Мал дәрігері айғырдың өз енесіне шаппайтынын білмейді екен

Мал дәрігері айғырдың өз енесіне шаппайтынын білмейді екен

Айғырқұлаған

Қытайдағы Тарбағатайдың Шағантоғай аталатын үлкен ауданы кезінде атақты бай Басбай Шолақ мекендеген әйгілі өңір. Сол өңірде, өткен ғасырдың 50-жылдарында, ел есінен әлі күнге дейін өшпей келе жатқан сұмдық бір оқиға болыпты. Бұл оқиғаны екі-үш жылдан бері төрт-бес адамнан естідім, айтушылардың әңгіме шашағын әртүрлі шығарып айтатыны болмаса негізінен бір жүлге, ұқсас деуге болады. Аз күннің алдында жасы жетпістен асқан кәріқұлақ ақсақалдан тағы да естідім. Сосын, «қой, өмірін жартылап, ақыретін ғана уайым қып жүрген бұ кісі өтірік айта қоймас, жазайын» дедім.

Шағантоғайдың түгін тартса май шығатын түңкелі жайлауына төрт түлігін төңкеріп тастап, кереге жайдырмас шалғынына желң тарттырып, ақсақалдар алты қанат ақордаға ырғалып кірер, шанағы тошын қоңыр домбырадан күрп-күрп күй сауып, аракідік кідірте тұрып, әңгімесін ары қарай тайпалтар, қазір айтсаң ертегідей естілер берекелі бір заман екен-ау ол…
Сол ауылға үш салт атты келеді. Мал дәрігерлері екен. Екі қытай, бір қазақ. Ол кезде Шыңжаңға қытайлардың енді келіп жатқан кезі. Мал атаулыны Шыңжаңға келгенде көріп, үкімет тапсырмасы бойынша осы мал дәрігерлік мамандықты оқыған екі қытайға қасындағы қазақ әрі тілмәш, әрі «мал танытушы» болып қызмет етеді екен. Жоғалған биенің ішінде кеткен құлынды ізінен танитын қазақтың төрт түлік жайындағы әңгімесі ортайған ба, дастарқан басында текті жануар жылқы туралы айтылып, айғырдың өз жатырына шаппайтыны жайлы сөз болады. Мұны естіген ана екеуі «тым асырып жібердіңдер, мүмкін емес» деп бастарын шайқап, сенбейді. «Оны аз десең өз белінен болған байталды үйірінен қуып шығарып тастайды, өз баласына мүлде шаппайды, ол байталды басқа үйірге қосу арқылы ғана құлындатамыз» деп пәлен мың жылдық тарихқа аян дүниені мыналарға түсіндіре алмай дығырлары құриды. Ол екеуі де ерегесіп алған, дау аяғы «бізді мазақ етіп, әдейі айтып отырсыңдар» дегенге саяды. Сөйтіп, «Құдай-ау, мал дәрігер екеу айғырдың өз енесіне шаппайтынын білмейді екен», «Бетім-ау, мал дәрігер екеу айғырдың өз енесіне шаппайтынын білмейді екен» деген кешкі жаңалық ақбоз үйдің киіз есігінен атылып шығып, ауыл-ауылды аралай жүгіреді.
Әлгі екеуі толық иланып кетпесе де, айтушылар сөздерін соншалық сенімділікпен айтқандарына қарап ойланып қалса керек, әуестіктері қозады. Ертесі «сынап көрсек» деп тілмәштің мазасын алады. Ондай «сынақты» ақсақалдар естісе айналасын түйе тарпығандай қылатынын айтқан тілмәш жігіт азарда-безер болады. Бірақ ана екеуі де қоймайды, «онда бізге өтірік айттыңдар» деп дауды қайта басынан бастайды.
Ақыры тілмәш жігіт ауылдан алыстау, өрістен жылқы қамап ұстауға арнап қаланған жартас түбіндегі тас қораға есік пен төрдей күрең айғырды арқыратып алып қалады да, қасына өзге үйірдегі өз енесін әкеліп қосады. «Ал, аңдыңдар» дейді де тілмәш өзі ауылға кетіп қалады. Қасында айғыр қамасуға келген екі-үш жас жігіт бар, ана екеуі қалады аңдып.Мүмкін емес қой, айғыр өз үйірін, бие өз үйірін іздеп екі жаққа қарап кісінейді де тұрады. Ал бұлар жаздың ұзақ күнінде жата-жата жалығады. Айғыр қамасуға келген жас жігіттердің бірінің әжептәуір қытайшасы бар екен, енді ақылдаса келіп бұлар басқа амалға көшеді.
Осыдан кейін бүкіл Шағантоғайды, жалғыз Шағантоғайды ғана емес-ау, бүкіл Тарбағатайды орнынан тік тұрғызған сұмдық оқиға болады. Бұл оқиғадан кейін әлгі екі дәрігер Тарбағатайдан аластатылып, айғыр қамасуға барған жас жігіттердің арқасын ауыл үлкендерінің өткір қамшылары осып-осып түседі. Ең ауыры, алдын өзінен жас түгілі, өзінен үлкендері кесіп өтпейтін елге сыйлы Кітапбай ақсақал жылапты. Ол деген үлкен оқиға. Бауыр еті баласы дүниеден өткенде көзіне жас алмай, жылаған елді өзі бекіткен діні берік, айтқан сөзі ауруды орнынан тұрғызардай адуынды адам екен. Сол кісі жылапты. Сол жылау аңыз боп таралып, ел ішін онан сайын дүрліктіріп, адуынды жігіттердің ашуын асқындырып жіберіпті.
Күн ұзақ ойлағандарын орындата алмаған соң жігіттер биені шідерлеп қойып айғырды жетелеп әкеліп «қойт-қойттайды». Шаптыра алмайды. Айғыр тік секіріп кері қашады, бие болса осқырынып шідерде тыпырлайды. Осылай сағаттап әлекке түскен соң дәрігердің ойына онан да мықты амал түседі. Қанжығада жүрген мал дәрігерлік қоржынынан қоздырғыш укол алып шығады да айғырға егіп жібереді. Айғыр айнала шауып, оқыранып биеге жетіп келеді де жалт беріп, тік шапшып кісінейді. Ойларындағыны орындатпай тынбауға әбден бекіп алған жігіттер енді жағаласып жүріп айғырдың көзін таңады. Ноқтаға қосып байлаған дастарқандай шүберекпен шандып тұрып байлайды. Салған укол бойына әбден тарап шыдас бермеген, көзі тас қараңғы таңылған хайуан жанасып тұрған өз енесіне алдыңғы екі аяғын артып жібереді ғой… Өз құлыны — күрең айғыр оқыранып кеп аяқ салғанда боз бие шыңғырады, темір шідермен үш аяқтап шідерленген боз бие шыңғырып кеп тұмсығымен жер тірей құлайды.
«Өзін туған биеге артылмайтыны қәне?» деп аналар мәз болысып айғырдың көзін таңған шүберекті шешеді. Сол-ақ екен, тыпырлап жатқан биеге бір қарап, кісінеп жіберген күрең айғыр әдетте жылқы секіре алмайтын тас қораның қабырғасынан сыртқа бірақ атылады. Кісінеп бара жатып шыңғырады, шыңғырып бара жатып кісінейді. Ол дауысты тұтас ауыл естиді, ал күрең айғырдың ендігі оқиғасын қымыздан келе жатқан шалдар көреді. Орқаш-орқаш Тарбағатай тауларының бір қуысында жайлап жатқан ел ғой бұл. Қымыздан келе жатқан шалдар айғырдың шыңғырған дауысын естіп қап «қасқыр шапты ма» деп елеңдесіп, үйіріліп тұра қалған ілкі сәтте, тап қарсы беттеріндегі биік құздың басынан шыңғырып кеп шыңырауға бірақ атылады күрең айғыр, шыңғырып құлап келе жатады күрең айғыр. Шыңғырып кеп… құз етегіндегі түйеқорымға дал болып түседі, дал болып…
Бір сұмдықтың болғанын сезген шалдардың жартысы күрең айғырдың қасында қалып, қалғаны айғыр келген жаққа шаба жөнеледі. Сөйтсе, аналар тұр ыржалақтап, мойнын түйейше жерге төсеп боз бие жатыр. Айғырдың құлағанын қайдан білсін, біреуі болған жайды айтпақ болып «…укол салдық, …боз биеге шаптырдық» дей бергенде, ақырып келген ақсақалдың қолындағы алты таспа бұзау тіс сарыала қамшы арқасын осып-осып өтеді. Тас қораның маңайы айқай-шу. Алдарына салып ауылға айдап әкеледі…, Боз бие болса сол жатқан орынан тұрмапты, бір тал шөп, бір тамшы су татпай жатып тулаққа айналыпты жануар.
Күрең айғырдың құздан құлағанын көзімен көрген Кітапбай ақсақал ас ішпей ары қарап жатып қалады. Малдың күйігінен емес, обалынан. Әйтпесе күреңайғыр өзінікі де, жақын ағайын тумасынікі де емес, қаймана бір қазақтың жылқысы екен. Бірақ Тарбағатай бетін ағалаған не бір жүйрік осы күрең айғырдың тұқымы дейді. Күрең айғырдың таң атқанша шабуылдаған үйірлі қасқырға бір құлын бермей өз үйірін тар қысаңнан аман алып шыққаны жайлы әңгіме жылқышылардың баяғыдан сүйсініп айтатын әңгімесі екен.
Осы күрең айғырдың оқиғасынан кейін, күрең айғырдың ызасынан кейін сол ауылдың адамдары бертінгі 80-жылдарға дейін ешбір қытайды ауылға кіргізбеген дейді осы әңгімені айтушылар. Маңайындағы ауылдың бәрінде қытай бар, тек осы ауылда ғана бірде-бір қытай жоқ, тек қана қазақтар отыратындықтан жақын ауылдар арасында «мұсылман ауыл» аталған кезі де болған екен. Ал, айғыр құлаған құз, күрең айғыр шыңғырып кеп құлаған құз — «Айғырқұлаған».
«Сол айғырдың шыңғырған дауысы әлі құлағымнан кетпейді деп отыратын жетпістен асқан әкем» деп жетпістен асқан ақсақал күрсініп қояды. Шеке тұсы шып-шып тершіп кетіпті. «Текті жануар-ай десейші!».

Кульшан Нурбекова
Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста