Сен тұр - мен айтайын!

Жеңгеңнің құйрығына ие болмайсың ба?

  • Жеңгеңнің құйрығына ие болмайсың ба?

    Жеңгеңнің құйрығына ие болмайсың ба?

ЖЕҢЕШЕМНІҢ "ҚҰЙРЫҒЫ"


Тоқсаныншы жылдардың "топалаңында", біз журналистер, немен айналыспадық десеңші. Шемішке де саттық, газет те саттық, киім де саттық. Қазір дүңгіршек деп жүрген темір "кійөскіні" де жасатып алып, арақ-шарап пен темекінің түр-түрін де саудаладық. Бірақ, неге екенін білмеймін, бір жарымай-ақ қойдық.

Сосын бір күні базарды "аузына қаратып тұрған" жеңгеме бардым. Ет сататын. "Пайданың көкесі ет сататындарда" деген соң ғой жеңгемді жағалап жүргенім. Бірақ ет сату дегенің де ақырзаман жұмыс екен. Құлқын сәріден көзіңді тырнап ашасың да далада капотын қырау шалып, "мұз" боп тұрған жаман "Волгаңның" пүржіңкелері ызғар ұрған орындығана тыжырына отырып базарға жетесің. Ал базардағы ет сататын бас корпустың алды "базардың ішіндегі базар" сияқты. Азанмен ет әкелгендердің көлігіне өңмендей ұмтылып, бір-бірімен қырлысып, айғай-шудың әкесін танытып жатқан алыпсатарлардың додасының арасында қалтқыдай қалтылдап жүргенің сол. Біреуі жылқының, екіншісі сиырдың, үшіншісі қойдың еттерін арзанға алып қалғысы келеді әйтеуір. Ал ет әкелгендер арзан бағаға тірі берсін бе, тауарының әр гармын пұлдап тұрып алады.

Жеңгем бірден қойдың "туштарына" қарай ұмтылады. Мен елпілдеп соңынан ерем. "Туштардың" тұрпаттары да әр түрлі: Аяқ-қолы сыриған арығы да, майлары былқылдаған семіздері де бар. Орташалаулары да жетеді. Құйрықтары кетпендей қазақы қойдың еттерін көргенде аузыңнан сілекейің ағады. Қойшы, сонымен әйтеуір өлдім-талдым дегенде бұйырғанын қолға түсіріп, ет сататын орнымызға келеміз.

Сауда деген де құмарпаздардың ойыны сияқты "азарты" сұмдық бір бәле, кіріп кетсең қайтып шыға алмай қаласың. Саудаң жүрген сайын құныға түсіретін және бір "дерті" бар. Қолыңа түскен ақшаны еттің үстімен бір сипап, ырым-сырымын жасап дегендей мойныңа іліп алған, май сіңген тысы жылт-жылт еткен қалтаңа тыққыштайсың сосын.

Жеңгем сауданы қыздырушы. Мен көмекшісі ғана сияқтымын. Дұрысы, "көлеңкесі" деген жөн шығар. Өйткені ет алатындар маған емес, көркіне көз тоймайтын жеңгем үшін келетін сияқты базарға.

Өстіп саудамыз кісі қызыққандай боп жүріп жатқан. Бір уақытта жеңгемнің:

-Ойбай, менің құйрығым қайда? - деп баж ете қалған даусынан сек ете түстім.

Құр баж ете қалса жақсы ғой, әлгі баж ете қалған дауыспен бірге бақырайған танадай көздерімен мені де жеп барады. Өйткені жеңгем сауда жасап, ақша санаумен айналысып жатқан кезінде, "суық қолды" пәлелердің сумаңдаған әрекеттерінен қорғап тұратын "охранник" сияқты міндетім де бар етін. Әркімге бір аңқиып қарап тұрам деп онымды ұмытып кеткем ғой.

Жеңгем сол жылдары аттары Алматыға дейін дүрілдеп шығып кеткен Амангелді деген "рэкеттер" тұратын ауылдың қызы еді, айқайды салып, дереу базардың есігін жаптырып тастады. Кейбіреулердің "есікті неге жаптырасың, саудамыз жүрмей қалатын болды" деп ұлардай шулағандарына пысқырған да жоқ. Мен болсам "бүгінгі табыстан құр қалдық деген осы" деп ойым он саққа жүгіріп ойсырап тұрмын. Өйткені ақшаның қарамын көбейтетін де осы құйрықтан түсетін кіріс қой. Ал ол болса жер жұтқандай жым-жылас.

Есікті бекітіп алған жеңгем қасында тұрған саудагерлерден бастап "тінту жұмыстарын" шұғыл бастап кетті. Біреудің сөмкесі, енді біреуінің пакеті дегендей жеңгем жүріп өткен жерде бәрі айра-жайра боп қап жатыр. Бір кезде, о, тоба, бұрышта елеусіздеу жатқан пакеттің ішінен жеңгемнің былқылдаған аппақ құйрығы жарқ етіп шыға келгені. Бағаналы бері екі иығымнан басқан зіл батпан жүк өзінен өзі сырғып түскендей "уһ" деппін. "Уһ" деппін деймін, қуанғаным сонша, жүгіріп барып жеңгемнің былқылдаған аппақ құйрығыннан сүйіп-сүйіп алдым. Айналамыздағы саудагерлер де мәз:

- Жеңгеңнің құйрығы құйрық-ақ екен да шынында!

-Құйрық деп осыны айт! Сата алсаң нағыз ақша ғой!

-Әй, сен өзің ай қарап тұрсың ба, жеңгеңнің құйрығына ие болмайсың ба? Кім-көрінгенге жем ғып, - дей ма, әйтеуір әрқайсысы бір-бір сөзден "оқ атқылап" жатыр мен жаққа.


***


Қазір сол тоқсаныншы жылдарды сағына еске аламын. Өйткені ол қасқырша қасарысып, өз жарамызды өзіміз жалап жазып, өмір сүруге үйретті. Жемірлерге жем болмауға шыңдады.

Әрине, "жеңгемнің құйрығы" жайлы қызықты оқиғаларды да айтып күліп аламын.

Айтпақшы, жақында жеңгемнің үйіне бардым. Мәссаған, қаланың қақ төрінен екі қабатты коттедж салып алыпты. Ауласында дәу қара джип машинасы тұр. Ал көкем болса тапшанда самаурынның шәйін ішееп шіреніп жатыр...

Ал мен болсам газет жұмысына қайта кеткем. Қазір жүрмін сол жылына бір рет келетін төл мерекеміздегі аз-маз сыйлықты аңдып. Бірақ біз жақта оның өзін жоғары жақта тамыр-танысы бар пысықайлар менен бұрын қағып кете береді ылғи.


Көсемәлі Сәттібайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 5117    Пікірлер: 0

жексенбі, 01.07.2018, 11:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    17 Қараша, 18:16
    Хиджап туралы нүкте
    11 Қараша, 19:42
    Несіне жылайсыздар?
    28 Қазан, 19:35
    VIP-АЖАЛ

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30