Сен тұр - мен айтайын!

Көп адамның басына "осы менің шаруам қанша?" деген ой кіріп-шықпайды

  • Көп адамның басына

    Көп адамның басына "осы менің шаруам қанша?" деген ой кіріп-шықпайды

Шаруаң болмасын!


Қарашы, мына келіншектің жасы отызда, баласы жоқ. Айналасындағылардың ерінбегені "әлі жүрсің бе?", "өзің үшін болса да біреуін тауып алмайсың ба?", "уақыт өтіп барады ғой", "ертең босана алмай қиналасың" сарында, есіркеп-мүсіркеп, таңқалған болып, сұрақтың астына алады.


"Бұйырған күні болады ғой" дер келіншек көзін төмен салып. Не болмаса "Қойшы, маған әлі бала керек емес" дер ашуланып. Сенің көзіңше. Оңаша қалғанда ол жылайды.


Біреуі төрт түсігін еске алып жылар. Бойына бала біткен сайын қалай қуанғанын, ол бала түсіп қалғанда қалай жылағанын есіне алып бір жылар. Енді біреуі бармаған дәрігері, есігін қақпаған балгері қалмаса да, алты жылдан бері бала көтере алмай жүргенін ойлап жылар. Енді бірі сол балаға әке болар азаматты әлі жолықтырмағанын ойлап жыласа, енді біреуінің сүйген азаматы балалы болғысы келмейтін шығар. Тағы біреуінің күйеуі кінәратты шығар, бірақ оны сүйгендіктен тастап кете алмайды. Енді біреуінің денсаулығы көтермейді...


Әрқайсының бір себебі бар, ол соны ойлап жылайды, ал сен оны білмейсің. Саған айтып қалсаң болды. Әйтпесе, ол еміреніп сәби сүйгісі келмейді деймісің...


Енді бір келіншек. Жасы отыздан жаңа асса да төрт баласы бар. Айналасындағылардың ерінбегені "Өлдің бе жылда күшіктеп?", "Футбол командасын құрайын деп пе едіңдер?", "Презерватив, таблетка деген нәрселер бар, білесіңдер ме?" деп, әзілі бар, шыны бар, әйтеуір бір айтып қалады.


Келіншек "Енді, демографияға үлес қосқан түріміз ғой" деп ыңғайсызданып күлер, бірақ үйіне барып жылайды.


Өйткені, бесіншісіне аяғы ауыр және поликлиникадағы акушеркадан бастап, ертең осы бала мектепке барғанша, жұрттың мысқылдай қойған сұрағына жауап беруге мәжбүр болатынын біліп жылайды. Өзінің не күйеуінің бір атадан жалғыз екенін, бауырсыз өсу қандай екенін білгендіктен баласы көп болғанын қалағанын ойлап жылайды. Жұрттың сөзінен мезі болып жылайды.


Енді бірі шын мәнінде жыл сайын бала тауып шаршағаннан жылайды. Өмірі тек жөргек жуумен өтіп бара жатқанын ойлап жылайды.


Әрқайсының бір себебі бар, ол соны ойлап жылайды, ал сен оны білмейсің. Саған айтып қалсаң болды.


Әне бір келіншек кетіп барады. Жасы қырықта. Бір баласы бар. Соны өбектеп отыр. Ал сен қасына барып, "қырықтан көп асып кетпей тұрып тағы біреуін тауып алмайсың ба?", "бала жалғыз өскені жаман ғой" деп ақыл айтып кетесің. Келіншек саған қарап күлімсірегенмен, үйіне барып жылайды.


Бірі осы баланың өзін қанша азаптан өтіп барып тапқанын есіне алып жылайды. Енді бірі осы балаға босанғанда дәрігердің қатесінен жатырынан айырылғанын ойлап жылайды. Енді бірі осы баланың әкесінің артында жесір қалғанын ойлап жылайды. Енді бірі осы баладан кейін көтергенінің бірі де тұрақтамай түсе бергенін ойлап жылайды.Бірі осы баланың өзін әрең бағып жүргенін ойлап жылайды. Енді бірі шын мәнінде осымен тоқтағысы келіп тоқтағанын ойлап, сенің сөзіңе ызаланып жылайды.


Әрқайсының бір себебі бар, ол соны ойлап жылайды, ал сен оны білмейсің. Саған айтып қалсаң болды.


Бірақ, көп адамның басына "осы менің шаруам қанша?" деген ой кіріп-шықпайды. Баласыз келіншекке бала бере аласың ба? Көп балалы келіншектің балаларын бағысасың ба? Бір баласы бар әйелге тағы бала табатын жағдай жасап бере аласың ба? Жоқ? Ендеше, шаруаң болмасын.


Надира Анжельден ықшамдап еркін аударылды


Назгүл Қожабек

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 911    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.03.2018, 12:46

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    7 Шілде, 17:43
    Өйткені, ол ОЛ ғой.

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31