигізуде, бірақ осы жобалық-менеджментті біз Батыстағыдай қолдана білмейміз. Бізге үйреткен біраз нәрсені іс жүзінде пайдалануға болады.

– Шаруашылығыңыздағы жаңа технология жөнінде айтсаңыз.

– Жаңа технологияға тоқталсақ, оны ұзақ сөз етуге болады. Біз барлық салаға жаңалық енгізгенді қалаймыз. Ауыл шаруашылығының құс, өсімдік өсіру, тіпті макулатураны жұмыртқаға арналған ұяшық етіп, пештен суытуға шығарғанда бөлінетін ыстықты, жылу энергиясын сақтауда және қыста температураны жылы ұстау үшін рекуператор қойдық. Басында лентамызда мұндай қарастырылмағандықтан, өзіміз ойлап тауып, оны жүзеге асыратын компанияға жасатып алдық. Бұл – үнемдеу, яғни энергияны үнемдеу үшін қойылған құрылғы. Сондай-ақ барлық жарықтандыруды LED-жарықандыруға алмастырудамыз. Электр энергиясын үнемдеуге байланысты өсімдік өсіру мақсатында дәлдік жер өңдеуді қолға алдық. Егістік жерлердің, топырақтың құрамы жайлы электронды картаға баяндалады. Сөйтіп бұл карта тракторға салынып, ол дән, тыңайтқыштарды сол жердің өнім беруі қабілетіне, топырақтың құрамына қарай түрлі ұрық пен тыңайтқышты тиісінше тастап шығады. Бұл дифференциалды енгізу деп аталады. Сонымен қатар спутниктік мониторинг ауыл шаруашылығы дақылдарының пісіп-жетілуі, ал егер ауру жайласа, соның бәрін қашықтықтан жеткізу құралдарымен ғарыштық түсірілім арқылы көріп отыруға мүмкіндік береді. Былайша айтқанда, сандық технологиямен қамтылуда.

– Құс шаруашылығын таңдауыңызға не себеп болды? Оның пайдалы болатынына қалай көз жеткіздіңіз?

– Менің құс өсіру саласына келуіме алғашында досым әрі серіктесім Александр Лоренс әсер етті. Ол фабриканы қайта құру бойынша шақырғандықтан, мен одан бас тарта алмадым. Себебі бұл қызықты, қайырымды, сондай-ақ нәтижелі іс деп ойладым өз басым. Демек, бір нәрседен басқа затты құрап шығарасың. Бұл дұрыс деп санаймын. Ісіміздің өнімді боларына о баста сенбесем де үміт оты болған еді.

– Сіздің жолыңыз болмаған бизнесіңіз бар ма? Əлде, алғашқы кəсібіңіз бе бұл?

– Ауыл шаруашылығы мен айналысқан алғашқы бизнес емес. Университетті аяқтаған соң өзіміз құрған компанияда телекоммуникация құрылғыларын орнатып, ақпараттық технология саласында IT маманы болып жұмыс атқардым. Астана қаласында жүйелеу жабдықтары, серверлер, мәліметтік жүйелер орнаттық. Ең алғашқы болып сымсыз интернетті іске қостық. Бұл компаниямыз бар-жоғы 4-5 жыл өмір сүрді. Нарық жағдайының өзгеруіне қарай барлық компаниялар мен мемлекеттік мекемелер Астанаға көшіріліп келген соң өздерін осындай құралдармен жабдықтай бастады, кейбірі сатып алды. Сөйтіп мұндай компанияларға сұраныс болмай, жабыла бастады. Біздің де кәсіпорнымызға өз жұмысын осылай аяқтауына тура келді.

– Шəкірт тəрбиелеу ойыңызда бар ма? Əлде бизнестегі отбасылық династия қалыптастырғыңыз келе ме?

– Мен тәлімгерлікпен айналыспайтын шығармын. Бірақ адамдар маған жүгініп жатса, көмектесем, құс өсіру саласында жиған 10 жылдық ақыл-кеңесіммен бөлісемін. Жұмыртқа және ет бағытындағы құс шаруашылығында, өсімдік өсіруде жиналған ақпараттарым мен тәжірибемді айта жүремін.

Ал бизнесті отбасылық династияныкі етуді қос қолдап қолдаймын. Себебі менің 3 ұлым бар. Екеуі болмаса да біреуінің бұл салаға қызығушылығы туады деп сенемін. Оның үстіне мен оларға үнемі фабрикада барлық мамандық түрі бар деп отырамын. Атап айтсам: дәрігер, инженер, бухгалтер, технолог, көлік жүргізуші, механизатор, темір ұстасы мен IT маманы да бар. Әсіресе осыған қатысты сандық технология қазір ауыл шаруашылығы саласында көптеп қолданыста. Меніңше, балаларым менің бастаған жұмысымды одан әрі жалғастырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ


 


 


 




Көрілген: 771    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 18.07.2018, 16:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қыркүйек, 14:13
    Алматыда 1000 үй сүрілмек

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31