Нарық

Салық кодексінде электронды саудаға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

  • © 7282.kz

    © 7282.kz

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі бірқатар жаңашылдықтар еліміздегі интернет-саудаға да ықпалын тигізбек. Ендігі уақытта электронды сауда-саттық қалай жүргізіледі? Осы кәсіппен айналысатындарға Салық кодексінде қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл туралы Қаржы вице-министрі Қанат БАЕДІЛОВ баяндап берді.


– Қанат Ескендірұлы, Қазақстанда электронды сауда-саттық бірте-бірте қа­р­қын алып келеді. Бүгінгі таңда мем­ле­кет кәсіпкерліктің осы түріне қызы­ғу­шылық танытып отыр деуге бола ма?


– Соңғы он жылда әлемдік тех­но­логиялардың қарқынды дамуы интернет-кеңістікте сауда желілерінің бір-бірі­мен үй­лесім тауып, өзара ықпал­да­суы­на өте жақсы жағдай ту­ғыз­ды. Бұл сауда-саттық про­це­сіне қатысушылардың бар­лы­ғына – сатушыларға да сатып алу­шыларға да үлкен мүм­кін­дік берді. Бүгінде интер­нет-дүкендер әлемнің бар­лық өркениетті елдерінде сату мүм­кіндіктерін барынша кеңейтуге және сатып алу белсенділігін барынша арттыруға жол ашып отыр. Атап айтқанда, интернет-дүкендерде ғана бір мезгілде орасан зор көлемдегі тауар туралы толық ақпарат алуға, артық күш пен қаражат жұмсамай-ақ қолайлы тауарды таңдауға және түймешікті бір рет басып сатып алуға болады. Бұл адамдардың қымбат уақытын үнемдейтіні тағы бар. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ел үшін дүниежүзілік интернет-саудадан тыс қалу кешірілмейтін қате болар еді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін элек­тронды сауда – қазіргі за­ман­ның талабы, дамудың жа­ңа деңгейі, әлемнің ең жақсы дамы­ған елдерінің қатарына ену, халықаралық аренада неғұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізу. Сол себепті электронды сауданы дамыту мемлекет қызметінің басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Қазақстан халқына Жол­д­ауында салық органдарына электронды саудаға салық салу мәселелерін пысықтауды тапсырды, осы іске жіті назар аудару керек екен­дігін айтты. Ал са­лық­тық ын­таландыру бизнестегі кез келген бағыт­ты дамыту үшін ең пәрменді құрал­д­ардың бірі болып табылатыны белгілі.


– Бірнеше жыл бұрын тауарды виртуалды әлемде сату «көлеңкелі экономиканың» бір бөлігі саналғаны есімізде. Ал жаңа Салық кодексі сау­даны интернет арқылы жүр­гізетін кәсіпкерлерді нақты қандай жолдармен ынталандыруы мүмкін?


– Фискалды алаңнан тыс жұмыс істейтіндердің барлығы – көлеңкелі экономика. Бірақ қазір Қаржы министрлігі салық төлеушілермен өзара қарым-қатынастың жаңа моделіне көше бастады. Уақыт талабы бойынша ендігі уақытта салық органдары жазалаушы бақы­лаушыдан гөрі кеңес беру­шінің рөлінде болуы керек. Біздің міндетіміз – кәсіпкерге қажетті барлық ақпаратты беру, олардың заң аясында жұмыс істеуіне барынша ың­ғай­лы жағдай жасау. Осыған байланыс­ты мемлекет қолма-қол ақшасыз есеп айы­рысу түрлерін дамытуды жолға қоя бас­­т­ады. Бұл бір жағынан кәсіпкерлерге мем­­лекет назарында қала отырып, заңды табысын алуға, халық­аралық сауда нары­ғына қаты­с­ушы болуға мүмкіндік бере­­ді. Екінші жағынан осылай қолма-қол ақ­ша­сыз төлем кө­лең­келі айналым көлемін азай­туға ықпал етеді. Осыны назарға ала отырып, жаңа Салық кодексінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-дүкен немесе ин­тернет-алаң арқылы өз қыз­­метін жүзеге асыратын кәсіп­­кер­лерге салықтық жеңіл­діктер қарастырылды. Атап айт­қан­да, заңды тұлғалар – корпо­ратив­тік табыс салығын, ал жеке кәсіпкерлер жеке табыс салы­ғын төлеуден босатылады.


– Яғни сауданы интернет ар­қылы жүр­гізетін бизнесмендер осы салық түр­лерін төлеуден толығымен босатыла ма?


– Өте дұрыс айтып отырсыз. Бірақ олар өздеріне жүктелген үш түрлі міндетті шартты орын­дауға тиіс. Біріншіден, тауар үшін есеп айырысу қолма-қол ақшасыз тәсілімен жүргізілуі керек. Екіншіден, сатып алушымен шарт онлайн-режімде жасалуы қажет. Үшіншіден, кәсіпкердің жеке жеткізу қызметі болуға тиіс, не болмаса ол тасымалдау­мен, жіберумен, жеткізумен айна­лысатын адаммен шарт жасасуы керек. Осылайша біз бизнес­ке интернет-алаң арқылы заңды жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Егер сатушы сайтта көрсетілген тауарға сәйкес кел­мей­тін тауар жеткізген болса, сатып алушы­лардың да мүдделерін қорғаймыз. Интернет-сатушылар үшін ең маңызды тұсын атап өтейін. Са­лықтың осы түрінен босату егер жеке тұлғалардың элек­трон­ды сауданы жүзеге асы­ру­дан тапқан кіріс көлемі шаруа­шы­­лық жүргізу субъекті­сінің жыл­дық жиынтық табысы­ның кем дегенде 90 %-ын құрған жағ­­дай­­да ғана жүзеге асырылады. Жаңа Салық кодексінде патент негі­зінде арнайы салық режімінде жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін төмендету көзделгенін атап айту керек. Егер салық төлеуші сауда саласында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жұмыс істесе, онда табыс салығының мөлшерлемесі екі есе, екіден бір пайызға дейін төмендетіледі.


– Электронды саудамен шұғылда­натын кәсіпкер сіз айтып отырған жеңілдіктерді пайдалану үшін арнайы есепке тұруы керек пе?


– Ең алдымен адам жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркеуде тұруы керек. Содан кейін кіріс органдары­на тауарларды электронды сату сияқты қызмет түрін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде жұмыс бастағаны туралы хабарлама жібереді. Кәсіпкер Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің порталында (kgd.gov.kz) тіркелгеннен кейін есеп беру түрін өзі таңдайды. Ол әрбір ресімделген мәміле туралы күн сайынғы электронды шот-фактуралардың үзіндісі болуы мүмкін. Сол сияқты мәміле­лер туралы мәліметтер өзге р­е­жімде де ұсыны­лады. Оны заң­ды тұлғалар тоқсан сайын, ал жеке кәсіпкерлер жыл сайын береді. Ал тауар үшін жасалған төлем туралы ақпаратты тіке­лей банктер немесе өзге қаржы ұйым­дары беретін бола­ды. Тауар­ды тасымалдау және жет­кізу бойынша мәлі­мет­терді Мемлекеттік кірістер коми­те­ті­нің сұрау салуы бойын­ша тиісті субъекті ұсынуы мүмкін.


– Электронды сауда сала­сындағы қыз­метті бастағаны туралы хабарлама беру тәртібі туралы айтып өтсеңіз?


– Хабарламаны жеке кәсіп­кердің тұрғылықты жері, заңды тұлғаның тіркелу орны бо­йынша мемлекеттік кірістер бас­қармасына беруге болады. Кейіннен «е-лицензиялау» мем­лекеттік дерекқоры арқылы электронды хабарлама беруге мүмкіндік ұсынылуға тиіс.


– Электронды сауданың бірқа­тар бөлігі әлі де «көлең­кеде» қалуы мүмкін деп болжауға бола ма? Салық қыз­меттері осы мәселені қалай жетіл­дірмек?


– Жаңа айтып өткенімдей, біздің мін­детіміз – бизнестің заңды алаңда жұмыс істеуіне көмектесу. Сондықтан басты назарды түсіндіру жұмыстарына бағыт­тап отырмыз. Әрине егер кәсіпкер заң бұзу­ды және салық төлеуден жал­таруды жал­­­ғас­­тыратын болса, онда елі­міз­дің заңна­масына сәйкес жауапкершілікке тартылады.


– Тағы бір маңызды мәсе­леге тоқ­тала кетейік. Қазақ­стан азаматы тауарды шет­елдік интернет-дүкен­дерден сатып алса, салық төлеуге тиіс пе?


– Ол жағы тауарды қандай мақсатта сатып алғанымен байланысты. Егер сатып алушы жеке мақсатта сатып алған бол­са, онда кәсіпкер ретінде тір­ке­луге және салық төлеуге мін­­детті емес. Ал импорттық тауар ко­ммерциялық мақсатта, яғ­ни одан әрі қайта сату үшін алынса, онда сатып алушы тауарды сату­дан түскен кірістен жеке табыс са­лығын төлеуге міндетті болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, интернетте тауар сатып алатын қазақстан­дықтарға мына мәселені айтқым келе­ді. Кез келген уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қаржы ми­нистрлігі Мем­­лекеттік кіріс­тер комитетінің порта­лы­на (kgd.gov.kz) кіріп, қан­дай да бір интер­нет-сатушы­ның заңды түрде жұмыс істей­­тіндердің тізімінде бар-жоғын тек­се­ру­л­еріңізге болады. Бәріміз бірлесіп кеңе­се отырып, интернет-сауданың өрке­ниет­ті және заңды нарығын құрайық. Сол ар­қылы елімізді әлемнің ең дамыған ел­дері­нің қатарына бір қадам болса да жақындатамыз.


Әңгімелескен Арнұр АСҚАР, 


«Егемен Қазақстан»


 


 




Көрілген: 483    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 24.01.2018, 10:28

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31