Сен тұр - мен айтайын!

Қазір боялған кірпіктің өзімен жылап көріскендейсің

  • Қазір боялған кірпіктің өзімен жылап көріскендейсің

    Қазір боялған кірпіктің өзімен жылап көріскендейсің

 КІРПІК

жайында бір түп ой


Қоғамдық көлікте қашанғы көзіңді жұмып тұра аласың. Анда-санда жанарыңды ашқанда көретінің – жасанды кірпік. Отыз-қырық жыл бұрын дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған «мама» дейтін қуыршақтың кірпігіндей.

Көз адам денесінің маңызды мүшесі десек, оның сақшысы – кірпік. Адамды жаратқанда оған берілген міндет – көзді күзету.

Өзі бастапқыда, бала кезде біз үшін сұлулық емес, батырлық белгісі болып саналатын. Бурабайдың бір шыңы туралы өлеңінде Қадыр Мырза Әлидің:

«Батырлар «Оқжетпес» деп атамаса,

Ақындар «Сөзжетпес» деп атар едік» дейтіні бар. Сол сияқты ғой.

Неге батырлық белгісі? Өйткені, «кірпік қақпады» тұрақты тіркесті көп естідік, оқыдық. Кірпік қақпау – қайсарлық, батырлық белгісі. Мектепте, мектепке дейін де балалар арасында «кірпік қақпау» деген ойын болатын. Кім ұзақ уақыт кірпігін қақпай тұрып алса, сол жеңімпаз болады. Бұл да батылдыққа баулитын қадам болса керек.

Сосын «кірпік ілмеді» деген тұрақты тіркес бар. Ұйықтамай шыққанды айтады. Бала кезімізде қой қорыған шопан, күзетте жүрген жылқышы, шеп сақтаған шекарашы туралы көп оқысақ керек. Сайып келгенде кірпік ілмей шығу да – ерліктің белгісі ретінде санада сақталыпты.

Тағы не еске түседі өзі? Ауылда бетін әлдебір жалын шарпып, күйіп қалған баланың кірпіктері әппақ болып қайта шыққан. Оған елдің қойған аты – «Бұзаукірпік». Иә, біз білетін төлдің ішінде бұзаудың кірпіктері ұзын еді. Ботаның көзі жақсы, бірақ кірпік мәселесінде бұзаудан озғаны жоқ.

Бала кездегі кірпік туралы бар түсінік осымен тынған.

Беріде қан ойнай, күш керней, жүрек тулай бастаған шақта бұл кірпігіңіз батырлық символынан сұлулық белгісіне қалай ауысып кеткенін аңғармаппыз. Сол жүрек тулап жүрген кезде бір аяулы жанға жолыққанбыз. Екеуара жалғыз ойынымыз болды. «Алақан қытықтау». Біз қазіргідей сүйелденіп, мүйізденіп кете қоймаған алақанымызбен ақырын көзін басатынбыз. Сонда аяулы жан кірпігін қағып-қағып жіберетін. Тұла бойымызбен жеңіл діріл жүгіріп, қытығымыз келетін. Біз алақанымызды екі көзіне кезек тосудан, ол кірпігін қағып, қытықтаудан жалықпайтынбыз. Кірпігі... ұзын еді. Балғын еді.

Сол тұста одан басқалар жаппай кірпік бояйтын. Айтулы Шона Смаханұлы бұл көріністі де сатира найзасына ілген. Былай:

«Шіркін-ай,

Қарындастың кірпігі-ай.

Бояғаны соншалық

Әрбір талы шырпыдай».

Шіркін-ай, екі-ақ жолға бар уытты сыйғызған Шонадай сықақшы қайда? Біз міне, боялған кірпіктің өзіне зар болған заманның сатирасын кім екі жолға сыйғызар еді?

Қазір балғын кірпік тұрмақ, боялған кірпіктің өзімен жылап көріскендейсің. Айланаң түгел жасанды кірпік. Онымен тек жасанды алақанды қытықтауға болар. Сонда жасанды жүрек арқылы жасанды қан тулап ала жөнелетін шығар.


facebook.com парақшасынан 




Көрілген: 1272    Пікірлер: 0

бейсенбі, 15.03.2018, 08:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    7 Шілде, 17:43
    Өйткені, ол ОЛ ғой.

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31