Жас жұбайлар астына түсіп те, үстіне шығып та, әй, бір атасы потодан өлгендей түседі
Осы күні тойларда жас жұбайлар туралы бейнеролик көрсетіп жүр ғой. Мейлі ғой, көрсете берсін. Қызғанып отырған жоқпыз. Алайда сол бейнероликтің мазмұны тәрбиелік мәнге ие болса дейміз дә. Бүгінгі тойларды тәрбиеге тұнып тұр деп айта алмаймыз. Соның бірі әлгі бейнеролик. Ол тойда үлкен де, кіші де, бала да, шаға да отырады. Оны ескермейміз де, тойдың ортасына келгенде тек жастарға ғана қызықты, соларға ғана қажетті (онда да тек үйленіп отырған екі жасқа қана тиесілі) дүниені бүкіл қауым алдына паш етеміз. Онда жас жұбайлар бір-бірін жаңа көргендей, құшақтасып та, сүйісіп те, жатып та, тұрып та, бір-бірін көтеріп те, астына түсіп те, үстіне шығып та, әй, бір атасы потодан өлгендей түседі дейсіз. Ол роликті ата-әжелер, әке-шешелері қарай алмай беттерін басқанын талай көрдік. Ұят, ә?
Мейлі ғой, көрсетсін. Бірақ, мұндай анайы түрде түсірмей, келіннің сызылып шай құйып отырғанын, күйеуінің бақыттан жүзі бал-бұл жанып келіншегінің қолынан кесе алып отырғанын түсірсе деймін де. Немесе келіншегіне сақина сыйлап жатқанын, некесін қидырып жатқанынан көріністер көрсетілсе. Түсіріп те жүр. Алайда, тек кейбір тойларда ғана, Осыны кеңінен насихаттап жіберсек, жаппай қолданысқа енгізсек, ана ескі жұрттың қаңсығы өзінен өзі шетке ығысар еді-ау.
Ержан Тәліп
Фейсбуктегі парақшасынан