Сен тұр - мен айтайын!

Қазір мен өзгенің қабағын бағып, жарамсақтана жүруді үйрендім

  • Қазір мен өзгенің қабағын бағып, жарамсақтана жүруді үйрендім

    Қазір мен өзгенің қабағын бағып, жарамсақтана жүруді үйрендім

Келесі аялдама


‌Құрғыр жұмыстан әдеттегі күннен кештеу шықтым. Далада үп еткен жел жоқ, бірақ ызғарлы қара суық. Күн енді батса да түнерген аспан айналаны түнекке еңгізіп жібергендей, қараңғы тартқан. Астананың көктемі белгілі емес пе? Көктемнің шуағы келсе де Астана әлі де қыс құшағында. Көктемнің шуағы деймін- ау...

Қара суық тұла бойымды шарлап, денемді тітіркендіріп жіберді. Мойынымды еріксіз ішіме тартып, бүрсеңдей аялдамаға қарай тездете жөнелдім. Аяғым астындағы қарлар сықыр-сықыр етеді. Аялдамада автобус күткен бірнеше адамдар ғана. Бәрі мойындарын ішіне тығып, жаңбырдан ықтап тұрған ешкілерше бүрісіп тұр. Сыртынан қарасаң өмірдің кермек дәмін татып, еңсесін көтере алмай, тұрмыстан қиналып жүрген жандар сияқты. Бастары салбырап кеткен.


Менде ешкі сияқты бүрісіп тұрған шығармын ә?- деп ойлап қоям. "Қой ендеше серке сияқты тұрайын" деп бойымды тіктедім. Баяғыда қой жайып жүргенімде жаңбырдан қашқан ешкілер мойындарын ішіне тығып, жартасты паналай осылай бүрісіп тұратын еді. Күткен автобус құрғыры әлі жоқ. Қара суық мойыныма қайтадан кіріп, денемді қытықтай тітіркендіріп жіберді. Ешкі сияқты қайта бүрістім де қалдым. Еңсемді тік ұстап не қылайын? Онсызда мынау өмір құрғыр еңсеңді басып, жастық жігерімді жасытып келеді емес пе? Қанша ма рет қасқайдым? Қаншама рет өзгенің алдында бойымдағы арымды тік ұстадым? Соны мына дүние көрді ме? Тексіздің алдына намысымды жығып, сатылған дүниенің алдында еңсемді жыға беретін әділетсіз өмірді көрген қу басым енді табиғаттың ызғарына, заңына қарсы еңсемді тік ұстамақпын ба? Ақмақсың. Қазір мен өмірдің көші мен, өзгенің көңілмен жүруді, қабақты бағып, жарамсақтана жүруді үйрендім. Жоқ үйретті...


- Папа, папа когда приедет автабус?- деген кішкене баланың дауысы ойымды бөліп жіберді. Төрт- бес жасар ұл әкесінің қолын тартып тағатсыздана тұр екен.

- Скоро, сынок терпи, - деді. Түрлері қазақ. Баласымен орысша сөйлескесін сынай бір қарап шықтым. Бойымды ашу қысып, сонау ауылдан келген жылдары ұстанатын принциптік намысым оянып кетті. "Қазақсыңғой аға, балаңа қазақша сөйлеп, қазақша тәрбие берсей" дегім келіп өзімді әрең тоқтаттым. Мен атаның тәрбиесімен өскен ауылдың қара домалақ баласы едім. Біздің ауылда орысша сөйлейтін қазақтар жоқ еді. Қалаға барып келгендер орысша сөйлегенде үлкендер "Тәйт" деп ұрсатын. Содан ба әйтеу орысша сөйлеген қазақты көрсем қаным басыма тебетін. Ауылдан келген жылдары маған орысша сөйлеген орыс, қазақтардың талайымен жаға жыртысып, талай жұмыспен қоштасып едім. Орыс тілдің ығымен жүріп, тек ғана "да кәнешні" деп жүрсем қазіргідей құрылыста жүрмес пе едім бәлкім?!


Құрғыр күткен автобусым келді-ау ақыры. Біраз адам күтіп қалыпты. Бәрі жапатармағай автобусқа ұмтылды. Біздің Қосшыға баратын автобус алдымен Астананың сол жағалауындағы ең көрікті жерлерімен жүріп, содан ары үйге қарай бет түзейтін. Автобус іші жылы, әрі қаланың жарық жеріне келгесін автобустағы адамдардың бетіне сәл де болсын қан жүгіргендей болды. Бір кезде автобусқа қолына гитара ұстаған ер адам кірді. Қасыма келіп, автобус терезесіне сүйеніп тұра қалды. Аузынан арзан алкогольдің иісі бұрқырайды. Қасымдағы бірнеше адам ауыздарын басып, автобустың артқы жағына қарай ығысты. Мен де сұраушы біреуме деп басынан- аяғына дейін бажайлай қарадым. Киімдері көнелеу болса да кірі жоқ мұнтаздай, үтіктелген екен. Жасы 45-50 шамасында. Қою мұртты, қасы да мұртына сәйкескен қою. Қара торы өңді, көзі өткір келген қазақы, келбетті азамат екен. Тіке қарадым. Өткір көзінің ар жағында мұң жатқандай. Еріксіз жыпылықтайды әйтеу. Содан гитарасының құлағын бұрап алды да, ерекше бір аккордпен ойнай жөнелді. Әлгенде ғана қарамай тұраған адамдар еріксіз мойынын бұрып, қызықтай қалды. Әуен баяулап келді де бір сарынға түсіп, Шәмшінің әнінен бастап жіберді. Дауысында ерекше ырғақ бар, нағыз ер азаматқа тән қоңыр дауыс екен. Бірақ назды. Әннің қайырмаларын ерекше созып, өзгертіп айтады екен. Дауысының ар жағынан "Ей, өмір" деп айғайлап тұрғандай. Әсерлі. Автобустағы барлық адамдар әннің әуеніне еліп кеткен тіпті таяп алыпты.


Кел билейік, кетпе менің қасымнан

Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.

Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды

Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған...


Гитараны қатты ұрып- ұрып шертіп жіберді де бір күрсініп алып, баяу тағы бір әнге басты. Жұрттың бәрі іштен тынып қалған. Аяқ асты пайда болған әншіге таңдана да аянышты да қарап тұр.


Ақ қанат арман белден асып,

Қалықтап бара жатыр.

Адамдар күтіңдер аңсағанын,

Оралар қарада тұр....


Бірнеше адамдардың еріксіз күрсінген дыбысы естілді.

Бет әлпеті алпыстан асқан, орындықта отырған бір аға:

- Шырағым, ауыл туралы ән салшы?- деді. Бетіндегі әжімдер өмірдің сан қиылы жолдарындай сайрап жатыр.


Көктемді сағындым ғой,

Өткенді сағындым ғой.

Өзіңмен бірге жүрген

Көк белді сағындым ғой...


Бағанағы ағам, бетін бір сипады да:

- Ой, жалған-ай,- деп бір күрсінді. Автобус ішіндегі барлық жолаушыларға көз жүгіртіп шықтым. Бәрі түнеріп, ойға кеткен. Бәрі артында қалған ауылдарын ойлап тұрғаны анық. Бойымды сағыныш билеп, көптен мұз болып қатқан көңілім еріксіз босап кетті. Өмірдің ағысына ереміз деп бір сәт өткенге де қарайламаппыз. Тіпті оған мұрша да жоқ. Өмір оған жар бермейтін тәрізді. Әннің әуенімен сөзі мындағы әр бір пенденің шерменде болған көңілінің күйін шертіп жатқаны анық. Бағанағы әке баласын алдына құшақтап алып, терезеге тесіле қадала ауыр ойда отыр.


Ауылды сағындым ғой, сағындым ғой

Бауырды сағындым ғой сағындым ғой...


Әннің қайырмасын созып, бірнеше рет қайталады. Ішімнен тағы бір қайталаса екен деп тілеп тұрдым. Бейне бір қазақты бауырмалдыққа, қазақылыққа шақырып тұрғандай әсер алдым. Гитараны тағыда ұрып- ұрып ойнады да шыңқ дегізіп аяқтады.

- Болды, - деді. Ешкім қол шапалақтамады. Бәрі ауыр ойда еді.

Бір жігіт қалтасынан мың теңге алып ұсынып еді, қолын қайтарып:

- Мен әнді ақша үшін емес, көңіл үшін айтамын. Ақша керек болса тойға кетпеймін бе бауырым?!- деп еріксіз жымиды.

Есікке қарай беттеді де артына қарап:

Қарашада қара үй тұр

Қарайлай жүр артыңа,

Әнін тыңда күйін ұқ

Басыңды іи салтыңа,- деді де түсіп қалды.

- Қайран, арыстай азаматым- ай,- деді бағанағы отырған аға.

"Следующий конечная остановка"

Бағанағы әкенің баласына:

- Келдік, ұлым. Кеттік,- деген сөзін естідім. Қазақша сөйлегеніне іштей қуанып қалдым.

Жарықтан қараңғылыққа келіп тоқтаған автобустан адамдардың көздерінен от жанып түсіп жатты. Сырттағы ызғарды елегім де келмеді. Ішкі жан дүнием одан да ызғарлы, алай- дүлей еді.

"Келесі аялдама бақыт мекені болса екен" деп менде қара үйіме, жоқ пәтеріме қарай беттедім...


Нұрбол Ханағат

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1486    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 12.03.2018, 12:06

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 16:17
    "Я тебя тоже люблю",- деді
    14 Қыркүйек, 12:38
    Бізді тонап отырған кім?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30